ŞAM Қазақстанда алғаш рет театр қойылымына негізделген фильм түсірді
«ŞAM» театры Almaty Theatre сахнасында төртінші маусымын «№37» спектаклімен бастады. Соңғы үш жылда бұл қойылым қазақстандық театр кеңістігінде айрықша құбылысқа айналды: 13 қалада 100 мыңнан астам көрермен, сонымен қатар «Steppe Awards-2023» марапатында «Жылдың үздік театр жобасы» атағын иеленді. Енді «№37» киноэкранға жол тартпақ.
Фильмнің премьерасы 2025 жылдың 20 қарашасына жоспарланған. Бұл — Қазақстанда алғаш рет театр қойылымы негізінде түсірілген көркем фильм болмақ. Режиссерлік тізгінді актер әрі продюсер Жандос Айбасов ұстады. Картинада театр нұсқасының актерлік құрамы толық сақталып, қойылымның көркемдік жетекшісі әрі режиссері Фархат Молдағали сценарий мен сахналық шешімдерге атсалысты.
Жобаның ерекшеліктері де назар аударуға тұрарлық:
фильм таза қазақ тілінде; қолданылған жалғыз өзге тілдегі сөз — «Точка»;
жаппай сахналарға мыңға жуық кәсіби актер қатысты;
қазақ тілінің тазалығына және дыбыстық шешімдерге баса көңіл бөлінген, соның ішінде фильмнің музыкалық ассоциациясына айналар аспап ұзақ уақыт бойы таңдалды.
Жандос Айбасов бұл таңдаудың себебін былай түсіндіреді: «№37 — көрерменге етене таныс әрі сүйікті жоба, сондықтан жауапкершілік те жоғары. Театрда залдың энергиясымен жұмыс істейді, ал кинода басқа тіл қажет — драматургия мен психологиялық тереңдікті сақтап, оны экран арқылы жеткізу. Композитор Шырын Базаркуловамен бірігіп, картинаның дұрыс үнін ұзақ іздедік. Режиссер ретінде көрермен спектакль мен фильмді салыстырумен шектелмей, таныс оқиғаны жаңа қырынан көруі маңызды».
Сонымен қатар, «ŞAM» театры Қазақстанның 16 қаласын қамтитын ауқымды гастрольдік турды жариялады. Бұл тур — «№37» қойылымының соңғы сапары. Ал жаңа маусымда көрермендер «117 пәтер» және «Анна Франктың күнделігі» спектакльдерінің премьерасын тамашалай алады.