Орталық Азияда жаңа шырақ жанды: Қарақалпақстанның жаңа өнер дауысы
STEPPE авторы Сандуғаш Бейсенбекова куратор және мәдениеттанушы Ділдә Рамазанмен сұхбаттасып, Қарақалпақстанның заманауи өнері қалайша экологиялық апат пен посткеңестік клишелерден тыс, дербес әрі әмбебап тіл таба бастағанын талдады.
Орталық Азияның қайта оянуы
Көп жылдар бойы Орталық Азияның заманауи өнері бай, бірақ сирек танылған, күрделі, бірақ өз шекарасынан тыс жерде аз талқыланған кеңістік болып қалыптасқаны құпия емес. Бүгінде бұл жағдай өзгере бастады. Орталық Азия аймағына геосаяси тұрғыдан маңызды кеңістік ретінде әлемнің назары аударылған сәтте, бұл мекен мәдени дербестігін де қайта жаңғыртуда. Алматыда қайта өңдеуден кейін ашылған «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен су жаңа Almaty Museum of Arts — Орталық Азия өнеріндегі өзіндік болмыс және оның жаһандық контекстегі орны туралы маңызды диалогқа жол ашуда.
Осы жаңғыру кезеңінің басты кейіпкерінің бірі — куратор және мәдениеттанушы Ділдә Рамазан. Куратормен өткізілген сұхбат тек көрме туралы ғана емес, сонымен қатар өзімізге және өз болмысымызға, басқалардың немесе шетел эксперттерінің пікірі арқылы емес, өз танымымыз бен көзқарасымыз арқылы көз жүгіртуге арналған сұхбат болды.
Осы жазда Ташкент қаласында Қарағандының тумасы Ділдә Рамазан алғаш рет қарақалпақ суретшілерінің көрмесін куратор ретінде ұйымдастырды. Көрме Өзбекстандық Regeneration Art Gallery қолдауымен өтті. Көрменің кураторы — Ділдә Рамазан, заманауи өнер зерттеушісі және DAVRA ұжымының мүшесі. DAVRA — Саодат Исмаилова негізін қалаған зерттеу тобы. Оның миссиясы — тәжірибе мен білім алмасудың өңіраралық желісін құрып, Орталық Азияның өнер кеңістігін байланыстыру һәм дамыту.

Төрт дауыс, бір экожүйе
Бұл көрмеде Қарақалпақстанның төрт суретшісінің еңбектері ілінген: Темір Шардеметов, Саламат Бабажанов, Наурыз Айтмуратов және Бахтияр Серекеев.
Төрт суретші өз жұмыстарын Өзбекстан өнер академиясының Орталық көрме залында ұсынды. 2025 жылдың қыркүйек және қазан айларында өткен бұл көрме соңғы бір жыл ішінде жасалған 120-дан астам жұмысты бір арнаға тоғыстырды.
Жобаның атауы суретшілердің шығармашылығындағы басты ойды ашып көрсетеді: тіршіліктің барлық түрін иерархиясыз, өзара тәуелді және тең дәрежелі қатынаста көрсету. Адам, жануар, өсімдік — бәрі біртұтас жүйенің көп дауысты бөліктері, кейде рөлдері де ауысып кететін тамырлары араласып кеткен әлем.
Экологиялық күйзеліс аймағынан шыққан суретшілер дағдарыс пен құлдырауды суреттеуден гөрі, өмірдің өзіне тән шыдамдылығын көрсетуге тырысады. Суретшілер сондай-ақ табиғаттың регенеративті қуатын бейнелеуді жөн көреді.
Бұл көрмені халық «Төрттіктің көрмесі» деп атап кеткен. Ділдә ханымның басқа кураторлардан ерекшелігі — көрме арқылы қарақалпақ бейнелеу өнерін шөл, Савитцкий музейі немесе экологиялық апат сияқты сарқылған визуалды клишелерден арылтып, жаңа, өзіндік баяндау кеңістігін ашуға тырысқан. Бұл көрме Қарақалпақстандық суретшілердің туындыларын біріктіріп, жергілікті және жаһандық құндылықтарды, тарихи жады мен заманауи үрдісті қатар бейнелейді.
«Қазір әлем бізге — жалпы Орталық Азия аумағына назар аударып ерекше көңіл бөліп жатыр», — дейді Ділдә ханым. «Батыс алғаш рет бізге тек қызығушылықпен ғана емес, мойындау тұрғысынан назар аударып жатыр. Қазіргі таңда өңірде жаңа мәдени институциялар ашылып, жаңа кеңістіктер пайда болып жатыр. Ең маңыздысы — біз енді заманауи өнер туралы бұрынғыдай тек шетелде ғана емес, өз елімізде ашық сөйлесіп отырмыз».
Тіршіліктің қарсылығы
Бұл көрменің ерекшілігі — Ділдә ханым Қарақалпақстанды кеңес дәуірінің мұрасы мен Савицкий мұражайының көлеңкесінен шығарып, тірі, дербес, көркем орта ретінде көрсетуге тырысты. Бұл көрмеде куратор жұмыстарды география мен тарихи жарақат шеңберінен шығарып, жаңа визуалды тілді сөйлетеді.
«Қарақалпақ суретшілерінің дарынын тек Савицкиймен байланыстыру жөнсіз болар еді», — дейді Ділдә ханым. «Әрине, институтциялардың үлесі бар, бірақ бұл көрменің ең басты тақырыбы ол — суретшілердің өз дербес еркі, өз әлемі». Ділдә ханымның айтуы бойынша суретшілер өз жолын өздерінің дербес тәжірибесі мен көзқарасы арқылы тапқан».
Көрмедегі туындылар өмірге толы, абстрактылы әрі органикалық энергиямен бейнеленген. Туындыларда адам, жануар және өсімдік бейнелері бір кеңістікте өмір сүреді. Ұзақ уақыт бойы экологиялық апат аймағы ретінде қабылданған өңір үшін мұндай тіршілік қуаты — тілсіз қарсылықтың көрінісі. «Көрермендер бұл көрмеден мұң күтуі мүмкін, ал суретшілер жай қарапайым өмірді көрсетеді», — дейді куратор.
Ділдә ханым бұл көрмеде өзін бақылаушы немесе төреші ретінде емес, тыңдаушы ретінде ұсынады. Қазақстан мен Қарақалпақстан арасындағы қатынастарға «ағалы-інілі» нарративтен әдейі бас тартып, этикалық сезімталдықты танытады. Бұл көрме — жергілікті болмысты экзотикаға айналдырмай, оны өмірлік тәжірибе, достық және төзімділік арқылы қайта иеленудің тәсілі ретінде көрсетеді.
Қысқаша айтқанда, бұл — сағыныштан бас тартқан идентификация, ұлтшылдықсыз ұлттық болмыс және «шетте қалған географиядан» тамыр алған эстетикалық көзқарас туралы хикая. Ділдә ханым «Ұлы дала» стереотиптерінен — киіз үй, құм, Савицкий музейінің романтикасынан — саналы түрде бас тартып, жарақатты дәріптемей-ақ, шынайылықты дәріптейтін заманауи баяндама жасауға болатынын көрсетеді.
Иерархиясыз әлем немесе Slow curating: ішінен көру
Көрменің басты тақырыптарының бірі — «Қара» сөзі мен метафорасы. «Қара» — бастауды, ауырсынуды, жер мен бірегейлікті біріктіретін күрделі әрі көп қатпарлы ұғым. Көрменің ерекше қыры — төрт суретшінің өзара органикалық байланысын танытуында, яғни достық шығармашылық экожүйе ретінде көрініс табады.
Ділдә ханым бұл жобаны бастағанда суретшілердің ортасында өмір сүріп, контекстті ішінен іздеді. Бұл тәсіл посткеңестік кураторлық тәжірибеде сирек кездесетін терең этнографиялық жақындық тудырады және slow curating принципін ұстанатынын көрсетеді. Ділдә Рамазан алғаш рет Шардаметовтың жұмыстарын бірнеше жыл бұрын Алматылық көрмеде көреді. Кейін Instagram арқылы олардың жұмыстарын қарап, парақшасына жазылып, араласа бастады. Серіктестік онлайн түрде дамып, 2024 жылы Ділдә Миландағы көрмеге Шардаметовтың жұмыстарын апарады. Сол себепті 2025 жылдың ақпанында Regeneration Art Gallery ұйымынан сұраныс түскенде, ол қуана-қуана үлкен көрме ұйымдастыруға кірісті.
Ділдә ханымның кураторлық тәсілі жаһандық өнер кеңістігінде байқалып жатқан полифониялық модернизм үрдісіне сай келеді. Бұл үрдіс бойынша өнердің бірнеше орталығы Еуроамерикалық каноннан тыс қалыптасуда.
Көрменің екінші қыры — оның адами өлшемі. Ділдә ханым көрмеде достық, ұрпақ сабақтастығы және төзімділік тақырыптарын ашып, осылайша оған эмоционалды тереңдік береді. Көрме суретшілердің достығы, мұраны сақтап келе жатқан отбасылары, туған жерге адалдығы және ұжымдық өнер туралы ой қозғайды. Ділдә ханым суретшілердің шығармашылықта бір-біріне әсер ететін және шабыт беретін жақын достар екенін атап өтіп, болашақта олардың әрқайсысы өз бағытын табады деп сенеді. Сондықтан бұл көрме — суретшілердің шығармашылық жолындағы маңызды белес. Ділдә ханым сол белесті тарих ретінде тіркеп қалу маңызды деп санайды.
Құрылымсыз еркіндік
Көрменің тақырыптық бөлімдерінің болмауын кейбіреулер сынға алуы мүмкін. Алайда дәл осы тәсіл көрменінің басты ерекшелігі. Себебі көрме құрылымы арқылы көрерменді авторға теңестіреді. Өз басым, көрмеде бір сағаттан астам уақыт өткізіп, әр суретшінің логикасын, идеяларын түсінуге тырыстым.
Бұл көрме қазіргі аласапыран әлемде өз болмысымызды іздеу туралы ой ағынын көрсеткен куратордың батыл жұмысы. Ділдә ханымның ерекшелігі — ол суретшілер туындыларын өздігінен «сөйлеуге» мүмкіндік беріп, түсіндіруден саналы түрде бас тартады. Ділдә ханым бұл көрмеде көбіне биографиялық баяндауға сүйенеді: суретшілердің ата-анасы, балалық шағы, өзіндік қалыптасу жолы туралы әңгімелер туындылардың материалдық, формальды немесе өнертанулық қырларын көрсетеді.
Дегенмен, көрменің басты құндылығы — Орталық Азия өнерін жаңа ракурста көрсетуінде жатыр. «Қара» немесе «төрттік көрме» посткеңестік кеңістіктегі мәдени көзқарастың отарсыздануына символдық қадам бола алады. Бұл жоба қарақалпақ өнерін қазақ және өзбек заманауи ағымдарымен қатар дербес дауыс ретінде қайта анықтайды. Ділдә ханым жаңа өңірлік мектептің қалыптасып келе жатқанын да атап өтеді. Ол экспрессивті, абстрактылы және ұжымдық бағыттағы жаңа буынды көрсетеді.
Көрменің жаһандық мәні де бар. Оның философиялық және этикалық үні туған жерді қиындықтарға қарамастан сүйіп, онда қалу туралы. Бұл заманауи көші-қон мен экологиялық дағдарыс дәуірінде ерекше өзекті. Сонымен қатар бұл аймақаралық мәдени ынтымақтастыққа жаңа көпірлер салуға мүмкіндік береді. Ташкент, Алматы және Милан арасында еркін қозғалатын кураторлар үшін бұл жаңа мәдени инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді

Қалу — қарсыласу
Мені ерекше тәнті еткен жайт — Ділдә ханымның саяси сезімтал тақырыптарды өте нәзік әрі батыл түрде диалог арқылы қозғай алғаны. 2022 жылы Нүкісте болған оқиғалардан кейін қарақалпақ болмысы мен өнердегі «автономиясы» туралы айту үлкен тәуекел болғанымен, куратор цензура мен дипломатиялық шектеулерді шебер айналып өтті.
«Қарақалпақстанда Қазақстанға, қазақ мәдениетіне деген үлкен қызығушылық бар. Ол жаққа барсаң, қазақша поп-музыка ойнап тұрады, яғни біздің орындаушыларды халық сүйіп тыңдайды. Дегенмен де маған бұл көрмеде ең маңыздысы “аға бауыр – кіші бауыр” деген динамикадан бас тарту болды. Сол себепті суретшілердің сөзі, олардың дауысы бірінші орында болуы тиіс», — дейді Ділдә ханым.
Куратордың айтуынша, «қалу — бұл қарсыласу формасы. Өз әлеміңді мифке айналдырмай суреттеу — сүйіспеншілік актісі». Оның айтуынша, көрме — құрбандықсыз шынайылық, идеологиясыз ұжымдық рух және шектеуден туындаған эстетикалық күш туралы. Осы тұрғыда оның ойы заманауи, этикалық және терең адами болмыс туралы. Өнер топыраққа қарсы емес, дәл сол топырақтың арқасында өседі. Ділдә ханымның ойынша суретшілердің айтары көп. «Қарақалпақстан — олардың жері. Cуретшілер тек сол жермен өзін байланыстырады. Суретшілер көпбалалы отбасыларынан шыққандықтан, болашақтары да Қарақалпақстанмен байланысты. Балалары өсіп келеді, Нүкісте тұрады. Олардың ешқайсысы елден сыртқа кетіп жатқан жоқ» — дейді Ділдә ханым.
Ділдә ханымның айтуынша, суретшілердің жұмыстарының құдыреті — олардың әмбебап тілінде. Сол себепті көрменің келесі қадамы — халықаралық арена. Қарақалпақстан суретшілері биыл, қазан айында Париждегі Asia Now жәрмеңкесінде Regeneration Art Gallery павильонында өз туындыларын ұсынды.
«Егер біз олардың шыққан жерін жазбасақ, көпшілік олардың Қарақалпақстаннан екенін білмес еді. Бұл — суретшілер тілінің әмбебаптығын дәлелдейді», — дейді Ділдә Рамазан.
Куратор үшін бұл көрме — мәдени диалог жобасы. «Менің арманым — осы әңгімені Қазақстанда жалғастыру. Біз ортақ жараларымыз, ұқсастықтарымыз және армандарымыз туралы ашық сөйлесуіміз керек. Бұл диалог бізді біріктіреді».
Егер алғашқы көрме «Біз бармыз» деген мәлімдеме болса, келесі көрме өткенге үңілуге бағытталады, дейді Ділдә ханым. Ол кісінің айтуы бойынша: «Тарихтан қашу мүмкін емес. Бірақ біз өткеннен қорықпауымыз керек. Өткен күн бізге қызмет етпесе, одан бас тартуға батыл болуымыз қажет».
«Бұл өнер үмітсіздіктен туған жоқ», — дейді Ділдә ханым. «Бұл — өмірдің өзінен туған өнер. Өйткені өмір, қандай қиын болса да, әрдайым жаңарып тұрады».
Дегенмен көрменің бір қаупі — нарықтық экзотизация. Батыс немесе өңірлік галереялар «посткеңестік периферия өнері» деген атаумен ол суретшілерді романтизациялап көрсетуі мүмкін. Аймақтың мәдени экожүйесі әлі де нәзік, және құрылымдық қолдау болмаған жағдайда мұндай бастамалардың тұрақтылығы қатерге ұшырайды. «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Almaty Museum of Arts мұражайы сияқты институтциялар бар болғанымен, жергілікті суретшілерге сұраныс әлі де төмен, және нарық енді қалыптасып келеді.