Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді
Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...
Қазақстан қонақжай әрі көпұлтты мемлекет саналғанымен, бізбен біте қайнасып өмір сүріп жатқан халықтардың мәдениеті жайлы аса көп біле бермейміз.
Пандемия олардың салт-дәстүрлерін түбегейлі өзгертіп жібермей тұрғанда Еуропалық одақтың қолдауымен отандастарымыз — казактар, өзбек, кәріс, ұйғыр және түрік халқының дәстүрлерімен таныстырғанды жөн көріп отырмыз.
Казактар Қазақстанға алғаш рет XVI ғасырда келген деседі. Ол кезде орыс казактарының тобы Орал, Оренбург, Сібір және Жетісу казак әскерлері түрінде көрсетілген еді.
Бұл әскерлерде жергілікті тұрғындармен бейбіт жағдай ғана емес, түрлі себеппен қақтығыстар да болып тұрды. Әйтсе де, казак қауымының дамуына еш кедергі болған емес. Мысалы XX ғасырдың басында Орал қазақтарының саны 123 мыңнан асып жығылған.
«Қазақтар» мен «казактар» этнонимдерінің дыбысталуы өте ұқсас. Бұл дегеніміз екі ұлттың тығыз байланысып, тәжірибе алмасқанын білдірсе керек.
Бүгінде казактар мәдениетіне заманауи шығармашылық бірлестіктер қолдау білдіреді. ТМД елдерінде той-думандар ұйымдастырып, жеке газетін шығарып, дәстүрлерін ұстанады.
Карантинде казак бірлестіктері оқшауландық деп жабырқамай, дайындықтарды онлайн жасап, таза ауада серуендеп, байқауға арналған бейнежазбаларды пошта арқылы жіберіп, Zoom сайтымен сабақ өткізді.
Баланың, соның ішінде ұл баланың тәрбиесі — казак дәстүрінің маңызды бөлшегі. Ерте жастан бастап ер баланы атқа мінгізеді. Егер казак балақай құламаса, демек нағыз казак деген баға беріледі. 4 жастан бастап баланы атқа отырғыза бастайды. 7-8 жасқа дейін ұлдар үйде, анасы, әпке-қарындастарымен бірге жүреді.
Ол кезде оны әлі ерлерге жақын апармайды. Ал енді атқа отырғызу рәсімін өткізіп болған соң оған шалбар кигізеді. Сөйтіп үйдегі ерлердің жанында жүру мәртебесіне ие болады. Бұрын балаға атуды — 7 жастан, қылыштасуды 10 жастан бастап үйрететін болған.
Тәрбиеге келгенде де, қызға қарағанда қаталырақ. 5 жасынан егістікте жұмыс істеп, мал бағады. Сонымен қатар сауат ашып, арифметика, тілдерді үйренеді.
Казактың кез келген баласының шоқындырған әкесі не шешесі болады. Олар балаға тәрбие беріп, мінез қалыптастыруға ат салысады. Шоқындырып болған сәттен кейін-ақ, тәрбиелеуге қатысуына рұқсат беріледі. Орыстарға сыйлыққа күміс қасық беретін болса, казактарға қылыш береді.
Адамның өмірге келгенінен кейінгі маңызды оқиғасы ретінде казактарда той саналады. Бала өмірге келгенде жоралғылар жасалып, ән шырқалып, дастархан жасалатыны белгілі. Ал той болса, тіпті ерекше дәстүр. Әрі ол бір күнмен шектелмейді.
Отбасы мүшелерін түгел нан мен тұз ұсынып қарсы алады. Бұрын казактар 17-19 жаста, ерте үйленген. Казак үшін әйелінің жақсы отбасында өскені, тамақ әзірлей білгені, шаруашылықты жүргізе алуы маңызды. Ата-аналары өздеріне келінді сырттай қарастырып, ұнаған қызды ұлына ұсына алады.
Той элементтеріне келсек, қыз көру, құдалық, «пропой», отырыс және тойдан тұрады. Ал тойдың ішіне бұрымды сатып алу мен некелесу кіреді. Бұрын казактар тойды егінді жинап алған соң, діни мейрамдар Покрова (14 қазан), святки және Рождествода жасайтын болған.
Құдалықта бұрымды сатып алу жоралғысы ерекше әнімен, сәнімен өтеді. Егер күйеу жолдас сыйлық бермесе, оны әбден мазақтап, сараңдығын сынап, әнге қосады.
Казактардың тамақтары украиндер мен орыстардыкіне ұқсайды. Мысалы бұларда да үзбе қамыр,тұшпара бар. Тіпті украиндердің борщын казактардыкі деуге болады. Рождествоға — арнайы бәліш, масленицаға — құймақ, Троицаға уыздық әзірлейді.
Рождество — славян халқының өміріндегі ең жарқын мәдени оқиғалардың бірі. Бұл православтық әрі мәдени мейрам. Бұл күндері болжауға, өлең айтып олжа алуға, қонаққа баруға болады.
Казактар әлі күнге дейін қонаққа барып, сол жерде ән салғаны үшін сый алады. Сыйынып, бір-біріне жақсылық тілеп, курниктен ауыз тигізеді. Бұл күн — славяндардағы ең қызық әрі қуанышқа толы мейрам.
Масленица жеті күн тойланады:
• Дүйсенбі — кездесу — бір-бірімен танысу.
• Сейсенбі — ойнау — төбешіктен сырғанау, үйді-үйді аралау.
• Сәрсенбі — тәтті — жақындар мен таныстарға құймақ беру.
• Бейсенбі — қыдырыс — жәрмеңкелер, әндер, ойындар.
• Жұма — ене кеші — енесін үйге шақыры немесе керісінше.
• Сенбі — қайынсіңлілермен отырыс — қыздардың бір үйде жиналуы.
• Жексенбі — масленицаны шығарып салу — кешірім сұрау күні және тұлыпты өртеу.
Бірінші құймақты міндетті түрде қайыршыға береді, не болмаса қабір басына апарады. Масленицаның соңғы күні кешірім сұралып, тұлыпты өртеп, көктемнің тезірек келуін тілейді. Әлгі тұлыппен бүкіл қайғы, өкпе-наз қоса өртенеді. Заманауи балалар «бестік алғым келеді», «бір зат сатып алғым келеді» деп тілек жазып, өртейді.
Кейбіреулер мұны пұтқа табыну деп атайды. Бірақ көңілді әрі көпшіліктің басын қосатын әлеуметтік мейрам екені анық. Өртеп тастаған соң балалар оттан секіргенді жақсы көреді.
Қазіргі заманғы казактар мен өзге де славяндар масленицаның бүкіл жоралғасын жасамай-ақ, құймақ пісіріп, бір-бірінен кешірім сұрайды. Масленицадан кейінгі дүйсенбіде Ұлы ораза басталады.
Оңтүстіктің көктемгі осы жоралғысы үшін «көкек» қуыршақ жасалады. Оны шоқындырып, жерлейді. Бұл салт әйелдің бастауы мен көкек құсының белгісімен байланыстырылады. Мұны әсіресе Ресейдегі славяндар құрметтейді.
Көкекті жерлеу көктемнің аяқталғанын білдіреді. Рәсім мамыр мен маусым аралығында жасалады. Жоралғының екі кезеңі бар: тұлыптың жасалуы, қыздардың онымен одақтасуы, одан кейін көкекті жерлеу.
Бұдан соң қыздар күйеужігітке болжам жасап, еске алу асынан дәм татады. Бұл рәсімге ұлдардың қатысуына тыйым салынған. Бірақ сөйте тұра олар әр жерден сығалап, көкекті ұрлап кетіп, қыздарды ашуландырады. Бүгінде бұл жоралғы кең көлемде жасалмайды. Бар болғаны славян халқының тарихында қалған.
Материал Казак орталығының, Алматы қаласындағы халық әндері театрының өкілі, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Марина Гранованың келісімімен әзірленді.
Аталған материалдың мазмұны — автордың жеке жауапкершілігінде, Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)