
Бастысы — шапалақ үшін жан сатпау: ZAQ-пен интервью
STEPPE редакциясы музыкант, рәпір және Steppe Awards 2025 кураторы ZAQ-пен сұхбаттасты. Әртіс қазақ музыка индустриясының бүгінгі ахуалына, «тру» болудың мәніне, эго мен шынайылықтың арақатынасына қатысты ойларын ортаға салды. Сондай-ақ ол инди мен поптың шекарасы, RapXana дәуірі, Ninety One феномені жайлы тоқталып, жас әртістерге бағыт-бағдар боларлық кеңестерін жеткізді.
— Қазіргі уақытта, зумерлер кезеңінде және жасанды интеллект қарқынды дамып жатқанда, музыкалық индустрияда жеке-дара жұмыс істеу тиімді ме, әлде лейблдар мен продюсерлердің рөлі әлі де маңызды ма?
Бұл ең алдымен әртістің мақсатына байланысты. Жеке жүрген инди-әртістердің жолы, өз басым, ұнайды — біршама романтикаланғандай көрінеді. Бірақ, мысалы, АҚШ-та немесе батыс елдеріне инди мәдениеті үлкен индустрияға айналып кеткен. Ақырында бәрі бизнеске тіреледі.
Егер бізде Канье Уэст, Кендрик Ламар, Stromae сияқты әртістер болса, олар ірі индустриядан тыс, өз бетінше жүрер еді. Дегенмен, лейблдар мен продюсерлік орталықтар индустрия үшін қажет. Егер әртістің үлкен масштабқа ұмтылысы болса, оған менеджмент, команда керек. Қазір онсыз да танылуға болады, бірақ ол оңай іс емес. Бәрі әртістің өзіне байланысты.

ZAQ және RapXana
— Қазіргі күнде RapXana секілді бірлестіктердің пайдасы бар ма, және ондай формат бүгінде өзекті ме?
Бәрі циклмен жүреді. Біздің кезде индустрия қазіргідей дамымаған, дистрибуция да болмаған. Сол себепті бір-бірімізге ұқсас ойлайтын адамдар жиналып, бірге мақсатқа жетуге тырысатынбыз.
Қазір аз да болса ақша, шағын индустрия бар. Мағына өзгерген жоқ, тек контекст өзгерді. Бұрын бірлестіктерді қаржылық қиындық құртып жатса, қазір керісінше — баршылық бірлікті бұзуы мүмкін. Тоқтықта бірлікті сақтау қиын. Егер команда бір-бірін қолдап, қажетті сәтте толықтыра алса, ондай бірлестіктер лейбл деңгейінде жұмыс істей алады деп ойлаймын.
— Ninety One жеткен атаққа RapXana неге жете алмады?
Рэпханада біздің лидер — MC Madi. Оның амбициясы да, жеке көзқарасы да болды, бірақ тұрақты шоу-бизнесте тәжірибесі мен байланыстары болмады. Біздің басты мәселеміз қаржы табуда болмады, өйткені ол кезде қазақ тіліндегі музыкадан ақша табу қиын еді.
Ninety One-да басынан бастап тәжірибелі продюсер болды. Ол шоу-бизнестің ішкі жүйесін білетін, халықаралық байланыстары бар адам еді. Бізде стратегия, менеджмент, қаржылық модель болды. Рэпхана тек энтузиазм мен армандардың күшімен жүрді, ал бизнес көзқарасы жетіспеді. Мұндай модель ұзақ өмір сүрмейді.
— Ninety One дебют алғанда рэп ортасында сізге қарсы сын болған жоқ па?
Жоқ. Керісінше, Рэпханадағы достарым қатты қолдады. Ол кезде қазақ тіліндегі рэп алғаш рет үлкен сахнаға шығып, тыңдарманның назарын аудара бастады. Поп-музыкадан шаршағандар альтернатива іздейді, бұл — заңдылық.
Қазақстандық инди және поп музыка
— Қазақстанда инди мен поп-әртістердің айырмашылығы бар ма?
Біз әлі ол деңгейге жеткен жоқпыз. Поп әлі қалыптасу үстінде. Мысалы, Қайрат Нұртас, Садраддин, Мирас Жүгінісов — нақты поп. Ninety One мен Orda поп болуға тырысты, бірақ қазақстандық контексте альтернатива болып қалды. Сол себепті инди әртістер де үлкен масштабқа жете алады.
Айырмашылық онша айқын емес, бөліп тұрған шекара да үлкен емес. Бұл, бір жағынан, жақсы, бірақ екінші жағынан шатастырады. Өйткені, мысалы, Ғалымжан Молданазар — жалғыз Ғалымжан Молданазар болып қала береді. Одан кейін дәл сондай деңгейдегі екінші Ғалымжанның шығуы екіталай, себебі ол жеке жанрға айналмаған. Бізде ол кең тараған, көпшілікке бірден түсінікті «popular» бағыт емес.
Ал Қайрат Нұртасқа келсек, ол шықса, артынан тағы бір Қайраттың шығуы әбден мүмкін. Себебі оның музыкасы жалпыға ортақ, көпшілікке түсінікті. Мәселе осында.
Маған ұнайтын нәрсе — инди музыканың үлкен масштабқа жетуі. Мысалы, Tyler, the Creator мен Kanye West бастапқыда инди әртістер болды, бірақ кейін жанр шеңберінен шығып, аса үлкен масштабқа жетті. Бізде де осындай феномендер пайда болса, индустрияға өте пайдалы болар еді. Сол кезде біздің попқа деген көзқарас та өзгереді.
Индустрия «отыны» болу мәселесі
— Ондай болса, жас әртіс тарихта атын қалдыру үшін, Ninety One не Darkhan Juzz секілді, индустрияға қандай ниетпен кіруі тиіс?
Мен біздің еңбегіміздің бағасын төмендеткім келмейді. Әрине, біраз дүние атқарылды, бірақ бізді қазірдің өзінде «аңызға» балау әлі ерте сияқты, өйткені уақыт аз өтті. Соған қарамастан, мен жиі өзіме сұрақ қоямын: «Әртіс ретінде мен не істеп жүрмін?» деп.
Ниет мәселесі маңызды. Қазір өнерде ақша айнала бастағандығы бір жағынан қуантады, бірақ бір жағынан жаман. Көбі бірден ақшаны көздейді, өнерде тек «жеңіл ақша» бар деп ойлайды: «Бір хит жазамын, одан кейін табысқа жетемін, концерт беремін, атақ аламын», – деген сияқты.
Оны да істеуге болады, қарсы емеспін. Бірақ ол ең алдымен әртістің өзіне зиян. Индустрия үшін ол тек қосымша «отын» ғана, тыңдарман үшін — көңіл көтеретін сәт. Бір қарайды, сосын ұмыта салады. Ал әртістің өзі үшін ол қауіпті: адасып кетуі мүмкін, әсіресе рухани тұрғыдан. Кейін сол «орманнан» шыға алмай қаласың.
Эго және шығармашылық энергия ZAQ үшін
Ең әуелі әртіс «мен» деген нәрсені ысырып үйренуі керек деп ойлаймын. Егер шынымен үлкен масштабтағы дүние жасағың келсе, эгоңды жеңуің қажет. Эгоист болғанда шынайы, ауқымды нәрсе жасау қиын.
Рик Рубин айтқандай, әртіс — бір жағынан антенна. Энергия түседі де, біз оны өткіземіз. Егер «мұның бәрін мен өзім істеп жатырмын» десең, сол сәттен бастап ұтыласың. Өзім де соны байқап жүрмін: қашан эгоға берілсем, ұтыламын.
Сұрақ мынада: сен ол энергияны не үшін өткізіп жатырсың? Қалай ғаламның шығармашылық потенциалын ашуға үлес қосып жатырсың? Үлкен нәрсе жасау үшін кеңірек ойлау керек. «Осы жерде, дәл қазір» деген шектеулі ойдан шығып, әлемге ауқымдырақ қарау қажет. Сонда ғана шынымен үлкен дүние тууы мүмкін деп ойлаймын.
Мен үшін үлгі болған адамдар — поп индустрияда өзін дәлелдей алғандар. Басында олардың өнері көпшілікке түсініксіз көрінді, уақыт өте келе олар ойларын айқын, әсерлі жеткізе бастады. Нәтижесінде олар поп-музыкаға айналды. Мысалы, Kanye West, Tyler, The Creator, Childish Gambino сияқтылар.
Ал, мысалы, Dua Lipa немесе Sabrina Carpenter секілді әртістер — үлкен индустрияның өнімдері. Олар «жаңа айфон» сияқты: үшінші камера қосылды, дизайн өзгерді — дайын өнім. Ал жаңағы атаған адамдар сол индустрияны құраушылар. Олар — нағыз баға беретіндер, шын өнердің иелері. Менің бар ұмтылысым — соларға қарай. Және сондай әртістер бізде көбірек болса деймін.
Бүгінгі сахна
— Қазір әртістер бірдей деген пікірмен келісесіз бе?
Жоқ, олай ойламаймын. Керісінше, дәл қазір бізде әртүрлілік көп. Тіпті 6ELLUCCI секілді бет-жүзін көрсетпейтін әртістердің танымал болып жатқаны — күшті құбылыс. Бұл қазақ тыңдармандары қазақ тілінде әртүрлі музыканы қабылдай бастады дегенді білдіреді. Ал бұл әлі тек бастамасы ғана.
Бұрын бізді «попса» деп мазақтап жүргендер шын мәнінде өздері сол попсаның ішінде жүргенін байқамай қалды. Өйткені олар өз ішкі ойын жеткізудің орнына, адамдарға ұнайтын дүниені ғана жазуға тырысады. Сол үшін өз табиғи болмысын жоғалтып, халықтың «диктовкасына» бейімделіп кеткен.
Қазір, керісінше, дәл сол «көрерменге бейімделу» моделі ескіріп барады. Адамдар шынайылық пен жасандылықты ажыратып үйреніп жатыр. «Тру» деген нәрсенің мәні де өзгерді: ол — «крутой» болып көріну емес, ол — өз жолыңды ұстану және шынайы болу.
Ал әртүрлілікке келсек, қазір қазақ тіліндегі шоу-бизнес бұрынғыдан да бай. Алуан түрлі әртістер бар, әрқайсының өз идеясы, өз ойы бар. Тек индустрияның өзі оған дайын емес сияқты. Кейбір әртістер асығып жатыр, бірақ бұл да қалыпты құбылыс.
Бір байқағаным: бәрі циклмен жүреді. Қазір қайтадан орыс тіліндегі контент күшейіп бара жатыр, чарттарға орысша әндер көбірек шығып жүр. Сонымен қатар, той индустриясы да жаңа серпінмен оралып жатыр. Бір жағынан ойланып қаласың: «Иә, біз осындаймыз ғой, не істейсің?» деп.
Құндылықты сақтап қалу
— Сіз айтып отырған құндылықты ұстап қалу жолында жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
Ең бастысы — өз құндылығыңа адал болу. Әртүрлі кезеңде әртістің құндылығы әрқалай көрінуі мүмкін, бірақ ол ешқашан жоғалмауы керек. Көптеген жас әртістер ақша мәселесіне тіреліп, соған алданып қалып жатады. Өйткені ата-ананың әңгімесі де, қоғамның қысымы да — бәрі нан табу, ақша табу.
Әрине, ол рас: оңай жол емес, сахнада жарқ етіп шығатындар миллионның бірі ғана. Бірақ, егер сен қайта-қайта өзіңді сатып, құндылықтарыңнан айырыла берсең, түбінде адасасың.
Ал егер өз құндылығыңды ұстап қалсаң, түбінде бағалайтын орта табылады. Мысалы, Димашты алайық: ол стриминг платформаларында рекорд жаңартпайды, хит болып жататын тректері де жоқ. Бірақ ол өз өнерінің құндылығын жоғалтпады, соның арқасында ол өзіне лайық аудитория тапты, әрі ол аудитория оны әлдеқайда жоғары бағалайды. Сол арқылы ол үлкен нәтиже көрсетіп отыр.
Сондықтан әркімнің жолы әртүрлі. Егер сенде шығармашылық энергия бар болса, бұл жайдан-жай берілген жоқ. Ол сенің орның бар дегенді білдіреді. Ал ол жолда міндетті түрде сынақтар келеді. Бастысы — сынбау, ақшаның артынан еріп кетпеу, шапалақ үшін жан сатпау. Өйткені бұл уақытша ғана. Бір сәтте бәрі өзгереді де, сенің адалдығыңның дұрыс болғаны дәлелденеді.