Гид по профессии: кто такие IT-аналитики и чем они занимаются
Если вы задумывались, как появляются новые цифровые продукты и сервисы и кто за ними стоит, самое время разобраться в том, кто...
«Маса секілді ызыңдап, қазақты оятқым келеді!» — дәл осындай ұстаныммен өмір сүретін жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы «Ресей театр өнері институтында» (ГИТИС) Дмитрий Крымов пен Евгений Каменьковичтың шеберханасында тәлім алып жүр. Уақыт өте келе, өз саласының кәсіби маманы репертуары тұралап қалған «Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына» спектакль қоюға келеді. Оған қоса, Әлібек бүгінде «Маса» эксперименталды театрының жетекшісі. Режиссер театр әкімшілігімен келісіп, швейцар жазушысы Фридрих Дюрренматтың «Ұлы Ромул» пьесасы желісінде Qora Z трагикомедиясын сахналауға рұқсат алады. Әлібектің экспериментіне тіпті 2020 жылы 83 жасында дүниеден өткен белді актер Мәжіт Ілиясқар қатысуға келісімін берген. Аталмыш спектакльдің төрт айға ұласқан дайындығынан кейін 2021 жылы мамыр айында премьера өтті. Алайда, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қойылымның екінші күнінде Qora Z уақытша жабылады.
Qora Z Шымкент қаласында екі жылдың ішінде небәрі алты рет қойылған. Спектакльдің жетістіктері де жоқ емес. Трагикомедия 2021 жылы «Әшірбек Сығай атындағы республикалық театр фестивалінде» 2-орын иеленеді. Ал 2022 жылы Әлібек Өмірбекұлы — «Жаңа есім», Нұржамал Қаламбаева министр рөлі үшін «Жыл актрисасы» номинациясы бойынша «Сыншылар жүлдесіне» ие болады. STEPPE редакциясы 3-4 мамыр күндері 2 күн қатарынан қойылған спектакльді тамашалап, режиссердің туындыны тоқтауына не түрткі болғанын барып біліп қайтты.
Алматы қаласындағы «Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында» 2 күн қатарынан Qora Z қойылымы сахналанды. Спектакль басталмас бұрын режиссер Әлібек Өмірбекұлы жүрек жарды сөз сөйледі. Қатты қобалжыған өнер иесі, қойылымды қайта сахналау туралы біраз уақыт ойланған. Оған қоса, Әлібек қойылымды тоқтауға өз себебі бар екенін айтты.
Әлібек Өмірбекұлы, қоюшы-режиссер:
«Qora Z — менің ең сүйікті спектаклім. Бар махаббатым мен бар манифестімді салдым. Шынымды айтсам, өз еліме деген ашу-ызам осы қойылымда шығар. 2021 жылы мамырда алғаш рет ойнадық. Алайда ертеңіне спектакль тоқтатылды. Тіпті басқа елге қашуыма тура келді. Себебі, мені «Қазақ театрын құртып жатыр» деп айыптады. Менің ойлағаным ол емес еді. Қай кезде болмасын әлемдік театр тарихында спектакль репертуарынан-ақ сол елде не болғанын білуге болады. Ал біз бір нәрсені қайталап қоя береміз. Сондықтан елімізде бұрын не болғаны, қазір не болып жатқаны түсініксіз. Қазақстан театр елі емес. Халық енді-енді театрға барып жүр.
Қазақ театрында орысша сөйлейтінім — ең үлкен қате. Әдебиеттің бәрін орысша оқығандықтан бөтен елдің тұтқынымын, амалым жоқ. Ұлтшыл емеспін. Өз елімді, барша ұлтты жақсы көремін. Қазақстан халқы өзге де посткеңестік елдер секілді әлі күнге дейін Ресейдің боданындамыз. Мұны мойындауымыз керек. «Кішкентай халық» деген комплексімізді жасырып бағамыз. Мақтау керек болған соң үнемі өзімізді мақтай береміз. Мықты ел болу үшін басқаға тәуелді болуды қойғанымыз жөн. Бізді күшті ететін – тіліміз бен мәдениетіміз. Бодан болғанымызды мойындамайынша, алға жылжи алмаймыз.
«Мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?», — деген сұраққа Абайдың өзі жауап таппады. Мен тіпті білмеймін. Лев Толстой «Ешқандай пайдасы жоқ өнерге неге осыншама ақша жұмсайсыздар», — деп айтып кеткен.
Спектакльді қою керек болған соң ғана қоюдың қажеті жоқ. Мен бұған қарсымын. Qora Z сол туралы. Тіке айта саламыз, сахнаны қанға бояймыз. Бұдан басқа шешім болмады.
Бұл спектакльді ойласам жүрегім ауырады. Мен үшін жан дүниесі бар сияқты. Қазақта аяғы сынған атты емдеуге келмейді дейді. Спектакльдің де халі мәз емес. Қанша сүйресек те, түк шықпады. Спектакльді ресми түрде жаба алмаймын, өйткені ол — театрға тиесілі. Ал Qora Z театрға мүлдем керек емес. Шындық осы.
Әкімшілік ешқашан театр бола алмайды. Театр ол — әртістер мен суретшілер. Алматыға спектакльді театр емес, әртістер өз қаражатына алып келді. Оларды мақтан етемін. Қазақстанның шет аймақтарындағы театрлардың жағдайы мүшкіл. Алматы мен Астанада бір-бірімен спектакль қойып жарысса, қалған өңірлерде театрлар өліп жатыр. Жүрегім ауырады.
Театр Qora Z спектаклін қоюға рұқсат бергенімен, оны қойғысы келмейді. Спектакльді тамашалау үшін Шымкентке басқа қаладан келгісі келетіндер көп. Актерлер басшылыққа «ойнайықшы» деп бірнеше рет барған. «Жарайды» дейді де, афишасын дәл ертеңіне шығарады. Ал актерлер жарты жылда бір рет қана ойнайды. Бұлай спектакльді қорлауға бола ма? Мен оған жол бермеймін. Режиссер қойған қойылымының жылдар бойы өмір сүргенін қалайды. Бір жыл бұрын жабу туралы ой келді. Одан басқа шешім таппадым. Мен үшін спектакль өлді.
Спектакльді көп ойнамағаннан кейін бірінші күні тым созылып кетті. Актерлер гастрольге жиі шығуы керек. Көрерменмен жиі кездеспеген соң қобалжып, сахнада не істерін білмеді. Сол себепті екінші күні қарқын қостық. Бұл қаншалықты дұрыс болғанын білмеймін. Актер де көп ойнамағаннан кейін сахна мәнін, иронияны жоғалтады. Оларға ойнауға мүмкіндік беру керек. Көрерменмен жиі кездесуі керек. Көрерменді көрген кезде олар абдырап қалды, шок болды.
Мені кейде педагогым Крымовпен салыстырады, өйткені ол да ойын театры бағытында жұмыс істейді. Мұны оған дейін де М.Буткевич ойлап тапқан. Ойын театры көрермен сахнада болып жатқан дүниелерге сенуі үшін, мұның бәрі үлкен импровизация сияқты көрінуі үшін керек. Оны қою үшін Станиславскийдің барлық мектебінен өту керек.
Көрермен театр екенін, бутафория екенін ұмытып, көз алдында болып жатқан дүниеге қалтқысыз сенуі қажет. Спектакль қойылмайды, ол сахнада дүниеге келеді.
Спектакльді жабуға мәжбүрмін. Қойылымды қалдыруға миллиондаған себеп болса да, жабу тұрғысындағы себеп одан да көп. Жабу — құтқару. Qora Z неліктен әр адамда әртүрлі әсер қалдыратынын, сан түрлі ой тудыратынын түсінемін. Оның бәрін шын жүрекпен қабылдаймын. Qora Z өз миссиясын орындады. Қатемізді тез мойындасақ, тезірек түзете аламыз. Кішкентай халық комплексінен арылатынымызға сенемін».
Тоқсан жылдан астам тарихы бар Шанин театры үшін Әлібек те, Qora Z да жаңалық болды. Қойылымның атауына, сахнаның қанға боялғанына, бір-бірімен қабысуы қиын сахналарға, актерлердің сөзіне шүйліккендер аз болмады. «Қазақ театрына жат дүние», — деген сынға қалды. Тіпті театрдың өзі спектакльді сахналауға қарсы болды.
Өңірдегі театрлар эксперимент жасамайды, жас режиссерлер бара бермейді. Шанин театрында Qora Z-дан кейін тың спектакльдер қойылмаған. Ал актерлер Әлібек секілді режиссерлермен жұмыс істегісі келеді.
Руслан Нұрман, актер:
«Әлібек Өмірбекұлы театрға алғаш келгенде ойын еш түсінбедім. Дайындықты менен бастады. Спектакльге дайындық кезінде бір ай бойы мәтін оқуға үйреніп қалғанбыз. Ал Әлібек болса келе сала бәрімізді далаға алып шықты. Оның әрекетін, айтқанын түсінбей бір апта басым ауырып жүрді. «Руслан мынаны істе, манифест жаз», — дейді. Түк шықпады, қолымнан келмеді. «Уайымдама, өз уақыты бар. Бір аптадан кейін бәрі орнына келеді», — деді. Расында бір апта өткен соң түсіне бастадым.
Әлібек пьеса желісімен актерлердің манифестін қойып шықты. Qora Z саясат туралы емес. Жалған атақ, марапат туралы манифестімді Әлібек пьесаға лайықтап қойып берді. Әр актер ішінен шыққан сөзді айтты. Әліге дейін көкейде «неге олай?» деген сұрақ жоқ емес.
Репетиция екі айға созылды. Барынша еңбектендік. Көрермен қалай қабылдар екен деген ой маза бермеді. Премьера күні жақсы қошемет естідік. Бірақ белгісіз себептермен екінші премьера болмай қалды.
Спектакль жабылады дегенді естігенде қабылдағым келмеді. Әлібек «спектакль қалай дүниеге келсе, солай өлуі керек», — деді. Әр актер Qora Z өмір сүрсе екен дейді. Бірақ бізді басшылар қолдамады.
Актерлермен ақылдасып, Алматыға өзіміз барып қоямыз деп шештік. «Неге театр емес, актер әкелуі керек?», — деп ұрысты. Шымкент қабылдамаса, Алматы қабылдайды деп әкелдім. Соңғы рет ойнасам да, осы жерде ойнап кетемін дедім. Маған спектакльді қабылдайтын адам керек, басқа ештеңе керек емес.
Театрдың дамымауына директорды, көркемдік жетекшіні, актерлерді кінәлайды. Директорды да, көркемдік жетекшініні де алып тастап, орнына тура солар секілді жасы үлкен адамдарды әкеп қойдық делік. Не өзгерді? Ештеңе. Арамшөпті тамырымен құртпаса, жұлған сайын көбейе береді. Кейіпкерім Ромул да жүйені тамырымен құртып, басынан істеймін деп ойлайды. Бізде де жас буынды көп қолдамайды. Ойындағысын істейін десе, үлкендер «тәйт» деп басады. Ал Ромул үлкендерді ысырып тастап, жастарға орын береді.
Әлібек расымен актерді басқа қырынан ашады. Біз әбден бір қалыптан шықпаймыз, қатып қалған дүниені қойып үйренгенбіз. Көрерменнің көпшілігі спектакльді қабылдамады. «Қазақ осындай ма? «, — деп сынады. Театрға жаңа леп әкелетін Әлібектей жастарды көтеру керек. Ал жасы үлкен режиссерлер орнын бергісі келмейді.
Әлібектің бір ерекшелігі — адамды ауыстырмайды. Қосалқы құрам жоқ. Режиссер ойнама десе ойнамаймын. Актерлер де оянып, осындай қойылымдар үшін жанын беруі қажет. Дәл қазір тамағымда өксік тұр. Сүйікті рөлімді қимаймын».
Бір қарағанда Qora Z түсініксіз: Бір адам бірнеше рөлді сомдайды. Корольдің қызын төрт актриса ойнайды. Бір емес, екі король бар. Сырт келбеті сайқымазаққа ұқсаған белгісіз кейіпкер камера алдында сахнада болып жатқан дүниеге үнсіз баға беріп отырады. Актерлер сахнада киімін шешеді, киеді. Сахнадағы реквизитті өздері қозғалтады. Спектакль тоқтамайды. Шымылдық жабылмайды. Актерлер үш сағат бойы сахнада өмір сүреді.
Ерсін Аманғалиев, актер:
«Бұл спектакльді алғашында ешкім түсінбеді. Премьера болады дегенше кім не ойнайтынын білген жоқ. Екі-үш күн қалғанда бәрі белгілі болды. Маған дайындалуға уақыт жетпей қалды. Мен ойнаған белгісіз кейіпкерді Әлібек «қазақтың батыры» деп таныстырды. Меніңше, ол — жатып алып әңгімесін айтып, анаған да, мынаған да пікір жазатын, ал өзі дым істемейтін, үйінде темекісін шегіп, етін жеп жататын диван батыр. Тура айтқанда Қазекең ғой.
Қойылым басында «Жаралған намыстан қаһарман халықпыз», — деп ескі әнұранды айтамын. Бұл — менің манифестім, жанайқайым. Айқайлағым келді, айқайладым. Айтқым келді, айттым. Рөлім кішкентай болып көрінуі мүмкін, алайда спектакльдің басынан аяғына дейін жүремін. Рөлім өзіме ұнайды. Qora Z спектаклін қойғанда жан дүнием рақаттанады.
Кім үшін соңғы рет? Әлібек үшін соңғы рет. Біз үшін соңғы рет емес. Жалпы спектакльде ойнаған кез келген актер спектакльді жапқысы келмейді. Өзім де жапқым келмейді. Біз үшін тым ауыр. Спектакльді жақсы көреміз. Тоқсан жылдық тарихы бар Шанин театрының ең мықты спектаклі деп айта аламын. Шанин театрында Qora Z-ға жетер спектакль жоқ».
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)