Қазақша Поттер феномені: қазақ оқырманға арналған әлемдік әдебиет

Steppe Awards 2025 премиясының қарсаңында Steppe редакциясы соңғы жылдардағы ең маңызды мәдени кейстердің біріне — «Хәрри Поттер» кітаптарын қазақ тіліне аудару тарихына қайта үңілуді ұйғарды.
2019 жылы «Хәрри Поттер және Пәлсапа тасы» кітабы алғаш рет қазақ тіліне аударылып шықты. Бұл аударма Steppe & World Publishing баспасының бастамасымен жүзеге асты. Кейінгі бес жыл ішінде жоба толыққанды серияға айналды — бүгінде оқырманға барлық жеті том қазақ тілінде қолжетімді.

Жобаның бастамасында тұрған баспагер Раиса Қадыр бұл жұмысты тек нарық үшін емес, мәдени және тілдік қажеттілік ретінде бағалайды. Оның айтуынша, кеңестік кезеңде де қазақша аударма болғанымен, ол көбіне үшінші тіл арқылы — мысалы, испаншадан орысшаға, кейін қазақшаға аударылып келді. Мұндай тәсілдерде тілдің тұтастығы мен стилистикалық ерекшеліктер жиі жойылатын. Сондықтан да Хәрри Поттердің түпнұсқадан тікелей аударылуы — контенттің сапасын сақтап қалуға, сонымен қатар қазақ тіліне деген сенімді арттыруға мүмкіндік берді.
Аударма процесінің өзінде үлкен қиындықтар болмаған. Себебі жиналған топ — аудармашылар, редакторлар — бәрі Поттер әлемін жақсы білетін, фандом өкілдері болды. Жұмыс барысында олар тек техникалық емес, концептуалды шешімдерге де келген. Мысалы, басты кейіпкер есімінің «Гарри» емес, «Хәрри» деп берілуі — аударманың тек фонетикалық сәйкестігін емес, тілдің ішкі табиғатын да ескеру қажеттігін көрсетті.

Бұл жоба басталған сәтте, оқырман тарапынан да, медиа тарапынан да белгілі бір сенімсіздік байқалды. «Қазақша кітап оқи ма?» деген сұрақтар жиі қойылды. Ал бүгін қазақша кітап оқу — күнделікті дағдыға айналды. Раиса Қадыр мұны осы жоба секілді бастамалардың тікелей нәтижесі деп бағалайды. Оның сөзінше, сапалы контент бар жерде оқырман да табылады. Ең бастысы — тілді тұтынуға жағдай жасау.
Басылым жұмыс жүйесі
Steppe & World Publishing-тің жұмыс әдісі жүйеленген: алдымен кітап таңдалады, кейін авторлық құқықтар реттеледі, одан кейін аудармашылар мен редакторлар бекітіліп, терминология, стилистика талқыланады. Әр бөлімде шешім топтық түрде қабылданады. Кейде 20 беттен аспайтын балалар өлеңдерін аудару үшін жарты жылға жуық уақыт қажет болады. Себебі ритм, ұйқас, интонация — бәрі мазмұнмен бірге жүруі тиіс.

Бес жыл ішінде бұл жобаның тілге ықпалы айқын сезіле бастады. Қазір 4–5 сынып оқушылары шетел әдебиетін қазақша оқуға дағдыланған. Фантастика, приключение, заманауи әдебиет — қазақшаға бейімделіп жатыр. Раиса Қадырдың айтуынша, бұл — нарықтың емес, ниеттің нәтижесі. Үлкен баспалар көбіне оқулық шығаруға бейімделіп кеткен жағдайда, көркем әдебиетпен айналысу үшін фокус пен мақсат айқын болу керек.
Бүгінде баспа тек Поттер сериясымен шектелмейді. Steppe & World Publishing қазіргі таңда қазақ оқырманына арналған 100-ден астам кітап пен комиксті жарыққа шығарған. Бұл — тұрақты түрде дамып келе жатқан, жүйелі әдеби каталогтың негізі.
Баспагер қазіргі уақытта бірнеше жаңа жобамен жұмыс істеп жатқанын бөлісті. Атап айтқанда, жақын арада Харуки Муракамидің екінші кітабы, Джонатан Хайдтың «The Anxious Generation» атты заманауи зерттеу еңбегі және Мария Фаверудің «The Horde» атты тарихи-сараптамалық кітабы қазақша жарық көреді. Бұл кітаптардың кейбірі әлі орыс тіліне аударылмаған, сондықтан қазақ тілі — бұл мәтіндерді алғашқы рет оқуға мүмкіндік беретін бірден-бір нұсқа болмақ.
Яғни оқырман қазақ тілін таңдау арқылы жаңа контентке еркін әрі тікелей қол жеткізе алады. Бұл — тілді тек мәдениет құралы ретінде емес, заманауи ақпарат пен идеялар ағымына қосылатын орта ретінде дамыту қадамы.

Раиса Қадыр өз сөзінде былай дейді:
«Талантты жазушылар көп, бірақ балалар әдебиетін қазақ тілінде жазатын авторлар әлі де жетіспейді. Оның айтуынша, қазақша ойлап, қазақша жазатын авторлардан, қазақша ойлайтын балаларға арналған әдебиет көбейсе — тілдің өз ішінде қалыптасқан оқырман мәдениеті де тұрақтанады» .
Steppe & World Publishing қолға алған жобалар бір ғана серияны аударумен шектелмейді. Бұл жұмыс — қазақ тіліне халықаралық деңгейде лайықты орын берудің тәжірибесі. Аударманың өзі — тілдің тірі механизм екендігін, оның тек дәстүрлі емес, заманауи контентке де бейімделе алатынын көрсетеді.
Steppe Awards аясында мұндай кейстер — шығармашылық индустрияда өзін сынап көргісі келетін жастарға маңызды бағдар. Қазақша сапалы жазуға, бейімдеуге, аударуға болатынын дәлелдейтін мысал бар. Қалғаны — келесі буын авторлардың қолында.
Оқи отырыңыз: Неге дәл қазір кітап оқу керек? Раиса Қадырдан темірдей 13 аргумент
Подпишитесь на рассылку
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном
(без спама, обещаем 😉)