Женщины, которые меняют мир
О том, как у них получилось открыть свое дело, а после — найти настоящую суперсилу. Сегодня...
Альмира – 29 жаста. Ол қаңтар айының соңында жаңа өмір бастауға бел буып, «күніне он сағат уақытым жұмыс үстелінде өтсе, кәсібім көңіліме қуаныш сыйлауы керек» деген оймен бұрынғы қызметінен кеткен. «Жалдамалы пәтерде тұрсам, қаржыдан қиналармын» деп, ата-анасының үйіне көшкен.
Ақпан айы қиын болды: Қазақстанның еңбек нарығынан Альмираға кәсіби әрі рухани тұрғыдан өсуге мүмкіндік беретін жұмыс табылмады.
Наурыз айының ортасында Қазақстан президенті коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты карантин жариялады. Көп адамға жұмыс ауыстыру, пәтер жөндеу, туыстарға қонаққа бару сияқты жоспарларын кейінге шегеруге тура келді. Бәрі демін ішіне тартып, әліптің артын бақты. Халықтың тынышы кетіп, қоғамда шаршаңқы көңіл-күй артты.
Біреулер карантин кезінде тоқтаған кәсібі мен жұмыссыз қалған қызметкерлерінің тағдырына алаңдады, кей адам өзі мен баласының бос уақытын тиімді өткізуге тырысты, ал үшінші бір топ өкілдері күнкөрістің қамын ойлап, бас қатырды. Көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған тобы қиын жағдайда қалды. Адамдар материалды көмекке уақытылы қол жеткізе алмады.
Біздің кейіпкеріміз қалтасында қиын күнге деп жинаған артық ақшасы жоқ адамдар мен көмекке мұқтаж қарттарға қол ұшын созуды жөн көрген. Ол еріктілермен жұмыс істейтін ұйымдардың біріне қосылып, қаланың ішінде және сыртында тұратын мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізуге кіріскен.
Альмира аз қамтылған отбасыларға көмектесу ниетін жеткізгенде, ата-анасы бұл шешімге қарсы болған. Анасы «Сен өзіңе және бізге қауіп төндіресің. Жасымыз 60-тың үстінде, біз ауру жұқтыру қаупі жоғары топқа кіреміз…» деп, есіктің алдына тұрып алған. Бірақ Альмира өз дегенінен қайтпаған.
Альмира бір ай ерікті боп істегеннен кейін елде қалыптасқан жағдаймен жақынырақ танысуға мүмкіндік алған. Ол шынайы кедейліктің қандай болатынын түсініп, бес баласы бар отбасылардың қабырғасы тозған жер үйлерде, өте қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын көрген. Альмираның жүрегінде аяушылық сезімін туғызған көрініс отбасы мүшелері үшін қалыпты құбылысқа айналғанына куә болған.
Мәселен, үлкен отбасы үшін тар жер үйде тұру «көшеде ұйықтағаннан әлдеқайда жақсы» нұсқа. Ал кедейлік шегінен де төмен жағдайда күнелтіп жүрген қарттарды жақын туыстары да іздемейді.
«Адамдар әртүрлі болады. Кейбірін осылай жасауға басындағы жағдай итермелейді». Альмира еріктіліктің мәнін түсінбейтін отбасылар туралы әңгімесін осылай бастады. «Бірде азық-түлік көтеріп, көпбалалы отбасына бардық. Олар қаланың сыртында тұрады. Өзбектердің дәстүрлі үйін еске салатын бірқабатты ұзын ғимаратқа келіп тоқтадық. Үйдің алдыңғы бетінде бірнеше есік болды. Бір есіктің алдына балалардың заттары, маталар, еден жуатын таяқша, ойыншықтар үйіліп, тоңазытқыш қойылған.
Осы есікті қағып көрдік. Дәл түсіппіз. Есікті шамамен отыз жастағы әйел ашты. Оның артына шашы таралмаған, түрлі-түсті киім киген балалары тізілді.
Біз сыпайы амандасып, азық-түлік салынған пакетті ұсындық. Әйел даусын көтеріп: «Неге азық-түлікті сонша ұзақ жеткіздіңдер? Пакетте сол баяғы ұн мен май бар шығар. Тым құрыса, балаларға бірнәрсе әкелдіңдер ме?» — деді.
Альмира бейтаныс адамнан мұндай реакция күтпеген. Сол бейтаныс адам үшін бүгін ақысыз жұмысқа шыққаны есіне түсіп, тамағына тас тығылғандай сезімде болған.
Альмира мен басқа еріктілер көмек алған адамдардан агрессивті сөз бен сын-пікірді бірінші рет естіп тұрған жоқ.
Еріктілік өз еркімен ақысыз жұмыс істеп, көмектесу дегенді білдіреді.
Еріктілермен болған сұхбаттардың бірінде «Кейде азық-түлікке жаратпай қарап, ашумен пакетті бетімізге лақтыруға шақ қалады», — деген жолдар бар.
Альмираның айтуынша, көбіне қарт адамдар алғысын жаудырып, көздеріне жас алады. Еріктілерді шәйға шақырып, жүздерінен азық-түлік алғанына ұялғаны көрініп тұрады.
Тұтыну мәдениетінің дамуы мен советтік теңдік туралы әңгімелердің ықпалынан болса керек, жастар көбіне үшінші тараптан келген көмекті міндетті нәрсе сияқты қабылдайды.
Қарт адамдар аштықты, соғыс пен одан кейінгі қиын заманды бастан өткерді. Ел өмірі бір қалыпқа түскенде, олар өздері өткен қиындықты балаларына көрсетпеу үшін барынша тырысып бақты. 60-жылдары дүкен сөрелері бос тұрды, бірақ өмір одан тоқтап қалған жоқ.
Кейінгі ұрпақ ата-бабасының басына түскен қиындықты көрген жоқ. Олардың алғыс айтпайтыны да – содан.
«Аяла» қорының ардагерлерге көмек жобасында ерікті боп жүрген Әлжан қарттарға жатып ішу психологиясы жат екенін айтады. Бұл олардың жастарға қарағанда әлдеқайда жауапты екенінен болса керек. «Мен 85-102 жас аралығындағы соғыс және тыл ардагерлерімен жұмыс істеймін. Олар – еркелігі жоқ, ойлау жүйесі басқа, құндылықтары бөлек адамдар. Біз бұл туралы ойланбаймыз да, бірақ шыны – сол», — дейді Әлжан.
«Қарттар мүлде пайдакүнем не талапшыл емес, сондықтан саған «көмектесуге міндеттісің» деген көзқараспен қарамайды. Ардагерлердің көбі – өте қарапайым, артық сөзі жоқ адамдар. Олар ешқашан молшылықта өмір сүрмеген. «Күнделікті тұрмысты жеңілдететін техника әкеліп берейік» деп ұсынғанда, үрке қарап, бас тартқан ардагерлер де кездесті. Олар өздерін ‘‘Бай болмадық, енді бастаудың да қажеті жоқ’’ деген мақалдағыдай ұстайды. Қарттарға бұл көмек аста-төк өмірдің белгісі сияқты көрінеді».
70-жылдардың соңында Совет одағы азаматтарының тұрмысы түзеле бастады. Жақсы жұмыс істегендерге жалақыдан бөлек, сыйақы мен сыйлықтар берілетін болды. Зауытта жұмыс істейтін өндіріс үздіктері ол кезде аз кездесетін теледидар мен кілем ала бастады. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру жоғары деңгейде болды. Сол кездегі жақсы әлеуметтік саясат туралы естіп өскен ұрпақ «әлеуметтік саладағы жағдайға толықтай мемлекет жауапты болуы керек» деп сенеді. Олар «мемлекет міндетті» деген тұжырымға сүйенеді.
Кейін тұтыну мәдениеті рухани құндылығымызды өзгертті. Дәстүрлі мәдениет әдетте адамдарды біріктірсе, тұтыну дәуірінде керісінше, әркім өзінің жеке қажетін өтеуге басымдық беретін болды.
Осыдан адамдар эгоист болып, «Мен» және «Маған» дегенді жиі айтады. «Азық-түлігім қайда?», «Балаларыма не әкелдіңдер?», «Неге ұзақ күттірдіңдер?».
Мүмкін екеуінің арасындағы байланыс бірден көзге түспейтін де шығар. Бірақ тұтыну мәдениеті адамдардың өзара араласуы мен олардың қарым-қатынас туралы ойының өзгеруіне қалай әсер еткенін елестетіп көріңізші.
Қазір ешқандай романтикалық қатынас материалдық игіліксіз құрылмайды. Бұл идеядан қанша бас тартсақ та, біздің буын кері қайтаруға болмайтын процеске қосылып үлгерді. Тұтынушылық көзқарас ДНК-мыздың бір бөлшегіне айналды.
Бізді бейсаналы түрде тұтынушы сияқты ойлануға үйретті, сондықтан қарым-қатынаста да осы көзқарасты ұстанамыз. Аталған ойлау жүйесі телевизиялық шоулардан, фильмдер мен кітаптардан, күнделікті әңгімемізден анық көрінеді. Сондықтан әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған топ өкілдері де осы ойлау жүйесінің құрбаны емес деп айтуға еш негіз жоқ.
Тұтыну мәдениетінде адам басқалардың қызығушылығын маңызды көрмейді, өзгенің қайғысын түсінбейді, әлеуметтік игілік жолындағы ортақ іске атсалысқысы келмейді.
Альмираның басынан өткен жағдайға ұқсас оқиғалар көп. Еріктілер осыған дейін де кейінгі ұрпақ еріктіліктің мәнін түсінбейтінін айтып, тұтынушылық көзқарасқа назар аударуға тырысқан.
Бірақ бірлі-екілі оқиғаны бүкіл халыққа таңып, бергенінен алғаны көп адамдар тобын «жатыпішерлер” қоғамы деп атауға болмайды. Иә, олар қиын жағдайда қалды. Иә, жастардың ішкі сезімдері алдыңғы буын өкілдерінің ұстанымдарына ұқсамайды. Иә, ағарту жұмыстарын кең көлемде жүргізу керек.
Бұл материал «Qolda» төтенше көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорымен бірге дайындалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)