Бақытты қарым-қатынас қалай құрылады

5 минут Айдана Курмангалиева
Бақытты қарым-қатынас қалай құрылады

Салауатты қарым-қатынас құру үшін екі жақ та жұмыс жасап, күш-жігер салуы керек. Ашық коммуникация, сенім, құрмет, қолдау, жеке кеңістік пен бірге өткізетін уақыттың теңгерімі, сондай-ақ қақтығысты шеше білу – осы элементтердің барлығы берік және үйлесімді қарым-қатынас құруға көмектеседі. Бұл материалда біз Sezim платформасының психологымен бірге бақытты қарым-қатынастың неден тұратынын талқыладық. 


Адамдар өз-өзіне сирек қоятын, бірақ барлық бақытты қарым-қатынастың негізінде жатқан, көз-көрекі емес, бірақ өте маңызды сұрақтан бастағымыз келеді. Бұл сұрақ: «Серіктесім бақытты болуы, не өзін сүйікті сезінуі үшін мен не істей аламын және не істеп жүрмін?». Бір нәрсені өзгерте бастау үшін өзіңізден бастауыңыз және көзқарасыңызды өзгертуге кірісуіңіз керек.

Егер әрқайсымыз: «Серіктестен қажет нәрсені тағы қалай алуыма болады?» деудің орнына дәл осы сұрақты қоя бастасақ, онда қарым-қатынасымыздың сапасы айтарлықтай артады.

Көптеген адам үшін бақытты қарым-қатынастың анық емес келесі элементі – ризашылық білдіру. Психологтар Джон Готтман мен Джули Шварц Готтман 40 000-нан астам жұптың қатысуымен зерттеу жүргізіп, барлық бақытты қарым-қатынастың негізінде жатқан сөзді анықтады. Бұл «Рақмет» деген сөз екен. 

Ғалымдар анықтағандай, бәріміз қарым-қатынаста қалайтынымыз – серіктесіміздің қадірімізді білгені. Біз ол үшін не істеп жатқанымызды байқап, еңбегіміздің мойындалғанын қалаймыз – бізді көрсін дейміз. 

«Рақмет» деген қарапайым сөз осы қажеттілікті толығымен өтейді. Қарым-қатынаста алғыс білдіруге маңызды орын беру арқылы сіз ерекше жақындық пен эмоционалдық қауіпсіздік сезімін қалыптастырасыз. Ұзақ мерзімді қарым-қатынаста болған кез келген адам көбіне-көп серіктесіміздің дұрыс істеген нәрсесінен гөрі дұрыс істемеген әрекетін байқайтынымызды біледі. Әрдайым жұбыңыздың нені істемейтініне немесе нені дұрыс істемейтініне назар аударып, сана тұзағына түсу оңай. Яғни осы қарым-қатынаста өзіңіз ғана күш-жігер салып жатқаныңыз туралы ой туып, бұл шындық екеніне сене бастайсыз. Олай ойлау қарым-қатынасты жоқ қылады.

Бұл серіктесіміздің біз үшін жасап жатқанын онсыз да тиісті нәрсе деп қабылдап, «рақмет» деп ерекше жағдайда ғана айту керек деп жүретінімізден болатын жағдай. Уақыт өте келе біз тіпті «рақмет» деп айтудың қаншалықты маңызды екенін ұмытып кетеміз. Әріптесіміз немесе досымыз бізге бір шыны кофе әкелгенде немесе есікті ашып ұстап тұрғанда біз әрқашанда оған «рақмет» деп айтамыз, бірақ мұны жолдасымыз істегенде, кейде алғыс айтудың маңыздылығын елеусіз қалдырамыз.

Ғалымдардың зерттеуі көрсеткендей, бір-біріне үнемі алғыс білдіретін романтикалық серіктестердің ажырасу жағдайлары үш есе аз. Сонымен қатар, зерттеу бойынша серіктесі қадірін білетінін сезінетін адамдардың қарым-қатынасы ішкі және сыртқы стрессорға төзімді келеді.

Егер салауатты қарым-қатынастың негізгі аспектілері туралы айтатын болсақ, онда, әрине, төмендегіні атап өту маңызды: 

1. Ашық және адал коммуникация

Қарым-қатынастағы ашықтық пен адалдық серіктестерге бір-бірін жақсырақ түсінуге, бір-бірімен сезімін, үмітін және уайымын бөлісуіне мүмкіндік береді. Біздің мәдениетімізде көп адамның түсінігі бойынша, серіктесіміз бәрін өзі аңғаруы, мінсіз болуы және бізді қалай бақытты ету керектігін білуі керек, әйтпесе бұл махаббат емес. Бұл кез келген қарым-қатынасты жоқ қылатын ең қорқынышты пікір. 

Бұл жерде мынадай аса маңызды үш ақиқатты білу керек: 

  • Ешкім де біздің ойымызды оқи алмайды;
  • Біздің әрқайсымыз өзіндік тәрбие алдық және қарым-қатынас құрудың / қамқорлық жасаудың мүлдем өзгеше тәжірибесін көрдік.
  • Сөзіңізді естіртудің жалғыз жолы — көңіліңіз толмайтын нәрсе, қорқынышыңыз және қажеттілігіңіз туралы сөзбен айту. Бір-біріңізбен ашық сөйлесуді (тіпті, ең қиын тақырыпты қозғауды да) үйреніп қана бақытты, үйлесімді қарым-қатынас құра аласыз. Бұл берік және мықты қарым-қатынастың іргетасы. 

Көңіліңіз толмайтын нәрсені жасырып, оны ішіңізге жинамаңыз. Туындаған мәселені / қанағаттанбаушылықты / түсінбеушілікті дер кезінде шешу үшін бәрін бірден айтып талқылаңыз. Айтылмаған өкпе мен наразылық – қарым-қатынасты бұзатын удың нағыз өзі және көп жағдайда бұзылған қарым-қатынасты қалпына келтіру мүмкін болмай жатады. 

2. Сенім

Сенім – салауатты қарым-қатынастың негізі. Ол өзін қауіпсіз сезінуіне және бір-біріне сенімді болуына мүмкіндік береді. Сенім құру үшін сенімді болу, берген уәдені орындау және қарым-қатынаста адал болу қажет. Ең бастысы – уәдеңізді орындау. Ерлі-зайыптылар терапиясының тәжірибесі көрсеткендей, қиындықтың көпшілігі біреу өзіне міндеттеме алып, оны орындамаған жағдайда басталады. Уағдаластыққа немқұрайлы қарау сенім көпірін бұзады, ал ол берік және сенімді қарым-қатынастың ең маңызды буыны болып табылады.  

3. Құрмет

Серіктесіңізге және оның шекарасына құрметпен қарау – салауатты қарым-қатынастың ең маңызды элементі. Бұл серіктесіңіздің жеке кеңістігін, пікірін, қалауы мен тілегін және қажеттіліктерін мойындау деген сөз. Сыйластық пен сыпайылық таныту, қолдау көрсету және сын мен айыптаудан аулақ болудан көрініс табады.

4. Қолдау

Өзара қарым-қатынаста бір-бірін қолдау серіктестерге өздерін маңызды және сүйікті екенін сезінуге көмектеседі. Бұған қиын уақытта эмоционалды қолдау, жетістікке жетуге ынталандыру және күнделікті әрекетте көмектесу кіреді. Қолдау қарым-қатынасты нығайтады және мықты етеді.

5. Бірге және бөлек өткізетін уақыт

Бірге өткізген уақыт пен жеке кеңістіктің арасындағы тепе-теңдік – салауатты қарым-қатынастың белгісі және құрамдас бөлігі. Бірге уақыт өткізу арадағы байланысты нығайтуға және ортақ қызығушылықтан рахат алуға көмектеседі, ал жеке кеңістік әр серіктестің жекедара дамуына және мендігін жоғалтпауына мүмкіндік береді. 

6. Қақтығысты шешу

Кез келген қарым-қатынаста қақтығыстар болады, бірақ оларды дұрыс шеше білу маңызды. Салауатты қарым-қатынас проблеманы талқылауға, ымыраға келуге және серіктестің екеуіне де қолайлы шешім табуға көмектеседі. Қақтығысты конструктивті шешу қарым-қатынасты нығайтуға және келеңсіздіктің қордалануын болдырмайды.

Есіңізде болсын, салауатты қарым-қатынас өзара сыйластық пен қолдауға негізделеді, яғни мұнда әр серіктес өзінің даралығын сақтайды, сондай-ақ өзінің қажеттіліктері туралы айтудан және наразылығын білдіруден қорықпайды. Басқа адаммен сапалы қарым-қатынас орнату үшін әуелі осы қарым-қатынасты өз-өзіңізбен құра білуді үйрену маңызды. Егер бұл қиын болса, қолдау сұраудан қорықпаңыз. Маманның көмегі бірінші қадам жасауыңызға көмектеседі. Өз-өзіңізге қамқор болыңыз. 

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты