– Антрополог ғалымдар адамзат өз дамуында жаңа дәуірге аяқ басқандығы туралы көп айтып жүр. Жастар мәселесін терең зерттеп жүрген ұйымның басшысы ретінде сізді алаңдатын басты мәселелер жөнінде әңгіме қозғасақ.

– Шынымен, адамзат қазір төртінші индустриалдық революция дәуірінде өмір сүріп жатыр. Әр дәуірдің өзіне тән заңдылықтары мен ерекшеліктері бар. Осыған байланысты жаңа дәуірдің тынысын Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында терең бағамдайды.

Бұл құжаттарда адам капиталы сапасының жақсаруына ерекше көңіл бөлінген. Жастардың өзекті мәселелерін зерттеумен айналысатын ұйым ретінде біздің алдымызға үлкен міндеттер белгіленді. Өйткені, жастарды рухани жағынан дамыта отырып, болашаққа деген сенімдерін арттыру үшін бірқатар кезек күттірмейтін мәселелерді шешіп алғанымыз жөн. Осындай мәселелердің бірі - жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу құбылысы. Суицид көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемдегі ең нашар он елдің қатарында екенін өкінішпен мойындауға мәжбүрміз.

ҚР Бас прокуратурасының мәліметтеріне сүйенсек, елімізде бір жылдың ішінде 5 пен 17 жастағы балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салудың 200-ден астам жағдайы тіркелген. Ойлап қараңызшы, күніне қаншама бала өмірімен ерікті түрде қоштасып отыр?! Ғылыми ізденіс нәтижесінде қол жеткізілген жаңа білімдерді пайдалана отырып, жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуын алдын алуға мүмкіндік беретін жүйені еліміздің барлық өңіріне енгізуіміз керек. Мұндай жүйе ҚР Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктері және БҰҰ Балаларды қорғау ұйымының тарапынан ойлап табылды. үйе алғашқы рет 2015 жылы Қызылорда облысында енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетіп келеді.

Қызылорда облысының мысалына сүйене отырып, суицидтің алдын алуға болатынын және оны мейілінше аз уақыт аралығында жүзеге асыруға мүмкін екендігін айтып отырмын. Десек те, бұл жүйе мәселенің тереңде жатқан себептерін толық шеше алмайтынын мойындау керек. Оны шешу үшін қазірден бастап жастарымыздың өмірлік дағдыларын дамыта отырып, олардың рухани болмысына жаңа серпін беруіміз керек. Осындай өзекті мәселелерді шешкенде ғана біз адам капиталының сапасын жақсарта аламыз.

Жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған «Адам капиталының жаңа сапасы: мықты денсаулық, озық білімдер және жастардың заманауи дағдылары» атты үлкен бағдарлама әзірледік. Бағдарлама аясында жастармен жұмыс істейтін мамандарды оқытатын құралдар, қоғамда таратылатын ақпараттық материалдар, сонымен қатар, осы бағыттағы ұйымдастырушылық, үйлестірушілік, әдістемелік, сарапшылық көмек беретін жаңа технологияларды әзірлеу көзделген.

- Өрімдей жастардың өз-өзіне қол жұмсауын алдын алуға болатын жүйе бар дегеніңіз біздің қызығушылығымызды оятып отыр. Ол жүйе қалай жұмыс істейді?

- Бұл жүйенің пайда болуына ғылымның көп көмегі тиді. 2012-2013 жылы Қазақстанның бес аймағында, яғни Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілген зерттеулер жаңа білімдерге жол ашты. Зерттеу нәтижесінде халықтың психикалық саулық мәселесіне жеткілікті түрде мән бермейтіні, бұл тақырыптың тіпті талқыланбайтыны анықталды. Ал психикалық саулықты сақтауға көмек беретін қызмет түрлері әлі даму үстінде. Осының барлығы психикалық саулықтың нашарлауынан мазасыз күйге түсетін адамның мамандардан көмек сұраудың орнына өз мәселесімен оңаша қала береді. Өкінішке орай, бұл үрдіс пен суицидалды мінез-құлықтың пайда болуының тікелей байланысы бар екендігі де анықтала бастады.

Енді жүйенің жұмыс істеу механизіміне тоқтала кетейін. Кез келген адам, әсіресе жасөспірімдер қиналған сәттерде қоғамға белгілер бере бастайды: сөздерімен, әрекеттерімен. Сондықтан мұндай белгілерді тану  және өз-өзіне немесе басқаға көмек көрсету үшін алдымен жасөспірімдерінің өзін, содан соң мұғалімдеді үйретуді жоспарлап отырмыз. Баланың жаны қиналып жүргенін анықтаудың кәсіби тиімді жолдарына педагог-психологтарды, емхана дәрігерлерін тиісті көмек көрсету әдістеріне оқыту да жоспарда бар. Осылайша бұл құбылысты алдын алуға мүмкіндік туады. Аталмыш жаңа білімдерді көп адамға оқытуымыз керек. Мәселен, бір облыстың көлемінде шамамен 35 000-дай жасөспірім, 24 000-нан астам мұғалім, 500-ге жуық педагог-психолог, 600-ден астам дәрігер бар. Осыншама маманды негізгі жұмыстарынан  ұзақ уақытқа ажыратпай отырып, оқытып шығу керек. Әрине, дәстүрлі оқыту жүйесі бұл жерде жарамайтыны белгілі. Сол себепті де білімді және кәсіптік дағдыны аз уақытта қалыптастыратын жаңа технологиялар енгізу керек. Қазіргі күні біз жаңа технологияларды зерттеп, олардың мол мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану үшін «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымын жұмыстарды бастап кеттік. Бұл жүйелі жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету үшін бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен психикалық денсаулықты күту сұрақтары бойынша халықтың сауаттылығын көтеріп, мәдениетті қалыптастырғанымыз жөн.

- Адам капиталының жаңа сапасын қалыптастыру үшін өмірлік дағдыларды дамыту керек дедіңіз. Осы тақырыпқа кеңірек тоқталсаңыз. Заманауи өмірлік дағдылардың критерийлері қандай және оларды қалай қалыптастыруға болады?

- Өмірлік дағдылар деген кезде, біз жастардың қоғамда өз-өзінің қауіпсіздігін қаматамасыз етуін, өзгелермен тіл табыса алуын, өз болашағын жоспарлай алуын, өз-өзін дамытып отыруға қажетті білімдер мен дағдылардың жиынтығын айтамыз.

Сондықтан да жаңа адам капиталын қалыптастыруды мектеп қабырғасынан бастау керек деп есептейміз. Осындай мақсаттарды көздеп, жастардың өмірлік дағдыларын қалыптастыруға арналған тәрбие курсын дайындауды қолға алдық. Тәрбие курсы өмірлік дағдыларды алты бағытта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бірінші бағыт - денсаулықты сақтау дағдылары. Салауатты өмір сүре білу мен сүре алу дағдысы өмірлік дағдылардың негізін қүрайды. Қазіргі кезде оны «физикалық интеллект» деп атап келеді. Оған адамның дұрыс тамақтануы, өзін жақсы сезінуі, ағзаға зиян келтіретін факторларды білуі жатады. Физикалық интеллект адамның тәні мен санасының үйлесімде өмір сүруіне жағдай туғызады.

Екінші бағыт - психикалық саулықты сақтау дағдылары. Бүгінгі ақпараттар ағымындағы заманда адамның психикалық саулығына үлкен ауырлық түседі. Психикалық саулықтың нашарлауы адамның өмір сапасына тікелей әсер ете алады және оның дамуын тоқтатуға әкелетіндей әсері болуы мүмкін. Сондықтан да психикалық саулықтың маңыздылығы мен оған күтім жасау мәдениетін жас кезден қалыптастыра бастау керек.

Үшінші бағыт - эмоционалды интеллект. Қазіргі кезде эмоционалды интеллекттіні жастардың бойында дамытудың маңыздылығы жоғары. Өйткені эмоционалды интеллект өзіне және өзгеге қарай отырып, оның көңіл күйін, ниетін, ішкі шынайы сезімдерін анықтауға мүкіндік береді. Соған байланысты жеке стратегиясын құра отырып, жетістікке жетелеуге жағдай туғызады. Тіпті адам өз өмірінде қиындықтарға ұшыраса да, эмоциялық интеллект оның қайта көтеріліп, өмір сүру мен күресуін жалғастыруға көмек береді.

Төртінші бағыт - отбасы құндылықтарын тәрбиелеу. Бұл бағыттағы дағдылар жастардың болашақ отбасын құру үшін қажетті өмірлік принциптерді қалыптастырады. Қоғамда ер мен әйелдің орнын түсіну, болашақта жар таңдау, отбасылық жоспарлау мәдениетін қалыптастыру дағдылары қазіргі қоғамдағы көптеген жағымсыз істердің алдын алуна септігін тигізеді.

Бесінші бағыт -  қоршаған ортада өз өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алу дағдылары. Күні кеше ғана қауіптерді техногенді және табиғи деп келсек, енді қауіпті деген санатқа Интернеттегі онлайн ортаны, экстремистік және террористік пиғылдағы ұйымдардың әрекеттерін, адам ұрлау мен адам құлдығы мәселелерін жатқызатын болдық. Бұл қауіп-қатерлер баланың өз-өзін қауіпсіз ету шараларына басқаша қарауға итермелейді.  

Алтыншы бағыт - кәсіпті таңдаудағы қажетті дағдыларды қалыптастыру. Бұған жақын арада өзектілігін жоғалтатын және болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар мен қабілеттерді тану дағдыларын жатқызамыз. Бұған сонымен бірге өз жетістіктері туралы жаза, айта білу, өз-өзін жұмыс берушінің алдында ұстай білу, еңбек қатынастары кезінде өз құқықтарын қорғау алу дағдыларын да қосуымыз керек. Осы білімдер мен дағдыларды қалыптастыру арқылы жасөспірімнің үлкен өмірге шығуына дайындауға болады.

Яғни өмірлік дағдылардың мазмұны, оны қалыптастыратын технологиялар мен ұйымдастыру, бақылау механизмдерімен бірге енгізе алатын жоба болып шығуы қажет. Сондықтан да басқа елдердегі ұқсас жобаларды талдап, олардың арасынан таңдап, халқымыздың ұлттық құндылығы мен менталитетіне сәйкес келетін технологияларды енгізгелі отырмыз.

Барлық дайындық сатыларынан өткеннен кейін, бағдарламаның алғашқы нұсқасын енгізуді Қызылорда өңірінен бастап көргіміз келеді. Қызылорда облысында жастармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құрылымдар, мамандар дайын. Олардың біліктілігі жастардың өмірлік дағдыларын қалыптастыратын технологияларды игеріп кетуге толық мүмкіндік береді. Екінші кезекте бағдарлама Ақтөбе, Атырау, Ақмола облыстары мен Астана, Шымкент қалаларына енгізілмек.

Содан кейін біртіндеп басқа да өңірлерге ұсынуды көздеп отырмыз. Егер де жастардың өмірлік дағдыларын жетілдіретін технологиялар еліміздің барлық өңірлеріне енетін болса, онда біз адам капиталының жаңа сапасын қалыптастырып, дамытуға өз үлесімізді қоса аламыз.   

- Ерлан мырза, тілге тиек еткен әрбір мәселеңіз шынымен де өзекті екен және қоғам үшін ерекше маңызға ие деп білемін. Қолға алған жобаларыңыз оң нәтиже берсін деп тілегім келеді.