ҚҚС-тың 12%-дан 20%-ға өсуі: бизнес пен қоғамға әсері қандай?
Сарапшылар дабыл қағуда STEPPE Finance негізін қалаушысы Арман Құсайынов пен қаржы сарапшылары бұл шешімнің пайдасынан гөрі...
Қазақстанда жазу бірнеше дәуір мен реформаларды бастан өткерді: ежелгі түркі жазуларынан бастап ХХІ ғасырдағы латын әліпбиіне көшуге дейін. Бұл үдеріс тек таңбалардың эволюциясы ғана емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік, діни және саяси үдерістерінің көрінісі. STEPPE медиасы үшін тарихшы Бейбарыс Сейтақ Қазақстандағы жазу тарихын жан-жақты талқылап, әрбір кезеңнің ерекшелігін түсіндіріп өтті.
Қазақ хандығының құрылуымен бірге жазудың жаңа кезеңі басталды. Бұл уақытта шағатай жазуы негізгі рөл атқарды. Шағатай тілі мен жазуы түркі халықтарының ортақ әдеби және әкімшілік тілі ретінде қолданылды. Көптеген әдеби шығармалар мен құжаттар осы шағатай жазуымен жазылған.
Бейбарыс Сейтақ бұл кезең туралы былай дейді:
«Шағатай жазуы қазақ қоғамында білім мен мәдениеттің таралуына ықпал етті. Бұл жазу әкімшілік құжаттардан бастап, діни және әдеби еңбектерге дейін қолданылды. Қазақ хандары мен билері бұл жазуды өздерінің саяси әрекеттері мен шешімдерін тіркеу үшін де пайдаланған. Жалпы индустриализация, модернитет орнағанға дейін әлем бойынша «ұлттық тілдер» жазба тілі ретінде қолданыла қоймайтын. Бөлек-бөлек қазақ жазба тілі, өзбек жазба тілі, татар жазба тілі және тағы басқасы газеттер, яғни баспасөз саласы дами бастаған тұста қалыптасты. Ал оған дейін татары да, қазағы да, өзбегі де шамамен бірдей емлемен жазатын, бірақ оны өз тілінің ыңғайына қарай әрқилы оқитын. Сондай-ақ ХХ ғасырға дейін әлемнің басым бөлігінің сауаты жоқ еді, әріп тану ғасырлар бойы (әйтсе мыңдаған жыл бойы) көбіне билеуші тапқа ғана қажет болған еді».
ХІХ ғасырда жазу жаңа деңгейге көтерілді. Ресей империясының ықпалы күшейіп, қазақ халқының мәдениеті мен тіліне өзгерістер енгізілді. Бұл кезеңде араб әліпбиі негізінде қазақ тіліндегі алғашқы кітаптар, газет-журналдар жарық көре бастады.
Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсариннің еңбектері қазақ тілінің жазу мәдениетін дамытуда маңызды рөл атқарды. Олар тек ағартушылықпен айналысып қана қоймай, қазақ жазуының болашағын айқындады.
«Қазақ жазуын тиісті деңгейде шежірелер болсақ, барлығын көне түркі жазуына не кемінде Қарахан мемлекетінің жазба тіліне де тіреп қоюға болады, өйткені тарихи сабақтастық бар. Ал бергі кезеңді алар болсақ, негізгі қадамдар ХІХ ғасырда жасалған: алғашқы қазақша газеттер, Абай, Ыбырайдың еңбектері. Абай шығармалары жазу мәдениетіміздің іргетасын қалады. Бұл тек жеке тұлғалардың еңбегі емес, тұтас қазақ қоғамының мәдениеті мен болашағын анықтайтын кезең болды.Абайдан кейін Алаш қайраткерлерін айтамыз, оның ішінде, әрине, қазақи емлесі мен тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлыны айтамыз», — дейді Бейбарыс.
1917 жылғы төңкерістен кейін Кеңес Одағы араб және кирилл жазуын «дін мен империализмнің мұрасы» деп есептеп, халықтарды латын әліпбиіне көшіруді қолға алды. Бұл қадам жаңа әлемдік пролетариатты ортақ мәдениетке біріктіру мақсатында жасалған.
Алайда, 1930 жылдары Кеңес үкіметі халықтарды біріктіру үшін бәріне кириллица жазуын енгізуді қолға алды. Нәтижесінде, гүржі мен армян тілдерін қоспағанда, барша халықтардың жазу жүйесі кириллицаға ауыстырылды. Бұл ұлттық ерекшеліктерді жоюға бағытталған саясаттың бір бөлігі болды.
Бейбарыс Сейтақтың айтуынша:
«1920 жылдары түркі және орыс жазба жүйелерін латын әліпбиіне көшіру қолға алынды. Тіпті орыс тілін де латын қарпіне көшіру бойынша 5 жыл бойы жұмыс істеген комитет болды. Бірақ Сталиннің ана тілі — гүржі тілін қандай да бір реформаға енгізу талқыланбаған. Кейін 1930 жылдары КСРО космополиттік ұстанымнан бас тартып, халықтарды орыс мәдениетіне бейімдеуге көшті. Осылайша, барша халықтың жазуын кирилл әліпбиіне көшіру шешімі қабылданды».
1929 жылы Қазақстанда сауаттылықты арттыру және қазақ тілін Кеңес Одағының басқа халықтарымен жақындату мақсатында латын әліпбиіне көшу реформасы өтті. Бірақ бұл тәжірибе ұзаққа созылмады: 1940 жылы қазақ әліпбиі кириллицаға ауыстырылды.
Бұл реформа Кеңес Одағының әліпбилерді біріздендіру саясатының бөлігі болды. Кириллица жаппай білім алуды жеңілдеткенімен, ол қазақ жазуының тарихи тамырларын әлсіретті.
Бейбарыс Сейтақ кириллица кезеңінің қазақ жазуына тигізген әсері жайында:
«Негізі жазба жүйесінің өзіне тән бір ажырамас қасиеттер бола қоймайды, яғни мына жазба жүйесі қазақ тіліне келеді, ана жазба жүйесі келмейді деп айта алмаймыз. Жер жүзіндегі кез келген жазба жүйесін кез келген тілдің ыңғайына қарай бейімдеуге болады. Қазақша жазуын кирилл әліпбиіне көшірілуі, әрине, КСРО-ның барлық халықты орыс халқының төңірегінде ұйыстыру саясатының бірден-бір белгісі болды».
Тағы да оқи отырыңыздар: «Қорқыныш пен үрей королi» — 76 жаста
2017 жылдың 26 қазанында «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын әліпбиіне көшіру туралы» Жарлыққа қол қойылып, нақты жоспарлар жасалды. Реформа 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп жоспарланған еді.
Алайда 2020 жылдардан бастап реформа қарқыны бәсеңдей түсті. Саяси биліктің ауысуы латын графикасына көшу мерзімінің қайта қаралуына әкелді. 2019 жылы 19 наурызда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев орнын босатқаннан кейін бұл реформа назардан тыс қалып кетті.
Қазіргі кезде латын әліпбиіне толық көшу мерзімі нақты белгіленбеген. Бұл мәселе Мемлекет басшысының шешімімен анықталады деп көрсетілген. Дегенмен, 2027 жылға дейін жаңа әліпбиге біртіндеп көшу туралы жоспарлар бар.
Жоспарға сәйкес:
Бұл қадам ұлттық бірегейлікті сақтау және қазақ тілін жаһандық деңгейде мойындату мақсатында жасалды. Дегенмен, бұл үдеріс қоғамда үлкен пікірталас туғызды. Латын әліпби реформасын толық жүзеге асыру үшін не жетіспейтінін Бейбарыс Сейтақ өз сөздерінде:
«Бір жағынан, саяси жігер, екінші жағынан, таза логистикалық қиындықтар. Қайткен күнде 1920-1940 жылдары әліпби ауысқанда, халықтың басым бөлігі әріп танымайтын. Ал қазір қазақ халқының 99.8%-ы сауатты, бұл бәрі керемет жазғыш дегенді білдірмейді, бірақ өткен ғасырларға қарағанда бұл адам айтқысыз көрсеткіш, әліпті таяқ деп білмейтін адам бүгін жоқ, яғни қысқасы, бәріміз үйреніп қалған жазба жүйесі бар», — дейді Бейбарыс Сейтақ.
Бейбарыс Сейтақ жазу жүйелерінің ауысуы әлеуметтік және саяси үдерістерді қалай бейнелегенін де атап өтті.
«Әрбір реформа белгілі бір саяси және идеологиялық жағдайға байланысты болды. Ежелгі түркі жазуларынан бастап, қазіргі заманға дейінгі әрбір жазу жүйесі қоғамның даму кезеңдерін бейнелейді. Бұл өзгерістердің барлығы ұлттық бірегейлікті сақтау мен жаһандық қоғамда орнын табуға ұмтылыстың көрінісі болып табылады», — деп қорытындылады тарихшы.
Қазақстанның жазу тарихы — бұл таңбалар эволюциясынан әлдеқайда терең, халықтың мәдениеті, діні және саясатымен тығыз байланыста дамыған күрделі процесс.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)