50 жасында да «краш»: Мейрамбек Бесбаев қалай мәдени феноменге айналды?
Обзоры 6 Ноября, 2026

50 жасында да «краш»: Мейрамбек Бесбаев қалай мәдени феноменге айналды?

Бір буын оны «Бозторғай» әнін орындаған бала әнші ретінде таныса, енді бірі 2000 жылдардағы қазақ эстрадасының романтикалық әндері арқылы білді. Бүгін де оның әндерін сүйіп тыңдайтындар аз емес. Өнер жолында жүргеніне 37 жыл болған Мейрамбек Бесбаев 7 қарашада 50 жасқа толады. Осы уақыт ішінде музыкалық талғам өзгеріп, эстрадаға жаңа есімдер келді. Соған қарамастан әнші бірнеше буынның сүйікті орындаушысы болып қала берді. Мұның сыры неде?


Кейбір әншілер белгілі бір кезеңде танымал болып, уақыт өте сахнадан алыстайды. Бір әнімен көпшілікке танылып, кейін шығармашылығын жалғастырмайтындары да бар. Ал кейбір өнерпаздар әр кезеңде жаңа тыңдарман тауып, бірнеше буынның сүйікті орындаушысына айналады. Мейрамбек Бесбаев – солардың бірі.

Оның есімін естігенде біреудің ойына «Бозторғай» әні оралса, енді бірі «Алғашқы махаббат», «Сен үшін жаралғандаймын», «Ұмытам қалай» әндерін еске алады. Ал 2000 жылдардың басында өскен қыздардың арасында оның суретін дәптеріне жапсырып, әндерін қайта-қайта тыңдағандар да аз емес. Осылайша Мейрамбек бір кезеңнің ғана емес, бірнеше буынның «крашына» айналды.

«Бозторғайдан» басталған өнер жолы

Мейрамбек Бесбаевтың есімін көпшілікке танытқан шығармалардың бірі – Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» әні. Жасөспірім шағында орындаған осы әні арқылы ол тыңдарманның жүрегінен орын алды. Бала Мейрамбектің таза дауысы, әннің мұңды әуені мен шынайы орындауы көпшілікті бейжай қалдырмады. 1989 жылы алғаш орындаған «Бозторғай» кейін оның шығармашылық жолындағы ерекше туындылардың біріне айналды.

Әдетте бала кезінен танылған өнерпаздарға есейгенде бұрынғы танымалдығын сақтап қалу оңай емес. Өйткені көрерменнің бала әншіге деген ықыласы уақыт өте өзгеруі мүмкін. Ал Мейрамбек үшін «Бозторғай» өнер жолының аяқталуы емес, үлкен шығармашылықтың бастауы болды.

Бұл тәжірибе әншінің орындаушылық мәнеріне де әсер еткен деуге болады. Оның әндерінде әуенді дұрыс орындаумен қатар, шығармадағы көңіл күйді тыңдарманға жеткізуге ерекше мән беріледі.

«Алғашқы махаббат»: бір буынның сүйікті әні

Мейрамбектің шығармашылық жолындағы тағы бір маңызды кезең «Алғашқы махаббат» әнімен байланысты. Көпшілікке жақсы таныс бұл туындының кино тарихымен байланысы бар екенін бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін.

1991 жылы режиссер Қанымбек Қасымбеков «Қоштасқым келмейді» фильмін түсіруге дайындалып, композитор Марат Омаровқа арнайы музыка жазуды ұсынады. Сценариймен танысқан композитор мектеп кезіндегі алғашқы сезімдерін еске алып, әннің әуенін жазған. Ал сөзін ақын Құдайберген Қазыбеков жазған.

Фильмдегі басты рөлге өткен кастингке төрт жасөспірім қатысқан: Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар Серіков, Саят Медеуов және Ақан Әбдуәлиев. Марат Омаров басты рөлге Мейрамбекті таңдауды ұсынған. Осылайша жас әнші фильмде Нұрсейіттің рөлін сомдап, «Алғашқы махаббат» пен «Қыз сыны» әндерін орындаған.

Алайда әннің танымалдығы фильммен шектелген жоқ. Арада отыз жылдан астам уақыт өтсе де, «Алғашқы махаббат» әлі күнге дейін тыңдарман арасында танымал. Оның себебі алғашқы сезім, сағыныш пен балалық шақ сияқты тақырыптардың әр буынға жақын болуында шығар. Ал Мейрамбектің орындауындағы нұсқа осы әнмен бірге өскен тыңдарман үшін ерекше естелікке айналды.

мейрамбек. мейрамбек беспаев. эстрада. музыка. разбор. феномен.

«МузАРТ»: қазақ эстрадасындағы жаңа кезең

2001 жылы Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев және Мақсат Базарбаев бірігіп, «МузАРТ» вокалды-аспаптық тобын құрды. Бұл қазақ эстрадасындағы есте қаларлық кезеңдердің бірі болды.

Топтың басты ерекшелігі – ұлттық музыкалық сарын мен заманауи эстраданы үйлестіре білуі. «Сенің көзің», «Асыл ана», «Сағындым Алматымды» секілді әндер радио мен телеарналардан жиі беріліп, концерттер мен отбасылық мерекелерде шырқала бастады.

«МузАРТ» тыңдарманға жаңа әндер ұсынып қана қойған жоқ. Қазақ эстрадасында жаңа бағыттар мен орындау мәнері қалыптасып жатқан кезеңде топ ұлттық әуенді, көпдауысты орындауды және сахнадағы ұстамды стильді қатар алып жүрді.

Мейрамбектің топтағы орны да ерекше болды. Оның дауысы «МузАРТ» әндерінің өзіндік үнін қалыптастыруға ықпал етті. Сонымен қатар әнші жеке шығармашылығын дамытып, топтан бөлек лирикалық әндер де орындады.

Күнделік мұқабасындағы Мейрамбек: 2000 жылдардың «крашы»

2000 жылдардың басында Мейрамбек Бесбаев қазақ эстрадасындағы ең танымал әншілердің бірі болды. Әсіресе жас қыздар арасында оның жанкүйерлері көп еді. Қоңыр дауысы, сахнадағы келбеті мен романтикалық әндері талай тыңдарманның жүрегін жаулады. Бүгінгі тілмен айтқанда, сол кезеңде Мейрамбектің жанкүйері болу өзінше бір тренд еді.

Әншінің сол жылдардағы танымалдығын әріптестері де еске алады. Сәкен Майғазиев бір сұхбатында Мейрамбектің жас кезінде қыздардың ерекше қызығушылығына тап болғанын айтады. Тіпті әншінің редакциядан үй телефоны мен мекенжайын жарияламауды өтінгені туралы оқығанын еске алған.

Бұл әлеуметтік желілер мен фан-аккаунттар пайда болмай тұрған кезеңдегі жанкүйерлік мәдениеттің бір көрінісі еді. Яғни Мейрамбекке деген ерекше ықылас бүгінгі әлеуметтік желілер дәуірінен әлдеқайда бұрын қалыптасқан.

Сол жылдары өскендердің ортақ естеліктері көп. Әншінің суретін көру үшін журнал ақтарып, клипін тамашалау үшін музыкалық бағдарламаларды күтетін. Ал оның концертіне бару жанкүйерлер үшін ерекше оқиға болатын. Радиодан таныс әні естілсе, қосылып айту, отбасылық жиындарда «МузАРТ» әндерін шырқау күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Бұл дәстүр әлі де жалғасып келеді.

Бүгінде сол кезеңді еске алғанда, Мейрамбектің әндері балалық шақпен байланысты естеліктерді жаңғыртады. Таныс әуен үйдегі мерекелерді, жазғы демалысты немесе туыстар жиналған кештерді еске түсіруі мүмкін.

Дегенмен әншінің танымалдығы тек сыртқы келбетімен байланысты болған жоқ. Ол ән арқылы сезімін жеткізе білетін, сахнада өзін ұстамды ұстайтын өнерпаз ретінде де танылды. Оның орындаушылық мәнерінде сыршылдық пен ұстамдылық қатар байқалады.

Уақыт өте музыкалық трендтер өзгерді. Бірақ Мейрамбекке деген ықылас сақталды. Бір кездері оның әндерін тыңдап, суреті бар күнделік ұстаған қыздар бүгінде есейіп, өздері ата-ана атанса да, сол әндерге деген сүйіспеншілігін жоғалтқан жоқ.

Кейбір өнерпаздардың әндері уақыт өте ұмытылмайды. Тек сол әндерді тыңдап өскен ұрпақ есейеді.

мейрамбек. мейрамбек беспаев. эстрада. музыка. разбор. феномен.

«Жылдар өтсе де, ұмытылмаған әндер»

Мейрамбек Бесбаевтың орындаушылық ерекшелігін тек «алтын дауыс» деген тіркеспен сипаттау жеткіліксіз. Оның танымалдығына ән таңдаудағы талғамы, ақындар мен композиторлардың шығармаларын сезіне білуі де әсер етті. Әншінің репертуарында қазақ поэзиясының классиктерімен қатар, қазіргі ақындар мен композиторлардың да туындылары бар.

Мәселен, «МузАРТ» тобын көпшілікке танытқан «Сенің көзің» әнінің сөзін Мұқағали Мақатаев жазса, әуенін Қанат Ибрагимов шығарған. Бір қызығы, композитор бұл әнді 1989 жылы, мектепте оқып жүрген кезінде жазған. Ал 2001 жылы «МузАРТ» орындағаннан кейін ән кеңінен танылып, топтың басты хиттерінің біріне айналды.

Сол жылдары бұл әннің танымал болғаны сонша, кейбір қыздар 90 минуттық аудиокассетаның екі жағына да «Сенің көзіңді» жазып тыңдаған.

Тағы бір танымал шығарма – «Қоштасудың қиыны-ай». Оның сөзін ақын Исраил Сапарбай, әуенін Алтынбек Қоразбаев жазған. Бұл әнді Мейрамбек Сандуғаш Стамғазиевамен бірге орындап, тыңдарманға сыршыл дуэт ұсынды. 2000 жылдары бұл дуэт көпшіліктің сүйікті әндерінің біріне айналды. Ән телебағдарламаларда, радиода және той-думандарда жиі орындалатын.

Әншінің репертуарында қазіргі қазақ ақындарының шығармалары да бар. Солардың бірі – Қалқаман Сарин. Ақын Мейрамбек орындайтын «Терме», «Әлди жыры», «Алтыным» секілді әндердің сөзін жазған. Сондай-ақ «Күзгі бақ» шығармасының мәтіні де оның қаламынан туған. Қалқаман Сариннің өлеңдері мен Мейрамбектің қоңыр дауысы үйлесіп, әндердің әсерін күшейте түседі.

Мейрамбектің ән таңдауға ерекше мән беретінін «МузАРТ» орындауындағы «Махаббат гүлі солмайды» шығармасының тарихынан да байқауға болады. Әннің әуенін Ұлықпан Жолдасов, сөзін Талант Арынғали жазған.

Ұлықпан Жолдасовтың естелігіне сүйенсек, 2003 жылы жаңа ән іздеген Мейрамбек композиторға арнайы өтініш білдірген. Ұлықпан Жолдасов әуенін ұсынғаннан кейін әннің мәтінін ақын Талант Арынғали жазған. Тіпті шығарманың атауын таңдауға Мейрамбектің өзі ұсыныс білдірген екен. Бұл оқиға әншінің дайын туындыларды орындаумен шектелмей, жаңа әндердің дүниеге келуіне де атсалысатынын көрсетеді.

Мейрамбектің репертуарындағы тағы бір ерекшелік – махаббат, сағыныш, анаға құрмет пен туған жерге сүйіспеншілік тақырыптарының басым болуы. Мұндай әндер белгілі бір музыкалық трендке тәуелді емес. Олардың мазмұны тыңдарманның өмірлік тәжірибесімен және сезімімен үндеседі.

Жақсы ән тек әдемі әуеннен тұрмайды. Оның сөзі, музыкалық құрылымы мен орындаушының дауысы бір-бірін толықтыруы керек. Мейрамбектің көпшілікке танылған әндерінде осы үйлесім байқалады. Ол ақынның сөзін, композитордың әуенін өз дауысына бейімдеп, әннің мазмұны мен көңіл күйін тыңдарманға жеткізе біледі.

Әнші Ғаділбек Жанайдың Мейрамбек туралы айтқан «микрофонды аузына емес, жүрегіне қойған әнші» деген сөзі оның орындаушылық ерекшелігін дәл сипаттайтындай.

Сондықтан оның репертуарындағы әндер бір маусымдық хит болып қана қоймай, жылдар бойы тыңдалып келеді. Бірі алғашқы махаббатты, бірі сағынышты, енді бірі анаға деген құрметті еске салады. Әншінің орындауында бұл сезімдер шынайы жеткізіледі.

Мейрамбектің шығармашылығының ұзақ жылдар бойы тыңдарманын жоғалтпауының бір себебі де осында болуы мүмкін. Ол әннің танымалдығына ғана емес, оның тыңдарман жүрегінде қалуына да мән береді.

Бір әнші – бірнеше буынның ортақ естелігі

Мейрамбек Бесбаевтың шығармашылығы әр кезеңде жаңа тыңдарман тауып отырды. Бір буын оны «Бозторғайды» орындаған бозбала кезінен білсе, енді бірі «МузАРТ» арқылы таныды. Ал кейінгі буын әншіні ата-анасының сүйікті орындаушысы ретінде ғана емес, теледидар мен әлеуметтік желідегі музыкалық жобалар арқылы да тани бастады.

Мейрамбектің жаңа буынға танылуына музыкалық телешоулар да әсер етті. 2016 жылы «МузАРТ LIVE» жобасы арқылы топ мүшелері өнердегі ізбасарларын іздеді. Ал 2017 жылы әнші «Жекпе-жек» атты жанды дауыста ән айтатын музыкалық байқауды ұйымдастыруға атсалысты.

Бұл жобалар Мейрамбектің сахнада ән орындаумен қатар, жас таланттарды қолдауға да көңіл бөлетінін көрсетті.

Кейін ол «Cover Show» жобасының бірнеше маусымына бас сарапшы ретінде қатысты. Бағдарламада танымал әндер жаңа өңдеуде орындалып, жас орындаушыларға өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік берілді. Жобаның ерекшелігі – әр буын мен түрлі музыкалық бағыттағы өнерпаздарды бір сахнаға жинауы.

Мейрамбектің сарапшы ретінде қатысуы оның музыкалық талғамы мен тәжірибесін жаңа буынға танытуға мүмкіндік берді.

Осы жобалар арқылы Z буынының бір бөлігі Мейрамбекті бұрынғы хиттердің орындаушысы ретінде ғана емес, музыкалық байқауларда жас таланттарға баға беретін сарапшы ретінде де таныды. Осылайша әншінің аудиториясы уақыт өте өзгеріп, жаңа жобалар арқылы кеңейе түсті.

Танымалдықтың артындағы қиын кезеңдер

Әншінің шығармашылық жолында қиындықтар да болды. 2000 жылдардың соңында ол денсаулығына байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп, айтарлықтай салмақ жоғалтқан. Сол уақытта әншінің жағдайына алаңдаған жанкүйерлер көп болды.

Кейін Мейрамбек шығармашылығын жалғастырып, сахнаға қайта оралды.

Мұндай кезеңдерде өнерпаз бен тыңдарман арасындағы байланыстың басқа қыры байқалады. Жанкүйерлер әншіні тек сахнадағы орындаушы ретінде емес, өзіне жақын адам ретінде қабылдап, оның қуанышы мен қиындығына да ортақтасады.

Мейрамбектің көпшілік арасындағы беделінің қалыптасуына ұзақ жылдық шығармашылығы, тыңдарманмен байланысы және өнердегі тұрақтылығы әсер еткен болуы мүмкін.

мейрамбек. мейрамбек беспаев. эстрада. музыка. разбор. феномен.

50 жас: мерейтой және жаңа кезең

2026 жылы Мейрамбек Бесбаев 50 жасқа толуына орай мерейтойлық концерттік бағдарлама ұсынады. Кеште оның жеке шығармашылығымен қатар, қазақ эстрадасының бірнеше буынының өкілдері бас қосады.

Елу жас – өнер адамы үшін өткен жолына көз жүгіртіп, шығармашылығын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік беретін белес.

Мейрамбек Бесбаевтың өнер жолы да бірнеше кезеңнен тұрады. Ол бала әнші ретінде танылып, кейін қазақ эстрадасының танымал орындаушысына айналды. «МузАРТ» тобының құрамында өнер көрсетумен қатар, жеке шығармашылығын дамытты. Кейін музыкалық жобалар арқылы жас таланттарды қолдауға да атсалысты.

Оның шығармашылығының басты ерекшеліктерінің бірі – әр кезеңде жаңа тыңдарман таба білуі. Сондықтан бұл мерейтой тек өткенге шолу емес, бірнеше буынды біріктірген музыкалық тарихты еске алу мүмкіндігі.

Мейрамбек үшін де, оның тыңдармандары үшін де таныс әндер ортақ естеліктермен байланысты.

Сонымен, Мейрамбек Бесбаевтың 50 жасында да танымалдығын жоғалтпауының сыры неде?

Бәлкім, оның ерекшелігі уақыт талабына бейімделе отырып, өзіндік орындаушылық мәнерін сақтай білуінде шығар. Бір буын оны бала кезінен тыңдап өссе, енді бірі «МузАРТ» арқылы таныды. Ал бүгінгі жастар әншіні музыкалық жобалардан көріп, шығармашылығымен танысып келеді.

Бір кездері күнделік мұқабасына суреті басылған әнші арада ондаған жыл өтсе де, көпшіліктің сүйікті орындаушысы болып қала берді. Мейрамбектің бірнеше буынның «крашы» атануының сыры да осында болуы мүмкін.

Автор статьи

Еркежан Арын