Ғылым саласында жүрген әйелдер тәжірибесі мен жетістігінің сырын бөлісті

9 минут Гүлбақыт Жанұзақ
Ғылым саласында жүрген әйелдер тәжірибесі мен жетістігінің сырын бөлісті

 2015 жылғы 22 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 11 ақпанды ғылымдағы халықаралық әйелдер мен қыздар күні деп жариялады. 2021 жылғы Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге қатысатын әйел-ғалымдардың үлесі 52%-ды құрайды. Осы атаулы күнде ғылымға еңбегі сіңіп жүрген нәзік жандардан сұхбат алдық.


Насиба Байматова 

Насиба Байматова-химиялық инженерия саласындағы философия докторы, оқытушы-эколог, ҚазҰУ оқытушысы.

Ғылым жолына қалай келдіңіз?

Мектепте табиғаттану сүйікті пәнім болды. Бірақ ешқашан ғалым болуды ойламадым. Бала күнімде ғарышкер болғым келетін. Университетке түскеннен кейін ғылыми жобаларға қатыса бастадым. Сонымен бірге зертханада жұмыс істедім. Докторантураға түскеннен кейін ғылымға түбегейлі бет бұруға бекіндім. Неге десеңіз, ғылыми сұрақтарды шешкенді жаным сүйетінін сол кезде ұқтым. Докторантура кезінде Америкадағы Айова университетіндегі шетелдік ғылыми жетекшімнен тәжірибе алу мақсатында екі тағылымдамадан өттім. Ғылым деңгейінің жоғары екеніне тағы да көзім жетті. Күніне 20 сағатымды зерттеуге арнайтынмын. Сәйкесінше бізге жақсы жағдай жасалды. Міндетті үшінші тағылымданы сол жерден өттім. Себебі, азаматтық зерттеу және АҚШ-ты дамыту CRDF фондынан грант ұтып алған едім. Мен өткен жол менің ғылымға қызығушылығымды аша түсті.

Насиба

Ғалым болғысы келетін жанда қандай мінез болуы керек?

Ғылыммен айналысқысы келетін жан сол саланы шексіз сүйуі керек. Менің бір студентім өзінің дипломдық жұмысы кезінде бір жобаға қатысты. Тәжірибе 12-16 сағатқа созылды. Келесі кезеңде күндіз кейде түнде ұйықтауға мүмкіндік болды. Ол кезде бүкіл жерде қоршаулар тұратын. Жұмысқа келу үшін, қоршаудан секіретін еді. Көп адамдар үшін бұл ессіздік болып көрінуі мүмкін. Ғалым болғыңыз келсе, ешнәрседен қорықпай, батыл әрекет етіңіз.

Аяулым Белгібаева

Аяулым Белгібаева — Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері. Токио Технологиялық институтында «Химиялық ғылым және инженерия» мамандығы бойынша PhD дәрежесін алған.Сегіз жылдан бері литий-ион аккумуляторларын зерттеп, дамытып келеді. Оның қазіргі зерттеулері төмен температурада, яғни қыста жақсы жұмыс істейтін аккумуляторды дамытуға бағытталған.

Ғылымға қалай келдіңіз?

Ғылымға 2014 жылы бакалаврдың соңғы курсында келдім. Ол кезде Еуразия Ұлттық университетінде оқып жүріп, диплом жұмысы үшін тәжірибені Назарбаев университетінде өтуге мүмкіндік алдым. Профессор Жұмабай Бекболатұлының зерттеу тобында нағыз ғылымның қандай болатынын көріп, осы бағытта дамығым келетінін түсіндім. Бірақ химиялық тәжірибелер жасау мектеп кезінен-ақ қатты ұнайтын.

Аяулым

Жапонияда докторлықты алу үшін не істеу керек?

Жапонияда доктор дәрежесін алу мамандық пен ғылыми жетекшіге байланысты әр түрлі болады. Менің жағдайымда импакт-факторы кемінде үш болатын жоғары рейтингті журналдарда үш мақала жариялау, тағы екі мақалаға татитын деректер жинақтау талап етілді. Жиналған деректер негізінде диссертация жазып, қорғап шықтым. Жапонияда докторанттың қорғауға жіберілу-жіберілмеуін көбіне ғылыми жетекшісі анықтайды. Ол сіздің тәжірибелік деректеріңізбен, PhD бойынша қалай жұмыс істегеніңізге де баға береді. Бар көңіліңіз бен уақытыңызды ғылыми жұмысыңызға арнау өте маңызды. Жапонияда маған ұнағаны — ғылыми жұмыстан көңіліңізді алаңдататын артық қосымша сабақ, курс жоқ. Ғалым ретінде қалыптасуыңызға септігін тигізетін бірен-саран курсты есепке алмағанда, үш жылды толық зерттеу тақырыбыңызға арнайсыз. Болашақта елімізде ғылым саласының дамуына, жаңа ғалымдардың қалыптасуына үлесімді қосқым келеді.

Гүлжан Хамитова

Гүлжан Хамитова — тағам химиясының докторанты. Ол докторлық зерттеуін Италияның Камерино университетінде кофе саласы бойынша қорғаған. Қазіргі таңда тағам химиясы туралы ғылыми мақалалар жазып және Central Asian Research Club ғылыми әдістемелерін студенттер мен ғылыми зерттеушілерге түсіндіру бағытында жұмыс істеп жатыр. 

Неге ғылымды таңдадыңыз?

Менің ғылымға қызығушылығым мектептен басталды. Ауылда оқыдым. Жетінші сыныпқа өткенде химия тереңдетіп оқытатын бағдарламаға енді. Химия пәні мұғалімі Салтанат Жаппарқұлованың кәсібилігі мен шеберлігінің арқасында бұл пәнге қызыға бастадым. Анам да химик-инженер мамандығының иесі болған соң, осы салаға келуіме айтарлықтай ықпалы тиді. Кейіннен химия саласының өте терең әрі жан-жақты екенін біле бастадым.

Гульжан

PhD дәрежесінен соң, депрессия болды ма?

Депрессия — көзге көрінбейтін үдеріс. Оның бірден пайда болуы ұзақ мерзімде жинақталған стресс нәтижесі. Ғалымдар да бұл үдерісті бастан өткізеді. Себебі PhD қорғауға дейін көп стрессті күндер өтті: зертханалық жұмыстың дұрыс орындалуы, мақала мен ғылыми диссертация жазу. Бірақ ең кереметі, PhD қорғау аяқталған соң бірнеше ай жеңілдік пен қуаныш сезімдерінде жүрдім. Оның үстіне, ана болатынымды біліп, қуаныш пен кішкене уайым (ана болуға дайындық, үлкен жауапкершілік) бірге қосақтасып жүрді. Кейін ана атанып, гармондардың әсерінен ба өзімде «baby blues» босанғаннан кейінгі депрессия болғанын байқадым. Бастысы бұл депрессияны уақытысында түсініп, «work-life balance» дұрыс сақтағаны абзал.

Айгерім Өмірхан

Айгерім Өмірхан — Назарбаев атындағы университеттің түлегі. Ұлыбританияның астанасындағы Imperial College London-да «Материалтану» саласы бойынша магистратураны үздік аяқтап, докторлық диссертациясын сәтті қорғаған. Қазіргі таңда материалдардың электрохимиялық реакциялар мен механикалық құбылыстар салдарынан тозу тақырыбын зерттейді.

Ғылымға қалай келдіңіз?

Мектепте математика мен химия пәнін аса зейінмен оқып, түрлі олимпиадаға қатыстым. Осы салаға қызығушылығым унисерситетте арта түсті. Шетелдік зертханалардағы тағылымдамалар өзіме қызық ғылым салаларын анықтауға көмектесті. Әріптес, тәлімгерлермен ақылдаса келе, докторантураға түсуге бел будым. Диплом жұмысымды сәтті қорғадым. Бүгінде бала арманы орындалған ғалыммын. Қазіргі таңда материалдардың электрохимиялық реакциялар мен механикалық құбылыстар салдарынан тозу тақырыбын зерттеймін. Ол үшін электрон микроскоптары секілді заманауи материалтану техникаларын қолданамын. Осылайша, нано немесе микрометр деңгейіндегі өзгерістерді бақылап, күнделікті қолданатын заттардың әсерін түсіндіруге үлес қосамын.

Ғылымда гендерге бөліну дұрыс па?

Қазіргі уақытта әйел мен ер бірдей жұмыс істеп, мансап қууы таңғалатын дүние емес. Ертеңгі күннің өзекті мәселесін шешу үшін ғылымды шыңдау жолында ер, әйел деп бөлінбей, бірігіп жұмыс істеуміз қажет. Әрине, ол үшін ғылымдағы әйелдердің ойына құлақ асып, ыңғайлы, икемді және қолдауы мол ортаны қалыптастырған абзал. Келешекте ғалым болғысы келетін жандарға қайсарлық тілеймін. Қиындықтардардан мойымаңыз, адал еңбек етініз, ағылшын тілін жетік меңгеріңіз және көмек сұраудан қорықпаңыз. 

Ақерке Мұхамедиярова 

Ақерке Мұхамедиярова — АҚ «Мемлекеттік ұлттық ғылым техникалық сараптама орталығының бас маманы. PhD дәрежесін Францияның Лотарингия университетінде мұнайдың берілуін арттырудың микробиологиялық әдісі, кинематикалық толқын моделі және асимтотикалық талдау тақырыбында қорғаған.

Ғалымдарды қалай ынталандыруға болады?

Соңғы уақытта ғылыми зерттеулерге мемлекеттен гранттар жыл сайын бөлінеді. Бұл ғылыми жобаларға сұраныс көп екенін білдіреді. Ғалымдарды ынталандыру үшін жалақының өсуі, ғылыми атақ, басшы және жетекші лауазымдарға тағайындау, ғылыми-техникалық кеңестерді қабылдау комиссиясына кіру мүмкіндігін қарастыру, академияларға мүшелікке қабылдануы, өз салаңыздағы ұлттық және әлемдік жаңашылықта хабардар болып, дамыту, сараптама жүргізу деген сияқты себептерді атап өтуге болады.

Қазір қайда қызмет етесіз?

Мен докторлық дәрежемді мұнайдың берілуін арттырудың микробиологиялық әдісі, яғни мұнай-газ инженериясы бойынша қорғадым. Бірақ оқуға түскен зертханада осыған байланысты мамандық болмаған соң, ресми түрде механик-энергетикпін. Мұнай газ ісі әлі күнге дейін еліміздің ішкі және сыртқы экономикасының маңызды элементі болып келеді. Бұл бағытта көп жоба мен программа бар, себебі жоғары технологиялар мен қазіргі заманғы ғылымды қажетсінетін өндіріс саласы. Мен елге дипломымды қорғап келгеннен кейін Атырау өніріндегі Мұнай және газ университетінде, АУНиГ ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Қазір Мемлекеттік ұлттық ғылым техникалық сараптама орталығында бас маманмын.

Индира Алибаева

Индира Алибаева — әлеуметтік антрополог. Швейцарияның Цюрих қаласындағы Цюрих университетінің әлеуметтік антропология мамандығы бойынша PhD докторант. Индира Алибаева қазір түрлі тақырыптардағы әлеуметтік зерттеулермен айналысады.

Әлеуметтік антропологияға қалай келдіңіз?

Әлеуметтік антропологияға мені алғаш қызықтырған швейцария профессоры, Орталық Азияны зерттеуші антрополог Петер Финкенің Моңғолиядағы қазақтар туралы лекциясы еді. Ол кісі жылдар бойы батыс Моңғолиядағы мал шаруашылығымен айналысатын отбасылармен бірге өмір сүрген. Осылайша, социалистік жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту кезінде көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын адамдардың өмірі мен шаруашылықты жүргізу дәстүрінде болған өзгерістер туралы еңбегін жазған.

Бұл дәрісте өзіме ұнаған екі нәрсе болды: бірі — антропологияның зерттеу әдісі, яғни өзің бір халық, ауыл туралы еңбек жазатын болсаң, алдымен сол табиғи ортада ұзақ уақыт бойы өмір сүру керексің. Адамдардың өзгерістер туралы ойы бір бөлек, бірақ та іс-әрекеттері басқа болуы мүмкін. Ұзақ уақыт бірге тұру арқылы тарихтың белгілі бір кезеңін әр қоғамның/халықтың қалай бастан кешіретінін түсінуге болады.

Антропологияның екінші бір ұнаған тұсы, тек өз мәдениетіңнен бөлек әлемде әртүрлі өмір сүру жолдары бар екенін және әр қоғам оны өзінше дұрыс деп қабылдайтынын түсінуге көмектеседі. Антропологтардың жазып кеткен еңбектері көп жылдардан соң, тарихи құнды еңбек болып қалады. Мәдениеттанушы магистрі дәрежесін алған соң, мен үшін келесі кезең антропология бойынша докторантура болатынын көп ойланбастан шештім.

Қазір қандай зерттеумен айналысып жатсыз?

Менің докторлық зерттеуім Қазақстанның оңтүстігінде тұратын жергілікті халықтың ұғымындағы ұлт түсінігі туралы. Бізде көпшілік адамдар ұлт (nation емес, ethnicity мағынасында) деген тұрақты, өзгеріске ұшырамайтын, адамның «қанында» сақталып тұратын, ген арқылы анықталатын концепт ретінде қарастырады. Алайда, адамдардың күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін байқап қарасаң, ұлт деген кез келген нәрсеге икемді, өзгеріске жиі ұшырайтын және контекстке тәуелді ұғым екенін байқауға болады. Мен адамдардың күнделікті өмірінде олардың ұлттық идентификациясының қандай рөл ойнайтынын зерттеп келемін. Жеке адамның өзінің ұлттық бірегейлілігін ерекше көрсетуі немесе мүлдем өзін этникалық тұрғыдан көрсеткісі келмеуі, не болмаса басым бір ұлтқа сіңісіп кеткен адам ретінде көрсетуге талпынуының арғы жағында осы әрекетке ықпал етіп отырған қызықты контекстілерді көруге болады. Соның бірі, елдегі саяси контекст, яғни, бір елді ең алдымен онда тұратын азаматтардың емес, бір этникалық топтың елі ретінде қарастыру тенденциясы. Мен зерттеуімді осы бағытта жалғастырамын. Бұрын жұмысымды тек ғылыми ортада талқылап жүретінмін. Қазіргі кезде антропологиялық білімді, зерттеудің нәтижесін қолданбалы бағытта, яғни саяси шешімдерді шығару кезінде ұсыныс түрінде жариялауға көшіп жатырмын. Бұл мен үшін жаңа жұмыс түрі. Академиялық ортада ғана талқылап жүрген зерттеуіңді қалың көпшілікке таныстыру оңай емес. Көбіне, академиялық тілді қалың көпшілікке түсінікті тілге айналдыру қиын. Бірақ, зерттеуіңді тар ортадан, көпшілікке таныстыру маңызды деп санаймын. Осылай, ғылымнан қоғамға пайда тиюі мүмкін. Техникалық ғылымдардан ерекшелігіміз — әлеуметтік ғылымдар қоғамдағы әр түрлі тенденциялар туралы альтернативті ой мен дискуссия туғызады.

Гүляим Сағандықова

Гүлайым Сағандықова — үш жылға созылған диссертация жұмысын аяқтаған соң, қазіргі таңда грант негізінде ұтып алған жобамен айналысып жатыр. Жоба күміс пен алтынның наноқұрылымдарына негізделген лазерлік десорбция мен ионизация үшін жаңа бейорганикалық матрицаларды спектрометрия массаларын жасауға арналған. Қазіргі таңда Польшаның Торунь қаласындағы Николай Коперник университетінде жұмыс жасайды.

гуляим

Өзге елде ғылыми зерттеу қалай өтеді? 
Ғылымға қызығушылығым химия пәнінен басталды. Химиядан берген ұстазым — өз саласының білікті маманы. Польшадағы тағылымдан жоғары деңгейде өткен соң, зерттеуіміздің нәтижесі журналдарда жарияланды. Жақсы орта қалыптастырдым, ғылыми мансабымды Польшада жалғастыруға мүмкіндік алдым. Сондай-ақ, Ұлыбритания мен Оңтүстік Кореяда ғылыми тағылымдамадан өттім. Жалпы ғылым саласында нәтижеге бірден қол жеткізу мүмкін емес, осы тұста қолдау білдірген отбасыма алғысым шексіз.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

«Моему дяде Чикко я обязана тем, что он сделал меня мечтательницей»: интервью с племянницей Федерико Феллини

«Моему дяде Чикко я обязана тем, что он сделал меня мечтательницей»: интервью с племянницей Федерико Феллини

В Алматы открылась фотовыставка, посвященная 100-летию со дня рождения Марчелло Мастроянни — иконы итальянского кино...

4 минуты
4 минуты
Что может случиться с озером Балхаш: интервью с кураторкой выставки «Переплетая Климат, Воды и Сообщества»

Что может случиться с озером Балхаш: интервью с кураторкой выставки «Переплетая Климат, Воды и Сообщества»

27 сентября состоялось открытие выставки «Переплетая Климат, Воды и Сообщества». Изначально выставка была представлена в...

13 минут
13 минут
Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Карьера до и после декрета: возможно ли «безболезненно» вернуться в офис?
Партнерский

Карьера до и после декрета: возможно ли «безболезненно» вернуться в офис?

Отпуск по уходу за ребенком, который мы называем просто декретом, по закону составляет 126 дней. Такой отпуск могут взять оба...

7 минут
7 минут