Тахир Халимназаров: Шерзат ісінде көпшілік түсінбей отырған мәселелер бар

6 минут Ардақ Құлтай
Тахир Халимназаров: Шерзат ісінде көпшілік түсінбей отырған мәселелер бар

Тахир Халимназаров — ел Тәуелсіздік алған жылдан бері, 34 жыл бойынша сот-медицина сараптамасы саласында жұмыс істеп келеді. Былтыр, 2024 жылғы атышулы Бишімбаев ісіне тәуелсіз сарапшы ретінде шақырылған ол алғашқы ашық сотынан-ақ халық назарына түсті. Жұрт осы істен сотқа деген, әсіресе сот-медицина сараптамасы туралы кеңінен білім ала бастады. Ал биыл тағы бір резонанс іс — былтыр Талғарда болған Шерзат өлімі бойынша сотта сарапшы ретінде сөйледі. Біз маманмен сұхбаттасып, елдегі сот сараптамасы саласы, резонанс істер мен халық назары туралы ойын білдік.


«34 жылдан бері осы саладамын»

«Мен бұл салаға 1991 жылы келдім. Дәлірек айтқанда, 1991 жылы сот-медициналық сараптама саласында қызмет ете бастадым. Бірақ оған дейін мен 1987 жылы медициналық институтты бітірген соң, аудандық ауруханаға жіберілдім. Ол кезде үкіметтің жолдамасымен 4-5 жыл жұмыс істеу міндетті болатын. Сол жолдамамен аудандық ауруханада жұмыс істедім», — деп бастады әңгімесін Халимназаров.

Алматы облысының тумасы бұл ауруханада патологиялық анатомия бөлімінде жұмыс істеген. Патологоанатомия — ауруханада қайтыс болған адамдардың мәйітін зерттейтін сала.

«Мен сол бөлімде мәйіттерді зерттеп, 1989 жылдан 1991 жылға дейін осы бағытта жұмыс істедім. Яғни, мәйітханада істедім. Бірақ кейін, 1991 жылдан бастап толықтай сот-медициналық сараптама саласына ауыстым, — дейді маман.

Сол уақыттан бастап, 2017 жылға дейін Алматыдағы Сот-медициналық сараптама орталығында жұмыс істеген. Сол жерде сарапшы болып қызмет атқарып, бөлім бастығы болған. Ал 2008-2009 жылдардан сот-медициналық сараптама бойынша директор орынбасары қызметін атқарған. Барлық сот-медициналық сараптамалардың қорытындысы өз бақылауында болған.

Ал 2017 жылы мен мемлекеттік лицензия алған соң, жеке, тәуелсіз сарапшы ретінде жұмыс істей бастаған. Міне, содан бері 8 жыл өтті. Бүгінге дейін осы салада жұмыс істеп келе жатқан спикерден атышулы Бишімбаев ісіне қатысты сұрап көрдік.

«Бишімбаев ісінде жеке адамдардан қысым болған жоқ»

Маман экс-министр Қуандық Бишімбаевтың 2024 жылғы сотында сот-медицина сарапшысы ретінде қорытынды берген. Өз айтуынша, мұндай істерге көп қатысқан. Алайда ашық өтіп, дәл осындай резонансқа айналған сотқа алғаш рет қатысуы екен.

«Бұдан да ауыр істер болды. Бірақ ол кездерде қазіргідей әлеуметтік желі жоқ еді. Ашық соттар да болмайтын. Шынын айтайын, осы 34 жылда ашық сот процесіне қатысып, бірінші рет көрініп қалдық. Болмаса бұл — күнделікті жұмыс. Бишімбаевтың сотынан кейін қауіпті нәрселер де көріп қалдым. Менің айтпағым, мұнда қоғамдағы адамның бәрі осы саладағы адамдар емес. Білмей қалатын, түсінбей қалатындар бар. Сондықтан біржақты шешім шығарып, ақ пен қараны абсолютті деп қабылдайды.

Алайда сот-медицина сарапшысы дәрігер маман ретінде қатысып, тек өзінің құзырындағы мәселені айтады. Мысалы адамның өлім себебін анықтап береді. Тек осы сұраққа жауап береді. Бірақ кім қандай жауапкершілікке тартылады, қандай баппен соттайды, кінәсінің деңгейі қандай деген сұрақтарға біз жауап бермейміз. Қатысымыз жоқ», — деп түсіндірді Халимназаров.

Оның сөзінше, заң саласындағы мамандар «денсаулыққа ауыр зиян келтіру», «кісі өлтіру» баптары бойынша іс жүргізеді. Алайда бұл іспен сот-медицина сарапшысы емес, сот пен прокурорлардың және адвокаттардың ісі.

«Алайда қоғамда сотқа да, прокурорға да, сот-медицина сарапшысына да баға беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Қоғамның күткені мен үмітіне бұл мамандар шығарған қорытынды сәйкес келмей қалса, бәлеге қалып жатады. Осылайша, бір күні халық көтереді, бір күні түсіріп тастайды. Мұнда мамандардың өз саласындағы әдістемесі болады және сол әдістемеден аттап, эмоцияға беріліп кете алмайды. Мысалы, біз — сот-медициналық сарапшылар — адвокат емеспіз. Қорытындыда біреу-міреудің айтқанымен емес, ақты ақ, қараны қара деп беруіміз керек. Сондықтан тіпті әлеуметтік желідегі парақшаны көп қарамаймын», — дейді ол.

Айта кетсек, бұл істен кейін оның Instagram-дағы парақшасына 100 мыңнан аса адам жазылған. Алайда соңғы жаңартуы тура бір жыл бұрын, 2024 жылдың мамырында болған.

Кейде, сарапшының айтуынша, маман ретіндегі қорытындысын дұрыс түсінбеген кейбір шенеуніктердің өзі түсінбей, басқаша баға беріп жатқан жағдайлар кездесіпті. Алайда маман бұл ағаттық үшін ешкімге де қарсылығы жоқ екенін, қателіктен айтылған шығар деп тұжырымдайтынын айтады.

«Маған жеке басыма нақты бір адамдардан қысым көрсетілген жоқ. Дәл осы атышулы істе менің сараптамамның қорытындысы көпшіліктің күткенімен сәйкес келді. Сол кезде қорытындым көпшілік пікірімен сай келмесе, не болар еді деп ойландым. Сол үшін мұндай жағдайдың дұрыс жақтарымен қатар ауыр да жағдайлары болатынын түсіндім», — дейді сот-медицина сарапшысы.

Тахир Халимназаров. Шерзат Полат. Қуандық Бишімбаев. Сот.

«Шерзат ісінде қоғам түсінбей отырған мәселелер бар»

Тахир Халимназаровтың айтуынша, Талғарда болған атышулы іс бойынша көпшіліктің түсінбей отырған сұрақтары мынадай: «Неге сотталғандардың бәрін «Адам өлтіру» бабымен соттамайды?», «Неге бір ғана адамды адам өлтіру бабымен қарап жатыр, неге басқа адамдар өзге баптармен айыпталып жатыр?».

«Сотқа сарапшылар осы себеппен шақырылды. Біз анықтап бердік. Өйткені мен сотта, көрген болсаңыздар, қандай жағдайларда бірнеше адам жауапкершілік арқалайтынын түсіндірдім. Мұнда өлім себебі — көп қан жоғалтудан болып отыр. Ал қан жоғалту неден болды? Неше жарақаттан? Бір ғана жарақаттан. Кеуде тұсына тиген пышақ өкпені тесіп кеткен. Осы тұста ұрған-соққаннан қан ағылғаны рас. Бірақ сызаттар мен қанталау сияқты жарақаттар сот-медициналық сараптама әдістері бойынша, денсаулыққа зиян келтірмейтін жарақат деп саналады. Егер денсаулыққа зиян келтірмейтін жарақат болса, ол қалай өлімге себеп болады?», — дейді ол.

Оның сөзінше, сарапшы өлімге әкеп соқпайтын жарақатты себеп деп көрсете алмайды.

«Себебі сотталып жатқандардың да азаматтық құқығы барын ескеруіміз керек. Әрине, баланы анасы шырылдап, баласын қорғап жатса да, соққыға жыққандардың видеосын көрдік. Бұл, әрине, ауыр жағдай. Менің де жүрегім ауырады. Алайда кәсіби маман эмоцияға жүгініп, бәрін бірдей өлімге себеп деп қорытынды бере алмайды. Сот-медицина сарапшысы өлімге әкеп соққан себеп пышақталудан болған қан ағудан екенін көре тұра, оны ұрып-соққаннан деп өтірік қорытынды бере алмайды. Мен қоғамда наразылық болып жатыр екен деп өтірік айтуым керек пе? Бұл да дұрыс емес. Оған сот баға береді», — дейді ол.

Маманның айтуынша, ұрып-соққандарға бағаны сот береді. Сол себептен де әркімнің де кінә деңгейіне қарай жаза берілуі керек.

Сот-медицина саласына кадр жетіспейді

«Бізде ғана емес, әрбір салада да түйткілді мәселелер бар. Алайда кадр жетіспейтіні сезілетін салалар бар. Дәл осы сот-медицина саласында жұмысшылар жетіспейді. Өйткені көп жыл бойы бізде арнайы дайындау орталықтары болмады. Институттар дайындап бастағанына 2-3 жыл болған. Сондықтан бар үмітіміз жастарда. Өйткені жастарымыздың білімі зор. Бұл сала өте керек, өте маңызды. Мұнда азаматтарымыздың тағдырына әсер ететін мәселе көп. Осы сала тіпті халықтың денсаулығына маңызы зор. Өйткені ауру қалай жүргені, өлімге қалай әкеп соққаны, не жеткіліксіз болып, қандай амалдар жасалмай қалғаны туралы сұрақтарға жауап берсек, талай адамды құтқаруға болады. Мәселен дәрігерлердің де қателігінен адам өлімі болып жатады, ал оның неден болғанын сот-медицина сарапшылары, біз анықтасақ, болашақта оның алдын алуға мүмкіндігіміз болады деген сөз», — дейді ол.

Халимназаров сот-медицина сараптамасы тек мәйітпен жұмыс істеу ғана емес, биологиялық, генетикалық, химиялық сараптамалар бар екенін айтады. Сондықтан, маманның сөзінше, бар үміт жастарда.

Оқи отырыңыз: Бишімбаев үкіміне 1 жыл: Роза Әшірбаева атышулы істен кейін қоғамда не өзгергенін айтты