Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді
Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...
Мұқағали Мақатаев 1931 жылғы 9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында Хантәңірі тауының етегінде дүниеге келген. Атамыздың әсерлі жырлары әр қазақтың жүрегін жаулап алғаны сөзсіз. Сондықтан да осындай ақынына халқы «Ғасыр ақыны» деген ат берді. Оның поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген. Бүгінгі сұхбатты ақынның баласы Жұлдыз Мұқағалиұлымен жүргізген болатынбыз.
— Балалық шағыңыз қалай өтті, әкеңізге қатысты қандай естеліктермен бөлісе аласыз?
Әкеміз көзі тірісінде айтып отыратын: «Балам, бізде соғысқа байланысты балалық шақ болған жоқ, біз ерте жетілген ұрпақпыз, бала кезімізде соқаға жегілдік, аш-жалаңаштықты да көріп өстік». Ол сол өзі көрмеген әкелік мейірді бізге, балаларына беруге тырысты. Біз – балалары әке, шешеміздің шапағатын, балалық шақтың шуағын көріп өстік. Өзім 10 жасқа шейін сол Қарасаз ауылында болдым. Балалық шақтағы көріністер әр адамның есінде мәңгі бақи жатталып қалады.
Есімде, біздің отбасымыз 60-шы жалдары ауылда қазақтың қарапайым екі бөлмелі тамында тұрдық. Екі бөлменің біреуі әкеміздің Мәскеуден жаздырып алған әлем әдебиеті кітаптары, журналдар мен газеттерге толы болатын. Бұл нені көрсетеді? Менің пайымымша, өз ақындық деңгейінің шыңына жетпес бұрын әкем көп еңбектенгенін көруге болады. Сол кітаптардың әрбіреуінде әкемнің қарындашпен жазылған өзінің пікірлері жүреді, демек құдай берген дарынын әкем көп еңбектеніп, білімімен ұштаған. Бір жағы, әкемді сол үлкен өнерге бейімдеген алғашқы баспалдағы сол қазақтың қарапайым қара тамы болды. Ол кезде әкем мен шешем сол ауылдың бастауыш мектебінде мұғалімдер болатын. Әкем орыс тілі мен әдебиетінен, неміс тілінен, ал шешем болса, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
— Жақындарыныз, өзіңіз немен айланысасыз?
Әкем 60-шы жылдардың бас кезінде Алматыда болды, 1963 жылы ол өз отбасын қалаға көшіріп алды. Өзіме келсем, қаладағы санаулы қазақ мектептерінің бірі – 12-ші қазақ орта мектебін 1970 жылы бітіріп, сол жылы әке қалауымен С.М.Киров атындағы ҚазМУ-нің заң факультетіне оқуға түстім, оны 1975 жылы бітіріп, көптеген жылдар заң саласында (ішкі істер, прокуратура органдарында) істеп, 2012 жылы зейнеткерлік демалысқа шықтым. Менің бүкіл саналы ғұмырым заң саласындағы жұмыстарда өтті деуге болады.
Менің 23 жасымда, 1976 жылы әкем дүниеден озды. 1990 жылы өз жүрек қалауыммен, әке алдындағы парызды өтеу мақсатында өлең жаза бастадым, өлеңдерім мерзімдік басылымдарда жарияланып тұрды. 2016 жылы оларды топтап, «Әке сарыны» айдарымен жинақ ретінде шығардым. 2006 жылы жұбайым Айдарова Бақытгүлмен бірлесіп, М.Мақатаев атындағы халықаралық қорды құрдық. Бұл қордың негізгі мақсаты – әкеміздің шығармашылығын халыққа кеңінен насихаттау, дәріптеу. Осы игі мақсатты ойдағыдай жүзеге асыру үшін қор жұмысына шама-шарқымша көмектесіп келемін. Бұдан басқа, жоғарыда айтып өткенімдей шығармашылық жұмыспен де айланысамын.
Жақын туыстарыма келсек, біз әкеден төрт бала қалдық – мен, қарындасым Алмагүл (1958 жылы туған), інім Айбар (1960 жылы туған, 2014 жылы қайтыс болды), қарындасым Шолпан (1966 жылы туған). Қазір Алмагүл зейнеткерлікке шыққан, ал Шолпан болса, Аль Фараби атындағы университетте шет тілінен сабақ береді.
— Сізді кімнің ұрпағы екеніңізді білгенде халықтың көзқарасы өзгереді ме?
Ұлы ақынның ұрпағы болу саған – баласына үлкен жауапкершілік жүктейді, «ел құлағы елу» дейді, халықтан ешнәрсені жасырып қала алмайсың, осы ретте халық саған ұлының тұяғы ретінде сын көзбен қарайды, жіберген қателіктеріңді кешірмейді. Сондықтан әрқашан сенің қадамдарыңды қадағалап отырған халық барын әсте есіңнен шығармаған жөн. Әкенің атын жамылып, өзіңе қайдағы бір «жеңілдіктер» тілеу менің болмысыма жат нәрсе. Мемлекеттік жұмыста жүргенімде де осы қағиданы берік ұстадым. Бұл қарапайымдылық деген қасиет те қанмен беріледі деген тұжырымның дұрыстығына толықтай қосыламын.
— Сіздің отбасылық тәрбиеңізде ерекшелік болды ма, қандайын атап өте аласыз?
Менің балалық шағымның біраз бөлігі қазақ ауылы Қарасазда өтті, тілім қазақша шықты, ал Алматы қаласында, жоғарыда айтқанымдай, қазақ мектебін бітірдім. Мектептегі каникул кездерінде әкем мені жиі ауылға, інісі Тоқтарбайға жіберетін. Қазір ойласам, мұнда да бір әкемнің өз есебі бар екен: ол сол ауылмен, қазақи ортамен қарым-қатынасы үзілмесін деген ниет болатын. Қалада әкем жиі үйге ертіп келетін қазақтың зиялыларының әңгімелерін естіп өстім. Жалпы, қорыта айтқанда, менің тәрбием қазақша болды. Ал қоршаған орта, орыстілді болғандықтан, ол тілді мен жақсы меңгердім. Мен әке ықпалымен бала кезімнен үйдегі әдеби кітаптарды оқып, көңілге түйіп өстім. Әке-шешеден алған тәрбиемнің ерекшеліктері осылар деп ойлаймын.
— Әкеңізді қалай еске аласыз, қандай шаралар өткізесіздер?
Жоғарыда айтқанымдай, мен әкеден 23 жасымда қалдым, қазақша түсінік бойынша нағыз албырт, жігіттік шақ.
Сондықтан, әкемді мен жыл сайын емес, өмірімнің әр мезетінде еске аламын, оның келбеті әрқашан менің көз алдымда.
Бір жағынан әкені «еске алу» ақынның баласы – мен үшін онша қиын шаруа емес. Әне, сөремде әкенің кітаптары тұр, әкеммен кездескім келсе, соларды алам да жырларының астарына үңілемін, жыр жолдарынан оны түсінетін оқырманға-маған әке келбеті анық көрініп тұрады, ол менімен сырласады, мұңдасады.
— Әкеңіз шабытын қайдан алғанын білесіз бе, оны шығармашылыққа кім немесе не шабыттандырды?
Шабытсыз, жәй ұйқаспен де өлең жазуға болады. Бірақ шабытсыз жазылған өлең бос даңғара іспетті: даңғыраған дауысы бар, ал маңызы бір-ақ тұтам. Әкемнің айтуынша: «жыр жазардың алдында құдай маған «сыбырлайды», ал менің жұмысым сол «сыбырды» естіп, поэтикалық жолдарға түсіру ғана». Бұл үстіртін қарағанда, қарапайым көрінетін пайымының астарында үлкен бір философиялық мән жатқанын кейбір оқырман түсіне бермейді. Қарапайым тілмен оның айтпағы: жазылған жыр ақын жанынан болмыс түрткі болған, соны жан елегінен өткізуден кейінгі туған ой-толғаудан бастау алады, ой-толғау пісіп, жетіліп жүрекке барады, «сыбырлайды», ал ақын оны естіп, шабыттанып жыр жолдарына түсіреді. Бірақ мынаны есте ұстаған жөн: құдай кездейсоқ ақынға емес, тек оның «сыбырын» түсінетін ақынға ғана «сыбырлайды», ал оны түсінуге пісіп жетілген ақын сол құдай «сыбырын» оқырманға өз қалпында жеткізе алатын деңгейдегі ақын болуы шарт. Әкем осы шарттардың бәріне толық сәйкес келді.
— Әкеңізбен байланысты отбасылық дәстүрлеріңіз бар ма еді, бар болса, қандай?
Сол дәстүрлердің, есімде қалған бір-екеуін айта кетейін. Әкем көзі тірісінде моншаға баруды өте жақсы көретін. Ол кезде Алматыда қазіргі Желтоқсан мен Қазыбек би көшелерінің қиылысында орталық монша бар болатын (кейін бұзылып кетті). Әр жеті сайын, міндетті түрде әкем сол моншаға баратын. Таң ертең ол мені оятатын. Қолыма үй пышағын беріп, 2 қабатты үйдің алдында өсетін кәрі емен ағашына шығартатын. Ағашта отырып, емен шыбықтарын кесіп, әкеме тастаймын. Бір құшақ емен шыбықтары жиналғанда, әкем одан жіппен түйіп, «веник» жасайтын, оны біраз уақыт өте ыстық суға «қақтайтын».
Содан соң әке екеуміз моншаға кетеміз, онда ол ыстық парда, 7-8 рет кіріп, жаңағы «веникпен» айызы қанғанша (оның айтуынша) «шабынатын». Әкенің моншаға бару дәстүрін мен де ұмытпай, әдетке айландырдым.
Әкемнің палау басуы біздің отбасымызда дәстүр сияқты болатын. Ол «бұхар палауын» жасауды өте ұнататын және оны жасау әдістерін жақсы білетін. Оның жасаған палауы өте дәмді шығатын, сүйсініп жейтінбіз.
— Балаларыңызға әкеніз туралы қалай айтасыз?
Осы сұраққа байланысты, бір жағдай менің есіме түседі. Әкеміз көзі тірісінде, ол кезде естияр мені жанына шақырып алып, бір сырын айтты: «балам, бұл жалғанда бәрі өткінші, кезегім келгенде мен де кетем, сонда кейінгілер сенен әкең қандай адам болды деп сұрар, сонда сен менің әкем үлкен сәби жүректі ересек адам болды деп айтсаң, шындықтан алыстамайсың».
Шындығында, әкем өте адал, бейкүнә сәби сияқты адам еді.
Осы әке өсиеті менің есімде мәңгі бақи жатталып қалды. Жоғарыдағы сұрақты қойғандарға және әке ұрпақтарына сол әке өсиетін айтуға мен ешқашан жалыққан емеспін. Бұған қосарым, әкеміз өмірге, оның ішінде өз шығармашылығына адал көзбен қарады. Ол өте еңбекқор болды, құдай берген дарынын сол жанкешті еңбекқорлығымен ұштады. Ұрпағына да мен осыларды үнемі айтып отырамын.
— Қазақстан қоғамындағы қандай оқиғалар сіздің наразылығыңызды тудырады?
Бұрынғы заң қызметкері ретінде мені қазіргі біздің қоғамда белең алған сыбайлас жемқорлық зұлматы қатты алаңдатады. Осы құбылыспен пәрменді күрес жүргізілмейінше, қоғам кінәраттан түпкілікті арыла алмайды. Жемқорлар мемлекет тарапынан тиісті тойтарыс алмай, керісінше белең алса, мемлекетіміздің тек сүлдері ғана қалады. Ал, қазақтың қара өлеңінің һас шебері, ақынының баласы ретінде айтарым, сол ақындықтың өзегі – қазақ тілі өз тұғырын толық алмай, мемлекет толыққанды мемлекет бола алмайды.
— Қазіргі жазушылардың шығармаларына қалай қарайсыз?
Мен әдебиет зерттеушісі емеспін. Сондықтан, өнердің бұл саласынан кесіп-пішіп пікір айтудан аулақпын. Мен өзі ептеп өлең «түртетін» ақынның жәй ғана баласымын. Оқырман ретінде айтарым, мені проза мен поэзия саласындағы қазақ өнерінің деңгейі өте қуантады. Әкем қазақ поэзиясының болашағына зор сеніммен қарады. Ақынның:
«Туады туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын, бал мен у тамызатын,
Жесірдің айырлмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын» — деген жыр жолдары куә.
Қазақ өнері әр заманда дарынды тұлғаларына кенде болған жоқ, әзір де кенде емес.
— Біз материалды Балуан Шолақтың шөбересімен жүргізгенімізде, ол атасы туралы көп ақпарат жалған екенін айтты. Сіздің пікіріңіз қандай?
Балуан Шолақ атамыз көп ілгеріде өмір сүрген. Ол атамызды тірідей көрген адамдар әзір жоқ деуге болады. Ол кездегі ақпарат құралдары да қазіргі деңгейдегідей емес болатын. Сондықтан атамыз туралы дақпырттардың көптігі содан болар. Құдайға шүкір, әкеміз ол заманнан бертінде өмір сүрді. Оны көрген адамдар да әлі баршылық. Жоғарыда айтқанымдай, әкеден мен 23 жасымда қалдым, оның өмірінің соңғы кезеңдері көз алдымда өтті. Сондықтан, баласы ретінде мен де оқырманға әкеміздің тірі кездегі бейне-болмысын жеткізуге жалыққан емеспін. Жалпы менің түйгенім, осы ұлы тұлғаларға қатысты дақпырттар, өтіріктер қатар жүреді. Бір жағынан бұл дақпырттарды, халықтың өз ұлына деген сүйіспеншілігі тудырады, ал екінші жағы, әлде біреулердің өз бақай есебінен, қызғанышынан өрбиді. Біріншілері әкеңді әспеттейді, екіншілері кемсітеді.
Бұлардың бәріне бірінші жауап беруші – ақынның өз жыр жолдары, өз шығармаларында әкем өзіне қатысты көптеген сұрақтарға көзі тірісінде баяғыда жауап беріп кеткен.
Ал қалғаны сол көзі тірі куәлар, бірақ олардың естеліктеріне де сыни көзбен қарау керек. Бұл ретте, көзі қарақты оқырман білетін шығар, «Мұқағали» журналының орны ерекше деп ойлаймын. Осы басылымда ақын поэзиясы туралы түрлі зерттеулер, жаңағы айтқан тірі куәлардың естеліктері әрдайым жарияланып тұрады. Бұл журнал «Мұқағалитану» іліміне өз үлесін, қомақты үлесін қосып келе жатыр. Бұдан басқа, 2016 жылы «Қазақпарат» баспасымен және әдеби зерттеушілермен бірлесіп, біз – ақын атындағы халықаралық қор әкеміздің шығармашылығына, өмірбаянына арналған көлемді Энциклопедия шығардық. Бұл басылым, 35 жыл энциклопедия саласында жұмыс жасаған кәнігі маман Т. Рсаевпен кеңесе отырып дүниеге келген кітап. Бұл басылымдағы мақалалар жан-жақты сұрыптаудан, талдаудан, тексеруден өткен. Тек шын деректер – өзім атаған және басқа да басылымдар әке шығармашылығына, оның өмір, болмысына қатысты дақпырттарға, өтіріктерге тойтарыс беруге көп септігін тигізеді деп ойлаймын.
— Әкеңізге қатысты қызықты хикаямен бөлісе отырасыз ба?
Сол, өткен ғасырдың 70-ші жылдары (ол кезде біздің отбасымыз Панфилов көшесінде тұрдық) әкем бірде бізге – балаларына: «балаларым, мен бүгін сендерді Абай аталарыңның ескерткішіне алып барамын» — деді. Содан біз Абай даңғылына түстік. Ескерткіш алыстау ғой, автобуспен барайық деген біздің «қыңқылымызға» әкем: «жоқ, тек жаяу барамыз» деп келтесінен қайырды. Қойшы әйтеуір, жаяулатып атамыздың ескерткішіне де жеттік. Сол жерде, орындықта отырып, балаларын қасына алып, әкем дұғасын оқыды, бетін сипады. Содан тұрып, әкем риза кейпімен, бір маңызды парызын орындаған адам іспетті, тағы да жаяу үйге қайттық. Кейін ойласам, бұл ұлы ақынның ұлы бабасына деген ілтипаты, ризашылығы екен. Абай бабамызды әкем өте сыйлап өтті, жырларының арқауы болды.
— Әкеңіздің сізге ұнайтын қандай бастамалары болды?
Әкеміздің ақын ретінде кемеліне келген, толысқан шағы сол 60-шы жылдары, қазіргіше айтқанда, «жылымық» кезінде болды. Сол жылдары қазақ өнерінің қай саласында болсын үлкен бір серпілістер болып жатты. Сол кездегі жас қазақ ақындары поэзияға жаңа леп, серпін алып келді. Әкеміз бұл лектен қалыс қалмай, алдыңғы қатарда табылды. Ол қазақтың қара өлеңін құрастыруда ешкімге ұқсамайтын жаңа әдістер, жаңа бастамалар енгізді. Әкемнің өлеңге деген сол үлесі, жаңалықтары күні бүгінге дейін әдебиет зерттеушілерінің ғылыми еңбектерінің арқауы болып отырғанына куә болып отырмыз.
Ал, әкеміздің жеке бір қырларына келсек, маған оның өз өлеңдерін оқудағы шеберлігі өте ұнайтын. Ол өлеңдерін оқығанда, артында үлкен бір дайындық мектебінен өткендігі көрініп тұрады. Ол мектеп — қазақ радиосы болатын. Сол салада әкем бірнеше жылдар диктор болып істеді, оның жетекшісі қазақ «Левитаны» Әнуарбек Байжамбаев болды, өлең оқудағы шеберлікті сол адамнан меңгерді.
— Әкеңіздің ізін сөндірмес үшін қоғамда қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда, халық назарына не ұсынылуда?
Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қор 2006 жылы құрылды, төрайымы, менің жұбайым Айдарова Бақытгүл. Анамыздың аманатын арқалаған келіні Бақытгүл, әкеміздің шығармашылығына зор үлес қосып, әкеміздің поэзиясын халық арасында кеңінен насихаттауға атсалысып келеді. Айта кеткен жөн, көптеген жылдар біздің «Қазақпарат» баспасымен осы бағытта бірлесіп істеген жұмыстарымыз өте сәтті болды. Осы баспадан әкеміздің көптеген жыр жинақтарын шығардық. Олардың қомақтылары 2012 жылы шыққан «Мұқағали» жинағы, бұл топтамаға ақын өлеңдерінің 98 пайызы енді, 2016 жылы, жоғарыда атап өткендей, ақынның шығармашылығына, өмірбаянына арналған Энциклопедия шығардық. 2021 жылы, ақынның 90-жылдық мерейтойына орай, таңдамалы шығармалар жинағын оқырмандарға ұсындық. Қор тарапынан бұрын әр жылда бір, кейін екі жылда бір рет ақын шығармашылығына арналған ән-жыр кештерін ұйымдастырып тұрамыз. Жылда ақынның туған күніне орай, республикалық, халықаралық байқаулар ұйымдастырамыз, әкеміздің шығармашылығына арналған түрлі оқу орындарындағы, мекемелердегі шараларда оның поэзиясы, өмірбаяны, отбасы туралы оқырмандарды таныстырамыз.
Алматы облыстық әкімшілік тарапынан ақын рухына тағзым ретінде көптеген игі шаралар жүзеге асуда. Атап айтқанда, облыс орталығы Талдықорған қаласында ақынның бюсті орнатылды және ақын жырларының орысша аудармасы шықты, ал оның туып өскен жерінің орталығы Нарынқол ауылында ескерткіші ашылды, туған ауылы Қарасазда ақын шығармашылығына арналған республикалық конференция ұйымдастырылды.
Қуантарлық жағдай әкеміздің шығармашылығы халықаралық деңгейге шыға бастады. Оның жырлары Нью-Йоркте ағылшын тіліне, Германияда неміс тіліне, Қытайда қытай тіліне аударылды.
14-26.06.21 жылы Анкара қаласында халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бастамасымен ақынның шығармашылығына арналған үлкен ғылыми конференция ұйымдастырылды, онда әкеміздің қырғыз, түрік, татар, башқұрт, өзбек, түркмен тіліндегі аудармаларының презентациясы өтті.
Алдағы, 2022 жылы «Қазығұрт» баспасы ақын қорымен бірлесіп, жалпы оның шығармашылығының жиынтығы — 10 томдық жинағын баспаға дайындап қойдық.
Әкеміздің поэзиясы халық арасында көп оқылады, оның өлеңдеріне әндер де көп шығарылады.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)