Трансплантологияға алғашқы қадам

Мен Түркістан облысы Төле би ауданында туып,  жоғары білімді Шымкент қаласындағы медициналық академияда алдым. Еңбек жолымды академияда дәріс беруден бастап, кейінірек Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істедім.  Н.В.Склифосовский атындағы Мәскеу қалалық ғылыми-зерттеу институтында білімімді жетілдіріп, Оңтүстік Кореяда халықаралық тағылымдамадан өттім. 

Мәскеуде оқып жүргенімде алғаш рет бауыр трансплантациясы отасына қатысып көрдім. Күрделі отадан ерекше әсер алып, «Қазақстанда отандық трансплантологияны дамытсам» деген құлшыныс оянды. 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 ауруханада алғаш рет бүйрек, 2013 жылы бауыр трансплантациясын жасадық. Бізге ота жасау техникасын Мәскеуден, Оңтүстік Кореядан келген мамандар үйретті. 2015 жылы шетелдік профессорлардың қатысуынсыз өткен алғашқы отада аздап қобалжу сезімі болды. Одан бері 50 шақты бауыр, 100-ден астам бүйрек ауыстыру отасын жасадым.  

Кәсіптің қызығы мен қиындығы

Трансплантология — хирургия саласының ең күрделі бағыты. Трансплантолог дәрігер басқа кез келген хирургиялық отаны жеңіл меңгеріп, қиындықсыз жасай алады.

Өз кәсібімді адамдарға екінші өмір сыйлау мүмкіндігі үшін жақсы көремін.

Өлім аузында жатқан науқастардың отадан кейін жаңа өмір бастап, аяққа тұрғанын көргенде кеудемді қуаныш кернейді. Қолым қанша үйренсе де, үнемі кезекті ота жасар алдын «қалай өтер екен?» деп уайымдаймын. Өйткені трансплантологтың жұмысында күтпеген жағдайлар өте көп кездеседі. Бірде аурухана бөлімшелерін аралап жүріп, бауыр циррозына шалдыққан 22 жастағы науқасты кезіктірдім. Өрімдей жас қыздың диагнозын білгенде, бірден «бауыр трансплантациясын жасайық» деген ұсыныс айттым. Жақындарын шақырып, туған ағасы донор болады деген шешімге келдік.

Ота үстінде науқастың жүрегі екі рет тоқтап қалды. Қан кеткен жоқ, ағзада ешқандай асқыну тіркелмеді. Соған қарамастан, екі рет науқастың өмірі қыл үстінде тұрды.

Қуанышқа орай, ота сәтті аяқталып, бір жастың өмірін сақтап қалдық. Әлгі науқастың әжесі әлі күнге мереке сайын келіп, ақ батасын жаудырып, алғыс білдіріп тұрады. Елдің алғысына бөлейтін кәсібімде жаным сүймейтін кездер де болады. Мәселен, науқасқа ауыр диагнозын айтқанда, жақындарына суық хабар жеткізгенде жүйке тамырым шымырлап қоя береді. Одан бөлек, жұмыс орнында ғылыммен айналысып, зерттеу жүргізудің орнына қажетсіз есеп пен артық қағаз толтырып отыратыным ұнамайды. Қазақстандағы үшінші ірі қала саналатын Шымкентте медициналық ғылыми орталық ашылса деп армандаймын. Жергілікті дәрігерлер ғылыми зерттеулерге ден қойып, білімін жетілдіруге, шетелдік ұйымдармен әріптестік орнатуға мүмкіндік алса, олардың кәсібіне деген құлшынысы еселене түсер еді.

Көлеңкелі бизнес қалай дамиды?

Қазақстанда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, бізде донордың екі түрі бар: туыстық және эмоционалды донор. Туыстық байланысы жоқ адамдардың науқасқа ерікті түрде өз ағзасын беруін «эмоционалды донор» дейміз. Бұл донор тапшылығын жоюға ықпал ететін жақсы шешім болғанымен, мұндайда көбіне ағзасын ақшаға саудалайтындар мен реципиентке қажет донор тауып беруге маманданған делдалдардың көлеңкелі бизнесі дамиды.

Өкінішке қарай, дәрігер реципиенттің донорды қайдан тапқанын, олардың арасында қандай келісім болғанын тексере алмайды. Трансплантолог  нотариус бекіткен келісім мен этикалық комиссия қорытындысына қарап, науқас пен донорды операцияға дайындай береді. 

Сондықтан заңның өзі жол беріп отырған донор мен реципиент арасындағы  ағза саудасы туралы келісімге дәрігерді кінәлау дұрыс емес. Жақында қамауға алынған трансплантолог  Ғани Құттымұратовқа «заңсыз трансплантация жасады» деген айып тағылып отыр. Қазақстанда онсыз да саны аз трансплантологтарға осындай шаралар қолдануды жалғастыра берсе, отандық трансплантологияны кім дамытады?

Қазір Қазақстанда 2020 жылдан бастап эмоционалды донорға тыйым салатын заң жобасы қаралып жатыр. Дамыған мемлекеттердің көбінде науқастың туыстарына ғана донор болуға рұқсат береді. Ал қазір Қазақстанға келіп, трансплантологиялық ота жасататын шетелдіктерді елімізге келуге бірінші кезекте заңның жеңілдігі — донорларға қойылатын шектеулердің жоғы ынталандырып отыр. Өткен жылы Шымкент қаласында Германия, Канада, Румыния және Израильден келген 17 шетелдікке осындай ота жасадық. Олардың бәрі өз донорларымен бірге келді.

Мәйіттік трансплантацияға көзқарас

Қазақстанда эмоционалды донор болу мүмкіндігін алып тастағанда, сәйкес ағза іздеп, сабылатындардың кезегі артпаса, кемімейді деп ойлаймын. Өйткені барлық науқастың ағзасын ойланбай беретін жақыны бола бермейді. Кейде туыстық байланысы бар адамдардың ағзалары бір-біріне сәйкес келмейді. Сондықтан донор тапшылығын жойып, трансплантациялық отаға үміт артқандардың өмірін сақтап қалудың бір жолы – мәйіттік трансплантация.

Қазақстанда «келісім презумпциясы» бойынша тірі кезінде донор болудан бас тартып, қағаз қалдырмаған адам қайтыс болса, дәрігерлер оның ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алуға құқылы. Бірақ іс жүзінде бұлай жасаған дәрігердің басы дауға қалып, сот табалдырығын тоздырады. 

Бізде халық өлген адамның денесіне қол тигізбейді. Әсіресе, мұндай дәстүрлі көзқарас оңтүстік өңірде қатты байқалады. Жеке тәжірибемде мәйіттік трансплантацияны бір рет қана, 2017 жылы жасадым. Онда да өмірден өткен адамның ағзасын алуға рұқсат бергендер басқа ұлт өкілдері болды. Осы салада жүріп түсінгенім, адамдар өзі реципиент не донор болмай, мәселенің қаншалықты күрделі екенін түсінбейді.

Аурухана төсегінде сәйкес донорды күтіп жатып, өліп кететін науқастар бар...

Бізде мәйіт ағзасын алуға кері көзқарас қалыптасқанымен, бірқатар мұсылман мемлекеттерінде мәйіттік донорға рұқсат берілгенін атап өткім келеді. Мәселен, Иран мен Сауд Арабиясында осындай оталар жасалады. 

«Биыл бауыр трансплантациясына ақша бөлінген жоқ»

Қазір отандық трансплантологтар бүйрек ауыстыруға әбден маманданған. Шымкент қалалық №1 ауруханасында жылына бүйрек ауыстыру бойынша 35-40 ота  жасаймыз.

Бауыр трансплантациясы техникалық тұрғыдан әлдеқайда қиын. Бауырда тамыр көп. Донордан бауырдың жеткілікті мөлшерін кесіп алу да екінің бірінің қолынан келмейді.

Өйткені донордың ағзасы қалыпты тіршілігін жалғастыруы үшін қажет мөлшерде бауыр қалуы керек. Реципиентке салған бауырдың толық жұмыс істеп кетуі де көп қосымша ықпал жасауды қажет етеді. Осы жылы біз бауыр трансплантациясын 5 сағат 48 минутта жасадық. Отаны жылдам жасау — жарысатын дүние емес. Дегенмен бұл дәрігерлердің біліктілігін, бірлесіп нәтижелі жұмыс істей алатынын көрсетеді. Ота тез аяқталса, дәрі-дәрмек те аз кетеді, дәрігердің де шаршап, қателік жасау ықтималдылығы төмендейді, науқастың реабилитациясы да тез жүреді. Сондықтан мұны өзіміздің кіші жетістігіміз деп есептейміз.

Денсаулық сақтау министрлігінің ережесі бойынша, біздің ауруханада жылына кемі 5 бауыр, 10 бүйрек отасы жасалуы керек. Ал трансплантологиялық отаға бөлінетін қаржыны мемлекеттік сатып алу бойынша байқауға құжат тапсырып, аламыз. Мәселен, жылына 20 бүйрек, 10 бауыр ауыстыруға қаржы бөлінсе, одан артық ота жасай алмаймыз. Биыл біздің ауруханаға бауыр трансплантациясына мүлде қаржы бөлінген жоқ.

Жыл басынан бері үш отаны өз ақшамызға жасадық.

Денсаулық сақтау министрлігі мұның себебін «құжат дұрыс өткізілмеген», «бауыр трансплантациясы бір орталықта ғана жасалуы керек» деп түсіндірді. Қазір көтеріп жатқан бастамаларына сәйкес, бауыр трансплантологиясы бұдан кейін Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында ғана жасалуы керек.

Менің ойымша, отандық трансплантация үлкен бірлі-екілі орталықта ғана емес, өңірлерде де дамығаны дұрыс. Түркістан облысында 800-дей науқас бүйрек жетіспеушілігімен ауырады. 1500 адамда бауыр циррозы тіркелген. Олардың 150-не трансплантация жасау керек. Олардың бәрінің бірдей Алматыға баруға мүмкіндігі жоқ.

Кореяда 55 миллион халыққа жүзге тарта орталықта трансплантологиялық қызмет көрсетеді. Орталықтар көп болған сайын, бәсеке артып, отандық медицинаның сапасы өседі. 

Дәрігерлерге сенім аз

Менің ойымша, Қазақстанда талантты трансплантологтар көп. Бірде Нұр-Cұлтанда ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жұмыс істейтін Бауыржан Байтөре деген дәрігермен бірге Италиядан келген мамандар жасаған отаға қатысып, тәжірибе жинауға бардық. Таңертең ота жасау уақыты таяғанда, италиялық профессор «Біз әдетте мәйіттік трансплантация жасаймыз. Туыстық трансплантациядан тәжірибеміз аз» деді. Біз ота жасауға ешқандай дайындықсыз келгенбіз. Соған қарамастан, донордың бауырын кесіп, дайындап беруге келістім. Қасымдағы әріптесім ота кезінде тамырларды тікті.

Ота аяқталған соң, италиялық дәрігерлер «Біз сіздерге үйретуге келіп, қайта сіздерден көп нәрсе үйрендік» дегенде, біздің дәрігерлердің біліктілігі шетелдіктерден кем емес екеніне көз жеткіздім. 

Бірақ қазір қоғамда дәрігерлерге сенім аз. Бір науқастың миы өлгенін айтып, туыстарынан «Ағзасын беріп, бес адамның өмірін құтқарып қалыңыздар» деп сұрасақ, «Сендер ағзасын алу үшін әдейі өлтірдіңдер!»  деп шығады. Қолында қаржысы бар адамдар ем қабылдауға шетелге барады. Өйткені отандық медицинаның сапасына күмәнмен қарайды. Осындай қоғамдық көңіл-күйге дәрігерлерді түрмеге жабу, олардың қателігі туралы ақпарат құралдарына үзбей жазу әсер етеді деп ойлаймын.

Білікті мамандар неге шетелге кетеді?

Медицина саласының қызметкерлеріне қолдау күшейіп, олардың еңбегін ескеру керек деп ойлаймын. Әлемде сапалы медициналық қызметті бірінші кезекте білікті дәрігерлермен байланыстырады. Оңтүстік Кореяда шетелден маңызды тұлғалар қонаққа келгенде, оларды медициналық мекеме басшысы емес, сол жерде еңбек ететін тәжірибелі дәрігерлер күтіп алады. Онда трансплантологтардың жалақысы — $30-50 мың. 

Сеулде тағылымдамадан өтіп жүргенімде 2 мың доллар шәкітақы алатынмын. Қазір трансплантолог болғаным үшін жеке жалақы алмаймын. Тек бас дәрігер қызметі үшін ғана ақы төлейді. Оның өзінде жалақым Оңтүстік Кореядағы тәжірибеден өтіп жүрген кезде алған шәкіртақымнан әлдеқайда аз. 

Шетелге қоныс аударған, жалақысы аз деп жұмысын тастап, базарда сауда жасап жүрген дәрігерлерді білемін. Жапонияда Киото университетінде докторантурада оқитын трасплантолог танысым Қазақстанға оралғысы келмейді.

Сонша жыл уақыты мен күшін сарп еткен білімін еліміздің игілігі үшін жұмсаса, көп жаңалық әкелер еді. Бірақ мұнда келгенде жалғыз адам тұтас бір жүйені өзгерте алмайды. Бір кедергіге, кейін екіншісіне, содан соң үшіншісіне кезігіп, соңында қолын бір сілтеп, елден кетіп қалады. 

Шынымды айтсам, мүмкіндік болса, отандық медицинаның дамуына үлес қосып, туған жерімде еңбек еткім келеді. Бірақ жан-жақты қолдау болмаса, мен де басқа мемлекеттен мүмкіндік іздейтін шығармын.

Әлі жаспын. Өз кәсібімді жақсы білемін. Күнделікті тіршіліктің соңында жүріп, өмірін өткізетін маман емес,  өз саласына тың жаңалық әкеліп, еңбегі ел аузында жүретін дәрігер болғым келеді. 

Оңтүстік Кореялық профессор Қазақстанға сапары кезінде сөз сөйлеп тұрып, «Біздің дәрігерлер де сіздерден үйренетін кез келер...» деген лебіз білдірді. Неге олай дегенін сұрағанымда, бір кездері АҚШ-қа оқуға барған корей дәрігерлеріне америкалық әріптестері дәл осы сөзді айтқанын жеткізді. Расында Сеулде жүргенімде Оңтүстік Корея дәрігерлерінің жетекшілігімен тағылымдамадан өтіп жүрген  америкалықтарды көрдім. Талантты мамандардың еңбекқорлығы мен оларға кең мүмкіндіктер сыйлаған мемлекеттік қолдау механизмдері  Оңтүстік Кореяны бүгінгі биігіне жеткізіп отыр. Біздің елімізде де шетелдік мамандар қазақстандық дәрігерлерден үйренуге арнайы келетін кез туады деп үміттенемін.