Әр адамға психолог керек пе?

5 минут Арай Қадылбек
Әр адамға психолог керек пе?

Америка киноларынан жеке психологымен сөйлесіп отырған кейіпкерлерді жиі көріп жатамыз, негізінде ол кейіпкерлер өмірін қалыпты сүріп жүрген қарапайым адамдар. Өмірде де солай.

АҚШ-та психологиялық көмек стандартты медициналық жинаққа кіреді. Біздің қоғам да психологқа бару мәселесіне үрке қарайтын әдетін азайта бастағандай. Психолог көмегіне жүгіну — әдеттегі дәрігерге көріну сияқты қалыпты жағдай екенін біразымыз түсіне бастадық. Десе де көпшілік байыбына бара бермейтін немесе үстіртін қарайтын сұрақтар көп. Төменде осы жайында біраз мәселенің басын ашып, жиі кездесетін сұрақтарға жауап табуға тырысып көрдік.


Психолог көмегі не үшін қажет?

Психология сөзі грек тілінен аударғанда «жан» және «ілім» деген екі түсінікті береді, яғни жан туралы ғылым. Сондықтан психологты қарапайым тілмен айтқанда адам жанын танып білуіне көмектесетін маман деуге болады. 

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде. Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме, — дейді Абай. Өз болмысын зерттеу — қай кезде де өзекті болған.

Бәріміз де ашуланамыз, жұрт не дейді деп ойлаймыз, өзгелердің көңілінен шығуға тырысамыз, бәрі қалыпты жағдай. Бірақ осындай сезімдер шегінен шығып, қалыпты өмір сүруге кедергі келтіріп, жанымызды мазалай бастаса ше? Психологтың міндеті осы мәселелердің себебін анықтап, жайсыздықты жеңуге көмектесу.

Кәсіби білімі бар психолог жағдайды тереңірек түсінеді, адамның қалаған нәрсеге қол жеткізуіне не кедергі болатынын анықтайды. Психологтың жеке қабылдауындағы қарым-қатынас әдетте келесі бөліктерден тұрады: талқылау, талдау, диагностика және керекті психологиялық әдістермен жұмыс істеу.

Психолог клиентке өз жағдайына сырт көзбен қарауына көмектесе алады. Жақын адамның кінәлауынан немесе жұртқа жария болудан қорқып, айтуға батыл жете бермейтін сырларды бейтаныс адамға айту оңайырақ. Дегенмен психолог мамандығын меңгерген кез-келген адам консультация жүргізуге қауқарлы емес. Жалпылама психолог деп айтыла бергенімен олар да бірнеше түрге бөлінеді. Сонымен қандай мәселемен қандай маманға бару керек?

Психолог, психотерапевт, психиатр, психоаналитик: айырмашылығы қандай? 

Психолог — жоғары психологиялық білімі бар адам.

Ол психиканың қалай жұмыс істейтінін түсінеді, негізгі психологиялық түсініктерді және психология ғылымының қалай дамығанын біледі. Бірақ психолог мұндай білім алғаннан кейін бірден консультация жүргізетін маман бола алмайды. Ол үшін психолог қосымша ұзақ мерзімді оқытудан өтуі керек, сонда ол мынадай практикалық дағдыларды алады: психотерапия мен кеңес беру әдістерін, клиентпен жұмыс істеуді үйренеді, тәжірибеден, супервизиядан (осы салада тәжірибесі көп әріптесінен кеңес алады) және жеке терапиядан өтеді.

Егер психолог бұл басқыштан өтпесе, психологиямен тек ғылым ретінде айналысуға мүмкіндігі бар, оқу орындарында сабақ беріп немесе сабақтас салаларда (мысалы HR-маманы) жұмыс істей алады.

Ұзақ мерзімді практикалық оқудан өткен психологтар халықаралық дәстүр бойынша психотерапевтер деп аталады. Психотерапия — бұл маманның көмегімен тұлғаның өзімен жұмыс жасауы.

Оған әр түрлі сұрақтармен келуге болады. Мысалы, қорқыныш, мазасыздық, депрессия, стресс, өзін төмен бағалау, психологиялық травма т.б. Терапевтің міндеті — адамның тіпті өзі ойлап та көрмеген мәселелерін түсінуіне көмектесу.

Психиатр — психикалық бұзылуларды анықтайтын және емдейтін медициналық білімі бар маман. Психикалық бұзылуларға психикалық функциялармен (мысалы, ойлау мен қабылдау) және адамның мінез-құлқымен (агрессивтілік, тәуелділік, өз әрекетін меңгере алмау) байланысты бұзылулар жатады.

Егер адам жұмыста және адамдармен қарым-қатынаста күнделікті мәселелерді шеше алмаса, сыртқа шығу немесе жалғыз қалудан қорықса, өмірі психикалық жағдайына байланысты шектелсе – бұл психикалық бұзылу болуы мүмкін.

Психиатрға бару адамды ауру етіп көрсетпейтінін түсіну керек. Статистикаға сәйкес, әрбір оныншы адамда депрессия, мазасыздық, тамақтанудың бұзылуы және басқа да психикалық бұзылулар кездеседі. Олардың барлығын да емдеуге болады.

Психиатр — дәрі жазып бере алатын жалғыз маман.

Психотерапияның көп бағыты бар. Олардың ішіндегі ең көнесі – психоанализ. Ол клиенттің ең терең сезімдері мен естеліктері арқылы жұмыс істеп, оның өткенін талдай отырып, ойларының еркін ағымымен әрекет етеді. Психоанализ жасайтын психотерапевт психоаналитик деп аталады.

Бұл ұзақ уақыт бойы клиентті мазалаған және терең зерттеуді қажет ететін ескі жарақаттармен, реніштермен және басқа да күрделі мәселелермен жұмыс істеу үшін тиімді ұзақ мерзімді бағыт.

Қазіргі кезде мәселелерді шешу үшін лайф-коучтардың көмегіне жүгіну танымал болды. Коучинг те қысқа мерзімді топқа жататын психотерапияның бағыты.

Коучинг психологиялық бұзылулармен жұмыс істеуге, күрделі және экзистенциалдық мәселелерді (өмірдің мәні, мазасыздық пен депрессия) шешуге көмектесе алмайды. Бірақ мансап және кәсіби бағдар, өзін-өзі бағалау, таңдау мәселесі, қарым-қатынас сияқты бағыттармен тиімді жұмыс істеуге болады.

Адам психологтың көмегінсіз өз мәселелерін шеше алмай ма?

Көп адам психологтың көмегі соңғы шара ретінде қажет деп ойлайды және мұндай сәттің келгенін күту – ауруды біле тұра асқынғанша дәрігерге көрінбеумен барабар. Психологпен жұмыс істеу — бұл өмірді дұрыстаудың немесе кем дегенде, сапалық жағынан жақсартудың әдісі.

Біз денеміздегі жайсыздықты сезінгенде, суық тиіп, тұмауратсақ дәрігерге көрініп, тағайындаған дәрісін ішіп, тиісті ем қабылдаймыз. Деннің саулығы бізге қалаған істерімізді жасауға мүмкіндік береді. Ал жанның саулығы ше? Психикалық денсаулық — денсаулықтың ажырамас маңызды бөлігі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жарғысында: «Денсаулық — бұл ауру мен физикалық ақаулардың болмауы ғана емес, толық физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқат жағдайы», — делінген.

Әрине кез-келген мәселемен психологқа бару міндетті емес. Қазіргі кезде қажетті ақпаратты интернеттен немесе кітаптан оқып алуға, сол арқылы өз ойларымызды, әркетімізді саралауға болады. Көптеген психолог мамандардың дәрістері де қолжетімді. Сонымен қоса психогигиена ұғымы бар. Оған мүмкіндігінше маман көмегіне жүгінуге жеткізбейтіндей үлкен шаралар кешені кіреді. Біз өмірге және бізге әсер ететін оқиғаларға саналы түрде қарауымыз керек. Әркім өзіне сай келетін стресстің алдын алу әдістерін таңдаса болады: хобби, серуендеу, театрға бару, спорттық іс-шаралар т.б. Күнделікті дұрыс режимді ұстану керек. Алайда, жанға маза бермейтіндей жағдай туындаса, маманға баруды кейінге қалдыруға болмайды, өйткені психотерапевтің өзі өзіне терапия жүргізе алмайды.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты