Ата-ана мен мұғалімдерге баланың көшбасшылық қабілетін дамыту бойынша бес кеңес

4 минуты STEPPE
Ата-ана мен мұғалімдерге баланың көшбасшылық қабілетін дамыту бойынша бес кеңес

Көшбасшылық қабілет дегеніміз — көзқарасын білдіру және ой-пікірінен айнымай, табандап тұра білу, өз ойын жақсылап жеткізу, сондай-ақ, командада жұмыс істей алу мен дағдарыс жағдайынан жол табу қабілеті. Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асырып жатқан Jas Leader Akademiiasy жобасында көшбасшылық қасиеттер дәл осылай айқындалады. Жобаға Шымкент, Түркістан қалалары мен Түркістан облысынан 50 мектеп қатысып жатыр. Осы жобаға қатысып жүрген мұғалімдерден баланың бойына көшбасшылық қабілеттерді сіңіріп, тәрбиелегісі келетін ата-ана мен педагогтерге кеңес беруін сұрадық. 


Балаларға көшбасшылық туралы айтыңыз

Жанат Үсейінова, Ә.Науаи атындағы №13 мектеп-гимназияның мұғалімі, Түркістан қ.

Баламен көшбасшылық туралы сөйлесу маңызды. Балалардан «Көшбасшы деген кім» деп сұрасаңыз, көбіне өзінің даралығы мен ұйымдастыру, басқару қабілеті бар, жауапты, белсенді әрі бастамашыл адам туралы айтады. Содан кейін ғана дәл осы қабілеттер өз бойынан да табылатынын түсінеді. Егер балаға көшбасшылық қабілеттер өз бойынан табылатынын, көшбасшы болу қолынан келетінін, өз ортасында пайдалы іс жасай алатынын, ой-пікірі маңызды екенін айтып отырсақ, баланың өмірге көзқарасы өзгереді. Мұғалімнің міндеті — баланың осы қабілеттерін ашып, өзін-өзі бағалай білуіне мүмкіндік жасау. Көшбасшылық дегеніміз — өзіне ғана емес, басқаларға да пайда әкеле отырып, өзіне және айналасындағы адамдарға көмек көрсету екенін түсіндіру.

Құндылықтарды айқындап алыңыз

Гүлнұр Сейітбекова, Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің мұғалімі, Шымкент қ.

Жалпы балалар Көшбасшы дегеніміз — басқаларды бағындыра алатын, яғни қорқытатын не қызметі жоғары, ақшасы бар адам деп ойлайды. Құндылықтар туралы сұрағанымызда, балалардың 70-80%-ы материалды құндылықтар — ақша, алтын, қымбат көлік туралы айтады. Яғни, құндылық дегеніміз материалды зат деп ойлап жатады. Мұндай жағдайда әр оқушының жеке тәжірибесіне мән беру керек. Оқушыларға құндылықтың мән-мағынасын түсіндіргенде ғана басты құндылықтың не екенін ұғынып, өзін-өзі дамытуға күш салады. Мәселен, бір оқушыға сапалы білім — басты құндылық болса, тағы бір оқушы үшін ағылшын тілін білу маңызды құндылық саналады. 

Командамен жұмыс істей білудің маңызды екенін көрсетіңіз

Бақыт Байжұманова, Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің мұғалімі, Шымкент қ.

Балаға жеңіске жетудің маңызды екенін туғанынан бастап өте көп айтады. Олар үкендерден: «сен озуың керек, сонда ғана жеңесің» деген сөзді жиі естиді. Баланың көбі: «Өмір тек жеңістен тұруы керек» деп ойлап алады. Ал біз сабақта көшбасшыға тән маңызды қабілеттердің бірі — басқалармен бірге жұмыс істей білу екенін айтамыз. Көшбасшының негізгі міндеті — тұтас команданың жұмысын үйлестіру екенін түсіндіреміз. Win-win концепциясы көп балаға нағыз жаңалық болды. «Мен сені жеңуге тырыспаймын, бірақ мен де сенің қалауыңа бейімделе салмаймын» деген принцип бойынша қарым-қатынас жасау, қай-қайсысының да көңілінен шығатын шешім қабылдауға болатынын түсіну — тұтас команданың ортақ жеңіске жетуіне маңызды қадам. 

Сөйлеу мәдениеті тыңдай білу әдебінен басталады

Нұргүл Жаманбаева, Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектебінің мұғалімі, Түркістан қ. 

Бала жұрт алдында сөйлеуге шыққанда ұялады. Өз ойын айтудан қысылып, қиналады. Тілінің ұшында тұрған сөзін жеткізе алмай жатады. Бұл көбіне баланың сынға қалу қорқынышынан болады. Бала өз ойын еш қысылмай, қорықпай айтуы үшін жайлы атмосфера жасау маңызды. Әр бала өз ойын айтқанда басқалары оны мұқият тыңдайтынын, сын айтылмайтынын түсінуі шарт. Сонда бала өз ойын ашық айтып, бұқпай жауап береді, диалогқа араласады. Мұғалім өзін қалай ұстайтыны маңызды. Оның іс-әрекеті әр адамның пікірі құнды әрі қызық екенін сездіріп тұруы керек. Сонда аудитория да өзін солай ұстайды. Бала мұғалімнің бейтарап болатынын, ол да осы процесске қатысушылардың бірі екенін түсінуі қажет. Бұл баланың мерейін өсіріп, өзін-өзі бағалауға, ойын ашық айтуға баулиды. Балалар Jas Leader Akademiiasy жобасының көшбасшылық бойынша факультатив сабақтарына қатыса жүріп, бір-бірінің ой-пікіріне сын айтпауды, өз ойын ашық жеткізуді, ал өте ұяң балалар еркін сөйлеуді, өзін-өзі бағалауды және өз пікірін қорғай білуді үйренді. Меніңше, бұл — Jas Leader Akademiiasy бағдарламасының маңызды жетістіктерінің бірі.

Баланың өз эмоциясын тануына және бағалауына көмектесіңіз

Назакат Рахимова, Ә.Науаи атындағы № 13 мектеп-гимназияның мұғалімі, Түркістан қ. 

Баланың өзін-өзі түсінуіне көмектесу қажет. Өйткені балалардың бәрі бірдей сезімін сөзбен жеткізе бермейді, сондай кезде образ арқылы сезімін жеткізуіне болады. Мәселен, «Автопортрет» сабағында оқушылардың бірі бастағы шаш орнына көлік суретін салды. Тағы бір сабақта зағиптар айналасында не боп жатқанын, қоршаған ортаны қалай сезінетінін түсіну үшін көзді жұмып әрекет етеміз. Баланың бұл эмоцияларды қалай сезініп, қалай білдіретінін ойлануына көмектесу маңызды. Оқушының өзін-өзі түсінуі оның өзін дамыту үшін, мысалы, көп оқып, жаңылтпаш айтып, өлең жаттап, мәдени орындарға, театрға жиі барып, ғалымдардың көпшілік алдында сөйлеген сөзін тыңдап, дайындалуға жетелейді. Балаға өзін-өзі дамыту дәнін себу керек, бұл оның көшбасшылық қабілеттерін жетілдіруіне әкеледі.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты