Беназир Құлмырза - Шымкент қаласының тумасы, Sandyqstore секонд-хэнд дүкенінің негізін қалаушы. Бұрын киілген киімдерге «екінші өмір» сыйлап,  «сандықта сақталған» заттарды қайта қолданысқа енгізуге талпынып жүр.

Sandyqstore жобасына дейін бір жарым жыл банкте жұмыс істедім. Секонд-хэнд дүкенін ашу туралы ой бес жыл бұрын туған. Кеңсе жұмысында жүріп, жеке кәсібімді бастағым келетінін түсіндім. Қоғамдық белсенділікпен бұрыннан айналысамын. Феминистпін, еріктілер қатарында да болдым. Бір кездері жануарларды қорғаумен де айналыстым. Қазір үйде құтқарып алған алты мысығым бар. 

Бала күнімде Россман баспасынан шыққан «Земля» энциклопедиясын сүйіп оқитынмын. Энциклопедияда сол кездің өзінде экологиялық ахуалдың нашар екенін көрсететін фотолар мен иллюстрациялар көп болатын. Бұл маған қатты әсер етті. Ол кезде алты-жеті жаста едім. «Құстар пластикалық түтікшелерді жеп қоймауы үшін не істеу керек?» деп ойланатынмын. «Экологиялық жобалармен айналысамын, эколог маман боламын» деген ой болды. Бірақ мектеп бітіргенде аударма саласына  оқуға түстім. Сондықтан киілген киімнің екінші қолданысын насихаттайтын жобаны қолға алу арқылы бала күнгі арманыма қайта оралдым деуге болады. 

Секонд-хэнд

Алғаш рет секонд-хэнд дүкеніне 13 не 14 жасымда анам апарды. Оған дейін ондай дүкендерден киім алған емеспіз.  Секонд-хэнд маған бір көргеннен ұнады. Ол кезде Шымкентте сәнді, жақсы киімдер көп бола бермейтін. Ал секонд-хэнд дүкенінен өзіме ұнайтын стильде тігілген көп сапалы киім таптым. Осылай жақсы киінуге деген қызығушылық оянды. Уақыт өте келе «Неге адамдар секонд-хэнд дүкендерінен киінбейді? Онда қолжетімді бағада әдемі киімдер сатылады ғой», – деп ойлана бастадым. 

Сандықтың дәстүрлі және ғаламдық мағынасы

Әр қазақтың үйінде ескі сандық бар. Онда әдетте ұрпақтан-ұрпаққа берілетін маталар, киімдер сақталады. Ата-бабамыздың тұрмыстық заттарды ұқыпты ұстап, балаларына мұраға қалдырып отырғаны «болашағымызды ойлауды бүгіннен бастайық» деген әлемдік экологиялық тәжірибені еске салады. Сондықтан дүкенімді Sandyqstore деп атадым. Бұл «сандықтан шыққан заттар» деген мағына береді. Бұл сөз бір жағынан қазақ екенімді танытып, дәстүрге құрметімді көрсетсе, екінші жағынан адамдарға тұтыну мәдениетіне ілесіп, жаппай жаңа киім сатып алудың орнына кейде сандықты ашып, қолда бар дүниелерден  қазіргі заманға сай үйлесімді образ жасауға болатынын еске салады. 

Sandyqstore дүкенінің ерекшелігі де сол – біз селективті секонд-хэндпіз. Яғни, тұтынушы көп киімнің ішінен жарамдысын іздеп, уақыт жоғалтпайды. Олардың орнына әртүрлі секонд-хэндтерден әдемі, сапалы әрі тарихы бар киімдерді өзім іздеймін.  Дүкендегі киімдердің бағасы арзан (2000-18000 теңге аралығында).  Соған қарамастан, барлық киім әдемі әрі ұзақ киюге жарайды. Тұтынушы біздің дүкеннен сапалы киім алса, қалтасы қағылмайтынын түсінеді. 

Секонд-хэнд мәдениеті

Салыстырмалы түрде, секонд-хэнд идеясын қолдаушылар Алматы мен Астана қаласында көп кездеседі. Сондықтан Шымкентке қарағанда, аталған екі қаладан тапсырыс берушілер саны басым. Туған қаламда біртіндеп секонд-хэндтан киіну мәдениетін қалыптастырғым келеді.

Соңғы кезде секонд-хэнд тұтынушыларының қатары артып келе жатқанын байқаймын. Өйткені мұндай дүкендерден арзан бағаға сапалы әрі қайталанбайтын ерекше киімдер табуға болады. Масс-маркет киімдерінің сапасына көңілім толмайды. Салыстырып көруге әртүрлі дүкендерге барамын. Киімге қарап,  сапасының бағасына сай келмейтінін  көріп қынжыламын. Бір екі маусымға ғана жарайтын синтетикалық киімдер аз уақыттан кейін қолданыстан шығып, қоқысқа кетеді.

Оның үстіне сән қайталанып отырады. Мәселен, қазір 80-90-жылғы заттар сәнге кірді. Оның соңынан 70-жылдардың киімдері келе жатыр. Кей коллекциялардан мен тіпті, 20-жылдардың элементтерін байқадым. Экологтар «киім индустриясы  қоршаған ортаны ластау бойынша әлемде екінші орын алады», – деп дабыл қағып жүр. Бұл жағдай мені қатты алаңдатады. 

Қолымнан келгенше, қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тырысамын. Мәселен, күнделікті өмірде пластик өнімдерін аз қолданамын. Қоқысты түріне қарай бөліп, сұрыптаймын. 100 пайыз секонд-хэнд дүкендерінен киінемін. Он жылдан бері вегетариандық ас мәзірін пайдаланып келемін. 

Секонд-хэнд мәдениетінің танымалдылығын арттыруға болады. Ол үшін халыққа қауіпсіз, сапалы әрі ұзаққа жарайтын киімдерді көрсетіп, екінші деңгейлі нарықты қаржыландыру арқылы экологияға үлес қосатынын түсіндіру керек.

Қоқысқа қарсы «күрес»

Сұлтан Балғабай – Greencity Shymkent ұйымының жетекшісі. Шымкент қаласындағы білім-инновациялық лицейінің 10-сыныбында оқитын Сұлтан сабақтан бос уақытында тұрғын үйлердің қоқысын шығаруды кәсіпке айналдырған.

Менің жасым – 16-да. Бір жарым айдан бері Greencity Shymkent ұйымы арқылы өзім тұратын шағынаудандағы қоқыс мәселесін шешуге атсалысып жүрмін. Тақырыпты әріден тарқатып айтар болсақ, біздің үйіміз орналасқан «Нұрсәт» шағынауданында қоқыс көп. Себебі тұрғындар қоқысты арнаулы орынға жеткізбей жарты жолға тастап кетеді. Көшеде, балалардың ойын алаңында, аулалар мен арықтарда шашылып жатқан қоқыстың қоршаған ортаға зардабы көп екені айтпаса да түсінікті. Одан бөлек, жиналмаған аула көзге жағымсыз көрініп, көңіліңді түсіреді.

Өзім білім алатын лицейдегі бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша футболды жақсы көремін. Жаттығудан үйге қайтып келе жатқанда жолай әр жерге тасталған қоқысты көріп, қынжылатынмын. «Бұл мәселені қалай шешуге болады?» деп ойланғанда, қоқыс төгу мәдениетіне бейімделмеген адамдардың көп екенін байқадым. Кешкісін қараңғыда қоқыс жәшігіне жақын баруға қорыққан кішкентай балалар қолындағысын белгіленген орынға жеткізбей қалдырып кетеді. Бұған қоқыс тастауға мүмкіндігі жоқ қарт адамдар, жұмысбасты тұрғындар мен бұл істі жаны сүймейтін азаматтарды қосыңыз. Осы мәселелерді саралай келе, тұрғындарға қоқысты үйден алып кететін қызмет ұсыну туралы ой келді. Ойға алғанымды жүзеге асыру үшін Greencity Shymkent ұйымының негізін қалап, Шымкент қаласында өткен U:hack идеялар фестивалінде бірлесіп жоба қорғаған серіктестеріммен бірге жаңа ұйымның жұмысын бастадық.  

Әуелі «Нұрсәт» шағынауданындағы тұрғын үйлерге айына небәрі 600 теңгеге күнделікті пәтерден қоқыс алып кету қызметін ұсынатынымызды айтып, байланыс нөмерін көрсетіп, хабарландыру ілдік. Заманауи технологиялар дәуірінде қағаз жарнамалардың тиімділігі төмен екенін білемін. Бірақ тұрғындар есіктегі хабарламадан ұйымның атын ғана көріп үлгергеннің өзінде, біз туралы екінші рет жарнама немесе ұсыныс естісе, құлағына таныс болсын деп, осындай амал қолдандық. Балалармен бірге пәтерлерді аралап, қызметімізді түсіндірдік. Бәрі бірдей келісе қоймады. Бірақ кәсібін енді бастаған мектеп оқушыларына қазір ақылы қызметімізді таңдаған 50-60 пәтердің өзі жаман көрсеткіш емес. 

Жазғы демалыста серіктестеріммен бірге пәтерлерді бөліп алып, олардан қоқысты күнделікті таңертең және кешкісін алып кетіп жүрдік. Қазір оқу басталғалы тек кешкісін 19:00-21:00 аралығында ғана жұмыс істейміз. Бірақ барлық клиенттерімізге қызмет көрсетіп үлгеріп жатырмыз. Өкінішке қарай, қазір біздің шағынауданда қоқыс сұрыптау жолға қойылмаған. Нарықты зерттеп отырып, Шымкент қаласынан қоқыс өңдеумен айналысатын кәсіпорын таба алмадым. Жұмысын енді бастап жатқан «Көркем Пласт» кәсіпорнын тапқанда қуанып, олармен бірден келісімге отырдым. Алдағы уақытта пәтерлерге ай басында екі түсті қоқыс қабын беріп, біріне пластикті бөлек жинауды тапсырғымыз келеді. Қоқысты алып кеткенде, пластикті өзіміз алдын-ала аулаға орнатқан бөлек жәшікке саламыз. Осылай жиналған пластикті «Көркем пластқа» өткізіп, қайта өңдеуге жіберу ойымызда бар. Сонда біздің қызметіміз пәтерден жәшікке дейінгі қоқыс тасымалынан қоршаған ортаға пайдасы әлдеқайда көп қайта өңдеу технологиясына қарай ойысар еді. 

Қазір Шымкент қаласының басқа аудандарындағы тұрғын үй әкімшілігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Тұрғындардың қызығушылығын оята алсақ, біздің қызметімізді пайдаланатын халықтың үлесі артады. Сәйкесінше, аулалар тазарып, қоқыс сұрыптауға алғашқы қадамдар жасалады. Мемлекет Шымкент қаласында қоқыс өңдеу зауытын ашуға қыруар қаржы бөлді. Бірақ жоба жұмыс істеп тұрған жоқ. Адамдарды қоқыс сұрыптауға үйретпей жатып, осындай үлкен кәсіпорын ашу тиімді деп ойламаймын. Өйткені зауыт жұмысы тікелей оған келіп түсетін қоқысқа тәуелді. Оны бірден бөліп әкелмесе, жұмысшылар қоқысты қолмен ажыратып, еңбек өнімділігі бірнеше есе төмендейді. 

Өз жобам арқылы адамдарды экологиялық мәдениетке тәрбиелегім келеді. «Адамдардың қолынан қоқысты алып кетіп жүріп, оларды қоқысты дұрыс төгуге қалай үйретесің?» дейтіндер бар. Бірақ менің ойымша, аула таза болса, оны шашуға ниеттілер саны да қысқарады. Өзі лас жерге бос бөтелке тастап кетуге ұялмаған адам айнадай таза аулада түкіруге тартынып қалады деп ойлаймын. Оның үстіне, біз адамдарға түрлі-түсті қоқыс қабын беріп, қалдықтарды түріне қарай ажыратып, бөліп жинауды үйретеміз.

Қазір Шымкентте қызыл түсті бағдаршамға қарамай, жолды кесіп өтетіндер көп. Өзім қатарлы жастардың неге бұлай жасайтынын сұрасаң, «Бұл - Шымкент қой»  деп жауап береді. Солар Алматыда не Астанада өздерін мүлде басқа адамдай ұстайды. Жергілікті тұрғындардың санасындағы өз қаласына деген «Ой, Шымкент қой» деген немқұрайлылықты жойғым келеді. 

Табиғи сабын жасаудан басталған кәсіп

Вера Спаналиева  Yasmin табиғи косметикасын өндірумен айналысатын кәсіпкер. Ол химиялық қосындылардан толықтай бас тарту арқылы қоршаған ортаға көп үлес қосуға болады деп сенеді. 

Есімім – Вера, Ясмин – лақап атым. Жоғары білімді заңгер және есепші мамандығы бойынша алып, біраз жыл әртүрлі салада еңбек еттім. Бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шыққанға дейін тұрмыстық химия өндіретін кәсіпорында жұмыс істедім. Өндіріс орнында жүріп, ағзамда  сусабын, кір жуатын ұнтақ сияқты химиялық заттарға аллергиялық әсер пайда болды. Екінші балам дүниеге келгеннен кейін, ұзақ уақыт үй шаруасымен айналысып, жұмысқа шыға алмайтынымды түсіндім. Тұрмыстық міндетімнен бөлек, тұлғалық дамуыма көмектесетін кәсіппен айналысайын деп, өзім қызығатын көп дүниемен айналысып көрдім. Ең ұнамдысы - қолдан табиғи сабын жасау болды. 

Бұрын сабын қайнатып көрмегем. Бүкіл ақпаратты интернеттен іздедім. Еуропадан сабын жасаумен айналысатын маман тауып, кеңес алдым. Сабынға қажет шикізатты шетелден алдыруға тура келді. Осындай көп қиындық пен ізденістен соң, үш жыл бұрын алғаш рет өз қолыммен табиғи сабын жасадым. Қызығушылығымды кәсіпке айналдыра бастаған кезде  табиғи сабындарды халық Ресейден қымбат бағаға сатып алатын. Алғашқы ойым құрамына бөгде химиялық зат қосылмаған табиғи сабынды қолжетімді бағада саудалау болды. Алғашқы тұтынушыларым болған жақындарым мен құрбыларым өз таныстарына айтып, тапсырыс берушілер саны күн санап арта берді. 

Кәсібімнің қарқыны өсе бастағанда, сабыннан бөлек, табиғи косметика жасап үйренуге бел будым. Косметика өндірісіне қажет жоғары сападағы табиғи қосындыларды жергілікті нарықтан табу мүмкін болмады. Сондықтан шикізатты шетелден сатып алдым. Қаржылық демеушім күйеуім болды. Табиғи косметика жасауды онлайн дәрістер арқылы үйрендім. Қазір толық сертификатталған косметикалық өнімдер шығарамын. Yasmin атауымен сатылатын табиғи косметикаға сабын, барлық типтес терілерге арналған кремдер, ерінге арналған бальзам, бетке, кірпік пен қасқа арналған майлар мен табиғи тониктер кіреді. Бәрін өз қолыммен жасаймын. Көмекшім де, бизнес серіктесім де жоқ. Кәсібім жеткілікті табыс әкеледі. Өнімдерді Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Атырау, Орал қалаларындағы дүкендерде сатамын. Қалыптасқан аудиториям, тұрақты тұтынушыларым бар. 

Косметикалық өнім толықтай табиғи, өсімдік негізінде жасалған. Германия, Франция, Испанияның еуропалық сападағы активтерін пайдаланамыз. Еуропада өндірілетін, бірақ Ресейде сатылатын майларды қосамыз. Өсімдіктерді оңтүстіктегі таулардан жинаймыз. 

Адамдар химиялық өнімдерден бас тартса, табиғи косметиканың үлесі артады. Бұл өз кезегінде экологияға оң әсер етеді.  Сондықтан болашақта химиялық қосындылардың орнына табиғи өнімдерді таңдайтындардың қатары артса деймін.