55 жыл бойында домбыра жасап келе жатқан шебер — Жолаушы Тұрдығұлов

8 минут Ардақ Құлтай
55 жыл бойында домбыра жасап келе жатқан шебер — Жолаушы Тұрдығұлов

Домбыраға деген сағыныштан туған өнер қалайша өмірлік мұратқа айналды? Ұлттық аспаптарға қызығушылық неге артып келеді? 55 жылдан бері ұлттық аспап жасаумен айналысып келе жатқан шебер Жолаушы Тұрдығұловпен сұхбаттасып, алғашқы домбырасын Қиыр Шығыста ағаш пен пышақпен ойып жасаған күннен бастап, кәсіби сахналарға дейінгі жолын білдік. Бұл жолғы сұхбат бір шебердің өмірі ғана емес — қазақтың күйлі шежіресі.


Домбыра жасауды қай жылы бастадыңыз? Ең алғашқы домбыраңыз туралы айтып берсеңіз.

1969 жылы мен Қиыр Шығыста, Ресейдің бір қиырындағы Уссурийск қаласында әскери қызметте болдым. Құрылыс жасағында автокранда жұмыс істедім. Қалың орман ішінде, табиғаты әсем жерде орналасқан бұл қалада әскери міндетімді өтеп жүрдім. Бастапқыда маған бәрі жат, түсініксіз көрінді. Бірақ біртіндеп үйреніп, жұмыс тәртібіне бейімделе бастадым. Сол кезде-ақ өзімнің болашақ шығармашылық жолымның бастамасы ретінде ішкі дайындығым жүріп жатқанын түсінбедім де.

Шетелде жүргенде домбыраның үні қатты жетіспейтін. Өзімнің ағаш жонатын өнерім болатын. Сол жақта жүріп, бір жігіттің сұрауы бойынша алғашқы домбырамды бір ай ішінде жасаған едім. Қолымда балта мен пышақ қана болды.

Содан кейін бұл іс мені әбден баурап алды. Домбыра жасау өнеріне ден қойдым. Әрине, басында ешқандай шеберхана жоқ. Бар-жоғы қарапайым құралдар ғана. Бірақ соған қарамастан, қолдан келгенше жасауға тырыстым. Әскерде қазақтар көп болды, 20 шақты қырғыз жігіті болды. Олар да сол домбырама қызықты. Бұл домбыра елін сағынған әрқайсымызға рухани азық болды.

Ал елге келгеннен кейін бұл істі жалғастыра бастадыңыз ба?

Елде ағаш та көп, жасаймын десең, бәрі бар. Ол кезде шеберханамыз жоқ. Марқакөл аудандық Мәдениет үйінде жұмыс істедім. Өзім жазу-сызуға, сурет салуға жақын болдым. Жұмысым шопырлық қызмет еді. Бірақ бәрімен айналыса беретін едік. Сол Мәдениет үйінде би билеп те, ән де айтып, актер де болып жүрдік. Күй үйрене бастадым. Оркестрде виртуоз домбырашы болдым.

Ал 1974 жылы Алматыға келдім. Әуелгі ойым консерваторияға оқуға түсіп, домбыра оқысам дедім. Бірақ мұндағы оқуда театр суретшісі деген мамандық керек деді. Сол оқуды оқып, 1977 жылы сол біліммен ауылға оралдым. Тағы 8 жыл жұмыс істедім. Бұл енді нағыз кәсіби декорациялық жұмыс болды. Үлкен ұжым болды. Өнермен етене айналысып жүріп, Мәскеуге дейін бардық. ВДНХ-да, үлкен сахналарында концерт қойдық. Осындай спектакль қоятын, концерт беретін халық театрлары болатын. Соның ішінде Одақта жалғыз ғана үгіт театры болатын. Ол кезде КВН (көңілді тапқырлар клубы) жоқ еді, ТМД халықтары ішінде осы КВН-ге ұқсас, бірақ театрландырылған қойылымдар қоятын бір ғана үгіт театры болатын. Ол заманда КВН жоқ еді. Бұл театрлар арқылы Кеңес одағының билігі еңбекшілердің жұмысын, партияның саясатын жүргізетін осындай театрларды ашқан.

Домбыра. Ұлттық аспап. Музыкалық аспап. Домбра. Тарих. Шебер.

Сол 1972 жылы бұл театрды ұйымдастырған режиссер Марат Сақатов еді. Алмат Сақатовтың әкесі. Өте дарынды кісі еді. Сол жылы бізге Мұхтар Әуезов драма театры келіп, “Қарагөз” спектаклін қойды. Артынан концерт қойды. Ал ертесі біз үгіт театры спектакль қойып, концерт бердік. Оған Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұлтанбаев келді. Бұл кісілер алғаш көріп, артынша келіп, Марат Сақатовтан сценарийлері мен авторлық туындыларын алған. Осыдан кейін сол үгіт театрының негізінде «Тамаша» әзіл-сықақ театры ашылған еді. Бұл тарихи жағдайды қағаз бетіне түсіру ойымда бар.

Енді қазіргі домбыра жасау өнеріңізге оралсақ, қазір қоғамда домбыраға, ұлттық аспаптарға, түптамырға деген қызығушылық артып келе жатқанын байқаймыз. Сіздіңше, бұған қалай келдік? Ненің әсері деп ойлайсыз?

Бұл қызығушылық, тамырына оралу 1970 жылдан бастап ақырын-ақырын өрістей бастады. Мысалы, Болат Сарыбаев деген ағамыз бұл мақсатта көп еңбек тындырды. Домбыра, қобыз, жетіген, шертер, сазген сияқты 40-қа жуық аспапты жинап, зерттеу жүргізді. Сосын ол музейге өткізілді. Кейін көптеген музыкалық топтар, этнотоптар пайда болды. Жастар өсіп, қызығушылық арта бастады. Ал егемендік алғаннан кейін ұлттық өнер тоқыраған заманда көптеген аға-буын шықты. Өзбекәлі Жәнібеков сияқты патриоттардың арқасында өнер дамыды. Ол «Наурыз» мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына белсене атсалысты. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылған. Музыкалық аспаптар музейі ашылды. Көптеген аспапты қайтадан жаңғыртты. Оның басында Дәркенбай Шоқпаров сияқты қолөнерді сақтап қалған адамдар тұр. Мұратбек Жүнісбеков деген әнші ағамыз болды, өзі қолөнер, өзі шебер. Аспаптардың сипаттамасын жазып, қазақтың қандай аспаптары болғанын зерттеген Омар Хаймолдин ақсақалымыз да көп еңбек сіңірді, 103 жасында дүниеден өтті.

Домбыра. Ұлттық аспап. Музыкалық аспап. Домбра. Тарих. Шебер.

Осылайша домбыраның түрлері де көбейді. Бәрін бірдей жаңғыртып, сақтап қалу мүмкін болмаса да, ақырындап қазағымызға ұмыт болған мұрамыз кеңінен насихатталып, қайта бастады. Мысалы, Махамбеттің домбырасы, Ақан серінің домбырасы деп аталып, қайта жаңғыртылды.

Ал кейінгі жылдары домбыра өнері мектеп бағдарламасына енгізілді. Музыкалық аспап ретінде үйретіп, музыкалық пән ретінде енгізілді. Осы кейінгі бір-екі жылдың ішінде өте жақсы өрістеп келеді. Дәстүрлі ән жақсы өрістеді. Күйшілік өнер де жаңғырып келеді, оның мектептері жаңғырып, қызығушылық артты.

Ал оны нақты іске асырған шеберлер болмаса, көптеген музыкалық аспап сол күйі ұмытылар еді. Себебі көне аспаптарды зерттеп, қайта тірілту — тек теориямен шектелмейтін күрделі іс. Бұл — үлкен еңбек пен қолөнер шеберлігін талап ететін сала. Егер шеберлер оны жасап, халықтың қолына ұсынбаса, ол тек халық жадында ұмытылатын көп деректің бірі ретінде ғана қалар еді. Қобыз, жетіген, сазсырнай секілді ұлттық аспаптардың бүгінге жетуі — сол ісіне жан-тәнімен берілген шеберлердің арқасы. Олар болмаса, ұлттың музыкалық мұрасы да үнсіз қалған болар еді.

Шеберханаңыз туралы айтып берсеңіз, мұнда қанша адам жұмыс істейді? Олар сіздің шәкірттеріңіз бе?

Мұнда 8 адам жұмыс істейміз. Бәрі кезінде шәкіртім болған. Кейін осы жолды таңдап, қазір кәсіби мамандар. Біреуі мысалы мүлдем басқа саладан ауысып келген. Жаны осыны қалап, шеберхананың жұмысына етене араласып кеткен.

Бұл шеберханадан шыққан домбыралардың бағасы қанша?

Әрқалай. Қымбат домбыралар 1 мың доллардан басталады. 10 000-20 000 долларға да бағалануы мүмкін. Соншалық қымбат болуы көп факторға байланысты. Мәселен, материалы өте сапалы ағаштан жасалады. Әдемі дизайны, индивидуалдық тәсілмен жасалған домбыралар болады. Алтын-күміспен апталғаны да бар. Бағалы тастар мен металлдар қолданылады.

Ал ең бастысы — сапалы домбараның нағыз қоңыр үні болады. Мәселен, бір әнші өз дауысына орайластырып домбыра жасатуы мүмкін. Бағасы осы сияқты қасиеттеріне байланысты әрқилы.

Бұл шеберханала бір домбыра шамамен қанша уақытта жасалады?

Сәті түскеніне қараймыз. Мысалы, сол домбыра жасалатын әр ағашының кебу уақыты әртүрлі келеді. Ал оны күтіп отырмай, екінші домбыраға көшеміз. Бірімен-бірін алмастырып жасаймыз. Ал шамамен айына 3-4 домбыра шығаруға болады.

Ағаш түрлерін шикізат ретінде қайдан алдырасыздар?

Шетелден алдырамыз. Қызыл ағаш сияқты экзотикалық ағаштан жасаймыз. Олардың қатарында қызыл ағаш (махагони), абен, палисандр сияқты құнды ағаштар бар. Экзотикалық ағаштардың ішіндегі бізге ең жақыны — қызыл ағаш. Мен оны қолданғанды ұнатамын, бірақ, әрине, бұл ағаштар Қазақстанда өспейді. Олар шетелден әкелінеді. Мұндай ағаштардың тембрі (үні), дыбысы, жалпы сапасы аспаптың үніне қатты әсер етеді.

Бізде де өзіміздің ағаш түрлері бар: қайың, қарағай, шырша, шынар сияқты. Бұлардың әрқайсысының өзіндік қасиеті бар, бірақ сапасы жағынан экзотикалық ағаштарға жете бермейді. Дегенмен, экзотикалық ағаштармен жұмыс істеу оңай емес. Ұстап көру, өңдеу, дыбысын тексеру — мұның бәрі үлкен тәжірибені талап етеді. Бірақ нәтижесі жақсы — дыбысы таза, көрінісі де әдемі, сапасы жоғары болады.

Домбыра. Ұлттық аспап. Музыкалық аспап. Домбра. Тарих. Шебер. Жолаушы Тұрдықұлов

Мұны бір бизнес саласы деп, өзін-өзі ақтайтын кәсіп деп айта аласыз ба? Мысалы инвесторлар қаражат құямын десе, пайдаға кенеле ме?

Әрине, болады. Себебі бұл өнерге сұраныс көп. Ойлап көрсек, оның пайдасы болмаса, тоқырап қалар да еді. Әр қазақ үйінде домбыра ілулі тұрса екен дейді. Бірақ мұнда осы өнерді бір жүйеге келтіру мәселесі тұр. Мысалы, шеберлердің әрқайсы домбыраны өзінше жасайды. Әрине, белгілі бір канон пайда болды. Өлшемін айтсақ та, үнін айтсақ та стандарт бар. Мысалы, үлкен домбыраның мойны 48 см, шанағы 40-41 см, енді 23-24 см.

Үні туралы айтсақ, қазіргі домбыра мен кезіндегі Абайдың домбырасы бірдей ме? Домбыраның қоңыр үні деген түсінікте өзгеріс бар ма?

Біз сол үшін жұмыс істейміз. Домбырамыздың көпғасырлық тарихы бар. Тасқа түскен таңбалар бар. Сақтан, ғұндардан келе жатқан, сол замандардан сақталып қалған алтын бұйымдар бар. Оның ішінде домбыраның орны ерекше. Оны қорғандардан табылып жатқан дүниелерден көруге болады.

Сол үлкен қазақ жерінде әр өлкенің өз түсінігі болды. Әркім домбыраны өз шамасынша өлшеміне қарай жасап келген. Ал бірақ әуен бір, күйлердің түп төркіні бір. Мысалы, әншілердің домбырасының үні бөлек, күйшілердің үні бөлек. Мысалы, шығыс өңірде қалақ домбыра, Жетісуға жақын кең шанақты домбыра, тағы бір жақта 19-ғасырдың басында көп сақталғаны үшбұрышты тұмар домбыралар кең таралды. Орталық Қазақстанда аралас домбыра көп кездеседі, шанағы үлкендеу, мойны ұзын. Ал батыс өңірлерде қозықұйрық домбыралар бар.

Қазақтың «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дейміз. Бұл домбыраның қазақ дүниетанымы мен салт-санасымен бірге қалыптасқанын білдіретін сөз болса керек…

Ұлт болып қалыптасуымызда тікелей қатысы бар аспап осы — домбыра. Ұлттық санамыз бен тіліміздің қалыптасуына бірден-бір құралы осы музыкалық аспаптарымыз. Оның ішінде домбыраның рөлі өте жоғары. Домбыра — қазақтың өзін көріп, өзін таныған айнасы болды.

Сұхбатыңызға алғыс!

Оқи отырыңыз: Құрттың қандай түрлері болады және оны қалай жасау керек?