Төрт қабырғадағы карантин: Қазақстанда қалып қойған мигранттар қалай өмір сүріп жатыр?

45 минут Аруна Алимтаева
Альтернативный текст

Карантин кезінде Қазақстандағы еңбек мигранттары үйіне оралу не өмір сүруге ақша табу мүмкіндігінен айырылып, елде қалуға мәжбүр болды. Үйіңнен жырақта, ақшасыз, қамауда қалғандай күй кешуді елестетудің өзі қиын.

Оқшаулау шарасы еңбек мигранттарының табысына едәуір әсер етті. Олар өмір сүруге қажет табысынан айырылғанына қарамастан, пәтерақысын төлеп, қарызын қайтарып, күнделікті ішетін тамағын алып, ең бастысы, туған жерінде қалған отбасын асыраумен болды.

Steppe карантин кезінде елде қалған және басқа уақытта Қазақстанға табыс табуға келетін еңбек мигранттарының қандай мәселелерге кез болатынын анықтауға тырысты. Жобаны дайындауға көмектескен Миграция жөніндегі халықаралық ұйым / БҰҰ-ның миграция жөніндегі агенттігі, «Қайсар» қоғамдық қоры және «Дәріс» ақпараттық-консультативті орталығына алғыс білдіреміз.


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МИГРАЦИЯ

Қазақстан миграциялық процестердің белсенді қатысушысы саналады. Ресми дерек бойынша, уақытша көшу мен еңбек миграциясын есепке алмағанда, былтыр бұл процеске 1 173,2 мыңнан астам адам қатысқан. Қазақстан Республикасының кеңейтілген миграциялық профиліндегі ақпаратқа сәйкес, бұл бүкіл халықтың 6,38% пайызын құрайды.

Қазақстан — ішкі және сыртқы миграцияны анықтайтын Еуразиялық миграциялық жүйенің құрамдас бөлігі. Қазақстан ғаламдық миграциялық процестерге көп араласпайды.

«Ішкі істер органдарының 2019 жылдың 1 желтоқсанындағы дерегіне сәйкес, Қазақстанға әлемнің 200 мемлекетінен 5,6 млн шетел азаматы келіп, 5,3 млн адам өз еліне оралған. Сондай-ақ 1,2 млн шетел азаматы тіркелген: олардың 1,1 миллионы — ТМД елдерінен, 95 мыңы алыс шетелден келген. 22 мыңға жуық шетел азаматына шетелден жұмыс күшін тартуға квота берілген», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Көші-қон тұрғысынан қарағанда, Қазақстан бірінші кезекте, мигранттарды қабылдаушы мемлекет ретінде белгілі. Жыл сайын елге екі миллионнан астам шетел азаматы жұмыс істеуге келеді және бұл көрсеткіштің артып келе жатқаны байқалады. Мигранттар Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Армения сияқты жақын елдерден немесе Түркия, Қытай, Еуропа, АҚШ және Африка сияқты алыс шетелден де келеді. Бірақ Өзбекстан мен Тәжікстан сияқты көрші мемлекетерден келетін маусымдық еңбек мигранттары көп кездеседі.

Изоляция в квадрате

Қазақстанның еңбек мигранттары үшін тартымды көрінуіне екі себеп бар.  Біріншіден, жолға аз шығын кетеді. Екіншіден, Орталық Азиядағы кей мемлекет тұрғындарының арасында тілдік барьер жоқ, бұл еңбек мигранттарына қалада жол тауып жүріп, өз бетінше пәтер жалдап өмір сүруге мүмкіндік береді.

ӘЙЕЛДЕР МИГРАЦИЯСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ.  ОЛАР ОТБАСЫН АСЫРАУ ҮШІН БАЛАЛАРЫН ҚАРТ АТА-АНАСЫ МЕН ТУЫСТАРЫНА ҚАЛДЫРЫП, ЖҰМЫСҚА КЕТУГЕ МӘЖБҮР.

Қазақстандықтар арасында еңбек мигранттары көп емес. Жалпы миграцияның бұл түрі көп қазақстандық білім алуға баратын Ресейде байқалады. Ресей Федерациясы ішкі істер министрлігінің дерегінше, Ресейде миграциялық есепке тұрған Қазақстан азаматтарының саны артып келеді. Олар Ресейге кіру мақсатын «жұмыс» деп көрсетеді. 2019 жылы бұл көрсеткіш 136, 2 мың адамды құраған.

Миграция жөніндегі халықаралық ұйым кері факторлардың барына, аңыз бен қорқынышқа қарамастан, миграция елдің гүлденуіне, инновация мен тұрақты дамуға жол ашуы мүмкін екенін айтады. Осыдан мемлекеттердің басым көпшілігі бірігіп, қауіпсіз, заңмен реттелген және бақылауға болатын миграция туралы ғаламдық келісім дайындап, қабылдады. Келісімде реттелмеген миграция мәселелері аталып, оларды шешу жолдары көрсетілген.

2018 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН 164 МЕМЛЕКЕТТІҢ ІШІНДЕ АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БІРІ БОЛЫП ОСЫ ҚҰЖАТҚА ҚОЛ ҚОЙДЫ.

Миграциядағы маңызды дүниенің бірі — интеграция. Интеграция мигранттарды елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси өміріне араластыру дегенді білдіреді. Бұл — мигранттар мен оларды қабылдаушы қоғам арасында жүретін өзара бейімделуге арналған екіжақты процесс. Көп дүние қос тараптың ниеті мен қызығушылығына байланысты деуге болады.

 

МИГРАНТТАРДЫҢ КАРАНТИН КЕЗІНДЕГІ ӨМІРІ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

2020 ЖЫЛДЫҢ 13 МАМЫРЫНА ДЕЙІН МИГРАЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМ МЕН ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ӘРТҮРЛІ МЕМЛЕКЕТТЕН КЕЛІП, ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛҒАН 630-ДАН АСТАМ МИГРАНТҚА ҚОЛ ҰШЫН БЕРГЕН.

Жұмыс істейтін елінде қалуға мәжбүр болып, туған жеріне орала алмаған мигранттардың жағдайы шынымен қиын. Оларға мигранттармен жұмыс істейтін құрылымдар қолдау көрсетеді. Үкіметтік емес ұйымдар мен диаспоралар гуманитарлық көмек көрсетіп, елшіліктер мен консулдықтар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ыстық желісі де жұмыс істейді. Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның дерегінше, Қазақстанның миграциялық қызметі карантин кезінде мигранттардың елде қалу мерзімін ұзартқан, ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы барлық өңірдегі көмекке мұқтаж мигранттарға көмек берген.

«Қайсар» қоғамдық қорының өкілі Оксана Тарабукина мигрант қиын жағдайда қалса, тек өз қаржысына ғана арқа сүйей алатынын айтады. Жинаған қаржысы болса, карантиннен аман шығуға болады, артық ақшасы болмаса, көмек сұрауға тура келеді. Табысынан айырылғаны үшін берілетін 42500 теңге жәрдемақыны елде тұрғылықты мекенжай анықтамасымен тұратын мигранттар ғана алған. Шетелдік жұмысшылар кәсіпорын есебінен күн көрген. Жұмыс істеуге ресми рұқсаты жоқ адамдар қорғансыз күйде қалған. Қазір оларға халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес мекемелер, діни қауымдастықтар, қорлар мен жеке тұлғалар көмектесіп жатыр.

Карантин жарияланған соң, көп мигрант қиын жағдайда қалып, олардың арасында қорқыныш пен үрей сезімі артты. Мүмкіндігі бар адамдар үйіне үлгеру үшін кездескен көлікке мініп, шекараға жетіп, еліне қайтты. Мигранттарды шекара асқан соң, екі апта изоляторда отыратыны да тоқтата алмады. Көбі өз еліне жету үшін кез келген нәрсеге дайын болды. Өйткені әр адам өзін отбасы мен жақындарының жанында әлдеқайда қауіпсіз сезінеді.

Отбасымен Қазақстанда тұратын мигранттардың үрейі басқа: олар миграциялық қызмет өздерін құшақ жая қарсы алмайтын туған жерге қайтаруы мүмкін деп қорқады. Ресейге жұмысқа бет алып, карантин кезінде Қазақстанда «қалып қойған» мигранттар дағдарысты қаймықпай өткеріп, шекараның ашылғанын күтіп жүр. Адамдар бір пәтерде 15-20 адам болып тұрады, құр нан мен суға күн көреді.

ОЛАР АУРУДАН ЕМЕС, «ИНФЕКЦИЯ ТАРАТУШЫ» ДЕГЕН АЙЫПҚА ІЛІГУДЕН ҚОРҚАДЫ.

Уайым, қайтерін білмей дағдару, белгісіздіктен қорқу, шарасыздық, нақты ақпараттың жоқтығы және қорғансыз күйде қалғанына ұялу сезімі күйзеліске әкеп соғады. Ұзақ уақыт оқшаулауда отырып, табысынан айырылу әлеуметтік әділетсіздік сезімін күшейтеді. Олар діннен көмек іздейді. Мұндай жағдайды дәстүрлі емес діни ағым насихатшылары жиі пайдаланады. Осылай оқшаулау шарасы кезінде бөтен елде қалған барлық мигрантқа заңсыз жұмысқа жегілу немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың құрбаны болу қаупі төнеді.

«Дәріс» ақпараттық-консультативті орталығының өкілі Гүлнұр Идигееваның айтуынша, Ақтөбе облысында карантин 16 наурызда жарияланған. Ыстық желіге көмек сұрап, көп адам хабарласқан. Төтенше жағдай жаңа жарияланған кезде мигранттар елден кетпей, уақытша Қазақстанда қалуды жөн көрген. Өйткені көбі табыс табуға ақпан айында ғана келген. Уақыт өте келе карантин шаралары қатаңдап, мигранттар бүкіл ақшасын тауысып, көмекке мұқтаж күйге түскен.

Мұндай жағдайда адам саудасы құрбандарының саны артуы мүмкін. Өйткені көп мигрант төтенше жағдайдың кесірінен істеген жұмысы үшін келіскен ақысын ала алмаған. Жұмыс беруші пандемия кезіндегі қиындықтарды, құрылыс аяқталмағанын алға тартып, жалақы бермеген жағдай да кездескен.

Бірақ жалақысын ала алмаған мигрант полицияға арыз беруге көнбеген. Қазақстанда төтенше жағдай кезіндегі шетел азаматтарына арналған мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар жоқ. Бірақ Қазақстан ратификациялаған халықаралық конвенцияларға сәйкес, әлемдік деңгейдегі пандемия кезінде адам құқығын ешқандай дискриминациясыз қорғау керек.

ӘРИНЕ, ҚАЗІР ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МИГРАНТТАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚИЫН. КӨБІ БІЗГЕ ЖҰМЫСҚА КЕЛУ ҮШІН ӨЗ ЕЛІНДЕ НЕСИЕ АЛАДЫ. МИГРАНТТАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ АҚПАН АЙЫНЫҢ СОҢЫНДА НЕМЕСЕ НАУРЫЗ АЙЫНЫҢ БАСЫНДА КЕЛГЕН. ЯҒНИ, КӨБІ ЖАҚЫНДАРЫНА АҚША ЖІБЕРІП, НЕСИЕСІН ТӨЛЕУГЕ ҚАЖЕТ ЖАЛАҚЫСЫН АЛЫП ҮЛГЕРМЕГЕН.

Мен қиын жағдайда өмір сүріп жатқанына қарамастан, өзіне арналған гуманитарлық көмекті Өзбекстаннан келген отбасыға беруді өтінген мигрантты танимын. Оның аты – Азамжон.

 

Изоляция в квадрате«БАРЛЫҚ АДАМНЫҢ ӨМІРІНДЕ ҚИЫНДЫҚ БОЛАДЫ, БҰЛ — ҚАЛЫПТЫ НӘРСЕ»

Азамжон Өзбекстанның Бұхара қаласынан келген. Ол 18 жасынан бері жұмыс істеп келеді. Қыркүйек айында 30 жасқа толады. Азамжон зиялы отбасында туғанын, ата-анасы, аға-әпкелері тегіс жоғары білім алғанын, өзі үйдің кенжесі болғандықтан, оқығысы келмегенін айтады. Оған құрылыс пен жер өңдеу жұмыстары ұнайды.

Азамжон Қазақстанға табыс табуға бірінші рет 2008 жылы келген. Соңғы төрт жылда Ақтөбеге барып, жұмыс істейді. Ол биыл қаңтар айында ағасымен бірге әдеттегідей жұмысқа келіп, карантин жарияланған соң, Қазақстанда қалып қойған.

Олар елдегі жағдайға байланысты туған жеріне қайта алмаған. Жұмысынан, табыс табу мүмкіндігінен айырылған. «Дәріс» ақпараттық-консультативті орталығы Азамжонға азық-түлік беріп, гуманитарлық көмек көрсеткен. Бірақ ол көмектен бас тартып, азық-түлікті Өзбекстаннан келген, кішкентай қызымен бірге қиын жағдайда қалған таныс отбасыға берген.

Изоляция в квадрате

«ОЛАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БЕРГЕНІМЕ ҚАТТЫ ҚУАНДЫ. ГҮЛНҰРҒА РАҚМЕТ», — ДЕЙДІ АЗАМЖОН.

Изоляция в квадратеКарантин кезінде Азамжонның өзі де біраз қиындық көрген. Бірақ ол адам басына түскеннің бәрін көтере алады деп сенеді және Алланы еске алады.

Азамжон құрылыста істейді, бірақ коронавирус пандемиясы кезінде жұмысы тоқтаған. Ол карантин кезінде пәтерақысын төлеп, азық-түлік алу үшін көршілеріне көмектесіп, қолынан келетін әртүрлі жұмыс істеп, күнелткен. Ол ағасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Ай сайын пәтерге 20-25 мың теңге төлейді. Карантинге дейін ол ай сайын үйіне 100-120 мың теңге салып тұратын.

«ҚҰРЫЛЫСТА ІСТЕУ ҚИЫН», — ДЕЙДІ АЗ ЖАЛАҚЫ АЛАТЫНЫНА АҚТАЛҒАНДАЙ КЕЙІП ТАНЫТҚАН АЗАМЖОН. «ЖҰМЫСТА ТҮСКІ АС БЕРЕДІ, СОНДЫҚТАН ҮЙДЕН ТЕК ТАҢҒЫ АС ҒАНА ІШЕМІН».

Изоляция в квадрате

Азамжон табысының көп бөлігін Өзбекстандағы отбасына салады. Туған жерінде оны әкесі, қарындасы, 9 жастағы қызы мен 6 жасар ұлы асыға күтіп отыр. Азамжонның анасы бес жыл бұрын қайтыс болған. Қазір ол отбасын жалғыз өзі асырайды. Өйткені әкесі де карантин кезінде жұмыссыз қалған.

Азамжон үйіне ақша аудару үшін танысынан 40 мың теңге қарыз алған. Туыстары жан бағу үшін үйдегі жалғыз сиырын сатқан. Енді Азамжон қарызын тезірек қайтарып, үйіне сиыр сатып әпергісі келеді.

«ҚАЗАҚСТАНДА ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮРГЕНІМДЕ ЕШ ЖАМАНДЫҚ КӨРМЕДІМ. ЕШКІМ КҮШ КӨРСЕТКЕН ЕМЕС, ЖАЛАҚЫМДЫ ДА УАҚЫТЫЛЫ АЛЫП ЖҮРДІМ», — ДЕЙДІ АЗАМЖОН.

Изоляция в квадрате
Туған жерден ұзамай табуға болатын жалақы Азамжонның отбасын асырауға жетпейді. Өзбекстанда нан 100 теңге тұрады, одан бөлек, ет, көкөніс, май алу керек, ал олар қымбат. Өзбекстанда Азамжон бір күн жұмыс істеп, 2200 теңге, ал айына — 66 мың теңге табады.

Азамжон жақында 30-ға толатынын, бірақ әлі үй сатып алуға ақша жинап үлгермегенін өкінішпен еске алды. «Жинауға ақша жетпейді, маған несие де бермейді», - дейді ол. Азамжонның жоғары білімі, сәйкесінше, мамандығы да жоқ.

Азамжон соңғы 12 жылда Ақтөбеде ғана емес, Алматы, Қызылорда, Талдықорған, Шымкент пен Түркістанда жұмыс істеген. Соңғы төрт жылда ол табыс табуға тек Ақтөбеге барады. Өйткені оған қала мен ауа райы ұнайды. Азамжон «қала жайлы, тұрғындары да жақсы» деп есептейді.

«ӨЗІҢ ЖАҚСЫ БОЛСАҢ, БАРЛЫҚ ЖЕР ЖАҚСЫ КӨРІНЕДІ, ЖОЛЫҢНАН ДА ТЕК ЖАҚСЫ АДАМДАР КЕЗІГЕДІ», — ДЕЙДІ АЗАМЖОН.

Ол Алматыда істеген бір жылында қалада таксимен жүріп, қажет мекенжайды таба алмай, жиі адасқан. Үлкен қалада өмір сүруге де көп ақша кетеді.

АЗАМЖОННЫҢ ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕРІНДЕ ТЕЛЕДИДАР МЕН ВАННА ЖОҚ, СОНДЫҚТАН ОҒАН МОНШАҒА БАРЫП ЖУЫНУҒА ТУРА КЕЛЕДІ. БІРАҚ ПӘТЕРАҚЫСЫ АРЗАН.

Азамжон ары қарай да адал еңбектеніп, ақша тауып, жер не үй сатып алғысы келеді.  Ол ағасымен бірге үйіне оралып, жақындарының қасына жету үшін шекараның ашылғанын күтіп отыр. Азамжон табыс табуға қайта оралады, өйткені Қазақстанда жұмыс істеуге үйреніп қалған.
 

МИГРАНТТАР ЖӘНЕ ЗАҢ

БҰЛ БӨЛІМДЕ ҚАЗАҚСТАН ЗАҢДАРЫНДА КӨРСЕТІЛГЕН ЗАҢДЫ ЕҢБЕК МИГРАНТЫНЫҢ ТӨРТ САНАТЫНА КІМДЕР КІРЕТІНІ ЖӘНЕ ЕЛДЕГІ МИГРАЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ ТУРАЛЫ АЙТАМЫЗ.

ҚАЗАҚСТАН ЗАҢНАМАСЫ ЕЛДЕ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ РҰҚСАТЫ БАР ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫН ТӨРТ САНАТҚА БӨЛІП ҚАРАСТЫРАДЫ:

  • «Шетелдік жұмысшылар» Қазақстанға жұмыс істеуге келеді.
  • «Бизнес-иммигранттар» елде кәсіп жүргізеді.
  • «Маусымдық шетелдік жұмысшылар» елге бір жылға жетпейтін маусымдық жұмысқа келеді.
  • «Еңбек иммигранттары» рұқсат қағаз негізінде физикалық тұлғалардың қол астында жұмыс істейді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕРДІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ:

  • Көбіне кәсіби біліктілігі жоғары адамдардың елден көшу трендіне негізделген эмиграция.
  • Миграциялық транзит және Орталық Азия елдерінен келетін еңбек миграциясы.
  • Этникалық қазақтардың келуімен байланысты иммиграция.
  • Ауылдан, шағын және орта қалалардан үлкен қалаларға көшуге негізделген ішкі миграция.

Орталық Азия елдерінің халқы Қазақстанды еңбек миграциясы үшін қолайлы мемлекет көреді. Еңбек миграциясын «мигрант ақша табуға келіп, біраз уақыттан кейін өз еліне қайтатын жүйе» деп түсіну өзектілігін жоғалта бастады. Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның зерттеулері Қазақстан еңбек мигранттары үшін тұрғылықты өмір сүретін мемлекетке айнала бастағанын көрсетеді.

Жұмыс істейтін мигранттар отбасы мүшелерін көшіріп, жергілікті халықтың тұтыну деңгейіне жетуге тырысады. Бұған дамыған миграциялық желілер мен диаспоралар ғана емес, мигранттардың жеке тұлғалық қабілеті және жергілікті халықпен қарым-қатынасы да әсер етеді.

Еңбек мигранттары ел экономикасының, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуында маңызды рөл атқарады. Мигранттардың жартысынан көбі шағын жекеменшік фирмаларда жалданып жұмыс істейді, әрбір төртінші мигранттың жеке кәсібі бар. 2014 жылы жақын шетелден келген физикалық тұлғаларға жұмыс істеуге рұқсат беру тәртібі біршама жеңілдеді. Сол кезден бері бір миллионға жуық шетелдік жұмысшының құқықтық статусы реттеліп,  олар көлеңкелі сектордан шығып, ел бюджетіне салық төлейтін болды.

КЕЛЕСІ КЕЗЕКТЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ МИГРАНТТАР ЖҰМЫСЫН РЕТТЕУГЕ МҮМКІНДІК ТУАДЫ. БҰЛ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАП, БЮДЖЕТКЕ САЛЫҚ ТҮСІРУГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ.

Мемлекеттің миграция саласындағы саясатын реттеу Қазақстан Республикасының миграциялық саясат жөніндегі концепциясы мен «Халық миграциясы туралы» заңның жаңа нұсқасының көмегімен жүреді.

Жаңа институционалды экономика мектебіне сәйкес, жемқорлық қосымша транзакциялық кедергілер туғызып, жұмыс істеп тұрған жүйелердің тиімсіздігін арттырады. Көп мигрант тұрғылықты мекенжай анықтамасына қол жеткізе алмайды немесе құжаттары толық болса да, миграциялық қызметке барып, тіркеуден өте алмайды.  Осыдан кәсібін дамытуға немесе салық төлеуге керек ақшасын пара беруге жұмсайды. Жемқорлық мигранттар жағдайына кері әсер етіп, оларды шарасыз күйге түсіреді.

«Қайсар» қоғамдық қорының өкілі Оксананың пікірінше, «мигрант» деген сөздің өзі мигранттардың ішкі және сыртқы деп екі топқа бөлінетінін білдіреді. Олардың материалдық жағдайы да әртүрлі. Елде өте бай, орташа өмір сүретін және кедейліктің шегінде жүрген мигранттар бар. Олардың құқықтық мәртебесі мен басшылыққа алатын себептері де әртүрлі.

Мигрант үшін жақсы үйге қол жеткізу құқығы өзекті мәселенің бірі саналады: олар жатақхананың шағын бөлмесінде немесе аумағы үлкен пәтер мен саяжайда тұруы мүмкін. Мигранттар жергілікті жағдайға бейімделіп, жаңа қоғамға еркін араласып кетуге тырысады. Олардың балалары мектепке барып, Қазақстанда тегін орта білім алады.

ДИАСПОРА КӨШБАСШЫЛАРЫ ЖЕРЛЕСТЕРІНЕ КӨМЕКТЕСУДЕ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ РӨЛ АТҚАРАДЫ. БҰЛ ЕЛДІҢ БАРЛЫҚ ӨҢІРІНДЕ БАЙҚАЛАДЫ.


Изоляция в квадратеЗЕЙНАЛ ГАДЖИЕВ МЫРЗАМЕН СҰХБАТ

Миграция жөніндегі халықаралық ұйым Қазақстанда 1998 жылдың 13  қаңтарынан бастап жұмыс істеп келеді. Ұйым миграцияны реттеу шараларын гуманизациялау, миграция мәселесіндегі халықаралық әріптестікті дамыту, мәселені шешудің тиімді жолдарын іздеуге көмектесу, көмекке мұқтаж мигранттарға, босқындар мен ел ішінде қоныс аударғандарға гуманитарлық көмек беру бағытында жұмыс істейді.

ЗЕЙНАЛ ГАДЖИЕВ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША СУБӨҢІРЛІК ҮЙЛЕСТІРУШІ, МИГРАЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМ МИССИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН, ҚЫРҒЫЗСТАН, ТҮРІКМЕНСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ БАСШЫСЫ.

— АҚШ-тың миграцияға қарсы саясаты бүкіл әлемге қалай әсер етеді?

Жаһандану мен миграцияға қарсы саясат көп елде, оның ішінде бірнеше батыс мемлекетінде байқалады. Іс жүзінде бұл миграция мәселелерін шешуге көмектеспегені былай тұрсын, оны керісінше, ушықтырады. Мұндай саясат әдетте заңмен реттелмеген миграцияның өсуіне әкеп соғып, мигранттар мен мемлекеттерге зардабын тигізеді. Біз керісінше, мигранттарға барынша қонақжай саясат пен заң аясында көп мүмкіндік қалыптастыруға, олардың туған жері, табыс табуға барған мемлекеті мен оған жету үшін транзит ретінде  таңдаған елі арасында әріптестік орнатуға, миграциялық процестерді ұйымдасқан және қауіпсіз етуге күш салу керек деп есептейміз.  

ӘЛЕУЕТІН ДҰРЫС ПАЙДАЛАНСА, МИГРАЦИЯ ЖҰМЫС КҮШІН ЖІБЕРЕТІН ЖӘНЕ ҚАБЫЛДАЙТЫН МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ДАМУЫНДА МАҢЫЗДЫ РӨЛ АТҚАРАДЫ.

— Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2012 жылы Ресейде жұмыс істейтін тәжік мигранттардың ақша аударымдары Тәжікстанның жалпы ішкі өнімінің 48% құраған. Даму деңгейі кенже қалған мемлекеттердің экономикасы мигранттардың табысына арқа сүйеп отыр деуге бола ма?

Қазіргі көрсеткіштер 2012 жылғыдай жоғары емес, бірақ Қырғызстан мен Тәжікстан экономикасы еңбек мигранттарының ақша аударымдарына әлі де тәуелді. Орталық Азия елдеріндегі мигранттардың соңғы 5 жылдағы ақша аударымының көлемі төмендегі кестеде көрсетілген.

Аздап өзгергеніне қарамастан, көрсеткіштер тұрақты сақталған. Қазіргі коронавирус пандемиясы кезінде мигранттардың жұмысынан айырылып, табыс табуға барған елінен шыға алмауы да ақша аударымдарына әсер етуі мүмкін. Қазір миграция жөніндегі халықаралық ұйым пандемияның миграциялық трендтер мен мигранттардың ақша аударымдарына әлеуметтік-экономикалық әсері туралы зерттеу дайындап жатыр.

Изоляция в квадрате

КЕСТЕ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ОРТАЛЫҚ БАНКІ ҰСЫНҒАН СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ ДАЙЫНДАЛДЫ

— Мигрантты «заңсыз» жұмысқа не итермелейді?

Біздің ұйымнан көмек алатын тұлғалармен сұхбатқа сүйенсек, мигрант бірінші кезекте жақсы өмір іздейді. Әдетте жұмыс беруші арзан жұмыс күшінің орнына оларға «жақсы өмір» сыйлауға уәде береді. Көп мигрант білім алуға, үйленіп, той жасауға немесе жақындарын асырауға ақша табу үшін басқа елден жұмыс іздейді.

— Мәдениет саласы мигранттардан қорқу сезіміне қарсы күресуге тырысып жатыр. Мәселен, Сергей Дворцевойдің «Айка» фильмі Қырғызстаннан келген мигранттың Мәскеудегі өмірін көрсетеді. Мигранттар туралы аңыздармен қалай тиімді күресуге болады?

Иә, бұл халықаралық Канн кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасына қатысып, ең үздік актриса рөлін жеңіп, ТМД және Еуропа көрермендерінің назарын мигранттар мәселесіне аударған тамаша фильм. Мигранттар өмірінен алынған оқиғалар желісіне құрылған фильмдер, қойылымдар мен картиналар шығып жатқаны қуантады. Мәселені кино, музыка, әлеуметтік желі сияқты құралдар көмегімен аудиторияға жеткізу қорқыныш пен қарсылықты жеңуде маңызды рөл атқарады.

Мәселен, осы сұхбат та – алдын-алу шарасының бір түрі. Өйткені ақпарат құралдары ақпарат алуға арналған негізгі алаң саналады.

— Жергілікті тұрғындар мен мигранттар арасында жұмыс орны ғана емес, мигранттардың балаларын мектепке қабылдау мәселесіне қатысты да кикілжің туады. Қазақстандағы жағдай қалай?

Мемлекеттік органдар тарапынан мигранттардың балаларын біліммен қамтамасыз ету үшін қажет шаралар қолға алынды. Қазір барлық баланың тегін орта білім алуға құқығы бар. Баланы мектепке қабылдауда қиындық туса, баланың білім алу құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдарды тартамыз. Біздің тәжірибемізде болған мұндай жағдайдың бәрі баланың пайдасына шешілді. Дегенмен мигранттардың балалары әдетте мектепте жүріп, тілді дұрыс білмеу немесе отбасындағы материалдық жағдайдың төмендігі сияқты қиындықтарға кезігіп жатады.  Елдегі мектептің бәрі қашықтан оқуға көшкенде, мигрант отбасылардың бәрінде онлайн оқуға мүмкіндік болған жоқ.

 

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫММЕН СҰХБАТ: МИГРАНТТАРҒА КӨМЕК

ОКСАНА ТАРУБУКИНА МЕН ГҮЛНҰР ИДИГЕЕВА ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕТІН МИГРАНТТАРДЫҢ ӨМІРІНДЕ КЕЗДЕСЕТІН ҚИЫНДЫҚТАР ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕП БЕРДІ. ОЛАРДЫҢ ҰЙЫМЫ ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛҒАН МИГРАНТТАРҒА КӨМЕКТЕСУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ.

Изоляция в квадратеОксана Тарабукина — «Қайсар» қоғамдық қорының басшысы, ҚР ІІМ ішкі істер органдарының қызметі қоғамдық кеңесінің мүшесі.

«Қайсар» қоғамдық қоры құқықтық мәселелер мен заңға қатысты сұрақтар бойынша көмек көрсетеді, мигранттарды мемлекеттік, құқық қорғау органдарына ертіп апарады, сотта олардың мүддесін қорғайды, құжатын реттеп, туған жеріне оралуға көмектеседі. Уақытша баспана, азық-түлік, жеке гигиена заттары, киім беріп, медициналық тексеруден өткізеді, қажет жағдайда емделу ақысын төлейді.

Ұйым жұмысының екінші бағыты ішкі және сыртқы мигранттарды қоғамға араластыру бойынша шаралар кешенін қамтиды. Ұйым көбіне әлеуметтік дағдарыс зонасынан келген, өз елінде ас-сусыз қалған мигранттар тобымен жұмыс істейді. Олардың қатарында Орталық Азиядан ғана емес, Ресей, Украина, Молдова, Беларусь пен Грузиядан келген мигранттар бар. Олар бірнеше рет Қытай, Филиппин және Түркия азаматтарына да көмектескен.

— Мигранттармен жұмыс барысында қандай мәселе жиі кездеседі?

Әр адам қиын жағдайға әртүрлі себеппен тап болады. Бірақ үкіметтік емес ұйымнан көмек сұрап келген еңбек мигранттарының мәселесі бір — туған жерге оралу. Әдетте мигранттар әртүрлі орындардан көмек сұрап, мәселесін шеше алмаған соң бізге келеді. Біріне консультативті көмек, басқаларға — жеке тұлғасын анықтайтын құжаттың орнына жүретін қағаз алу, гуманитарлық көмек беру, қауіпсіз жерге орналастыру, құқық қорғау органдарына ертіп апару мен елшілікке өтініш беруге қолдау керек.  Ең көп мәселе туғызатын сұрақ — құжатын жоғалтқан адамның азаматтығын анықтау, елшіліктен жарамдылық мерзімі шектеулі анықтама алу. Бұған кейде жылдап уақыт кетеді!

КЕЙДЕ СССР ТАРАҒАННАН КЕЙІН МҮЛДЕ АЗАМАТТЫҚ АЛМАҒАН НЕМЕСЕ ТУҒАН ЕЛІНІҢ АЗАМАТТЫҒЫН ЖОҒАЛТҚАН, АТА-АНАСЫ ӨЗ ҚҰЖАТЫНЫҢ ДҰРЫС БОЛМАУЫНАН КЕЗІНДЕ ҚҰЖАТЫН РӘСІМДЕМЕГЕН АЗАМАТТАР КЕЗДЕСЕДІ. БҰЛ ШЕШІЛУІ ҚИЫН ҮЛКЕН МӘСЕЛЕ.

—2015 жылғы дерек бойынша Ресей шетелдік мигранттар саны бойынша әлемде 2-орын алады. Елге еңбек мигранттарының ағылуы еңбек шарттарының жақсы екенін көрсете ме?

Бұған иә әрі жоқ деп жауап беруге болады. Әркімнің жағдайы әртүрлі. Көбіне мұның бәрі мигранттың мүмкіндігі мен ресурстарына байланысты. Ресей Орталық Азиядан баратын мигранттар үшін тартымды көрінеді, бірақ оған бәрінің бірдей қолы жете бермейді. Адамдарды онда арзан жұмыс күшіне сұраныстың көбі, құрылыс саласындағы жалақының жоғары болуы, мигранттар барғысы келетін ірі қалаларда халықтың тығыз орналасуы тартуы мүмкін. Халық тығыздығы жоғары болған сайын, қызмет көрсету және сауда саласына сұраныс артады:  техникалық қызметкер, көше тамағы, кәуап, кафе, базар, такси және тағы басқа жұмыс.

— Қиын жағдайға тап болатын мигранттардың көбі кедей мемлекеттерден шыққан ба?

Бұл тұжырым жалпы алғанда дұрыс. Ал үңіліп қарасақ, елдегі мигранттың қиын жағдайда қалуы қолында құжатының бар не жоқ болуы, денсаулық жағдайы, медициналық қызметке қолжетімділік, еркін жүріп-тұру мүмкіндігі, ішерге асы мен басында баспанасының болуы сияқты критерилердің көмегімен анықталады.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛҒАН МИГРАНТТАР ПАЙЫЗЫНА КЕЛСЕК, ОЛАРДЫҢ САНЫН ШАМАЛАП БОЛСЫН АЙТУ МҮМКІН ЕМЕС. ӨЙТКЕНІ ОЛАРДЫҢ КӨБІ ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ.

— Қазақстанда «оралман» терминін алып тастады. Жақында миграциялық заңнамаға өзгеріс енді. Енді туған жеріне оралған этникалық қазақтарды ресми «қандас» деп атайды. Лексика мен термин адамның санасына қалай әсер етеді?

Кез келген елдегі байырғы халық басқа жақтан көшіп келгендер мен тарихи отанына оралғандарға аяқ тартып қарайды. Көбіне негативті көзқарас танытады. Толерантты лексика қолдану қабылдаушы тараптың қарым-қатынасын қатты өзгерте қоймайды. Толерантты мәдениетті бала кезден санаға сіңіру керек. Ол өздігінен қалыптаспайды.

ТАРИХИ ОТАНЫНА ОРАЛҒАН ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРҒА КЕЛСЕК, «ҚАНДАС» ТЕРМИНІ ПОЗИТИВТІ МАҒЫНАҒА ИЕ ДЕП ОЙЛАЙМЫН. БҰЛ СӨЗДЕР ӘЛДЕҚАЙДА ЖҰМСАҚ ӘРІ ДҰРЫС ЕСТІЛЕДІ.

«Заңсыз жұмыс істейтін адам» деген сөзге келсек, оны қолданудың қажеті жоқ. Мигрант шекарадан заңсыз өтсе, оны дәл солай атаған дұрыс. «Заңсыз мигрант» деген сөз халықаралық құжаттардағы күшін жойды. Дұрысы «мәртебесі реттелмеген мигрант» деу керек.

Изоляция в квадратеГүлнұр Идигеева —«Дәріс» ақпараттық-консультативті орталығының атқарушы директоры.

Біздің ұйым көмек сұрап келген мигранттардың бәріне көмектеседі. Аутрич-жұмыстарын жүргізіп, халық жаппай жиналған орындарға барып, мигранттарға арналған ақпараттық қағаздар таратамыз, жабық мекемелерге (оның ішінде қабылдап таратушы орындарға) барамыз. Көбіне мәртебесі реттелмеген мигранттармен жұмыс істейтініміз түсінікті шығар.

Қазақстанда Ресейге қарағанда мигрант саны аз. Мигрант алдына таңдау берілсе, Ресейді таңдайды. Олардың айтуынша, Ресейде еңбек жағдайы жақсы және жалақы жоғары. Бірақ Қазақстанды таңдайтындарға мәдениет пен салт-дәстүрдің ұқсастығы тұрғысынан жеңіл болады. Көбі әкімшілік сипаттағы айыппұлдарын төлемегені үшін (Ресейде олар «тыйым салынғандар» санатына кіреді) Ресейге екінші рет кіре алмай, Қазақстанға келеді. Ақтөбе облысында осы мәселе өзекті, өйткені облысымыздың екі ауданы Ресеймен шектеседі.

3-5 жылда Ресейге табыс табуға орала алмаған көрші ел мигранттары Қазақстанды бетке алады.


МИГРАЦИЯДАҒЫ АДАМДАРҒА ТӨНЕТІН ҚАУІП ФАКТОРЛАРЫ:

Экономикалық өсім жалақыны өсіріп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашты. Еңбек мигранттарының үйіне жіберетін ақша аударымдары отбасылық бюджеттің негізгі бөлігін құрайды. Бірақ мұнда да көзге көріне бермейтін мәселелер бар.

МИГРАНТТАРДЫҢ ӘЛСІЗ ТҰСЫ:

  • Төмен жалақы төлейтін жұмыс орындары. Маусымдық мигранттар көбіне аз ақша төлейтін жұмыстарда істейді. Бұл оларды отбасын асырауға жететін тұрақты табыс табу мүмкіндігінен айырады. Әсіресе, бір ғана асыраушысы бар отбасылар әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған санатқа жатады.
  • Қауіп факторына сәйкес келмейтін білім, жеткіліксіз жұмыс тәжірибесі немесе кәсіби дағдысын дәлелдеу мүмкіндігінің жоқтығы жатады. Бұл жергілікті базарда, маусымдық ауылшаруашылық жұмыстарында және жуып, тазалау саласында істейтін бейресми сектор жұмысшылары үшін қалыпты сценарийге айналған.
  • Сәтсіз еңбек миграциясы экономикалық жағдайды ушықтыруы мүмкін. Әсіресе, басқа елге табыс табуға бару үшін үлкен көлемде қарыз алып немесе қолда бар дүниесін сатқан адамдарға қиын.

Миграция жөніндегі халықаралық ұйым дерегінше, жастар миграцияны өз еліндегі жұмыс тапшылығы мәселесін шешу стратегиясы ретінде көреді. Тәжікстаннан келетін еңбек мигранттарының 73% 29 жасқа дейінгі адамдар құрайды.

Дегенмен миграция мигранттарға әртүрлі әсер етеді: кей жас адам қарызға батып, заңсыз жұмыс істеп, өмір сүруге мәжбүр болады. Бұл олардың экономикалық жағдайын тұрақсыз етіп, өздерін қоғамда бөтен сезінуге итермелейді. Кейде қабылдаушы қоғам оларға қоқан-лоқы көрсетіп, шабуыл жасайды. Осылай кей жасқа миграция тәжірибесі үлкен соққы болып тиюі мүмкін.

Қазақстанда жас әйелдер ерлерге қарағанда екі есе ұзақ уақытқа еңбек нарығынан тыс қалады. Әсіресе, баласын жалғыз өсіріп отырған әйелдер бір кезде ештеңеге қарамастан, жұмыс орнын іздеуге бел бууы мүмкін.

«Қайсар» қоғамдық қорының өкілі Оксана Орталық Азиядан келетін еңбек мигранттары жұмыс іздеп келгендерге көп мүмкіндік ұсынып, өңір мемлекеттері арасындағы әріптестікті арттыруға белсенді қатысып, бауырмалдық атмосферасын қалыптастыруға үлес қосып жүрген Қазақстанды жиі таңдайтынын айтады. Ресей жемқорлық, ақша бопсалау мен ксенофобияның кесірінен мигранттар арасындағы танымалдылығын жоғалта бастады.

Қазақстанда Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарына толерантты көзқарас басым. Жемқорлық пен ақша бопсалауға келсек, бұл — өте даулы мәселе. Бірақ көбіне дәл осы «бауырмалдық атмосфера» стереотипі мигрантты алдап соғудың негізгі факторына айналады: мигрант «миграциялық қызмет бөлімшесіне тіркеуге тұрғызамын» деген жұмыс беруші бауырына төлқұжатын ойланбай табыстайды. Осылай қақпанға түседі — жұмыс беруші оған ақшасын бермейді, ал бірден тіркеуге тұрмағаны үшін мигрант үлкен көлемде айыппұл төлейді немесе депортацияланады. 

Депортацияланған адам ол елге 5 жылға дейін қайта кіре алмайды. Көп мигрант үшін бұл үйіне ақшасыз қайтумен бірдей қорқынышты сценарий саналады. Сондықтан мигранттың төлқұжаты — жұмыс беруші үшін құнды құжат және манипуляция құралы.

ОСЫЛАЙ МИГРАНТ АҚША ТАБУ ҮШІН ЕМЕС, ТӨЛҚҰЖАТЫН УАҚЫТЫНДА ҚАЙТАРУ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ. КЕЙДЕ ЖАҒДАЙ ҚАЙҒЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ.

Изоляция в квадратеМИГРАНТ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛҒАНЫНА КУӘ БОЛСАМ, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Мигрант құқығы бұзылғанына куә болсаңыз, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабар бере аласыз. Одан бөлек, мигранттар көбіне адам саудасының құрбаны болатынын ескеріп, 11616 нөмері бойынша адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ыстық желіге хабарласуға болады. Сіз анонимді өтініш қалдыра аласыз, ал ыстық желі операторы фактіні тексеру үшін хабарламаңызды полиция бөлімшесіне жеткізеді. Бұл ақпарат сондай-ақ Қазақстанда мигрант құқығын қорғаумен айналысатын қоғамдық ұйымдардың біріне жіберіледі.


Бұл материал «Qolda» төтенше көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорымен бірге дайындалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.

 

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Протестанттарды түсінуге көмектесетін 12 сөз

Реформация, Иса Мәсіхтің екінші рет жерге оралуы және адамзатты күнәдан құтқаратын береке дегеніміз не?

8 минут
8 минут

Православие өкілдерін түсінуге көмектесетін 12 сөз

Әулиелердің өмірі туралы өсиеттерде не жазылған, шіркеу әкесі деп кімді атаймыз және неге Иса Мәсіх Адам кейпіндегі Құдай саналады?

15 минут
15 минут

Католиктерді түсінуге көмектесетін 12 сөз

Шоқындыру, мира майын жағу және Киелі Рух деген не?

17 минут
17 минут
Партнерский

Как повышать не только рождаемость, но и качество человеческих ресурсов?

В рамках празднования Всемирного дня народонаселения обсудили с врачом-психотерапевтом Жибек Жолдасовой три главные темы — количество населения, качество человеческих ресурсов и демографическую ситуацию в стране.

21 минута
21 минута