STEPPE AWARDS 2025 шорт-парағына өткен жобалар
Steppe Awards 26 Сентября, 2025

STEPPE AWARDS 2025 шорт-парағына өткен жобалар

STEPPE AWARDS — жас креаторлар мен олардың жобаларын таныту, қолдау және дамуына үлес қосу құралы ретінде STEPPE медиасы құрған Қазақстанның креативті индустриялары саласындағы марапат. Шорт-парақтар 16 санатты қамтиды. Биыл Қазақстанның мәдени, әлеуметтік және технологиялық ландшафтын өзгертетін ондаған жобалар мен авторлар финалға өтті.

Сондай-ақ, көрермендер дауыс беруі басталады. Осылайша STEPPE оқырмандары кез келген креаторды қолдай алады. Қатысушыға 25 қазанға дейін бір рет қана дауыс беруге болады.


«Креативті IT»

MindShield

MindShield — бұл жасанды интеллекттің көмегімен Паркинсон ауруының ерте белгілерін анықтап, треморды азайтуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша мен білезік. Жоба диагностикаға шалғай өңірлерде де қолжетімділікті қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтады және медициналық көмектің сапасын арттырады.

Neuharmony

Neuharmony — нейроғылым, музыкатерапия және жасанды интеллект тоғысындағы қазақстандық edtech-платформа. Ол нейродивергентті балаларға арналған жекелендірілген даму бағдарламаларын жасайды. Жоба зейінді жақсартуға, қимыл-қозғалыс координациясын дамытуға, мазасыздықты төмендетуге және әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі. Сонымен қатар, ол бұрын қолжетімсіз болған отбасылар мен орталықтарға терапия мүмкіндігін ұсынады.

AMAN

AMAN — SOS сигналын бірнеше секунд ішінде ресми полиция рапортына айналдыратын мобильді қосымша мен технологиялық платформа. Ол азаматтарға көмектесуді минуттар емес, сәттер ішінде қолжетімді етеді. Жоба жеке қауіпсіздікті, цифрлық қорғанысты және корпоративтік шешімдерді бір жүйеде біріктіріп, азаматтар, бизнес және мемлекет үшін 24/7 қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

AR Sana

AR Sana — сөйлеу қабілеті кешеуілдеген 2–8 жас аралығындағы балаларға арналған қосымша. Ол ойын, логопедиялық әдістер және мәдени контент арқылы баланың тіл дамытуын жеделдетеді. Жоба ғылыми әдістемеге негізделген және балалар мен ата-аналарға қолдау көрсетіп қана қоймай, мәдени бірегейлікті сақтауға да мән береді.


«Science Impact»

Акушер-гинекологтың амбулаториялық қабылдауын жетілдіру

Жоба әйелдердің гинекологқа барғанда қорқыныш пен жайсыздық сезінуіне себеп болатын негізгі кедергілерді анықтап, оларды еңсерудің халықаралық стандарттар мен пациенттердің тәжірибесіне сүйенген нақты шешімдерін ұсынады. Жобаның мақсаты — дәрігерлерге деген сенімді арттырып, медициналық қабылдауды әрбір әйел үшін қауіпсіз, құрметке негізделген әрі жайлы ету.

Алматы қаласының ауа кеңістігіндегі PM2.5 бөлшектерінің физика-химиялық қасиеттері мен биологиялық белсенділігін зерттеу: экологиялық қауіп-қатерді бағалаудың кешенді тәсілі

Жоба Алматы ауасындағы PM2.5 бөлшектерінің физика-химиялық ерекшеліктері мен биологиялық белсенділігін зерттеп, олардың адам денсаулығына ықпалын және экологиялық қатерлерін анықтауды көздейді. Жобаның мақсаты — қоғамның экология мен денсаулық сақтау саласындағы хабардарлығын арттыруға әрі шешім қабылдау үдерісіне ықпал етуге мүмкіндік беретін ғылыми негізделген деректер алу.

Қазақстанның табиғи алюмосиликатты шикізатына негізделген, ағын суларды тазалаудан кейінгі сорбенттерден тыңайтқыш әзірлеу

Жоба суды тазалауда пайдаланылған сорбенттерге «екінші өмір» беруді ұсынып, оларды ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыратын тыңайтқышқа айналдырады. Бұл технология экологиялық әрі аграрлық міндеттерді қатар шешіп, ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады және Қазақстанда коммерцияландыруға мүмкіндік береді.

Литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеу үдерісін әзірлеу және оңтайландыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасында пайдаланылған батареяларды кәдеге жарату мәдениетін енгізу

Жоба Қазақстанда литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеу жүйесінің болмау мәселесін ағарту мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұштастыру арқылы шешуге бағытталған. Оның мақсаты — экологиялық зиянды азайту, қауіпсіз қайта өңдеу технологияларын енгізу және айналмалы экономиканың дамуына, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының пайда болуына негіз қалау.

Қоршаған орта нысандарындағы ұшпа органикалық ластаушыларды анықтауға арналған Needle Trap құрылғылары үшін жаңа металлорганикалық қаңқалық құрылымдар әзірлеу

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жобасы ауада, суда және топырақта ұшпа органикалық қосылыстардың концентрациясын жоғары дәлдікпен анықтай алатын әмбебап сынама алу құрылғысын жасау мақсатында жаңа металлорганикалық қаңқаларды (MOF) әзірлеу мен синтездеуге бағытталған. Жобаның мақсаты — сорбенттердің селективтілігін, тұрақтылығын және қайталанымдылығын арттыру арқылы экологиялық мониторингтегі қазіргі шектеулерді еңсеру. Бұл өз кезегінде Қазақстанда және оның шегінен тыс жерлерде заманауи ластану бақылау әдістерін енгізуге жол ашады.


«STEPPE Women»

Ken Dala

Қазақстандағы түпнұсқалы агро-гастрономиялық сапарлар форматы. Команда қатысушыларды зерттелмеген мекендерге апарып, жергілікті фермерлер және олардың өнімдерімен таныстырады, сондай-ақ далада, тауда және ауылдарда ашық аспан астында кешкі астар ұйымдастырады.

PlastX

Үш оқушы-инженердің жобасы. Олар пластик бөтелкелерді қайта өңдеп, 3D-принтерге арналған қолжетімді филамент жасайды. Өздерінің катушкалары шетелдік өнімнен екі есе арзан, ал сапасын технопарктер, мектептер мен компаниялар жоғары бағалап отыр. Бүгінге дейін 500 келіден астам пластик қайта өңделіп, 50 катушка сатылды және 15 оқушыға 3D-модельдеу үйретілді.

SHAI

Технология, кәсіпкерлік пен мәдениетті тоғыстырған қазақстандық жасанды интеллект өнімi. Ол бизнестің, мемлекеттік құрылымдардың және әйел-кәсіпкерлердің өсіп-дамуына, басқаруына көмек беріп, жасанды интеллектіні қолжетімді әрі түсінікті құралға айналдырады.

@liya.textile

Үйге және HoReCa саласына арналған сәнді әрі қолжетімді бұйымдар жасайтын тоқыма дизайн зертханасы. Жоба декрет кезеңінде күнделікті өмірді эстетика мен жайлылыққа айналдыру мақсатымен дүниеге келді. Ассортиментінде дастархандар, плейсматтар және ұлттық нақыштағы авторлық шешімдер бар. Әрбір жұмыс тапсырыс берушінің талғамына сай жеке іріктеледі.

«Будь»

Қазақстандағы онкологиялық диагнозы бар және сирек ауруларға шалдыққан әйелдер туралы фотожоба. Ол инклюзия тақырыбындағы тыйымдарды бұзып, кейіпкерлерді шынайы болмысымен көрсетуді мақсат етеді. Жоба олардың сөз айту құқығын қолдап, өзгелерді ауруға тұйықталмай, алға ұмтылуға жігерлендіреді.

«Писательский цех»

Жазуды армандап, бірақ бастауға батылы жетпейтіндерге арналған мектеп әрі қауымдастық. Жоба шағын бастамадан өсіп, курстар, спринттер мен тәлімгерлікті қамтитын толыққанды алаңға айналды. Мұнда қатысушылар қолдау тауып, қорқыныштарын еңсеруді үйренеді және өз дауысын табады.

Temple of Tease

Бурлеск-шоу жобасы — Қазақстандағы әйел сұлулығы мен тәні стереотиптерден тыс, бодипозитив тұрғысынан көрсетілетін алғашқы жоба. Команда классикалық бурлеск-багдарламалар мен спектакльдер қояды, көрерменге қуаныш, жеңілдік пен қабылдау сезімін сыйлайды. Шоудан бөлек, жоба еркіндік пен әйелдік қырды ашуға арналған сабақтар мен интенсивтер өткізеді.

East Publishing

Қазақстандағы алғашқы балаларға арналған баспа, ол сәби және 12 жасқа дейінгі балаларға қазақ тілінде кітаптар шығаруға бағытталған. Жобаны Әмина Жеменей жеке миссия ретінде негіздеді — балаларға ерте жастан кітап оқудың қуанышын сыйлап, елдегі кітап мәдениетін нығайту.


«Кинематограф»

Qaitadan

Qaitadan — апатты болдырмау үшін бір күнді қайта-қайта бастан өткеретін уақыт ілмегіне түскен жасөспірім жайлы әлеуметтік драма. Фильм отбасылық құндылықтар, азаматтық жауапкершілік және коррупцияның салдары тақырыптарын көтеріп, қоғамдағы бейқамдықтың қауіптілігін көрсетеді.

«Красивая» / «ӘДЕМІ»

Бұл деректі фильм — ана әрі режиссердің жеке тарихы. Ол шығармашылық арқылы қызының БЦП (ДЦП) диагнозын қабылдау жолынан өтеді. Жоба мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты стереотиптерден бастап, отбасыларға қолдаудың жетіспеушілігіне дейінгі маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, көрерменде эмпатия, түсіністік пен ашық диалог қалыптастыруды мақсат етеді.

«Тұл»

«Тұл» — шынайы оқиғаға негізделген көркем фильм. Ол әйелдің есеюін, жарақатын және қазақ қоғамындағы үнсіздікті зерттейді. Фильм балалық шақтағы ауырсыну, жоғалту мен жалғыздық тақырыптарын көтеріп, басты кейіпкерді символ ретінде емес, тірі адам ретінде көрсетеді. Фильм көрерменді қоғамда дауыстап айтылмайтын тәжірибені бірге сезінуге шақырады.

Joqtau

Joqtau — жас ғалым Дархан жайлы фильм. Ұзақ уақыттан кейін ол үйіне оралып, атасы мен сүйіктісімен бірге туған жерге сапар шегеді. Атауы қазақтың жоқтау жанрына сілтеме жасайтын фильм жақын адаммен қоштасудың әніне және қабылдау сынағына айналады.


«Архитектура»

Şenber Wooden Tent

Şenber Wooden Tent — дәстүрлі киіз үйді заманауи форма тілінде қайта ойластырған сәулет жобасы. Қатал куб формасының ішінде дөңгелек киіз үй жасырылған, ол мәдениет пен дәстүрдің жадысын, жалғастығын және тірі жүрегін бейнелейді. Құрылыс жергілікті материалдардан, металлсыз жасалып, тұрақтылық пен экологиялық тазалыққа басымдық береді. Жоба кездесу, концерт немесе медитация үшін әмбебап кеңістік болып табылады және тек адамның қатысуымен ғана «өмірге» келеді. Авторлары — сәулетшілер Бокейхан Камза мен Бексултан Дүйсенғалиев.

Кеңсе ғимараты

Алматыдағы жұмыс кеңістігінің рөлін қайта қарастыратын  концептуалды жоба. Мақсаты — жай офис емес, шабыт беретін, амбицияны қолдайтын және идеялар туындататын орта жасау. Жоба компанияның фирмалық стилін қалалық ортаға үйлестіріп, қала мәдени контекстіне сай келеді.

Орталық стадион Алматыны қайта жаңарту жобасы

1958 жылы салынған тарихи нысанды қаланың ашық «жүрегіне» айналдыру идеясына негізделген жоба. Концепция спортты, мәдениетті және қоғамдық өмірді біріктіріп, мұраны құрметтеу мақсатында фасадты сақтайды және еркіндік, күш пен мақсаттылық символы — бүркіт бейнесінен шабыт алады.

Еуразиялық ұлттық университетінің кампусы

Ғылым, білім және бизнесті біртұтас экожүйеге біріктіретін жаңа оқу корпусы. Ғимарат университет пен қаланы байланыстыратын элементке айналып, бұрынғы бос алаңды заманауи қоғамдық кеңістікке өзгертті.


«Мода»

KIMMIN

Бұл өз-өзіңді тану және шығу тегін іздеу туралы бренд, XIX ғасырдағы қазақтардың бейнесі мен даланың еркін рухынан шабыт алған. Оның стилі — тенгриандық гранж, киюге ыңғайлылық пен ұлттық ерекшелікті біріктіріп, адамға еркіндік пен даралық сезімін сыйлауды көздейді.

Gentle Power of a Kazakh Woman’s Spirit

Коллекция Ару Сұлтан бейнесінен шабыт алған — XVI ғасырда Елизавета I сарайында Қазақ хандығының алғашқы елшісі ретінде тынымал әйел. Ол арқылы дизайнер қазақ әйелдерінің күш-қуаты мен даналығын жеткізуді, бай мұраны еске салуды және ұлттық мәдениеттің сұлулығын заманауи интерпретацияда көрсетуді көздейді.

«Под тенью согласия»

Жоба көркем бейнелер арқылы мәжбүрлі некенің мәселесін зерттейді, жеке еркіндіктің жоғалуын және құрбанының ішкі трансформациясын көрсетеді. Жоба мақсаты — әдетте үнсіз қалатын осы тақырыпты көрсету және қоғамда, әсіресе дискриминациямен бетпе-бет келетін жастар мен әйелдер арасында, ашық диалог тудыру.

FOURNEST

Сәнді арт-фэшн манифестіне айналдырады, визуалды бейнелер мен киім формалары арқылы Қазақстандағы экологиялық және әлеуметтік мәселелерді көтеріп, оларды нақты әрі жеке тәжірибе ретінде көрсетеді. Жоба адам мен табиғат арасындағы диалогты қалыптастырады, күнделікті өмірдің мәнін, көркемділігін және тереңдігін бағалайтын аудиторияға бағытталған.


«Әдебиет»

«Пять лет» — Камила Ковязина

Қазақстандағы аналық туралы роман. Ол жеке өмірлік оқиғалар мен мессенджердегі хат алмасулар арқылы аналардың көрінбейтін еңбегін, гендерлік және мәдени стереотиптерді, сондай-ақ әйелдердің күнделікті өміріне әсер ететін әлеуметтік мәселелерді ашады. Кітап кең аудиторияға бағытталған, аналарға эмоционалды қолдау көрсетеді және басқа оқырмандарға жас аналардың бетпе-бет кездесетін қиындықтарын түсінуге, оларды сезінуге мүмкіндік береді.

«Burger King-тегі Элвис Пресли» — Сафина Ақтай

Бұл жинақта 15 әңгіме бар, қазіргі Қазақстан өмірі, әйел тәжірибесі мен постсоветтік қоғамның әлеуметтік шындығына арналған. Автор кейіпкерлердің ішкі әлемін жеке және қоғамдық жарақаттар арқылы зерттеп, оқырманға әртүрлі өмірлік оқиғалардың көрінісін ұсынады.

«Кровь Избранных. Люди» — Вилл Нокс

Бұл — күңгірт фэнтези шығармасы. Ол арқылы автор отбасылық құндылықтар, достық, психологиялық травмалар және зорлықтан кейінгі бейімделу тақырыптарын зерттейді, қиындықтан өткен адамдарға қолдау көрсетуді мақсат етеді. Кітапта сиқыр, шытырман оқиғалар және әлеуметтік маңызды мәселелер үйлеседі, жас оқырмандар мен жанрды сүйетіндерге өзін қабылдау, өз күшіне сену және шығармашылық арқылы өзін көрсету үлгісін ұсынады.

«Ген превосходства» — Дана Найдер

Бұл — ғылыми-фантастикалық антиутопиялық роман. Онда мінсіздікке ұмтылу міндетті болып, генетикалық модификация қалыпты жағдайға айналған әлем бейнеленген. Шығарма қоғамның жеке тұлғаға қысымының салдары мен ғылымның адам табиғатына араласу шектерін зерттейді. Кітап философиялық тереңдік, эмоционалды сіңіру және визуалды бай стильді біріктіріп, оқырманға үстемдік идеологиясының даралыққа, қарым-қатынасқа және өзін-өзі бағалауға қалай әсер ететінін сезінуге мүмкіндік береді.


«Заманауи өнер»

CARPET 

Суретші Леонид Хан сатираны, кескіндемені және кілемдерді тоғыстырып, оларды жаңа жанрдың нышанына айналдырады әрі мәдени кеңістікке қайта енгізеді. Оның жұмыстары әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, шеберханада өткен шағын көрмеде көрсетілді. Автор серияны жалғастырып, «кілемдерге» арналған ірі көрме өткізуді жоспарлап отыр. Ол кез келген өнердің саяси контекстен ажырамайтынын айқындайды.

Balqaş Jyry

Artcom Platform әйелдер ұжымы жасаған кеңістіктік бейнеинсталляция. Жоба Балқаш көлі мен оның мәдени жадын арқау етіп, жыраулық дәстүрді заманауи өнермен ұштастырады. Көл отаршылдық пен экологиялық зорлықтың салдарынан бүтіндігін жоғалтқан тарихтың «дауысына» айналады.

«Призрачное хранилище»

Экологиялық апаттар мен адам ықпалы тұрғысынан қайта ойластырылған мифтік жаратылыстардың бестиарийі. Жоба қазақ ертегілері мен археологиялық деректерге сүйеніп, 360° бейнеинсталляцияны, 3D-мүсіндерді, картаны және мәтіндерді біріктіреді. Нәтижесінде «болашақ мұрағаты» жасалып, мәдени жады мен табиғаттың осал теңгерімі бейнеленеді.

ozen zin

«Егер су шынымен жоғалып кетсе не болар еді?» деген сұрақ төңірегінде жасалған Батыс Қазақстандағы су туралы кураторлық зин. Жинақта авторлардың мәтіндері мен естеліктері топталып, аймақтағы өзендер мен көлдердің өмірдегі маңызы туралы диалог құралады. Тиражы 150 дана, жоба Goethe-Institut Kazakhstan және YEMAA орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл — судың азаюы контекстінде суға қатысты мәдени жадыны көркемдік тәсілмен тіркеу жолы.


«Digital ART»

OYU Animation Promo

Аниме стилінде жасалған анимациялық ролик, Франциядағы Annecy фестивалінен шабыт алып, OYU фестивалінің промо-видеосына әрі Қазақстанның қазіргі бейнесі туралы мәдени пайымға айналды. Жоба Teniz Animation және Qara Studios студияларының қолымен жүзеге асырылып, 300 мыңнан астам қаралым жинады. Көрермендерден қызу пікір алған бұл жұмыс елімізде бәсекеге қабілетті анимация жасалып жатқанын дәлелдеді.

@temerbayev

Амаль Темербаев кино саласында 13 жыл еңбек етіп келеді, ал соңғы 6 жылда пластилиннен стоп-моушн анимация, музыкалық бейнеклиптер мен брендтік түсірілімдер жасап жүр. Ол Ninety One, Moldanazar, Kunzharyq, M’dee және басқа да әртістермен жұмыс істеген. Оның жаңа жұмысы — ACE тобының Oiymdagy Dunie әніне арналған клип. Бұл жоба жергілікті анимацияның өзіндік ерекшелігі бар әрі бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.

#citysfacealmaty

Жоба Алматының Верный дәуіріне тән ғимараттарына арналған. Олардың көбі қирап, қоршаулардың ар жағында қалған немесе мүлде жоғалып кеткен. Инициатива аясында QR-коды бар 12 цифрлық картина жасалып, олар 2GIS картасына сілтейді. Жобаның мақсаты — архитектуралық мұраның сұлулығы мен нәзіктігін көрсету, аға буынның естеліктерін оятып, оларды жас ұрпаққа жеткізу арқылы қаланың тарихи жадын сақтау қажеттігін еске салу.

IMFEM

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы көркем манифест ретінде жасалған, сақ жауынгер қыздың бейнесінен шабыт алған футуристік қазақ қызының образы. Жобаның негізін биопластиктен 3D-принтер арқылы басылып, қазақ ою-өрнектерімен жинақталған корсет-сайман құрайды. Ол әйелдің күші мен сұлулығын бейнелейді.

Phantom Settlement

Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен қалған қаңырап бос қалған қонысты зерттеуге арналған эксперименттік симулятор-ойын. Ойыншы мұнда «тарих бөлшектерін» жинап, табиғи ресурстардың таусылуы тақырыбымен бетпе-бет келеді. Жоба Венадағы Сәулет өнері академиясында үлкен қызығушылық тудырып, өнер мен геймдевті тоғыстыра отырып, Қазақстанның экологиялық және әлеуметтік мәселелерін көтереді.


«Урбанистика»

Padel SAI

Қазақстандағы алғашқы падел-орталықтардың бірі. Ол 2025 жылдың маусымында ашылып, айына 1 500-ден астам ойыншыны тарта білді. Орталық спорттық әрі қалалық мәдениеттің жаңа нүктесіне айналып, мұнда комьюнити қалыптасып, балаларға арналған бағыттар дамуда, жаңа жұмыс орындары ашылуда және халықаралық падел-қоғамдастықты біріктіруге арналған IT-шешімдер іске қосылуда.

Ayel & Qala

Тәуелсіз әйелдер қалалық қауымдастығы — Қазақстан қалаларының дамуына әйелдердің үлесін айқын ету үшін 2025 жылдың мамырында құрылған бастама. Жоба архитекторларды, урбанистерді, зерттеушілер мен белсенді әйелдерді офлайн-кездесулер, воркшоптар, қалалық серуендер және медиа арқылы біріктіріп, елде әлі қалыптаса қоймаған феминистік урбанистика тәжірибесін дамытады.

Green and Safe Streets

Алматылық жоба, тактикалық урбанизм әдістері арқылы ауаның сапасы, көшелердің қауіпсіздігі мен қалалық ортаның жайлылығы өзара байланысты екенін көрсетті. Жоба бір қарағанда шағын қадамдардың өзі үлкен жүйелі өзгерістерге жол аша алатынын дәлелдеді.

Splash

2024 жылы құрылған Қазақстандағы алғашқы экологиялық мобильді автожуу сервисі. Ол авторлық мобильді су бұру технологиясының арқасында суды 50%-ға дейін үнемдеп, клиенттердің уақытын да азайтады: көлік паркингтің өзінде-ақ, шу-шұрқансыз, лассыз және инфрақұрылымға зиян келтірмей жуылады.

Urban.pleinair

Орталық Азиядағы алғашқы тәуелсіз пленэрлік сурет қауымдастығы. Ол жасөспірімдер мен ересектерді өнер, экологиялық акциялар және Алматының қалалық кеңістігін зерттеу арқылы біріктіреді. Жоба білім беру бастамасынан өсіп шығып, қауіпсіз әрі инклюзивті ортаға айналды: мұнда әлеуметтік бейімделуде қиындық көретін жасөспірімдер қолдау табады, ал қатысушылар қаланың сұлулығы мен мәселелерін «байқауды» үйренеді.


«Музыка»

SARY

Атыраудан шыққан q-rock тобы. Бастапқыда достық қызығушылықтан туындаған бұл жоба жеке сезімдер мен тәжірибелерді әлем мен уақыт туралы ойларға айналдыратын саналы музыкалық бастамаға айналды. Бүгінде топ белсенді түрде дамып, фестивальдерде өнер көрсетеді, индустрияның қолдауына ие және музыка арқылы әсер ету мүмкіндігіне сенім мен қарсылық рухын сақтайды.

Kezeń

Атыраудан шыққан q-rock тобы. Бастапқыда достық қызығушылықтан туындаған бұл жоба жеке сезімдер мен тәжірибелерді әлем мен уақыт туралы ойларға айналдыратын саналы музыкалық бастамаға айналды. Бүгінде топ белсенді түрде дамып, фестивальдерде өнер көрсетеді, индустрияның қолдауына ие және музыка арқылы әсер ету мүмкіндігіне сенім мен қарсылық рухын сақтайды.

Iceone

2023 жылы басталған тәуелсіз рэп жобасы, ол жастармен шынайы диалог орнату және өзін еркін жеткізу құралы ретінде дүниеге келді. Қазіргі таңда автор алғашқы альбомын тікелей эфирде жазу арқылы қазақ тіліндегі рэп мәдениетін дамытуға бағытталуда.

Shashoo

Марка Темкин мен Александр Трифонов жобасы — бұл қазақ тілін, фольклорлық мотивтерді және 60–70-жылдар эстетикасын заманауи үнмен үйлестіретін музыкалық эксперимент. Олардың мақсаттары — трендтертен тыс тәуелсіз, шынайы музыканы жасау, ондағы мән пен жан дауысты бағалайтын тыңдармандарға жеткізу.


«Dance Impact»

Bogdan The Flava

Биші және хореограф, соңғы екі жылда қазіргі заманғы street dance саласында ғана емес, халықаралық алаңдарда Қазақстанның туын танытып жүрген өнерпаз.

HHBBQ (Hip Hop Barbeque)

Би сайысы.

Just a Battle

Жыл сайын өтетін халықаралық би фестивалі. Онда әлемнің үздік бишілерінен мастер-класстар өткізіліп, әртүрлі стильдер мен деңгейлер бойынша жарыстар ұйымдастырылады.

Nomad Ballet Project

Дания Корольдiқ театрының ең үздік 10 бишісі қатысатын гала-концерт және жас бишілерге арналған білім беру бағдарламасы.

Даурен Айжариков

Биші, хореограф, ивенттердің ұйымдастырушысы, street style оқытушысы.


«Smart Influence»

Sunflower Lab (@sad_cat69)

Қазақстанда ғылымды қарапайым әрі ирониялық тілде насихаттап, оны жастар мен аға буынға жақындатады. Оның шынайы және «мінсіз емес» контенті адамдарды ғылымға жаңа қырынан қарауға және оған қызығуға шабыттандырады.

QANGYBAS

Kettik Group-тың қазақ тіліндегі лайфстайл жобасы. Жоба қалалық орындар мен оқиғалар туралы қарапайым, түсінікті қазақ тілінде және әзілге толы әрі шынайы түрде әңгімелейді. Жобаның мақсаты — қазақ тілін жастарға да, еркін сөйлейтіндерге де, енді үйреніп жүргендерге де жақын әрі түсінікті қылу.

The Hedonists Flat

The Hedonists Flat — Астанадағы баламалы қалалық қауымдастық. Ол 2019 жылдан бастап pop-up шаралар, кештер және кешкі астар ұйымдастырып, гастрономияны, эстетиканы және жаңа таныстықтарды біріктіріп келеді. Жоба жайлы әрі қауіпсіз демалыс форматын ұсынып, әйелдердің қауіпсіздігі мен құрмет атмосферасына айрықша назар аударады.

English Comedy KZ

Stand-up in English Kazakhstan жобасы ағылшын тіліндегі стендаппен тәжірибе ретінде басталып, тез арада Астана, Қарағанды және Алматыда өтетін бірқатар шараларға айналды. Ол ағылшын тілі табиғи орта болған көрермендерді жинап, бұл форматтың Қазақстанда да сұранысқа ие екенін көрсетеді.

ORDA STUDIO

Жастардың күнделікті мәдениетінде қазақ тіліне қайтадан табиғи, тірі үн беруді мақсат еткен қазақтілді дубляж және дыбыстау студиясы. Бір жылдың ішінде команда 86-дан астам дораманы қазақша сөйлетті, мыңдаған жазылушы жинады және алдағы уақытта мобильді қосымша, клубтар мен 100-ден аса жаңа жобаны дамытуды жоспарлауда.

QZQ HUB

Бұл медиа-платформа — бизнес, технология және трендтер туралы. Жоба TikTok пен басқа да әлеуметтік желілердегі қысқа видеолар арқылы ақпаратты қарапайым әрі қызықты түрде жеткізеді. Ол кәсіпкерліктің «жабықтық», «тұйықтық» деген стереотипін бұзып, көрермендерді әрекетке шабыттандырады және Қазақстаннан шыққан нақты жетістікке жету оқиғаларын көрсетеді.

«Культурная удАлёнка»

Бұл тәуелсіз медиа-жоба. Қазақстандағы театр, әдебиет, музыка және арт-оқиғалар туралы. Ол шығармашылық иелері мен көрермендерге ортақ алаң болу мақсатында құрылған. Telegram мен Instagram-дағы арналар мәдени қауымдастықты біріктіріп, оқиғалар жайлы баяндайды, сонымен қатар креативті жобаларды қолдайды. Осылайша жоба өнерге қызығатын адамдар үшін тартылыс нүктесіне айналып отыр.

Sabina Nalani

Қазақстандағы алғашқы әдеби YouTube-арна мен блог – оқуды насихаттауға арналған жоба. Жоба снобизмсіз және санға ұмтылмай, оқырманға жақын форматта жүзеге асырылады. Жоба 2024 жылдың маусымынан бері дамып келеді, кітап компанияларымен әріптестік арқылы кеңейіп, қазірдің өзінде «Меломан» желісімен ынтымақтастық орнатқан.

Siqyrly Syr

Қазақстанның мәдени мұрасын жеке тәжірибе, оқиғалар мен зерттеулер арқылы қарастыратын, дәстүрлердің бүгін де өмір сүріп, шабыт сыйлайтынын көрсететін подкаст. Жоба жас тыңдармандар мен диаспораларды біріктіріп, мәдениет жайлы әңгімеге қолжетімді әрі сенімді формат ұсынады.

Jolym

Қазақстан мектептерінде жүйелі кәсіби бағдардың жоқтығын шешуге бағытталған стартап. Жоба тесттер, AI-рекомендациялар және жекелендірілген даму road map-тері арқылы оқушылар мен студенттерге мамандықты саналы таңдауға және өз жолын құруға көмектеседі. Осылайша кәсіби бағдар баршаға қолжетімді бола түседі.

Родители без границ / Шексіз ата-ана

Қазақстандағы ата-ана болу шындығы туралы деректі фильм. Ол жеке оқиғалар мен мәдени контексті біріктіре отырып, отбасы жолындағы қуаныштар, қиындықтарды және өзгерістерді көрсетеді. Жобаның мақсаты — аналық пен әкелікке қатысты табулар мен иллюзияларды бұзу, ата-аналарды қолдау және балалардың құқықтары, дәстүрлер мен болашағы туралы қоғамдық әңгіме бастау.


«Білім»

«Әл-Жәбрдің атасы»

Жоба жоғары сынып оқушылары арасында ғылым мен білімді насихаттауды мақсат етеді және қазақ тіліндегі журнал түрінде жүзеге асады. Басылым жаңа мамандықтармен таныстырып, биология әлемі мен элементтердің тарихын баяндап, математика есептерін ұсынып, ғылымды қызықты әрі қолжетімді етеді.

Talpyn Teen

Бұл кәсіби бағдар беру бағдарламаларының жүйесі. Мұнда жасөспірімдер әртүрлі рөлдерді тәжірибе арқылы байқап көреді, ал ұстаздар осы тәжірибені мектепте жеткізуді үйренеді. Жоба мамандықты жеке құндылықтар мен қабілеттермен ұштастыруға көмектесіп, болашақ таңдауын саналы қадамға айналдырады.

ROQED AI

Бұл жасанды интеллект көмегімен мұғалімдердің күнделікті жұмыстарын автоматтандыратын қазақстандық платформа : бір рет басқаннан-ақ сабақтар, тесттер, презентациялар мен есептер жасайды. Жоба оқытуды жекелендіріп, шабыттандырады және басты нәрсеге — оқушыларға көңіл бөлуге уақыт босатады.

Exponential IT Hub

Бұл менторлық бағдарламасы бар онлайн-платформа. Ол Орталық Азиядағы IT-мамандар мен студенттерге қазақстандық және халықаралық технологиялық компанияларға жұмысқа орналасуға дайындалуға көмектеседі. Жоба Big Tech сарапшыларынан жеке тәлімгерлік пен «офферден кейін төлеу» моделінің арқасында кедергілерді жойып, мансап мүмкіндіктерін қолжетімді әрі әділ етеді.


«Әлеуметтік жобалар»

Семей қаласындағы көзі нашар және көрмейтін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана

Семейде Қазақстандағы алғашқы көзі нашар және көрмейтін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана салынды. Ол инклюзивті қоғамдық кеңістік ретінде қызмет етіп, кең аудиторияға ашық. Жобада инновациялық сәулет және экологиялық шешімдер қолданылған.

Qamqorlyq

Qamqorlyq Қоғамдық қоры мен Appazov агенттігі бірлесе құрастырған аутистік спектрдегі ақауы бар балаларға арналған тегін орталықтар желісі. 2023 жылдан бастап Қазақстанның әртүрлі қалаларында (Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Шымкент) 7 орталық ашылып, шамамен 960 бала қазіргі заманғы әдістемелер бойынша қолдау алуда.

Qunar+

Қазақстандағы көпбалалы отбасылар тірі мал алып, мамандардың көмегімен мал шаруашылығын жүргізуді үйренетін алғашқы әлеуметтік реалити-шоу. Жоба әлеуметтік қолдауды, білім беруді және көңіл көтеру форматтарын біріктіріп, 30 миллионнан астам аудиторияға жетіп, жастарды агросекторға оралуға ынталандырды.

Technovation Girls Kazakhstan

KINERGY қорының білім беру бағдарламасы, соңғы екі жылда елдің барлық аймақтарынан 4 600-ден астам қыздарды технологиялар мен STEM саласына тартты. 8–18 жас аралығындағы қатысушылар тәлімгерлердің жетекшілігімен әлеуметтік мәселелерге арналған қосымшалар мен AI-шешімдер жасайды. Қазақстандық командалар әлемдік саммитте АҚШ-та жеңімпаз атанып, Азияның өңірлік көшбасшылары болды.

OYLA Junior 8+

Қазақстандағы алғашқы 6–10 жас аралығындағы балаларға арналған ғылыми-танымдық журнал, ол белгілі OYLA 12+ басылымының «кіші сатысы» ретінде жасалған. Журнал балаларға жарқын иллюстрациялар, жанды мәтіндер мен интерактивті тапсырмалар арқылы сыни тұрғыдан ойлауды үйретіп, ғылымды жақсы көруді қалыптастырады және гаджетсіз оқу мәдениетін дамытады.


«Театр»

«Сәйгүлік»

Табылды Досымовтың өмірі мен шығармашылығына арналған музыкалық драма, онда рок пен ұлттық өнер тоғысады. Қойылым ақынның болмысын зерттеп, заманауи сценография мен жанды музыканы ұштастыра отырып, оның әндерінің шынайы мәнін көрерменге жеткізеді.

«Естілмейтін үн»

ÓzgeEpic креативтік хабының қойылымы. Ол шынайы әйелдер оқиғаларына негізделіп, қоғам жиі үнсіз қалатын зорлық-зомбылық тақырыбына арналған. Жоба өнер арқылы мәселені түсініп, қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретін қауіпсіз шығармашылық кеңістік құрып, үнсіздікті дауысқа айналдырды.

«Зулейха»

Гузель Яхинаның романына негізделген театралдық жоба. Ол сахна тілі арқылы қатал тарихи жағдайлардағы төзімділік, ішкі еркіндік және ата-баба жады туралы баяндайды. Қойылым ұлттық контекстті сақтап, әйел мен отбасының рөлі жайлы диалог ашуды және тарихты қазіргі жастарға түсінікті әрі жақын етуді мақсат етеді.

«Право на защиту / Қорғану құқығы / Right for Protection»

Салтанат Нүкенованың ісіне негізделген көркем жоба. Ол құрғақ сот тұжырымдарын жанды өнер тіліне айналдырып, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударады. Видеоперформанс жасырынған жан жарасына үн беріп, қоғамда талқылау тудырды және зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдауға қарсы қозғалыстың бір бөлігіне айналды.

Автор статьи

Аксулу Элубаева