«Бокстан — музыкаға»: A.boo — Абулхайыр Мадеш ALPHA тобына қалай келді?
Бүгін біз ALPHA тобының әншісі Абулхайыр Мадешпен (A.boo) сұхбаттасамыз. Ол сахнаға қалай келді? Бокс пен ән арасындағы таңдау...
ALPHA тобының әншісі Ақжол Серікжанұлы — i Қазақстанға 10 жасында көшіп келген. Өнер жолына кездейсоқ келіп, бүгінде жас музыкалық топтың креатив жетекшісі ролін атқарады. Музыкалық білімі болмаса да, ол сахнада жанды дауыста ән айтып, би билеуге машықтанып, отандық шоу-бизнеске шынайылық алып келгісі келеді. Бұл — өнер мен өз-өзіңе сенудің тарихы.
— Өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
Менің аты-жөнім — Серікжанұлы Ақжол. Қытайдағы Үрімші қаласында дүниеге келдім. Қазір 22 жастамын.
— Қазақстанға қашан келдіңіз?
Қазақстанға 2012 жылы, 10 жасымда келдім. Оған дейін Қытайда тұрдым, екінші сыныпқа дейін сол жақта оқыдым. Содан кейін Қазақстанға қайта көшіп келдік.
— Балалық шақтағы арманыңыз қандай еді?
Шынымды айтсам, бала күнімде нақты бір арманым болған жоқ. Өмірімде біртүрлі хаос, түсініксіздік көп болды. Қытайға енді үйренісіп бастағанда, Қазақстанға көшіп кеттік. Кейін екі жыл қайтадан бейімдеуден өттім. Қытайдағы Құлжа қаласынан бірден Қазақстанға, ауылға көшіп келген соң қиындау болды.
— Өнерге қалай келдіңіз?
Шынын айтсам, өнерге қызығушылығым бұрын болмаған. Музыкаға да қатты қызықпайтынмын. Бір досым интернетім болғандықтан, тректерден тізім жасап беруімді өтінген. Келісіп, чарттағы тректерді жүктеп алып, жібердім. Бұл әндер менің ұялы телефонымда қалып қойған еді. Содан бір жолы әкеммен сапарлап шыққанда ішім пысып, құлаққап тағып алдым. Әндерді қосып қалғанымда Green Day-дің Wake Me Up When September Ends әні қосылған еді.
Сол сәттен музыкаға ғашық болдым. Музыканың күшіне, жалпы осындай әдемі зат бар екеніне қатты таңғалдым. Сол сәттен қызығушылығым оянды. Сосын үйдегілерден сұрап, синтезатор алдым, пианино үйреніп, аккордтар бастым. Әндер айта бастадым, бүкіл негатив бойымнан кеткендей әсер болды. Стресстің бәрі жойылды. Музыка арқылы өзімді емдеп алдым.
Осы жағдайдан кейін өзімді қарыздар сезініп қалдым: әртістің әні өмірімді құтқарды, енді мен де сол жолды жалғастыруым керек. Енді мен өз әнім арқылы тура мен сияқты қиналған балаларға сәл болсын көмегімді тигізгім келеді. Өнерге осындай оймен келдім.
— Сіз музыкалық топтың мүшесісіз. Топтағы рөліңіз қандай?
Мен топта креатив бөліміне жауаптымын. Визуалдық образ, бейнебаяндардың тұжырымдамасы, жалпы контентті ойластыру — менің міндетім. Яғни бейнебаянның стилистикасы қандай болады, қандай түстер қолданылады — бәрін жоспарлауға қатысамын.
Мен толыққанды барлық кезеңге қатысамын: препродакшн, продакшн, постпродакшн — барлығын қадағалаймын. Өзімнің ALPHA тобына деген көркемдік көзқарасым бар. Балалар соған сенеді, ұнатады. Мен cол идеяны командаға жеткізіп, оны іске асыруға тырысамын.
— Музыкалық біліміңіз бар ма?
Жоқ, менде кәсіби музыкалық білім жоқ. Музыкаға ең жақын қатысым бар деп балалар театрында екі жыл оқығанымды ғана айта аламын. 6 мен 9-сыныптар арасында балалар театрына қатыстым. Ол Жұлдызай Алтынбекқызының театры болатын. Алматы қаласында, нақтырақ айтсам, Қаскелеңде орналасқан. Сол жаққа барып қатысып жүретінмін. Онда актерлік шеберлік, сахналық қозғалыс, хореография сияқты сабақтар өтті.
Оқи отырыңыз: «Бокстан — музыкаға»: A.boo — Абулхайыр Мадеш ALPHA тобына қалай келді?
— Сіздердің өнерлеріңіз K-pop бағытына ұқсайды. Бір мезетте ән айтып, би билеу қиын емес пе?
Иә, ол өте қиын. Тіпті Кореяда танымал өнерпаздардың өзі би билегенде дауысы шықпай, әлсіреп қалады. Бірақ біз арнайы дайындықтан өттік. Мысалы, жүгіру жолағында жүгіріп отырып ән айту, респираторлық жаттығулар, диафрагманы дұрыс қолдану — бәрі үйретілді. Сонымен қатар фонограмманы қолданбауға баулиды.
— Фонограмма қолдануға көзқарасыңыз қандай?
Жаман немесе болмауы керек деп айта алмаймын. Әрбір әртістің өз жолы бар. Бірақ біз оны ұнатпаймыз. Себебі ол кезде сахнада шынайы энергия болмайды. Көрерменмен байланыс үзіледі. Өзімізді алдап жатқандай сезінеміз. Сондықтан біз тек жанды дауыста айтуға тырысамыз.
— Қазақстандық шоу-бизнеске қандай өзгеріс әкелгіңіз келеді?
Жалпы өзгеріс әкелгім келеді деп айту қазіргі таңда мақтаншақтыққа ұқсап кететін сияқты. Көрермен мен әртіс арасында шынайы байланыс орнағанын қалаймын. Өз жұмысымызды дұрыс орындайтын болсақ, өнерге ALPHA-ның әсері болады деп ойлаймын.
— Кімдердің немесе қай топтардың әнін ұнатып тыңдайсыз?
Queen тобын, Фредди Меркьюридің әндерін сүйіп тыңдаймын. Эмоция, экспрессия бере білетін қасиеті керемет. Жалпы көптеген әртістен шабыт аламын, өнеріндегі әрбір деталіне мән беріп, шабыт аламын деп ойлаймын.
— Сұхбатыңызға алғыс!
Оқи отырыңыз: Топ емес, жанұя: ALPHA-ның шынайы тарихы
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)