«Алдар Көсе» фильмі: 600 млн бюджет, жаңа формат және Дәурен Серғазиннің қазақстандық кино-жоспары
Отандық кино индустриясында алғаш рет фольклорлық кейіпкер ірі бюджет пен заманауи маркетинг арқылы жаңа форматта қайта ұсынылмақ. Актер Дәурен Серғазин продюсер әрі басты рөлде ойнаған «Алдар Көсе» жобасы — құны 600 миллион теңге болатын, жас аудиторияны ұлттық мұраға қайта бұруды көздейтін бастама. Steppe-ке берген сұхбатында ол фильмді жеке қаражатқа түсіру тәуекелі, бүгінгі көрерменнің сұранысы және қазақ киносындағы жүйелі мәселелер туралы айтты.
Соңғы он жылда қазақстандық кино қалай өзгерді? Сіз оны актер әрі продюсер ретінде қалай бағалайсыз?
Қазақстан киносы айтарлықтай өсті. Әсіресе кино тілін түсінетін, экранға бейім жаңа буын актерлер пайда болды. Сонымен қатар индустрияға креативті жастар келді — режиссерлер, операторлар, сценаристер.
Маркетинг күшейді, сонымен бірге көрерменнің талғамы да өзгерді. Бұрын сұранысқа ие болған фильмдердің көбі бүгінгі аудиторияны қызықтырмауы мүмкін. Жанрлық әртүрлілік артты: бұрын бір-екі бағытпен шектелсек, қазір кино көрерменді жаңа жанрларға үйретті.
Ең маңыздысы — процесс тоқтаған жоқ. Иә, кейде сүріндік, кейде алға шықтық, бірақ кино үнемі қозғалыста болды. Соның арқасында біз өз көрерменімізді қалыптастырып, қазақ киносына деген қызығушылықты арттыра алдық.

«Алдар Көсе» тақырыбына қайта оралу неге маңызды болды? Бұл шешімнің сіз үшін және бүгінгі көрермен үшін мәні неде?
Бұл жобаны екі қырынан қарауға болады. Біріншіден, актер ретінде дәл осы кейіпкер мені көрерменге кеңінен танытты. Сол себепті оның тарихын қайта жаңғырту — мен үшін табиғи қадам. Екіншіден, бұл — азаматтық ұстаным. Бүгінде жастар көбіне шетелдік кейіпкерлерге еліктейді. Ал бізде өзіміздің де қуатты образдар бар. «Алдар» — соның бірі. Оның бойында қазаққа тән тапқырлық, шешендік, еркіндік, мейірімділік сияқты қасиеттер жинақталған.
Сондықтан бұл фильм — тек бір кейіпкерді қайтару емес, ұлттық образдарға деген қызығушылықты қайта ояту. Мүмкін, бұл бастама басқа авторларға да әсер етіп, қазақ фольклоры мен батырлар жырын экранға жиі шығаруға жол ашар.
Мультфильм, сериал және толықметражды фильм — бір кейіпкерді әр форматта көрсету тәжірибесі бар. Продюсер әрі актер ретінде әр форматтың артықшылығы мен шектеулері қандай?
Әр форматтың өз ерекшелігі бар. Мультфильм — балаларға тез жетеді, образды жеңіл әрі түсінікті жеткізуге мүмкіндік береді. Сериал — кейіпкерді тереңірек ашуға, оқиғаны кеңінен баяндауға жол ашады. Ал толықметражды кино — визуал, масштаб және эмоция арқылы көрерменге мықты әсер қалдыратын формат. Біз бұл жобада кейіпкердің мәнін кеңейтуді көздедік. Себебі Алдар Көсе — жай ғана айлакер образ емес. Кезінде Шәкен Айманов бұл кейіпкерге бекер оралған жоқ — оның астарында қоғамға қажет ой бар екенін түсінді.
Бірақ уақыт өзгереді, соған сай көзқарас та өзгеруі керек. Бұрын Алдар көбіне «байды алдайтын» кейіпкер ретінде көрсетілді. Біз бұл шеңберден шығуды жөн көрдік. Өйткені жақсы да, жаман да — тек байлыққа немесе кедейлікке байланысты емес. Сондықтан бұл фильмде негізгі акцент — әділдік пен арамдықтың, адалдық пен қулықтың арасындағы күрес. Біз Алдарды осы құндылықтарды жеткізетін кейіпкер ретінде қайта ұсынуға тырыстық.
Бұл жобаның бюджеті де, масштабы да үлкен. Продюсер ретінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Жалпы, тарихи фильмді өз қаражатыңмен түсіру тәжірибесі қандай болды?
Бұл жобаны бастау оңай болған жоқ. Алғашында бірнеше жерге ұсындық, бірақ қолдау таппадық. Сондықтан тәуекелге барып, фильмді өз күшімізбен түсіруге шешім қабылдадық. Негізгі қозғаушы күш — «Navryz Production» командасы. Олар бұл жобаны тек коммерциялық емес, қазақ киносына қосылатын үлес ретінде қабылдап, бірден қолдау көрсетті.
Жобаға дайындықтан бастап прокатқа дейін шамамен бір жарым жыл кетті. Осы уақыт ішінде шығындар бастапқы жоспардан әлдеқайда өсіп, бюджет 500 миллион теңгеден асып, 600 миллионға жақындады. Түсірілім басталғаннан кейін масштабтың қаншалықты үлкен екенін толық түсіндік. Тарихи кино — өте қымбат процесс. Костюм, реквизит, декорация — бәрі үлкен шығынды талап етеді. Біз сападан бас тартқымыз келмеді, сондықтан «қарапайымдатып жіберу» деген жолға барған жоқпыз.

Әрине, бұл жолда қиындық көп болды. Бірақ достар мен шығармашылық топтың қолдауының арқасында жобаны аяқтай алдық. Шынын айтсам, мұндай фильмді жеке қаражатпен түсіру — үлкен жауапкершілік әрі үлкен тәуекел.
Продюсерліктен актерлікке оралсақ: соңғы он жылда сценарий, актерлік ойын және режиссура тұрғысынан нақты өсу бар ма?
Өсу бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Актерлер де, режиссерлер де көбейді, сапа жағынан да ілгерілеу байқалады. Бірақ ең әлсіз тұс — сценарий. Бұл мәселе тек кинода емес, театрда да бар. Жақсы сценаристер бар, бірақ өте аз. Мүмкін, мықты авторлар бар шығар, бірақ олар жеткілікті деңгейде қолдау таппай жатқан болуы мүмкін. Көп сценарийді оқығанда тереңдік жетіспейді. Кейіпкерлер үстірт, оқиғада салмақ жоқ. Актер ретінде «бұл рөлді қалай ашам?» деп ойландыратын, психологиялық тұрғыдан күрделі материалдар сирек кездеседі.
Дегенмен, бұл бағытта да қозғалыс бар. Көрерменнің талғамы өскен сайын, мұндай сценарийлерге де сұраныс артады деп ойлаймын.
Көрермен арасында «бір актер бәрін ойнай береді» деген пікір әлі бар. Сіздің ойыңызша, жаңа буын актерлері индустрияны өзгерте ала ма?
Бұл жерде жауапкершілікті тек актерге арту дұрыс емес. Актер — сценарий мен режиссер қойған шеңберден аса алмайды. Материал қандай болса, нәтиже де соған байланысты. Дегенмен, камера алдында еркін сезінетін жаңа буын келе жатыр. Бұл қуантады. Қазір әлеуметтік желілердің де әсері бар — актерлер жиі түсіріледі, тәжірибе жинайды, ашық бола бастады. Біздің кезде ондай мүмкіндік аз еді.
Бірақ тағы бір мәселе бар — режиссерлік көзқарас. Көп жағдайда актерді бір рөлмен шектеп қояды. Бір рет белгілі бір типажда ойнаса, сол амплуаға «бекітіп» тастайды. Оны өзгерту үшін уақыт пен терең жұмыс керек, ал бұл көбіне өндірісте жетіспейді. Сондықтан мәселе тек жаңа актерлерде емес, оларды әр қырынан аша алатын режиссерлер мен индустрияның өзінде.
Киноның маркетингі мен стриминг форматтары туралы айтсақ: бүгінгі өзгерістерге Қазақстан қаншалықты дайын? Маркетингтің рөлі қаншалықты өсті?
Маркетинг — менің сүйікті салам деп айта алмаймын. Бірақ заман талабына сай болу керек. Қазір қарасаң, кейде киноның өзінен гөрі маркетингі мықты жобалар ұтып кетіп жатады. Біз сияқты үлкен бюджетке барған кезде, салынған ақшаны қайтару мәселесі шығады. Сол себепті маркетингке де инвестиция жасау қажеттігін түсіндік.
Бірақ кино — әрқашан тәуекел. Фильмнің «ататынын» немесе «атпайтынын» алдын ала ешкім нақты білмейді. Сол белгісіздік бар. Бір жағынан, бұл да дұрыс шығар. Бірақ қазір маркетингке тым үлкен мән берілетін кезеңге келдік. Көрерменнің өзі де осыны қалыптастырып жатыр: маркетингі мықты болса — демек киносы да мықты деген қабылдау бар. Сондықтан амал жоқ, маркетингке көбірек көңіл бөліп, күш салуға тура келеді.

Стриминг платформалар туралы не ойлайсыз? Олар киноға көбірек еркіндік бере ме? Жалпы, біз үлкен экраннан алыстап бара жатырмыз ба?
Бұл — жаһандық процесс. Біз жаңа нәрсе ойлап тауып жатқан жоқпыз, бәрібір әлемдік тәжірибенің артынан жүреміз. Мысалы, Ресей қандай кезеңдерден өтсе, біз де соны қайталаймыз. Одан кейін Голливудтың қандай жолдан өткенін, қазір қай бағытқа бара жатқанын көріп отырмыз — біз де сол бағытқа қарай жылжимыз. Сондықтан стримингті жаман немесе жақсы деп бөлу қиын. Бұл — заман ағымы, соған бейімделу керек. Контент көбейген сайын сапа да өседі, өйткені бәсеке күшейеді. Егер контент аз болса, онда даму да тежеледі.
Бірақ бұл процестің басқа жағы да бар. Қазірдің өзінде қысқа форматтар көбейіп келеді. Болашақта 2–3 минуттық сериалдар негізгі форматқа айналуы мүмкін. Себебі көрерменнің уақыты да, қабылдау қабілеті де қысқарып бара жатыр. Мысалы, қазір кино ұзақтығына да бейресми шектеулер бар — бір жарым сағаттан асырмауға тырысады. Біз «Алдарды» алғашында үш сағаттық материалмен түсірдік, кейін оны ұзақ монтаж арқылы 1 сағат 46 минутқа дейін қысқарттық. Бұл — өте күрделі процесс: әр сахнаны, әр сөзді електен өткізуге тура келеді.
Жалпы, көрерменнің сабырлығы азайып бара жатыр. Қазір адамдар бір жарым сағат бойы тыныш отырып фильм көруге қиналады. Театрда да солай — екі сағаттық қойылым болса, мазасыздана бастайды. Бұл тек киноға емес, жалпы өмірге әсер етіп жатыр. Біз бәрін тезірек алғымыз келеді, күтуге шыдам азайды. Бұның жақсы жағы да, кері жағы да бар. Бірақ қалай болғанда да, біз осы өзгерістерге бейімделуге мәжбүрміз.

Жаңа көрерменнің талғамы туралы айтсақ: сіз актер әрі продюсер ретінде бүгінгі аудиторияның «минимум формуласы» бар деп айта аласыз ба?
Жоқ, нақты бір формула шығара алмадым. Өйткені бізде көрермен өте әртүрлі — бүкіл шкала бар: ең қарапайымнан бастап, талғамы жоғары аудиторияға дейін. Мысалы, жеңіл комедиялар бар. Мен оларды жаман деп айтпаймын, бірақ біз сондай форматты қабылдайтын көрерменді де қалыптастырып қойдық. Олар сол деңгейде қала беруі мүмкін.
Жалпы, бізде бір ғана талғам жоқ — әртүрлі аудитория бар. Соған сәйкес кино да әртүрлі бағытта дамып жатыр. Бұл жағынан алғанда, әр көрермен өзіне керек дүниені таба алады. Бірақ уақыт өткен сайын айырмашылық анық байқалады. Мысалы, он жыл бұрынғы комедиялардың қалжыңы бүгінгі күні өтімді емес. Соған қарамастан, әлі де сол ескі стильде түсірілетін фильмдер бар. Кейбірі дамыды, кейбірі сол күйінде қалды.
Қызығы — сол өзгермеген форматтарға да әлі де сұраныс бар. Осы жерде сұрақ туады: көрермен өспеді ме, әлде әркімнің өз деңгейінде қалуы қалыпты ма? Бұған нақты жауап беру қиын.
Алдағы уақытта қандай рөл сізге қызық? Ал қандай жағдайда, тіпті коммерциялық жоба болса да, бас тартар едіңіз?
Толықтай «мына рөлге келіспеймін» деп кесіп айту қиын. Егер мүлдем қызық болмаса, қанша табысты жоба болса да қатыспауға тырысамын. Әрине, бұл — қатаң қағида емес. Өнерде де, өмірде де түрлі жағдай болады, кейде одан ауытқитын сәттер кездеседі.
Қазір мені көбірек қызықтыратыны — психологиялық тұрғыдан күрделі, терең рөлдер. Әлі толыққанды сондай материалға келген жоқпын. Бұрын әскери жобаларда соған жақын тәжірибе болды, бірақ әлі де ізденістемін. Өзімді дамыту үшін, шығармашылық тұрғыдан жаңа деңгейге шығу үшін мен әлі сомдап көрмеген, өзіме қиын рөлдерді күтудемін.

Алдар Көсе кейіпкеріне өзіңіз қаншалықты ұқсайсыз? Ұқсайтын және ұқсамайтын қырларыңызды атап өтсеңіз.
Өзімді Алдарға қатты ұқсаймын деп айта алмаймын. Керісінше, кейде сол кейіпкерден көп нәрсе үйренемін. Оның өмірге жеңіл, қарапайым қарауы маған жақын. Қиын сәттерде «Алдар сияқты өмір сүруге болады ғой» деп, оның кейбір қасиеттерін өз өміріме енгізуге тырысамын. Ал өз мінезіме келсек, ортамда қалжыңға жақын, сөзге тапқыр болуға тырысамын.
Бірақ мүлдем келіспейтін тұстар да бар. Алдардың жеке өмірі белгісіз. Меніңше, адам тек сыртқа емес, өз өміріне де мән беруі керек. Ал Алдар халыққа қызмет етемін деп, мүмкін, жеке өмірін кейінге ысырып қойған шығар. Отбасы болды ма, болмады ма — белгісіз. Сол жағынан мен оған ұқсамау керек деп ойлаймын. Егер шынымен солай болса, адам өз өмірі мен жақындарын да назардан тыс қалдырмауы керек.