Бишімбаев үкіміне 1 жыл: Роза Әшірбаева атышулы істен кейін қоғамда не өзгергенін айтты

8 минут Ардақ Құлтай
Бишімбаев үкіміне 1 жыл: Роза Әшірбаева атышулы істен кейін қоғамда не өзгергенін айтты

2024 жылдың мамырында қоғамда үлкен резонанс тудырған Бишімбаев ісіне қатысты сот үкімі шыққан болатын. Бұл тек бір адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылуымен ғана шектелмей, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа деген қоғамдық көзқарасты түбегейлі өзгертті. Араға бір жыл салып, біз бұл іс қоғамға қандай өзгерістер әкелгенін феминист, белсенді Роза Әшірбаевамен сұхбат негізінде талдап көрдік.


Медианың риторикасы өзгерді

Роза Әшірбаеваның айтуынша, ең алғашқы әрі маңызды өзгеріс — медианың зорлық-зомбылық тақырыбын баяндау стилінің өзгеруі.

«Жалпы, менің ойымша, Бишімбаевтың сотынан кейін медиадағы риториканың өзі қатты өзгерді деп ойлаймын. Өйткені осы сотқа дейін жалпы отбасылық, зорлық-зомбылық тек медиада ғана емес, ол енді жалпы полиция қызметкерлерінің де немқұрайдылығын көрсететіндей болған еді, мұны жай ғана тұрмыстық жанжал ретінде қарастыратын. Көп полиция қызметкерлері нарядтарды осылай толтыратын еді.

Бірақ Бишімбаевтың сотынан кейін, меніңше, бір жылдан кейін жалпы медиадағы риторика қатты өзгерді, тон өзгерді. БАҚ өкілдері үйдегі зорлық-зомбылық туралы ақпаратты айтқан кезде ашып айтады, оңдырмай айтады, жасырмай, бұрмаламай айтады. Яғни пышақтады, қылқындырды, өлтірді, осыған дейін осылай істеген, оған дейін оңдай істеген деп. Тіпті ер адамдардың жасаған зорлығына акцент қояды. Дегенмен, бұрын әдеттегідей тұрмыстық жанжал деп, әйел өз тілінен тапты деген сияқты осындай көзқарас айтылатын болса, қазір зорлықты түгелдей өз атауымен аталады. Бұл БАҚ-тағы, медиадағы үлкен өзгеріс деп ойлаймын», — дейді ол.

Фокус агрессорға ауысты

Спикердің айтуынша, бұрын жаңалықтарда жәбірленушінің әрекетіне, сыртқы келбетіне немесе «қылықтарына» назар аударылып, сол арқылы зорлықты ақтауға тырысатын үрдіс басым еді. Қазір, керісінше, зорлық-зомбылық жасаған адам — назардағы басты тұлға. Бұл әділеттіліктің жаңаша танылуына жол ашты.

«Фокус зорлықшыға, агрессорға аударыла бастады. Барлық БАҚ өкілдері емес, бірақ көбінесе дені дұрыс БАҚ өкілдері, нейтралды БАҚ өкілдері фокусты агрессорға қояды, зардап шегушіге емес. Өйткені осыған дейінгі жаңалықтарда фокусты әйелге, жәбірленушіге қойып, риториканың өзін сол жәбірленуші өзі кінәлі дегенге аударатын еді. Қазір, бір жылдан кейін осы өзгерісті байқауға болады», — дейді ол.

«Қинау» ұғымына назар артты

Роза Әшірбаева атап өткендей, Бишімбаев ісінен кейін қоғам мен құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстегі 110-бап — «Қинау» («Истязание») туралы тереңірек ойлана бастады. Бұрын бұл баптың маңызы назардан тыс қалса, енді тұрмыстық зорлық-зомбылық контексінде қолданылуы жиілеп келеді. Бұл, өз кезегінде, қылмыстың ауырлығын шынайы бағалауға мүмкіндік берді.

«Әсіресе осы Бишімбаевтың сотында Салтанат Нүкенованың тарабы дәл осы қинау дерегіне қатты назар аударды. Тек қана 99-бапқа емес, яғни осыған дейін ұрып-соғып, қинады деген дерекке қатты назар қойды. Бұл қазіргі кезде қоғамның да талабына айналды. Яғни өлімге жеткізбей қинаудың өзіне фокус қоятын позитив өзгерістер болды», — дейді Роза Әшірбаева.

Қоғам ашық сот процесін талап ете бастады

Бишімбаев ісінен кейін, тағы бір резонансты процесс — Шерзат ісі де қоғамның назарында. Белсендінің айтуынша, осы соттар арқылы азаматтар заң процесінің қалай жүретінін ұғына бастады:

«Осы істе де біздің қоғам жалпы ашық сотты талап етуді үйрене бастады. Сосын қоғамда құқықтық сауат арта бастады. Яғни бұрынғыға қарағанда анағұрлым жоғары. Біз сот процестерін түсіне бастадық. Мәселен, дәл осылай резонанс туғызып жатқан Ақнәрдің ісі бар. Халық ашық сот болғанын талап етіп жатыр. Халық көргісі келеді, заң қалай жұмыс істейтінін, заң өкілдері қалай жұмыс істейтінін көргіміз келеді. Бұл да бір жақсы өзгеріс тенденциясы деп ойлаймын», — дейді Роза Әшірбаева.

Әлеуметтік желі — үнсіз әйелдердің дауысына айналды

Бұрын «ұят болады», «үй ішіндегі мәселе» деген желеумен жабулы қазан күйінде қалып келген зорлық-зомбылық жағдайлары қазір әлеуметтік желіде ашық жарияланып жатыр.

Бұған мысал деп спикер Карина Мамаштың кейсін атап өтті.

«Былай қарасақ, иә, ол дипломаттың әйелі, бірақ біздің Қазақстанда дипломат жоқ па еді? Алайда қазір зорлық көрген әйелдер қорықпай, әлеуметтік желіге шығып, көмек сұрап жатыр, яғни заң өкілдері, полиция өкілдері егер әділетсіз шешім шығарса, әлеуметтік желі арқылы көмек сұрай алатын болды, қорықпайтын болды. Бұл да бір жақсы өзгеріс, Бишімбаевтың сотынан кейін біз қоғам ретінде алған сабағымыз осы болды», — дейді ол.

Өйткені, оның сөзінше, қазір әйелдер «үндеме», «айтпа», «ұят болады», «күйеуіңнен таяқ жегеніңді де айтасың ба?», «Шыда» деген таптаурыннан шығып жатыр. Осындай эмоционалдық қамаудан, ұят деген нәрседен шығып, зорлық-зомбылық мәселесінде өзін таңдап, көмек сұрап, өздерінің жанын сауғалап жатыр. Себебі, спикердің сөзінше, зорлық-зомбылықтың арты мүгедектікке немесе өлімге алып баруы мүмкін, немесе менталдық жағынан психологиялық қысым көргендер де денсаулыққа кері әсерін сезінеді, жан саулығына кері әсерлер болуы мүмкін. Әйелдер қазір осыны түсіне бастады және көмек сұрауға, айғайлап шығып айтуға ұялмайтын болған.

Роза Әшірбаева. Қуандық Бишімбаев. Алматы. Сот. Сот ісі. Феминизм. Тұрмыстық зорлық-зомбылық

«Әрине, түгел сондай деп айта алмаймын, бірақ осындай әйелдердің үні естіле бастады. Соттың тағы да бір жақсы әсері – бұл дауыстардың пайда болуы. Үнсіз болған дауыстардың пайда болуы», — дейді ол.

Бұрын қоғамда бұл тақырып шетке ығыстырылатын, мән берілмейтін. Ал бүгінгі күні кез келген ортада мұндай әрекетке «ойбай, бұл зорлық қой!» деген нақты реакция пайда болды.

«Бұрын бір шапалақ — түк емес секілді көрінсе, қазір қоғам бұл әрекеттердің бәрін ауыр қылмыс ретінде қабылдай бастады», — дейді Роза Әшірбаева.

Білім мен ақпарат — зорлықпен күрестің құралына айналды

Роза Әшірбаева өзінің белсенділігімен кейінгі 6 жылда тұрмыстық зорлықтың психологиялық, экономикалық, интимдік түрлерін түсіндіріп келген. Бірақ Бишімбаев ісінен кейін оның аудиториясы бұл ақпаратты мүлдем басқа қырынан қабылдай бастады.

«Бұрын түсіндірген кезде естімейтін, көрмейтін еді. Енді нақты мысалдар арқылы абьюз түрлерін ұғынды. Қаржылық, интимдік зорлықтың не екенін түсіне бастады», — дейді ол.

Спикердің сөзінше, зорлық-зомбылық мәселесіне немқұрайды қарау артқа шегінген. Бұрын жасырып, мұндай мәселе жоқ сияқты кейіп танытқан болсақ, қазіргі кезде бұл тенденция өзгерген.

«Бұл проблема өз орнын тапты»

«Біз оны қазір көзбен көріп, шығып, көзімізді көрсетіп, түсініп, түсінікті айта аламыз. Ұмытпай, ұмытпай, дұрыс емес деп айта аламыз. Өте көп контент пайда болды осы тақырыптарда. Өте көп жағдайда біз енді ақпараттандыру жағында, мен өзім де контент жасаймын. Осы соттың аясында өзімнің аудиторияма зорлық-зомбылықтан тек қана физикалық емес, психологиялық зорлық-зомбылық болатынын және одан қорғану керегін түсіндіріп, ақпараттандырамын», дейді белсенді.

Роза Әшірбаев манипуляцияға түсіп қалмау, виктимблейминг, газлайтинг, манипуляцияның түр-түрін түсіндіріп жүргенін айтады. Бірақ бұны сотқа дейін де түсіндірумен айналысқан. Алайда Бишімбаев сотына дейін ақпаратты қабылдамау, түсінбеу жиі болған.

«Өзім блогерлік жолда жүргеніме 6 жыл болды. Оның ішінде 3 жылдан бері белсенді айналыса бастадым: эфирлерге шығып, әйелдермен сөйлесіп, біртіндеп эфирде байланыс құрумен айналысып келемін. Соның ішінде осы қинау, психологиялық манипуляцияларды түсіндіріп жүретінмін. Бірақ бұл түсіндірген кезде халық естімейтіндей, көрмейтіндей еді. Бірақ осы соттан кейін, менің айтқан ақпараттарым ол басқаша көрініс ала бастады. Көз алдымызда осы айтып жүргендеріме өмірден кейсті көре бастадық. Өйткені бәріміз сотты талқылап жаттық. Мен де тікелей эфирде соттан кейін тікелей эфирді отырып, не болды, қалай болды, қандай дәлелдер айтылды деген сияқты, екі тараптан бұл жағдайға өз пікірімді айтып отырдым», — дейді ол.

Роза Әшірбаева. Қуандық Бишімбаев. Алматы. Сот. Сот ісі. Феминизм. Тұрмыстық зорлық-зомбылық

Ал осы істен кейін Роза Әшірбаева зорлық-зомбылықты аудиторияға түсіндіру оңай бола бастаған.

«Енді әртүрлі кампаниялар, акциялар, жақсы бастамалар болып жатыр. Мысалы, солардың бірі «Свет Салтанат» цифрлық жобасы, сол жарық елдегі зорлық-зомбылық фактісі тіркелген кезде сол жарық жанып-сөнеді. Сол жоба мұндай проблема бар екенін есімізге салады. Біріккен Ұлттар ұйымының статистикасы бойынша, Қазақстанда жылына өзінің серіктесінің қолынан 400 әйел өледі. Бұл дегеніміз, дәл қазір, мен сізге сұхбат беріп отырған кезімде, бәлкім бір жерде, Қазақстанның түкпірінде бір әйел өліп жатқан шығар. Күйеуінің немесе серіктесінің қолынан. Дәл қазір мен сізге сұхбат беріп жатқан кезде, Салтанат жарығы өшіп-жанып жатқан жоқ па?

Дәл қазір, біз сөйлесіп жатқан кезде Қазақстанның бір түкпірінде, сондай бір әйел өзінің сүйіктісінен, өзінің жарынан, өзінің серіктесінен зорлық көріп жатқан жоқ па, біз білмейміз. Зорлық-зомбылық – үлкен эпидемия. Үйдегі зорлық-зомбылықты эпидемияға теңеуге болады. Өйткені статистика өте үлкен, Ішкі істер министрлігінің былтыр берген жартыжылдық есебінен 110 мың арыз түскен. Бұл арыз жазғандары ғана. Күніне қаншама арыз түсіп жатыр. Ол арыздың өзін жазудың өзі үлкен ерлікті талап етеді. Сонда бармай жатқандар қаншама, біз білмейміз. Сондықтан зорлық-зомбылықты мен бір үлкен эпидемияға теңейтін едім», дейді спикер.

«2021 жылы қабылданбай қалған заң ақыры қабылданды»

Ал Бишімбаев соты, оның осындай резонанс болуы, кейбір эпизодтары миллиондаған қаралым жинаған, кейбірі 7 миллиондай қаралған. Орыс тілін түсінетін жұрт жер жүзінің түкпір-түкпірінен қарап, ой түйген. Бұл, Әшірбаеваның сөзінше, тағы да осы зорлық-зомбылық мәселесіне жете үлкен назармен қарауымыз керек екенін аңғартқан.

Біз бұны жоққа шығармауымыз керек деген жақсы бір сигнал болды.

«Әрине, бұл Қазақстанның атын ғаламға шығаратындай жақсы іс-шара емес шығар, бірақ тағы да осы мәселеде Қазақстанның батылдығы, одан кейінгі қабылданған «Салтанат заңын» айтсақ та, осындай қадамдар бізді әлемдік деңгейде, әлемдік аренада жақсы позицияға көтерді деп ойлаймын. Зорлық-зомбылыққа ешқандай төзімділік көрсетпеуіміз керек деген сөзді президентіміз де айтады. Президент бұл мәселені көптеген халықаралық форумдарда да айтады, елде де айтып жатыр. Бұл заң президенттің қолдауының арқасында қабылданды деп ойлаймын. Бұл заң, дәл осы сот болмаса, мүмкін қабылданбас па еді. Бұл негізі 2021 жылы қабылданбай қалған заң еді, енді осы соттың арқасында осы маңызды заңдардың бірі қабылданды. Бірақ әлі де жасайтын жұмыс өте көп.

Меніңше, егер сот үкімі шыққанына бір жыл толғаннан кейін саралап қарасак, әсері жақсы болды. Бұл әйелдердің және қоғамда бұрын мені күйеуім ұратын, таяқ жейтінмін, бірақ заң қабылданған соң ұруын тоқтатты деп айта бастады. Өз басымда осындай кері байланыстар болды. Яғни бұл соттан кейін кейбір ұрып жүрген, ұруды норма көрген ер азаматтар қорқа бастағаны туралы кері байланыс болды», дейді белсенді.

Статьи STEPPE

«Шоу-бизнесті өзгерту емес, өз жолымызды салу»: QOZZY ALPHA тобының мақсатын айтты

«Шоу-бизнесті өзгерту емес, өз жолымызды салу»: QOZZY ALPHA тобының мақсатын айтты

Сахнаға шығарда арнайы ритуалы бар, фонограммадан түбегейлі бас тартқан, музыканы бизнес көзі емес, ішкі жан айқайының формасы...

4 минуты
4 минуты
«Әйел — адам. Тек қоғам ұмытып кетті»: Дина Төлепбергеннің трансформациясы

«Әйел — адам. Тек қоғам ұмытып кетті»: Дина Төлепбергеннің трансформациясы

Дина Төлепберген — «Астарлы ақиқат» бағдарламасында қоғамның ең өзекті және ауыр тақырыптарын көтеріп, халыққа танылған...

9 минут
9 минут
ALPHA әншісі i: «Құлазып жүргенімде бір ән құтқарды»

ALPHA әншісі i: «Құлазып жүргенімде бір ән құтқарды»

ALPHA тобының әншісі Ақжол Серікжанұлы — i Қазақстанға 10 жасында көшіп келген. Өнер жолына кездейсоқ келіп, бүгінде жас...

3 минуты
3 минуты
«Бокстан — музыкаға»: A.boo — Абулхайыр Мадеш ALPHA тобына қалай келді?

«Бокстан — музыкаға»: A.boo — Абулхайыр Мадеш ALPHA тобына қалай келді?

Бүгін біз ALPHA тобының әншісі Абулхайыр Мадешпен (A.boo) сұхбаттасамыз. Ол сахнаға қалай келді? Бокс пен ән арасындағы таңдау...

3 минуты
3 минуты