Фатима Сұпығалиева: «Мен жарысқа жеңілу үшін келген жоқпын»
17 жасында әлем, Азия және жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атану — үлкен жетістік. Орал қаласынан шыққан Фатима Сұпығалиева спорттағы алғашқы қадамын көркем гимнастикадан бастап, кейін дзюдоға ауысқан. Бүгінде ол халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, жеңістен жеңіске жетіп жүр. STEPPE жас дзюдо спортшысымен Дакардағы шешуші белдесу, әкесінің қолдауы, чемпиондықтың жауапкершілігі және алдағы армандары туралы сөйлесті.
«Өзіме сенбеген кезде әкем маған бәрінен артық сенеді»
— Фатима, спорттағы жолыңызды көркем гимнастикадан бастағансыз. Кейін дзюдоға қалай келдіңіз? Гимнастикада үйренген дағдыларыңыз көмектесті ме?
— Спорттағы жолымды көркем гимнастикадан бастадым, бірақ онымен ұзақ айналыспадым. Негізі жүрегім әрқашан дзюдоға тартып тұратын. Алғашында әкем мені гимнастикаға берген еді, кейін қалауымды қолдап, дзюдоға алып келді.
Гимнастикада үйренген созылу, икемділік және көпірше жасау сияқты дағдыларымның пайдасы көп тиді. Мысалы, Дакардағы финалдық белдесуде қарсыласымның әдісінен дәл осы икемділігімнің арқасында шыға алдым. Дзюдошы үшін икемділік өте маңызды.

— Алғашқы жаттықтырушыңыз әрі әкеңіз Алтынбек Сұпығалиевтің өзі де дзюдомен айналысқан. Оның спортшы болып қалыптасуыңызға әсері қандай? Есіңізде ерекше сақталған кеңесі бар ма?
— Алғашқы жаттықтырушым — әкем Алтынбек Сұпығалиев. Ол өзі де спортшы, жаттықтырушы болғандықтан, менің спорттағы жолым оған да оңай емес екенін түсінемін. Бір жағынан әке, екінші жағынан бапкер болу қиын.
Әкемнің маған деген қолдауы мен сенімі өте үлкен. Ол үнемі: «Қызым, мен сенен мықты қызды әлі көрген жоқпын», — деп айтады. Осы сөздерінен әрдайым ерекше күш аламын. Тіпті өзіме сенбей тұрған кездерімде де әкем маған бәрінен артық сенеді.
Оның әрбір кеңесі мен қолдауы мен үшін өте бағалы. Жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, әкемнің үмітін ақтағым келеді.

— Сіз 17 жасыңызда әлем, Азия және жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атандыңыз. Осындай жетістікке жетемін деп ойладыңыз ба?
— Бұл жетістіктерге оңай жеткен жоқпыз. Жеңістермен қатар көптеген қиындықты бастан өткердік, ауруханаға түскен кездеріміз де болды. Бірақ бәріне бірге төтеп бердік.
Мен бұл жолда ешқашан жалғыз болған емеспін. Жанымда мені қолдайтын отбасым, жаттықтырушыларым, достарым, құрбыларым және құрамадағы командаластарым болды. Олардың барлығының еңбегі мен қолдауы өте маңызды.
Дегенмен мен мұны әлі үлкен жетістік деп санамаймын. Өйткені мақсатым бұдан да биік. Ересектер арасында да үлкен нәтижелерге жетіп, Қазақстанның көк туын желбіреткім келеді. Алла қаласа, бәрі де болады.

«Мен емес, қарсыластарым менен қорқуы керек»
— Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасының финалында қандай сезімде болдыңыз? Белдесудің ең қиын сәті есіңізде ме?
— Финалда жеңіліп қала жаздаған сәтім болды. Бір кезде көзім таблоға түсіп кетіп, қарсыласымның әдісіне түсіп қалдым. Ішімнен «Қап!» дедім. Содан кейін: «Алла, бір өзің көмектесші, тәуекел!» деп, бар күшімді жинадым.
Өзіме: «Мен мұнда жеңілу үшін келген жоқпын ғой. Осымен жеңіліп қаламын ба? Жоқ, мен қалай да алтын аламын, бұл әдістен міндетті түрде шығамын!» дедім.
Абырой болғанда, үрейге берілмедім. Партерде жақсы жұмыс істеп, қарсыласымның әдісінен шыға алдым. Соңына дейін күресіп, жеңіске жеттім.
Жеңістен кейін ең алдымен жақындарыма хабарласқым келді. Бірақ мен хабарласып үлгергенше, қасымдағы Седрик ағай әкеме және басқа да жаттықтырушыларыма — Ерлан, Рустам, Мерлан ағайларға хабар беріп жатты.

— Соңғы уақытта бірнеше ірі халықаралық жарыста қатарынан жеңіске жеттіңіз. Осындай қарқынды сақтау қиын ба? Сіз үшін алғаш чемпион атану қиын ба, әлде чемпиондық атақты сақтап қалу ма?
— Қатарынан бірнеше ірі жарысқа қатысу оңай емес. Әр жарысқа жақсы дайындықпен баруға тырысамыз. Бұл жолы әлем чемпионатынан кейін біраз үзіліс болғандықтан, дайындық сәл қиындау өтті. Бірақ барлық қиындықты еңсердік.
Әр жеңістен кейін сол жетістікті ұмытып, келесі мақсатқа көңіл бөлуге тырысамын. Өйткені бір жеңіске тоқмейілсіп қалуға болмайды.
Менің ойымша, алғаш рет чемпион атанғаннан гөрі, сол деңгейде қалып, чемпиондық атағыңды сақтап қалу әлдеқайда қиын.

— Дзюдода физикалық дайындықпен қатар психологиялық дайындық та маңызды. Белдесу алдында қобалжисыз ба? Қарсыласыңыздан басым түсуге не көмектеседі?
— Менің ойымша, дзюдода физикалық және техникалық дайындықпен қатар психологиялық дайындыққа ерекше көңіл бөлу керек. Кейде спортшылар психологиялық тұрғыдан дайын болмағандықтан жеңіліп жатады.
Әр спортшы қобалжиды. Қаншалықты тәжірибелі болсаң да, ішіңде бәрібір қобалжу болады.
Шынымды айтсам, Дакарда әлем чемпионатына қарағанда қаттырақ қобалжыдым. Өйткені бұл жарыста Қазақстанның атынан дзюдодан жалғыз өзім қатыстым. Бәрі менен алтын медаль күтті. Сол жауапкершілікті сезінгендіктен, аздап қорқыныш та болды.
Ал маған көмектесетін басты қасиетім — сенім. Бірінші Аллаға, екінші өзіме сенемін. Татамиге «Мен қазақпын!» деген мақтанышпен шығамын. Өзіме үнемі: «Мен емес, қарсыластарым менен қорқуы керек», — деп айтамын.

«Ендігі арманым — ересектер арасындағы Олимпиада алтыны»
— Жасөспірімдер арасындағы спорттық жолыңызды үлкен жеңістермен аяқтап отырсыз. Бұл кезеңмен қоштасу қандай сезім сыйлайды? Алдағы мақсатыңыз қандай?
— Жасөспірімдер арасындағы миссиям аяқталды десем болады. Бұл кезеңді жақсы нәтижемен аяқтағаныма өте қуаныштымын.
Бірақ командамды, бірге жүрген спортшыларды қимаймын. Біз талай жарысқа бірге қатысып, көп нәрсені бастан өткердік.
Ендігі мақсатым — ересектер арасындағы ұлттық құрамаға кіріп, үлкен жарыстарда өзімді көрсету. Алдымен Азия, әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, кейін Олимпиада чемпионы атанғым келеді.
Ересектер арасындағы Олимпиаданың алтын медалі — әр спортшының арманы. Менің де ең үлкен мақсатым осы.

— Сіз жақында ғана 17 жасқа толдыңыз. Уақытыңыздың көп бөлігі жаттығулар мен жарыстарда өтеді. Ал татамиден тыс уақытта немен айналысқанды ұнатасыз?
— Иә, жақында 17 жасқа толдым. Уақытымның көп бөлігі жаттығуларға, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына кетеді.
Мен дзюдомен өмір сүремін десем болады. Бұл спортты қатты жақсы көретінім сонша, онсыз өмірім қызықсыз болып қалатындай көрінеді.
Бос уақытымда ойын ойнағанды, сурет салғанды, ән айтқанды және кітап оқығанды ұнатамын. Түрлі нәрсемен айналысуға тырысамын.
Бірақ кәсіби спортшы үшін демалыс та өте маңызды. Жаттығуға күш-қуатпен бару үшін жақсы ұйықтап, ағзамызды қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан бос уақытымызда көбірек демалуға тырысамыз.
Чемпионмен сұхбатты оқыңыздар: Қазақ дзюдосының жаңа тарихын жазуды жалғастырамын – Елдос Сметовпен эксклюзивті интервью