Кто такой продакт-менеджер и почему ИИ не сможет заменить эту профессию
Искусственный интеллект является удобным инструментом для работы, но не сможет заменить все профессии. Таким мнением поделился...
Бірінші мақалада еліміздегі биотехнология болашағының бейнесі болып отырған Дәмел Мектепбаеваның әңгімесін ұсынамыз. NASA жанындағы университетті бітірген тұңғыш қазақстандық Дәмел Nazarbayev University-де сабақ береді, ал бос уақытын миллиондаған өмірді құтқарып қала алатын әлеуеті бар медициналық стартапты әзірлеуге жұмсайды. Заманымыздың Ғажап әйелінің ұрыс алаңы – зертхана, ал қаруы – инновация мен білім.
Дәмел NASA-ның жабық аумағындағы терезесі жоқ бөлмеде, туған жерден мыңдаған шақырым қашықтықта, әлемнің ең үздік ғалымдарының ортасында отыр. Кішкентай ақ-көк түсті жүзік идеясы қарапайым ойдан компьютердегі суретке айналып, күтпеген жерден пайда болды және прототип түріндегі формаға айналды. Дәмел болашақ жоба моделін қолға алып, адамдардың өмірін өзгерте алатынын сезінді. Ол болашаққа ықпал етіп, келешекті анықтайтын істің бір бөлігіне айналды. Бұл – бәріміз армандайтын үздік болашақ еді.
Дәмел Мектепбаева – Nazarbayev University даму және инновациялар департаментінің маманы және NASA аумағындағы Сингулярлық университетінің базасында жасалған Hoope халықаралық медициналық стартапының негізін қалаушылардың бірі. Оның командасы дайындаған жұмыс Кореядағы Google-D.CAMP Prize, Франциядағы Hello Tomorrow Challenge, Startup Mexico, Startup Chile және Startup Peru секілді халықаралық стартап-байқауларда жоғары жүлделерге ие болып, адамдарға керек екенін дәлелдеді және оны жүзеге асыруға қажет алғашқы капиталға қол жеткізді.
Дәмел – Қазақстандағы ең дарынды жас ғалымдардың бірі. Бізбен болған әңгіме барысында ол өзінің қазіргі деңгейге жетуіне ықпал еткен өміріндегі ең маңызды сәттер туралы айтып берді.
Бала кезімнен дәрігер болсам дедім, себебі адамдарды емдеп, өмірлерді қорғағым келді. Hoope жүздеген, мыңдаған және жүз мыңдаған жанға көмектесе алады. Осы себепті де жұмысымды жақсы көремін.
Дәмелдің жеті жасында оның отбасы Ресейден Қазақстанға көшіп келеді. Дәмел Петропавлдың экономикалық бағыттағы мектебіне барады, алайда көп ұзатпай әпкесінің кеңесімен ағылшын тілін жетілдіру үшін лингвистикалық гимназияға ауысады.
Бесінші сыныпта жаңа мектепке барғаным есімде. Басында бұл маған қиын тиді, себебі мұндағы оқушылар шет тілін жақсы біледі екен. Оның үстіне олар екі тілде бірдей сөйлей алатын, ал менің бар білгенім hello, yes, no сияқты сөздерден аспайтын.
Жаздың үш айын Дәмел үлкен дайындықта өткізіп, тіл меңгереді. Күн сайын жүретін сабақ, жаңа сөздерді жаттау, білімге деген құштарлық нәтиже берді. Дәмел мектепті дайындық курсынан өтпей-ақ, американдық ЖОО-ға қиналмай түсуге мүмкіндік беретін тамаша тіл деңгейімен бітіреді.
Бірақ бұл кейінірек болған оқиғалар еді, ал оған дейін Дәмелге қазақстандық мектепті бітіріп, мамандық таңдау керек болды. Соңғы қоңыраудан кейін қайда барамын деген сұраққа жауапты Дәмел бірден берді: кішкентайынан дәрігер болсам деген арманы бар еді. Сондықтан ол Астанадағы медицина оқу орнына құжат тапсырып, хирург боламын деп шешім қабылдайды. Алайда Қазақстанның бас қаласында ол тек жарты жыл ғана оқиды.
2005 жылы «Болашақ» бағдарламасы туралы білдім. Әйтеуір бағымды сынап көрейін дедім, бакалавр бағдарламасын АҚШ-тан оқып шығу ойымда да болмады
Дәмел үшін «Болашақ» шетелдік білім алудың тамаша мүмкіндігі ғана емес, алдағы қызметін анықтаудағы негізгі рөлді де атқарды. Құрама штаттарда дәрігер болу 17 жылға дейін уақыт алатындықтан, Дәмелге басқа балама мамандық таңдау керек болды.
Медицинадан алыстамауды мақсат қылған Мектепбаева өзі үшін мүлдем жаңа сала – биотехнологияға бет бұрады. Мұныма бірде-бір рет өкінген емеспін дейді ол. Indiana University Дәмелге тіл курстарын өткізіп жіберіп, академиялық сабақтарға кірісіп кетуге мүмкіндік береді.
Өзінің туған тілінде білім алатын 300 американдықтың ортасында отырып, түсінген-түсінбегеніңе бас қатырып жатпайтын проффесордың дәрісін тыңдаған кезде тек өз күшіңе ғана сенуге тура келеді.
Материалды түсіну үшін алдымен барлық ақпаратты орысша іздеп, тауып, оқып, артынша дәл соны ағылшынша қайталап отыруға тура келді. Бөлмедегі бос орындарға жаңа сөздер жазылған стикерлерді жабыстырып тастайды.
Бойымда гранттан, пәтерден айрылып қалмасам екен деген қорқыныш болды. Ата-анамның сенімін ақтамай, олардың құрметін жоғалтуға құқығым жоқ еді.
Ешқашан сағың сынып, тоқтап қалмау керек деген қасиетті бала кезінен бойына сіңіріп өскен Дәмел университетті сәтті бітіріп, сол жылғы ең үздік екі түлектің бірі атанады. Магистратураға қалып, оқуды жалғастыру туралы ұсыныс көп күттірген жоқ, алайда «Болашақ» ережесі мұндай мүмкіндікті қарастырмағандықтан, Дәмелге елге оралуға тура келеді.
Өзімді жолы болғыш адам деп санаймын. Жұлдызымның жарқырап тұрғанын білемін. Барлығы да мен қалағандай болады. Қажет кезде қажет жерге барып, қажет дүниені көріп, керек адамдармен кездесемін.
Сәттілік «Болашақ» аясындағы оқудан кейін де оның серігі болды: Дәмел Қазақстанға қайтып келе салысымен Астанада Nazarbayev University-дің ашылады. Бірден түйіндемесін жібереді.
Басында Дәмел оқытушыларға көмекші болып, биология және химия бойынша зертханалық жұмыстар жүргізеді. Кейінірек ұстаздықтан алшақтап, зерттеу жұмыстарын мықтап қолға алу туралы шешімге тоқтайды. Зертханалардың алғашқы қызметкерлеріне ғылым орнын барлық қажетті дүниемен толтыру, бағыт таңдау, зерттеу қызметін бастау жауапкершілігі жүктелді.
Екі жылға созылған жұмыстан кейін Дәмел үлкен ғылымды, білім алуды ары қарай жалғастыруды қажет ететінін түсінеді. «Болашақ» бұл кезде магистранттарға арналған ұсынысын енді-енді жариялап жатқан болатын. Бас кейіпкеріміз өтініш тапсырып, Erasmus Mundus бағдарламасына қабылданады және Парижге биотехнологияларды зерттеудегі еуропалық әдісті меңгеруге аттанады.
Алайда Париж магистратурасы Дәмелдің жетістіктер тізіміндегі ең елеулі дүние емес. 2014 жылы Мектепбаева жыл сайын өтетін «Global Impact Competition» байқауы туралы біледі. Бұл байқаудың аясында NASA ғалымдары миллиондаған адамның өмірін жақсартатын жобаларды іздейтін.
Дәмел бірнеше идеясын ұсынып көреді. Олардың бірі қатерлі ісік жасушаларына мелатониннің қалай әсер ететіні, ал тағы біреуі қауіпсіз жолмен ауыртпай балалардан қан алу тәсілі туралы болатын. Ұсыныс ұйымдастырушыларға ұнайды, нәтижесінде Дәмел бүкіл әлем бойынша іріктеліп алынған 80 қатысушының қатарына еніп, NASA аумағындағы Singularity University оқу орнына түскен тұңғыш қазақстандық ғалым атанады.
Болашақтың жүзеге асқанын дәл сол жерде көрдім. Келешек келіп қойды, тек ол барлық жерге бірдей таралмаған деген пікір бар. Бұл – шындық. Singularity University-де көрген дүниемнің бәрі көзімді ашты: әлем күн сайын жақсарып келеді екен.
Singularity-ге бет алғанда мен алдымда не күтіп тұрғанын білмедім, себебі бұл – NASA аумағындағы жабық университет қой. Калифорниядағы тамаша көрініс құшағындағы әдемі павильондар маған ерекше әсер етті. Бұл орындалған арман еді.
Дәмел Google, Coca-Cola, Facebook сияқты компаниялардан келген ең үздік лекторлардың дәрісін тыңдап, 10 апталық оқу бағдарламасынан өтеді. Алайда басқа емес, сол Singularity University-дің негізін қалаушылардың бірі, америкалық авиация инженері Питер Диамандис оның сүйікті лекторына айналады.
Мектепбаева Singularity-дің өзі оқыған ең ерекше оқу орны екенін мойындайды. Дәрістер түнгі үшке дейін жүруі мүмкін еді, алайда барлығы анық ойластырылған, алдын-ала жоспарланып қойылған болатын. Кешке жаттығулар өткізілетін, ал таңғы асқа ойлау қабілетін жақсарту үшін жаңғақ пен шоколад берілетін-ді.
Барлығымыз мойнымызда миссия бар екенін сезінетінміз, себебі сондай жағдай жасалып қойылған. Біз жабық қауымдастық едік, өзімізді аса ауқымды және маңызды дүниенің бір бөлігі деп ұқтық. Бұл қауымдастыққа кім көрінген кіре алмайтын
Дәмел үшін Singularity University-дегі оқуының басты жетістігі Hoope жүзігі болды. Бұл – ауыртпай қан алатын және бірден аурудың бар-жоқтығын тексеретін құрал. Hoope жүзігін Дәмел Эрнесто есімді мексикалық инженермен және Перуден келген Ирина атты бизнес-стратегпен бірлесе отырып ойлап табады.
Әу баста Hoope ауыртпай қан жинайтын құрал ретінде ойластырылған болатын. Импульс жіберіп, жүйкені бұғаттайтын, яғни адамға терінің тесілгенін сездірмейтін технология әзірленді. Алайда менторлармен кеңескен соң Дәмелдің командасы жүзіктің қызмет өрісін кеңейтіп, оған соз ауруларының бар-жоқтығын анықтау үшін жиналған материалға анализ жасайтын функционал қосады.
Жүзікті әзірлеуге қатысты барлық шешімдер зерттеулер негізінде қабылданыпты. Мысалы, құралдың түсі ретінде көк және ақ қабылданған, бұл да бекер емес. Зерттеулерге қарағанда, психологиялық тұрғыда осы екі түс емделушілердің медицинаға деген сенімін күшейте түседі екен. Hoope деген атауы ағылшын тіліндегі «Hope» (үміт) сөзімен астасып жатыр. Қосарланған «о» жұп сақиналарды меңзейді, яғни екі адам екі жүзікті пайдалана отырып, бір-бірін жұқпалы ауруларға тексере алады.
Таңғы беске дейін жұмыс істейтінбіз. Бізге барлық қажет дүние бар бөлме берілді, уақыттың басым бөлігін сонда өткіздік, стартегия әзірлеп, жазып жаттық. Қандай да бір зерттеме керек болса, Стэнфорд жанымызда болды.
Келесі екі жыл бойы команда байқаулар ұтып, стартаптың дамуына ақша тапты. Жиналған қаражаттың бәрі патентке, заңгерлерге және ары қарайғы зерттеу жұмыстарына жұмсалды.
Осыған қарамастан жобаны аяғына дейін жеткізіп, тұтынушының қолына ұстату үшін қанша уақыт керек екенін Дәмел нақты айта алмайды. Америкадағы қаржыландыру деңгейін ескергеннің өзінде бұл оншақты жылдан кейін ғана жүзеге асуы мүмкін. Осы уақытқа дейін қосымша зерттеулер жүргізіп, прототиптің көлемін кішірейту үшін Дәмел бір рет Колорадоға, бір рет Мексикаға барып қайтты.
Білім және ғылым министрлігіне грант алуға құжат тапсырдық, алайда ойлағанымыздан әлдеқайда аз қаржы алдық. Сондықтан ақша табудың басқа жолдарын іздестіріп, жүгіруге тура келіп тұр.
Дәмел Қазақстанға дамыған елдердің қатарына қосылуға мүмкіндік беретін жалғыз жол – білім деп санайды. Білім өмір сапасына да, орныңды табуға да, жалақыға да, тіпті қылмыс әлеміне де, қысқасы барлығына өз ықпалын жүргізеді. Дәл осы себепті ол студенттер мен жас кәсіпкерлерге көмектесіп, алған білімімен бөлісуге көп уақытын жұмсайды.
Қазір Дәмел – ABC Quick Start-та ментор. Бұл – ең жаңа стартаптарды іздеп, тауып, бастапқы кезде қолдау білдіретін Nazarbayev University-дегі бағдарлама.
Hoope үшін ақша жинау кезінде мен стартаптар байқауын қалай жеңу керектігін жақсы түсініп алдым. Не айту керектігін, қандай презентация дайындап, неге мән беру керектігін білемін.
Дәмелдің білім саласындағы тағы бір жобасы – Дана Ақылбековамен бірлесіп негізін қалаған SciNet тұғырнамасы. Қыздар өз білімдерімен өскелең ұрпақпен тегін бөлісе алатын түрлі академиялық саладағы «Болашақтың» 22 түлегін ментор ретінде жинапты. Тұғырнамаға кіріп, менторды таңдап, сұрақ қою жеткілікті. Осыдан кейін ментормен жеке кездесе аласыз немесе Skype-колл жүргізуге болады.
Балалармен, жастармен жұмыс істеу мені ерекше ынталандырады. Қуат береді. Алты оқушым осы жылы халықаралық байқауларда жеңіске жетіп, IELTS-те ең жоғары көрсеткіш жинады
Мұндайды елестету қиын, әрине, бірақ алған біліміне, тәжірибесіне, сараптау қабілетіне қарамастан Дәмел әлі күнге гендерлік теңсіздіктің қиындығын көріп келеді. Оның сөзіне қарағанда, ғылыми кеңестерде жасы үлкен ер адамдардың сөзі жүріп тұр. Бұл – қазақы менталитеттің талабы. Жас қызға деген қарым-қатынас екіұдай сезім туғызады. Әйелдің ақылы қысқа, стратегиялық тұрғыда ойлай алмайды деген ежелгі стереотип тіпті ғылыми ортада да бөгет болуда.
Ер адам бір қадам алға басса, маған екі-үш қадам жасау керек. Жасы үлкен ағалар үшін сөзіңді бөлу, аузыңды жапқызу, тыңдамай қою – қалыпты іс. Мен мұндайға бара алмаймын
Бірақ Құрама Штаттарда бойына сіңген «бәрі жақсы болады» деген сенім Дәмелге қиындыққа мойымауға көмектесіп келеді. Ол стереотиптердің жоғалатынына, түптің-түбінде батыс ділінің Қазақстанға келетініне сенімді. Дәмелдің мантрасы – «Жаман нәрсе көрсең, өзгерт. Әркім жақсы іс жасаса, өміріміз де жақсара түседі». NASA-да ол фантастикалық фильмдердегідей ұшақтар көрді. Газет жазбайтын, теледидар көрсетпейтін дүниелерді тамашалады. Бірақ оған басқа дүние әсер етті.
Мені адамдардың ділі қайран қалдырды. Олар өмірден тек жақсылық көреді. Өздерін дамытып, жаңа дүниемен танысып отырады, білімдерін жетілдіреді. Осыған жетемін деп тырысу керек. Тартылыс күші бар: жақсы дүние көрсең, жақсы оқиғалар орын алады. Мен күлгенді, жаңа нәрсені танып-білгенді жақсы көремін. Өмірімді жақсы көремін.
Медициналық стартап ойлап табу жеткіліксіз. Кедергілерде сүрінбей, қиындыққа мойымай, әрдайым алға басу үшін күн сайын қол жеткен ақпараттың барлығын игеріп, баға жетпес білім жинау керек.
Дәмел жақында ғана Израильдегі Innovative Enterpreunership курсын бітіріп, Астанаға оралды. Ол мұндай бағдарламаның жүзінен өтеді, мыңдаған ресурс оқып, ондаған ғалыммен танысады. Себебі жеткен жетістігіңе қанағат қылып, тоқтап қалу – кері даму деген көз. Ал болашақ Дәмел сияқты адамдардың арқасында келіп қойды.
Ең әдемі комикс қаһарманы Astana Banki ұсынатын шектеулі банк карталарының сериясында бейнеленген. Ғажап әйел мен ғажап бенефиттер сыйлайтын картаға тапсырыс беруге асығыңыз. Тапсырыс қабылдау ашық, ал карта саны сағат сайын азайып келеді.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)