Sayahat Time видеоблогының авторлары: «Ерлі-зайыпты болып саяхаттауды сәнге айналдырғымыз келеді»

12 минут Назерке Абибулла
Sayahat Time видеоблогының авторлары: «Ерлі-зайыпты болып саяхаттауды сәнге айналдырғымыз келеді»

Ерлі-зайыпты Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы YouTube желісінде қазақ тілінде саяхат жайлы Sayahat Time арнасын жүргізеді. Бұл жұпты көрермендер Алексей Птушкин мен ресейлік «Орел и Решка» жобасының жүргізушілеріне теңейді. Контент қазақ тілінде болғанымен, дәл осы арнаның видеоларын Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Ресей, тіпті Үндістанның халқы тамашалайды. 

Бүгінде YouTube платформасында Sayahat Time оқырмандары 47 мыңнан асқан. «Өзбекстанға сапар» блогы 885 мыңнан астам қаралым жинаған. Көрермендер мыңдаған пікір жазып, видеоның астында тек жылы лебіздерін қалдырады. Ал бұл Ернар мен Жазираға әлем кезіп, жер жаһанды зерттеуге, оны қазақ тілінде түсіруге шабыт береді. Осы орайда The Steppe басылымы YouTube блогерлермен саяхат жайлы сұхбаттасып, қазақша контент жасау жөнінде әңгіме өрбітті.


— Саяхатқа деген қызығушылық қалай YouTube арнаға айналды?

Ернар Алмабек:

— Алматыда туып өстім. Мектепте бізді демалыс сайын тауға алып шығатын. Солай бала кезден табиғатқа махаббатым оянды.

25 жасымда кәсіпкер Марғұлан Сейсембаймен таныстым. Nomad Explorer атты экспедицияларына фотограф ретінде шақырды. Ұлытау, Үстірт, Торғай, Алтай, Жамбыл мен Түркістан облыстарында өткен экспедицияларға бардым. Сол жерде саяхатты жақсы көретін жандармен танысып, олар да басқа экспедицияларға, джип-турларға шақыра бастады. Біраз жерді аралағаннан кейін YouTube блог түсіру ойға келді.

2018 жылы Алтай экспедициясына жолға шығатын күні GoPro сатып алдым. Монтажды білсем де, видеоблогтың форматын білмеймін. Камера алдында сөйлей алмасам да, өз-өзімді түсіре бердім. Алтай сапарын YouTube-ке салған бетте екі-үш мың қаралым жинады. Арнаға мың адам жазылды.

2019 жылы Жазира екеуміз ақша жинап, Дубайға бардық. Видеоблог түсіреміз бе, түсірмейміз бе деп ұзақ ойландық. Сөйтіп жүргенде алғашқы үш күннің видеосы түгел өшіп кетті. Қолда бар контенттің басын құрап видеоблог жарияладық. Формат көрерменге де, өзімізге де ұнады. Солай ортаға Жазира қосылды.

Дубай видеоблогы 200 мың қаралымнан асты. Әр жазылған пікірге қуандық.

Содан бір жылдай арнамызға видео жүктемедік. Саяхат хобби болған соң кейде түсіргің келеді, кейде түсірмейсің. Солай көрермен де кім екеніңді ұмыта бастайды. Оған қоса арна табыс әкелмеді. Түсіруге, оны монтаждауға кететін уақыт пен күш ақталмады.

«Мұны не үшін жасап жүрміз?» деген сұраққа жауап таппай, арнаны жабайық деп ойладық. Көлік сатып алдық та, 2021 жылы жазда Алматыдан көлікпен шығып, Өзбекстанның төрт қаласын аралап қайттық. Сол кезде машинамен Өзбекстанға бару мүмкін еместей көрінді. Ойға қонымыз идея деп ойладық. Жазира екеуміз сегіз күнде 4000 шақырым жолды еңсердік.

Жазира Байдалы:

— Бір апта көлікпен жүру, фото және видео түсіру физикалық тұрғыдан қиын. Бұл ісіміз айналамыздағы адамдарға мүмкін еместей көрінді. Төрт мың шақырым жолға шыдаймын ба деп қорықтым.

Ернар Алмабек:

— Өзбекстаннан келген соң YouTube-ке Ташкенттен видеоблог салдық. Бір-екі айдың ішінде қаралымы 600 мыңға бір-ақ көтеріліп, шабытымыз ашылды. 

Жобамыз өз шығынын өтейтін деңгейге шығуы керек болды. Оқырман саны 20 мыңға жетті. Жазира жарнама тартуға кірісті.

Air Astana өкілдерімен бір жылдай келіссөз жүргіздік. Біраз компанияға жарнама туралы хабарластық, бірақ кері байланыс болмады. Air Astana Грузияға пресс-турға шақырды. Жасаған жұмысымыз оларға да, бізге де ұнады.

Кейін Үндістанға баруды жоспарладық. Олар ұшақ билетін берді. Қалған шығынды өзіміз көтердік.

жазира

Жазира Байдалы:

— Жақында тағы да сөйлестік. Әлі қолдаймыз деді. Бұйырса Air Astana-мен жұмыс істей береміз.

— Компаниялардың жарнама бергісі келмеуіне не себеп? Қазақша контент болған соң ба?

Ернар Алмабек: 

— YouTube-ке жарнама беруді үйренбеген сияқты. Қаншама кәсіпкерлереге хабарластық. Әсіресе, шағын кәсіпкерлер «ондай да бола ма?», — деп сұрайды. «Instagram емес, Facebook емес, YouTube-ке қалай жарнама береді?», — дейді. Жарнама қанша уақыт тұрады дейді. Видео ішіне кірген жарнама сол видео өшкенше тұрады. Оны көп адам түсіне бермейді.

Жазира Байдалы:

— Нарық та Instagram-дағы жарнамалық сторис, постқа үйренген. Олар YouTube блогерлермен, соның ішінде қазақтілді блогерлермен көп жұмыс істемейді. Неге десеңіз, бұрын-соңды коммуникация болмаған. Олардың жұмыстарын көрмеген. Қазақтілді контентімізді ұсынсақ, «бізге керек пе бұл?», — деп ойланып қалады. Олардың жарнама беретін, жұмыс істейтін қатып қалған тізімі бар. Сол тізімге біз де кіргіміз келеді.

Көп компанияның PR не маркетинг директорлары — қазақша контент тұтынбайтын орыс тілді азаматтар. Бізді олар көрмейді, естімейді. Ал біз оларға құндылығымызды, компанияға жаңа клиент тарта алатынымызды, жаңа масштабқа шығуына көмектесетінімізді айтып түсіндіреміз.

Қазақтілді блогер болғаннан кейін алдымыздан көп кедергі шығады. Көбі көрсеткіштерімізді шетелдік блогерлермен салыстырады. Мысалы, бізден Птушкин мен «Орел и Решка» жобасындағыдай екі-үш миллион қаралым күтеді. Оларды көретін өзіміздің қазақтар, ТМД ғой. Ал біз Қазақстан аумағында ғана таза қазақтілді аудиторияға жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан Қазақстандағы халық саны үшін көрсеткіштеріміз өте жақсы.

Жақында компаниялар YouTube арналарын ашып, өздері контент жасап бастағаннан кейін басқа нарықпен салыстыруға болмайтынын түсініп жатыр.

 — YouTube-те видеоблог жүргізудің қандай қиындықтары бар?

Ернар Алмабек:

— YouTube, әсіресе, саяхат форматының шығыны басқаларға қарағанда көбірек. Телеарналардағы үлкен ток-шоулар сәл арзандау шығар. Басқа елге барып түсіру, оны монтаждау көп уақыт алады. «Бұлар қыдырғандарын түсіріп келді, онда тұрған не бар?» деп ойлайды. Біз ол жерге барғанда қыдырмаймыз, жұмыс істейміз. Үндістанда шаршап қалдық. Бір сәтте өзің бір шетінен көріп, оған таң қалып, соның бәрін камераға түсіріп үлгеруің керек. Кейде бірнәрсені көріп таң қалғанда камера өшіп тұрады. Видеоблог үшін сол сәтті қайталауға тура келеді.

Шетелге бар техникамызды арқалап барамыз. Ноутбук, камера, штатив, дыбыс жазатын құрал, GoPro, Insta 360 камера бәрін қосқанда сөмкеміздің салмағы 12-13 келі шығады. Ешқашан қонақ үйге тастамаймыз. Осы себепті де жарнама бағасы да қымбат. Шығынды жауып қана қоймай, үстінен табыс тапқымыз келеді. Қазір 47 мың оқырманымыз бар. Әр видео жүз мыңдай қаралым жинайды. «Көрсеткіші дәл осындай подкаст бағасы мынадай, сендердікі неге қымбат?», — дейді. Екі адамның студияда отырып сұхбаттасқаны бөлек, ал Үндістанға барып контент түсіріп келген мүлдем бөлек. Жарнама берушілерге осының бәрін асықпай түсіндіреміз.

Жазира Байдалы:

— Қазір нарық түсініп жатыр. Жарнама берушілер болады деп сенеміз. Кез келген компанияға, адамға құндылықты түсіндіруге дайынбыз. Қазір қазақ тілі сұраныста екенін дәлелдеп жатырмыз.

Жобамыз өзімізге қатты ұнайды. Көрермен өзін бақытты сезінеді, позитивті пікір көп жазады. 35-40 минуттық видеоблогты тамашалап бір сергіп қалады. Өзге елдің салт-дәстүрі, ондағы адамдардың тыныс-тіршілігі жайлы ақпарат алады. Әрі ой-өрісі кеңейіп, әрі рухани демалады. Жобамыздың адамға, қоғамға пайдасы бар деп ойлаймыз. Танымдық ақпарат беруге тырысамыз. Әлемдегі әр ұлт, әр мемлекет бір-біріне ұқсамайды. Әркімнің өз ерекшелігі бар және олай бекер жаратылмаған. Саяхаттау арқылы, көру арылы дүниетаным кеңейеді. Сол кезде жаңа тың ойлар, идея пайда болады.

Ернар Алмабек: 

— Көрерменнің де талғамы өсті. Тоқсан пайызы жақсы пікір жазады.

«Қашан қазақ тілінде осындай жоба пайда болады деп жүрген едік», — деген пікірді жиі естиміз. «Сіздер қазақтың «Орел и Решкасыздар» ғой, Қазақтың Птушкинісіздер ғой», — деп жазған кезде мәз боламыз.

Біз де соларды көрдік, тәжірибе алдық. Енді өзіміз де сол деңгейге жетіппіз ғой деп риза боламыз. Көрерменнің осындай қарым-қатынасы жарнамаға да көмектесетін шығар. Нарық жылдам өзгеріп жатыр. Көрерменнің талғамы өссе жарнама берушілер де келеді. Видеоблогымызға бизнес жоба ретінде қараймыз. Ақша құйған соң табыс тапқымыз келеді.

— «Адамды жақынырақ танығың келсе, бірге сапарға аттан», — дейді ғой. Саяхат сіздердің өмірлеріңізге қалай әсер етті? 

Жазира Байдалы: 

— Үйленгенімізге тоғыз жыл болады. Sayahat Time арнамыздың отбасылық қарым-қатынасқа да берер пайдасы бар. Рас, сапарда қарым-қатынас жақсара түседі. Тіпті, танымайтын адамдарды жақындастырады. Ерлі-зайыптылар барса одан сайын бір-бірін жақынырақ түсінуге, бір-біріне басқаша қарауға ұмтылады. Кейбір ер адамдар өздері ғана саяхаттайды. Әйелдер құрбыларымен ретрит турларға барады. Ал біз ерлі-зайыпты болып саяхаттауды сәнге айналдырғымыз келеді. 

индия
узбекистан

Ернар Алмабек:

— Төрт мың шақырымды әйеліңмен жүріп келсең қарым-қатынасың өзгереді (күлді). Біздікі жай туризм емес, нағыз саяхат дер едім. Курортта, теңіз жағасында демалу қарым-қатынасқа әсер етпеуі мүмкін. Ал біз ауыр рюкзак арқалап, Варанасидің тар көшелерінде бірге адастық. Сол жағдайдан ұрыспай бірге шықтық. Адамды танығың келсе, жақын болғың келсе бірге саяхаттау керек. Стресстік жағдайлардан бірге өткеннен кейін қарым-қатынас берік бола бастайды. Үйде күйбең тіршілік деп жүріп айтылмайтын көп әңгіме жолда ақтарылады.

Жазира Байдалы:

— Өзбекстанға сапар кезінде жолда бала тәрбиесі жайлы сөйлестік. Ернардың бала тәрбиесіне алаңдайтынын білемін ғой, бірақ сол ойларын оңашада асықпай, ашылып айтқанда өзіме керек нәрсені түйіп алдым. Қыздарымызды қандай үйірмеге беруге болады, болашақта оларды не күтіп тұр, бәсекеге қабілетті маман болу үшін оларға не беру керек, қыздарымызбен қай елге саяхаттай аламыз деген сияқты тақырыпта әңгімелестік.

узбб
узбекистан
узбекис

— Саяхатты қалай жоспарлайсыздар? 

Ернар Алмабек:

— Саяхат мәселесі менің жоспарым бойынша жүреді. Елді де мен таңдаймын. Google картаны ашып алып, Алматының төбесінен қарап отырғанды жақсы көремін. Картаны алыстатамын да, бір елді төбесінен көремін. Үлкен қалаларын, ауылдарын сағаттап қарап отырамын. Мысалы, картаға Дели деп жазып, көшелерін, ескерткіштерін қарап шығамын. Кейін YouTube видеоблогтар қараймын. Үндістан десе көбі Варанасиге, Мумбайға, Калькуттаға барған. Сол қалаларды картадан қарап, орталарындағы арақашықтықты есептеймін.

Біз Үндістанның төрт қаласын араладық: Дели, Агра, Варанаси, Мумбай. Ұшақ Делиге қонатын болды. Видеоблогта міндетті түрде елдің астанасын көрсеткенді дұрыс көремін. Оған екі күн бөлемін. Кесте жасап, осы күндері Делиде боламыз, Аграға пойызбен барамыз деп толтыра бастаймын. Одан кейін күндерді сағатқа бөліп, Делиде «Қызыл қамалға» екі сағат, жанындағы «Жұма мешітке» үш сағат кетеді деп жазамын. Билет бағаларын, барғалы отырған жердің фотосуреттерін көреміз. Қызық болмаса кестеден сызып тастаймын. Камераға түсіруге тыйым салынған нысандарға бара алмаймыз, себебі оны видеоблогта көрсете алмаймыз. Бағасын есептеп, әр қалаға жазған жоспармен жүреміз. 

Жазира Байдалы:

— Нақты уақытпен жүреміз, бос жүрмеуге тырысамыз.

Екі сағатта ол жерді көріп те, адаммен сөйлесіп те, стендап жазып та үлгеру керек.

Ернар Алмабек:

— Саяхат болғандықтан жоспардан ауытқып кететін кездер болады. Кейбір дүниелерді ертерек есептеу мүмкін емес. Кейде келесі нысанға асығамыз деп түскі ас ішіп үлгермей қаламыз. Кейде күтпеген жерден кептеліс болып қалады. Делиде «Қызыл қамалда» екі сағат боламыз деп жоспарлаған едік. Оның бір сағаты адамдармен суретке түсуге кетті. Кет деп айта алмайсың. Бәрімен түсе бердік. Бізге де қызық, олар да кетпейді. Үндістанда аққұба адамдарды жақсы көреді екен, олар сәттілік алып келеді деп сенеді. Сол күні YouTube арнамыз жазылған киіммен жүрдік. Бізді блогерлер екен деп түсіп жатты. Мумбайда таксист «машинама алғаш рет YouTube блогерлер мінді» , — деп мәз болды. Тілімізді түсінбесе де, қаншама үнділер арнамызға жазылады.

— Үндістанға барған адам өзгермей қоймайды дегенді жиі естиміз. Бұл сапар несімен есте қалды?

Жазира Байдалы:

— Ресейлік бір блогердің Мумбайдағы кедейлер тұратын Дараби ауданына барған видеоблогын көріп, Алматыда отырып қандай қорқынышты деген едім. Ол жерге кіру өте қиын, өте қауіпті. Аман-есен видео түсіріп шыққан адам қаһарман деп ойладым. Олар видеоблогында «қорқынышты, адам аяқ баспайтын жерге бардым», — деп асыра сілтейді. Біз адамдарды олай алдамаймыз. Дарабиге алғаш қадам басқан қазақпыз демейміз. Қорықпай ең қауіпті ауданға кіре салдық. Сөйтсек аса қауіпті емес екен. Екі сағатымыз, керісінше, керемет өтті. Бізге қатты ұнады. Шошитындай, қорқатындай емес.

Ернар Алмабек:

— «Үндістан сені не қабылдайды, не қабылдамайды» деген дүние бар екен. Кір, лас дүниелерді іздеп барсаң, алдыңнан ол міндетті түрде шығады. Жақсы жағын іздесең жақсы адамдарға кезігесің. Жаман адамдар қай жерде жоқ? Бізде де бар. Ұры-қары, қоқыс қай жерде жоқ? Әлемнің түкпір-түкпірінде, барлық жерде бар. Бұл өзі өмірдің заңы сияқты. Жақсылық іздеп барғандарға Үндістан жаман ел емес. Адамдары қандай тамаша. Аңқылдақ. Бетіңе күліп қарайды. Көмек беруге дайын.

Бір елдің ұлты туралы стереотиптерді бұзу үшін мың рет естігенше, бір рет барып көрген дұрыс.

путеш
индия
индияә

Жазира Байдалы:

— Үндістанда адамдар бақытты сияқты. Мұңайып жүрген бір жан көрмедік. Сөйлесіп бастағанда күліп, көмектескісі келетінін білдіреді. Балалары ашық мінезді екен.

— Үй шаруасын, бала тәрбиесін, жұмысты, саяхатты бәрін қалай қатар алып жүресіз? Жақындарыңыздың саяхатқа ойы қалай? 

Жазира Байдалы:

— Қыздарымызға енем қарайды. Жоспарымызды ертерек ескертеміз. Басқа елде жүргенде күн сайын хабарласып тұрамыз. Қыздарымыз да түсінеді. Саяхатты мерекедегі демалыстарға жоспарлауға тырысамыз. Жұмысқа тап келсе не сұранамыз, не еңбек демалысын аламыз. Ал саяхаттың үй шаруасына қатысы жоқ.

Ернар Алмабек:

— Жақындарымыз жақсы қарайды. Қуанады. Әкем видеоблогты көруден жалықпайды. Теледидарға қосып қойып туыстарға көрсетеді, сілтемесін WhatsApp чаттарға жібереді.

Жазира Байдалы:

— Алғашында мүлдем саяхатқа қызықпайтын едім. Ернар саяхаттауды үйретті. Видеоблогты кәсіби түрде жүргізіп, табыс көзіне айналдыруға болады екен. Саяхатта демалып та, видеоблог түсіріп те үйрену керек.

— Камераға түсіріп жүрген кезде тамсанып, эмоция алып үлгересіздер ме? 

Ернар Алмабек:

— Жоспарға қарап, не түсіріп жатқаныңды ойлап жүргенде эмоция шықпай қалады. Камераға көрсетпесем де, эмоциям кейін елге келгенде шығады. 

Жазира Байдалы:

— Мен барынша эмоциямды шығарамын. Жалпы біз, қазақтар, эмоциямызды ашып көрсетпейміз ғой. Ернар екеуміз Sayahat Time арқылы өзімізді тәрбиелеп жатырмыз. Екі жыл бұрынғы өзіммен салыстырсам, қазір көбірек ашықпын. Эмоциямды өмірде де білдіре алатын болыппын. Бұрын дәл қазіргі сәтте бақытты болуды, бар сезімді көрсетуді мүлдем білмейтінмін. Дәл қазіргі сәттен ләззат алмайтынмын. Саяхаттау арқылы позитив эмоцияны шығару өз-өзімен қалыптасады екен. Әр сапар тұлға ретінде дамуыма, денсаулығыма жақсы әсер етіп жатыр. Қыздарыма да жобамыз арқылы әлем шексіз екенін, кез келген елде оқи алатынын, дос таба алатынын, қолдарынан бәрі келетінін көрсеткім келеді.

— Сөз арасында құндылықтар туралы айттыңыздар ғой. Sayahat Time миссиясы, құндылығы қандай?

Ернар Алмабек:

— Sayahat Time миссиясы — өмірден ләззат алу, әлемнің шексіз екенін, әлемнің әралуан екенін көрсету. Әралуандық бізді бір-бірімізге қарсы қоймай, керісініше, біріктіруі керек. Кейбіреулер дініне, тіліне, түріне байланысты жағымсыз пікірлер жазып жатады. Ондай әралуандық бізді бір-бірімізден алшақтатпай, жақындатуы керек. Соғыс болмасын десек бір-бірімізді тануға ұмтылуға тиіспіз. Әр елден, ұлттан үйренетініміз бар. Миссиямыз – адамдарды әлемді тануға шақыру, біздің қоғамға әлемнің әртүрлі, әралуан екенін көрсету. Сол миссияны орындай жүріп өзіміздің де ішкі сезіміміз, пікірлеріміз өзгеріп жатыр.

Жазира Байдалы:

— Тек қазақ тілінде жүргізгендіктен жобамызды насихат, миссионерлік жұмысқа теңеймін.

Видеоблог өзге елдің адамдары, олардың тұрмыс-тіршілігі жайлы болса да, Ернар екеуміз жүріс-тұрысымыз, сөйлеген сөзіміз арқылы қазақтың болмысы, мәдениеті, салт-дәстүрі, менталитеті қандай екенін көрсетіп жатырмыз.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Как прошел осенний шоукейс резиденции BATYR LAB empowered by Visa с Иваном Дорном в Алматы

Как прошел осенний шоукейс резиденции BATYR LAB empowered by Visa с Иваном Дорном в Алматы

Общественный фонд имени Батырхана Шукенова при поддержке лидера индустрии цифровых платежей Visa и бренда Tic Tac организовал...

2 минуты
2 минуты
Чем отличаются регионы Казахстана

Чем отличаются регионы Казахстана

Вы когда-нибудь замечали, как сильно отличаются разные уголки одной страны? Взять к примеру, Казахстан, разделенный на 17...

23 минуты
23 минуты
Как рост логистической отрасли даёт заработать Казахстану и казахстанцам

Как рост логистической отрасли даёт заработать Казахстану и казахстанцам

В цифровую эру и бума онлайн покупок мы совершенно не задумываемся, какое расстояние и сколько границ проезжает, проплывает или...

10 минут
10 минут
Важный вопрос: какие страны делают ставку на атомную энергию и почему?

Важный вопрос: какие страны делают ставку на атомную энергию и почему?

Современное строительство атомных электростанций — это сложный, высокотехнологичный процесс, в котором сочетаются передовые...

5 минут
5 минут