«Индустриядан ақша таппайсың»: Қазақ анимациясының жағдайы қандай?

14 минут Нұртілек Жоламанұлы
Альтернативный текст

Қазіргі таңда Голливуд пен Еуропаның кейбір елдері және Жапония үшін анимациялық мультфильмдердің алатын орны ерекше. Тіпті әлемнің көп бөлігінде мультфильмдер тек балаларға деген стереотиптің де күші кеткендігіне бірнеше жылдың жүзі болды.

2001 жылы жарық көрген «Шрек» анимациялық туындысы Голливудты бір сілкіндіріп алған еді. Жасыл құбыжықтың қандай ерекшелігі болды десеңіз? Туындыдағы әзілдердің екі қабаттан тұруы: біріншісі кішкентай балаларға арналса, енді бірі баласын киноға әкелген ата-анасына бағытталды. Жаңа ғасыр көшінің басталуымен, Голливудта бірсыпыра анимациялық мультфильмдер де бірінен соң бірі "жарқ" етіп шыға бастады. Түрлі премияларға таласқан Disney, DreamWorks сынды студиялар бірін-бірі қамшылап, бәсекелестіктің көрігін қыздырды. Индустриядан жасыл ақшаның иісін сезген продюсерлер кіл жүйрік, басы қиялға толы жас аниматор, сценаристтерді, режиссерлерді іздеді. Осылай бүгінгі күнге дейін мігір таппай, бір кісідей тер төгіп, туындыларын әлемге ұсынған студиялардың еңбегін көрген кезде, қара орман қазақ көрерменінде «біздің елдің анимация саласы қандай деңгейде?» деген сауал туындайтындығы рас.


Қазақ жеріне анимацияның келуі

Қазақ даласына анимация ұғымы 1967 жылы Әмен Қайдаровтың қолынан шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің жарық көруімен тұспа-тұс келді. Бұл туындыға да табаны күректей 55 жыл толды. Жарты ғасыр уақыт өткенімен «жақсы жырға қарттық жоқ» демекші, фильмнің суреті әлсіз болғанымен, қазіргі күнде берер тағылымы ұшан-теңіз. Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фистиваліне ат басын тіреп, жүлдеге де ие болған осы туынды еді.

Одан кейінгі жылдары Әмекеңнің басшылығымен «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр» сынды және тағы басқа мультфильмдері жарық көрді. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алды. Қиын қыстау кезге тап болып, дағдарыстан шығудың жолын іздеген биліктің де, шыбын жанын шүберекке түйген қара халықтың да анимацияда шаруасы жоқ еді. Тек жаңа ғасырдың келуімен, ел есін жинай бастаған кезде, қазақ киностудиясының артынан қалтақ-құлтақ ілескен анимация саласының біртіндеп іргесі қалана бастады. Дегенмен бұл процесс әлі күнгі дейін жалғасуда. Жоғарыда айтып өткендей, өзге елдер үшін анимация бір бөлек жатқан кең арналы сала ретінде қарастырылса, өкініштісі біздің билік анимацияға Қазақ киностудиясының бір бөлшегі кейпінде қарайды. Мультхикаяларға мұндай қарым-қатынас сақталып отырған кезде, анцимациялық туындылардың көрерменнің көзайымына айналуы екі талай.

Мемлекеттің қаражатына мойынсұнып отырған саланың өзіндік машақаты да жетерлік. Егер мультфильм шығарам деген ниетпен студия ашып, туындыңды кинотеатрға шығарып, есемді қайтарам деп ойласаң алысқа бармайсың. Елдегі нарықтың кішкентай болуының кесірі алдыңнан келіп тіреледі. Құр алақан қалмас үшін өніміңді отандық арналарға өткізіп, жарнамалық тапсырыстар қабылдайсың. Саланың осындай қиындығына қарамастан, қазақ анимациясының дамуына мүдделі болып жүрген студиялар саусақпен санарлық. Солардың бірі жан рахатын осы кәсіптен тапқан «ARA Animation Studios».

«Осындай мультфильмдер жасасам ғой…»

Ұжымның тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныспақ болып, студияның режиссері және негізін қалаушылардың бірі – Мейіржан Сәндібай мырзаны әңгімеге тарттық. Режиссердің осы бір өнер жолын таңдауына сеп болған Disney студиясының «Арыстан патша» туындысы екен.

«Осы бір мультфильм өзіме қатты әсер етті. Сол уақытта бала жүректе осындай фильмдер жасасам ғой деген арман туды. Өсе келе мақсатқа айналды. Бүгінде сол мақсатты қуып келеміз»,– дейді Мейіржан мырза.

Бала арманды өсе келе мақсатқа айналдыруға тырысқан Мейіржан елордадағы «Қазақ Ұлттық Университетін» анимациялық кино режиссері мамандығы бойынша аяқтаған. Жансарайын байытуға талпынған маман, мұны да місе тұтпай, қазіргі таңда режиссура мамандығының магистрі.

«ARA студиясы 2018 жылдан бастап ресми жұмыс жасауда. Студияның негізін мен және серіктесім Бақытжан Шабдукарим мырзамен бірге қаладық. Алғашында ұжымда 3-4 адамдай болдық. Қазіргі таңда шығармашылық топ 15 шақты білікті мамандардан тұрады», — деді кейіпкер.

Неліктен «ARA?»

Маманнан неліктен студияның ARA аталатынын сұрап көрген едік. Студияның атауы тұнып тұрған философия екенін түсіндік. Біріншіден – аралар ұйымшыл, мыңдаған аралар бір мақсат қойып, аянбай еңбек етсе, екіншіден – олардың еңбекқорлығы, үшіншіден – тек таза гүлдердің тозаңын жинауға талпынған жәндіктің ісінен тазалықты аңғарсақ, төртіншіден – ара өз ісінің шебері, бесіншіден – ең бастысы, адамға тигізер пайдасы мол. Мінекей, маманнан«неліктен «ARA?» деген сауалға толыққанды жауап алдық. 

«Арадай «ұйымшыл» болу! Тұрақты «еңбек»ету! Әр ісімізді «тазалық»пен «адалдықты» ұстану! Өз өнеріміздің «шебері» болу! Сол арқылы қоғамға «пайдамызды» тигізу»,– дейді Мейіржан мырза.

«Шымшық сойсада, қасапшы сойсын» дегендей, бірлестікте өз ісінің жілігін шаққан мамандар қызмет етеді. Продюсер, режиссер, сценарист, аниматорлар, моделлерлер, риггинг мамандары, көркемдік жетекшілер мен қоюшы суретшілер бар. Осы ретте студияның мүшесі 3D аниматор қызметін атқаратын Увалиева Ақпейілмен де тілдескен едік. Маманның сөзінше, бірлестік бір-бірінің қиындығын көтерісіп, қызығын бөлісетін ұжымнан тұрады.

 

«Студияда расыменде әрқашан жағымды атмосфера. Қанаттас қызмет ететін мамандардың барлығы талантты. Бәріміздің алға қойған мақсатымыз бір және осыны сезінген сәтте, тұла бойың шабытқа толады»,– дейді Ақпейіл ханым.

Қазақстандық әйелдердің анимациядағы рөлі

Ақпейіл ханымнан анимация саласында қызмет ететін әйелдер қауымы жөнінде де сұрастырған едік.

«Өкініштісі, біздің бірлестіктен бөлек, өзге анимациялық студияларда қызмет ететін әйел мамандармен сирек кездесемін. Моделлер, 2D анимация бағытында еңбек ететін қыздар басым. Соңғы жылдары анимация саласына деген қызығушылығы артқан бойжеткендердің саны көбейді»,– деп Ақпейіл ханым өз ойымен бөлісті.

Мемлекет үшін анимация саласының маңызы төмен болғанымен, осы салада қызмет етемін деген адамға жұмыстың табылатындығын айтқан Мейіржан мырза, ARA студиясының мемлекеттен ғана емес, шет елдерден де коммерциялық тапсырыс қабылдайтындығын айтады.

«Осылайша тапқан табыспен өз-өзімізді қаржыландырып келеміз. Бірде жетсе, бірде жетпей қалады. Бұл жеке меншік студия үшін үйреншікті жағдай».

Балақайлардың көңілінен шыққан мультфильмдер

Ұжымның тырнақ алды еңбектері еліміздің балаларға арналған «Balapan» арнасында жарық көрген.

«Арнамен серіктестігіміз 2018 жылы басталды. Мақпал Жұмабай ханымның жетекшілігімен «Дара тұлға», «Сәби», «Сәби 2» деп аталатын балаларға арналған танымдық мультсериалдар түсірдік. «Сәби» телеарнаның ресми ютуб арнасында жарияланғаннан кейін, не бәрі 4 айдың ішінде бір миллионнан астам қаралым жинады. Қазіргі таңда шетелдік тапсырыстардың себебінен телеарнамен серіктестігіміз уақытша тоқтап тұр».

«The Dog» — ARA студиясының кемеліне келіп, көптің көңілінен шыққан анимациялық мультфильмі. Ютуб желісінде 700 мыңға жуық қаралым жинады. Жүрек қылын шертетін туындының шығу тарихы жөнінде Мейіржан мырзаның ойын білдік. 

« “The Dog” жобасы менің бастамаммен түсірілді. Оған түрткі 2017 жылдары көбейіп кеткен тастанды сәбилердің өлімі болды. Дәретханадан, тас жолдың бойынан табылған бейкүнә бүлдіршіндердің жағдайды жүректі ауыртып жіберді. Адам өмірі соншалықты құнсызданып кеткен бе?»,– деп өз өкінішін білдірді Мейіржан мырза.

Даладағы қаңғыбас иттің өз күшігіне жасамайтын қатыгездіктің халық арасында көбеюуі режиссерді қатты мазалаған және осы бір туынды қоғам дертіне қатысты үндеу болған. Фильмнің өндірісіне 4-5 айдай уақыт кеткен. Қажырлы еңбектің арқасында дүниеге келген туынды, әр көрерменнің назарына лайық. Әлеуметтік бейнероликтер қатарына қосса да артық етпейді. Маманның айтуынша, студиялың келешекте жарық көретін бірнеше анимациялық фильмдері бар. Солардың бірі «Шырақ» туындысы.

«Бұл анимациялық фильм ARA студиясының өз күшімен түсіріп жатқан алғашқы туындысы. Оны біз JKS Entertainment продюсерлік компаниясымен бірігіп жасаудамыз. Алла бұйыртса шамамен көктемде жабық көрсетілім ұйымдастырсақ деген ниетіміз бар. Кейін оны әлемнің белді кинофестивальдеріне жіберу жоспарланып отыр. Көрерменге фестиваль аралап келгеннен соң, шамамен бір жылдың ішінде көрсетіліп қалады»— дейді Мейіржан мырза.

Ұжымның білек сыбана кірісетін келесі бір жобасы «Бейбарыс» анимациялық фильмі болуы әбден мүмкін. Маманның сөзінше, қазіргі таңда жұмысы тұралып тұрған жобаға келешекте жаңа көзқараспен оралмақшы.

«Мақсатымыз толықметрлі фильм түсіру. Дегенмен еліміздегі білікті мамандардың тапшылығы әлі ондай мүмкіндік бермейді. Сол себепті алдымызда тұрған бірінші мәселе өндіріске қажетті мамандарды дайындау»,– деп ойын түйіндеді режиссер маман.

Еще много интересного

Статьи STEPPE