Сал-серілерден q-pop-қа дейін: қазақ ән өнері қалай дамыды?

6 минут Арай Қадылбек
Сал-серілерден q-pop-қа дейін: қазақ ән өнері қалай дамыды?

Қазір қазақ өнерпаздарының, әсіресе әншілерінің есімі ТМД елдерінен асып әлемге танылып жатыр. Әлемді таңқалдырған Димаш, Грэмми алған Иманбек, ерекше дарын Данэлия Тулешова өнерпаз халық екендігімізді әйгілеп тұрғандай. Бұрын шетел әншілерін көп тыңдайтын тыңдарман енді отандық шығармашылыққа ойысты. Дегенмен бұл бір кезеңнің ғана жемісі емес. Бәрінің бастауы бар.

Ән өнері жазба мәдениет пайда болуынан әлдеқайда ерте өмірге келді. Халық тұрмысында бұл өнер түрі ерекше орын алып, өмірімен біте қайнасып жатты.

Соған орай халық әндері бірнеше түрге бөлінді: халықтың ескілікті наным-сенімінен туған әндер (бақсылар сарыны, бәдік, арбау әндері), еңбек жән шаруашылық әндері (наурыз әндері, төрт түлік мал аталарына арналған әндер), тұрмыс-салт әндері (үйлену тойында айтылатын әндер, баланың шілдеханасына айтылатын әндер, жоқтау), эпикалық жырлар, лирикалық әндер (махаббат және табиғат лирикасы), айтыс.

 Сал-серілік дәстүр қазақ музыкасы тарихында ерекше орын алады.  Сал-сері дегенде көпшілік ойына алдымен Ақан сері мен Біржан сал есімдері оралады. Дегенмен бұл дәстүрдің түп-тамыры әріге кетеді. Этнограф-ғалым Әлкей Марғұланның пікірінше: «Тарих көзімен қарағанда, серілік ту баста түрік қағанаты кезінен шыға баста­ған. Серілікті әдет қылған ойшыл кісінің бірі атақты Иоллық деген кісі. Ол өзі ғажайып аңшы, мерген, атты әдемілеп ұстайтын ат сейіл, сонымен қатар ол асқан ақын, жырау. Ағалары Білге хан мен Күлтегін қайтыс болғанда оларға арнап эпикалы оқиғаларды әдемілеп құрып, оны тасқа жазып қалдырған да осы атақты Иоллық тегін».

Ғұлама ғалым пікірінше сал-серілік дәстүрдің бастауында тұрған тағы бір тұлға — Қорқыт ата. Бұл туралы ғалым: «Қазақ аңыздары бойынша Қор­қыт — ескі дәуірдегі серілікті бастау­шы­лар­дың бірі. Осыдан он үш ғасыр бұрын жасаған атақты шешен, ел басқарушы, сонымен қатар атақты жырау, ақын, күйші, бірінші қобыз жасаушы қазақ музыкасының атасы», — дейді.

Сал-серілер бойына бірнеше түрлі өнерді жинақтаған болатын. Әншілікпен бірге ақындықтың қатар жүруі ол кезде таң емес еді, тіпті сал-сері атанудың ең алғашқы шарттарының бірі деуге болады. Зерттеушілер сал-сері деп қосарлана айтылғанымен екеуінде айырмашылық бар деседі. Олар сол кезде дала театрының рөлін атқарған. Әдемі, жарасымды киім, жүйрік ат сал-серілерді көптен ерекшелеп тұратын. Әншілік, ақындықтан бөлек он саусағынан өнер тамған шеберлік, аңшылық, құсбегілік сияқты өнерлер де серілерді жұртына қадірлі етті.

XVIII-XIX ғасырлар қазақ музыка өнерінің дамыған кезеңі болды. Осы кезде авторлық шығармашылық қалыптасып, ән мен күй өнері екі бағыт болып бөлінді. Біржан, Ақан, Мұхит, Мәди, Жаяу Мұса, Естай, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері т.б. сал-серілер қазақ даласының еркесіне айналды. Қазақ фольклоры үлгілерін жинаған этнограф ғалым Григорий Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деген атақты пікірін айтуы да осы гүлденген кезеңнің әсерінен болса керек.

 Біржан салдың Абай аулына баруы, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне ән жазуы қазақ даласындағы ақын мен композитордың алғашқы бірігіп жұмыс істеу үлгісі. Абайдың да өз өлеңдеріне жазылған әндері халық арасына кең тарады.

«Біржан сал» фильмінің трейлері

Кеңес үкіметінің Қазақстанда орнауы ән өнеріне де өзгешеліктер алып келді.  Өнер адамдарын үкімет идеяларын дәріптеуші ретінде пайдалану әр кезде де бар. Кеңес үкіметі мұны жақсы қолдана білді. 1919  жылдан бастап еліміздің әр жерінде музыкалық мекемелер ашыла бастады.

Осы мекемелерге таланттарды тарту мақсатында халық арасында әртүрлі байқаулар да ұйымдастырылып тұрған. Халық  арасынан іріктелген өнерпаздар жер-жерлерде концерттер қойып, радио мен теледидар пайда болғанша музыкалық мекемелер халыққа идеологиялық тәрбие беруші рөлін атқарды. Мәсеу қазақ өнерпаздарының арнайы концерттері де ұйымдастырылып тұрған. Осы кезеңде қазақ ұлттық музыка үлгілерін жинау жұмыстары да жүріп жатты. Музыка фольклорын жинаушы сазгер Александр Затаевич жазып алған «Қазақ халқының 1000 әні» деген алғашқы жинағы 1925 жылы Орынборда, ал «Қазақ халкының 500 әні мен күйі» деген екінші жинағы 1931 жылы Алматыда жарық көрді.

Қазақ музыкасы тарихында есімі аңызға айналған Әміре Қашаубаев Мәскеуде берген концертінен кейін, 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне КСРО өнерпазы ретінде қатысты, 1927 жылы Майндағы Франкфуртте ән шырқады. Осылайша қазақ музыкасы шетелге алғаш танылды. Әміре шәкірттері М.Ержанов, Ж.Елебеков, Т.Арғынбаев, Қ.Бақабаев, Қ.Лекеров, М.Көшкінбаев, Н.Әбішев, С.Әбжанов, М.Ержановтар болды.

Әміренің Париждегі ЭКСПО көрмесінде ән шырқауы туралы, Таңшолпан бағдарламасы

1926 жылы Қызылордада қазақ театрының ашылуы, 1931 жылы Алматыда түңғыш қазақ кәсіпқой хорының, 1932 жылы театр-музыка техникумының ұйымдастырылуы қазақ музыкасының кәсіби деңгейге аяқ басуына әсер етті. Осы кезеңде Ахмет Жұбанов көптеген жемісті істер атқарды.

Ән – қай кезде де ән, тіпті соғыс кезінде де. Ұлы Отан соғысы жылдарында Алматыда майдандық концерт бригадалары ұйымдастырылды.  Олардың құрамында көрнекті әнші-актерлер Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Ж.Омарова, Е.Өмірзақов, Ү.Тұрдықұлова, Ә.Б.Үмбетбаев, М.Абдуллин, Б.Артықова, К.Байсейітова болды.

60-70 жылдарда ән жанрында жемісті еңбек еткен Б.Байқадамовтың, Ә.Еспаевтың, М.Маңғытаевтың, Ш.Қалдаяқовтың, Ә.Бейсеуовтің, Т.Базарбавтың, Е.Хасанғалиевтің шығармалары халық ілтипатына бөленді.  Шет елдерде өткен КСРО мәдениеті күндерінде «Гүлдер», «Дос-Мұқасан», «Арай» ансамбльдері өнер көрсетіп, халық әртістері – Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев және Роза Жаманова қойған жеке концерттері өте танымал болды. Концерттерден бөлек отандық әншілер халықаралық шығармашылық байқауларға да қатысты. Ә.Дінішев, Р.Рымбаева, М.Жүнісова, М.Мұхамедқызы мен Н.Үсенбаева шетел сахналарында өнер көрсетті.

Еліміздің тәуелсіздік алуы дәстүрлі әншілік өнерден бастап, эстрадаға дейін әншіліктің әртүрлі жанрларының өзінше даму жолына түсуіне себепкер болды. Бұл жылдары іргетасы КСРО кезінде қаланған «A’Studio» тобы танымалдығын жоғалтпады, олардың орындауындағы әндер хитке айналды. Қазақ эстрадасы қарқынды түрде дамыды. «Азия дауысы», «Жас қанат», «Армандастар» сынды отандық ән байқаулары пайда болды. Отандық әншілер әндеріне клип түсіру жағын мықтап қолға алды.

2001 жылы құрылған «Музарт» тобы осы күнге дейін халық көңілінен шығып жүр. Құрылу тарихын «Музартпен» бірге бастаған «Орда» тобы қазір елімізде аса танымал болып жатқан q-поп жанрының негізін қалаушылар.

Q-pop түсінігі алғаш 2015 жылы пайда болды. Осы жанрда алғаш рет өнер көрсеткен 5 жігіттен құралған топ – Ninety One. Топтың негізін қалаушысы және продюсері, «Орда» тобының мүшесі Ерболат Беделхан бір сұхбатында былай дейді: «Q-pop-ты тек бір бағыт деп қана қарауға болмайды. Мысалы, елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтқан жаңғырудың бір түрі – осы Q-POP – рухани, яғни адамның ішкі жан дүниесі. Ал біз де осы адам жанында әбден таптауырын болған дүниелермен күресеміз. Адамның ішкі жан дүниесін байыту, әлемдік деңгейде ойлана алу, ми шекарасын кеңейту, адамның жүрек түкпірінде арман отын лаулатып,сол арманның мақсатқа айналуына, жүзеге асуына себепші боламыз.»

Топ құрылған алғашқы жылдары топтың сыртқы келбетіне, әндеріне қарсы пікірлер көп айтылып, тіпті жоспарланған концерттері өтпей қалған кездер де болды. Бірақ бұл топ жанкүйерлерінің күннен-күнге көбейіп, танымал болуына кері әсерін тигізе алмады. Бүгінгі таңда Q-pop жарнында ән айтатын әншілер мен топтар көбеюде. 2018 жылы Алматыда алғашқы Q-pop фестивалі өтті.

Q-pop-тың пайда болуы қазақ музыкасына жаңа серпін алып келді. Соңғы жылдары әртүрлі жанрда ән айтатын, өз ісіне шынайы берілген жас әншілердің көбеюі тыңдарман талғамының өсуімен де байланысты. Шаблоннан шығып, еркін ойлай білетін және қоғамдағы келеңсіздіктерді әнімен айқын көрсетіп жүрген өнерпаздарымыз кешегі сал-серілердің жалғасы десек артық айтқандық болмас.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты