Наурыздың шынайы мәні мен әлеуметтік рөлі — Санжар Керімбаймен сұхбат
Steppe Qazaqsha 21 Марта, 2026

Наурыздың шынайы мәні мен әлеуметтік рөлі — Санжар Керімбаймен сұхбат

Наурыз қалай қайта оралды, дәстүр қалай сақталды, оның бірінші рет тойлануына кім ықпал етті және мерекенің әлеуметтік мәні неде? Осы сұрақтарға арнайы STEPPE редакциясы үшін жазушы және журналист Санжар Керімбай жауап береді.


1988 жылы Наурыздың жаңғыруына не себеп болды? Неге бұған дейін емес неге тәуелсіздік алғаннан кейін емес, дәл осы кезде? 

— Оның 1988-ге келуінің бірнеше себебі бар. Михаил Горбачевтің перестройка саясатының басталуы. Қайта құру кезеңінен (перестройка) кейін демократия, одан кейін «гласность» кезеңі келді. Дәл осы «гласность» кезінде, 1988 жылы, қазақтардың белсенділігі арта түсті. Оның алдында, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты Геннадий Колбиннің беделі қатты төмендеді: Қазақстанда қан төгілді, адамдар қаза тапты, көптеген студенттер сотталды, оқудан шығарылды. Соған байланысты оған беделін қалпына келтіру қажет болды, белгілі бір реформалар жасауға тырысты.

Солардың бірі — қазақ тілін үйренуге ұмтылуы. 1988 жылғы оның видеоларын көрсеңіз, жиналысты «Сәлеметсіз бе?» деп қазақша бастап, ары қарай жалғастырғанын байқауға болады. Яғни сол кезде, біріншіден, КСРО-ның ішкі саясаты әлсіреді. 

Осы кезде, жігерлі, ұлттық рухты ұстанған тұлғалар алға шықты. Солардың бірі — Өзбекәлі Жәнібек. Ол алдымен мәдениет министрі болды, кейін Қазақстанда идеология жөніндегі хатшы қызметіне көтерілді. Бұл — өте ықпалды лауазым еді. Осы кісінің стратегиялық көрегендігі және орталықпен қарым-қатынас орната алуы бұл істе шешуші рөл атқарды. Оның сараланған стратегиялық ұстанымы мен Наурыздың халық үшін маңызын терең түсінуі нәтижені айқындап берді. Тәжірбиелі саясат қайраткері болды ғой. Сол кезде мәселені қалай көтеріп, қалай жүргізу керектігін білді. Стратегиялық тұрғыда негіз қалап, қоғамдық резонанс қалыптастыру үшін елдің зиялы қауымын, белсенді жастарын жігерлендірді. 

Егер дәл сол кезеңде Жәнібековтің орнына Кремльдің нұсқауын ғана орындайтын, ұлттық мүддені көздемейтін функционер келгенде, Наурыз 1988 жылы тойланбауы да мүмкін еді. Сондықтан Горбачевтің перестройкасы мен «гласность» саясатының аясында, ұлттық бағыттағы Өзбекәлі Жәнібековтің билікке келуі бұл үдерісті айтарлықтай жеделдетті.

Жалпы сол Наурыздың жаңғыруы туралы сөз болғанда тарихшылар түрлі сценарийлерді айтып, түрлі есімдерді тізіп шығады. Сіздің ойыңызша шынайы ақиқат неде?

— Бұл жерде шынайы ақиқатқа ең жақын дерек — тірі куәгердің сөзі. Ондай адам әлі бар. Астана қаласында тұратын, қазір 80-ге келген кәсіби актер Мұхтархан Манап. Ол М. Щепкин атындағы актерлер дайындайтын училищені бітірген.

Ол 1972 жылы Торғайға театр ашуға барған кезде Өзбекәлі Жәнібекпен тікелей бірге жұмыс істеген. Сол кісі маған өзі баяндап берген: Торғай өңірі қазақ рухының маңызды орталығы болғандықтан, оны әлсірету үшін кеңестік билік бұл аймаққа сырттан ықпал күшейткен. Себебі бұл — Амангелді, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин сияқты тұлғалар шыққан орта.

Сол кезеңде Өзбекәлі Жәнібек Торғайда қызмет атқарып, белгілі бір әкімшілік және мәдени ресурстарға ие болды. Оның бастамасымен Наурыз мейрамының элементтері жасырын түрде «Проводы зимы» деген атаумен өткізілген. Яғни ресми құжаттарда солай көрсетілгенімен, мазмұны жағынан бұл — Наурыз болған.

Мұхтарханның айтуынша, сол кезде оған «Проводы зимы» шарасына қатысу ұсынылады. Ол бұған қарсы болғанда, ұйымдастырушылар «атын солай қояйық, бірақ мазмұны Наурыз болады» деп түсіндірген. Осылайша, ат жарыс, күйме, ұлттық ойындар, халықтық мереке элементтері енгізіліп, Наурыз форматы сақталған.

Бұл сценарий бірнеше жыл бойы Торғайда қолданылып, тәжірибеден өтіп, жетілдірілген. Кейін сол дайын үлгі 1988 жылы Алматыда Наурызды қайта ұйымдастыру кезінде пайдаланылды. Себебі ол кезде мерекені өткізуге небәрі шамамен 40 күн ғана уақыт болған, ал халық дәстүрді ұмыта бастаған еді. Осындай жағдайда дайын сценарийдің болуы шешуші рөл атқарды.

Наурыз. Санжар Керімбай. Өзбекәлі Жәнібек. 1988 жыл. дәстүр. мәдениет. әлеуметтік рөл. жаңғыру. қазақ қоғамы. тарих

1989 жылы бұл тәжірибе бүкіл республика бойынша кеңінен таралып, Наурыз жаппай тойлана бастады. Тіпті шалғай ауылдарда да ат жарыс, күйме, ұлттық ойындар ұйымдастырылғаны — осы сценарийдің алдын ала дайындалғанын көрсетеді.

Ал бірнеше «автордың» пайда болуы — бұл кеңестік басқару жүйесінің табиғатына байланысты. Көп жағдайда бастама жоғарыдан жасырын түрде түсіп, кейін қоғам ішінен шыққан ұсыныс ретінде көрсетілетін. Газеттерде «халық сұрап жатыр» деген мазмұндағы мақалалар жарияланып, кейін сол «қоғамдық сұраныс» билікке ресми ұсыныс ретінде қайтарылатын.

Сондықтан түрлі адамдардың «біз бастадық» деуі — қалыпты құбылыс. Бірақ негізгі мәселе — мұндай ауқымды мерекені қысқа уақыт ішінде бүкіл республика көлемінде ұйымдастыру үшін алдын ала дайындалған нақты сценарий қажет болды. Ал ондай толыққанды, тәжірибеден өткен сценарий сол кезде тек Өзбекәлі Жәнібектің қолында болған. 

Сондықтан Наурыздың 1988 жылғы жаңғыруында Өзбекәлі Жәнібектің рөлі шешуші болды деуге негіз бар.

Кеңес кезеңінде Наурыз толық жоғалып кеткен жоқ, кей өңірлерде халық оны бейресми түрде тойлай берді. Бұл дәстүрдің сақталуына не көмектесті деп ойлайсыз? 

— Енді кей өңірлерде сақталды десек, негізінен Оңтүстік Қазақстанда көбірек сақталған. Бірақ ол да толық емес. Тіпті аудан орталықтарының өзінде ашық түрде тойланбады деп ойлаймын.

Мысалы, менің өзімнің балалық шағым — 80-жылдар, 82 жылдары. Сол кезде Наурыз дегенде бүкіл ауыл болып шықпайтын. Біздің көшеде шамамен 20 шақты үй болса, сол үйлердің үлкен кісілері ғана Наурыз дәстүрін сақтап қалған. «Наурыз келді, Наурызды атап өтеміз» деп, өзара ұйымдасатын.

Сосын бәрі үйлеріндегі ескі кілемдерін, киіздерін алып, далаға — көгалға төсейтін. Біз, балалар, соны тасып көмектесетінбіз. Бауырсақ пісіріп, дастарқан жайылатын. Күн ашық, айнала жасыл, бәйшешек шығып тұрған уақыт. Сол жерде далада отырып, Наурыз көже ішетін.

Арасында балалар күреседі, кейде ат жарысқа ұқсас ойындар болады. Сосын Құран оқылып, бата беріледі. Түске қарай бәрі тарқап кетеді. Бар болғаны — осындай шағын, бейресми тойлау еді. Бірақ соның өзіне қысым болған. Мысалы, менің есімде, 1984–85 жылдары Арқалық қаласында адамдар жиналып, Наурыз көже беріп жатқанда, ішкі саясат бөлімінің басшысы келіп, «бұл — тыйым салынған нәрсе, тараңдар» деп ескерту жасаған жағдайлар болған. Соған қарамастан, адамдар бәрібір жиналып, көже ішіп, дәстүрді жалғастырып отырған.

Ал ауылда жағдай сәл басқаша еді. Өйткені бәрі бір-бірін таниды: туыс, құда, көрші. Сондықтан мұндай шағын жиындарға көбіне көз жұмып қараған. «20 шақты адам жиналып, көже ішіп отыр» деп үлкен шара ретінде қабылданбаған.

Сіз қазіргі Наурыздың бұрынғы дәстүрлі Наурыздан айырмашылығы көп болғанын айтқансыз, мәдениет көбіне «көрме» немесе «шоу» форматына айналғаны жайлы. Осындай жағдайда (тіпті бүгінгі күнді алатын болсақ) дәстүрдің бастапқы мағынасын сақтап қалудың жолы бар ма?

— Дәстүрдің мағынасын сақтау ең алдымен адамға байланысты. Оны ұстайтын да, насихаттайтын да, мәнін беретін де — адам. Егер адамның ішкі дүниесі әлсіресе, киелі ұғымдарға сенбесе, бәрін тек рационалдық тұрғыдан қабылдайтын болса, онда сырттан «Наурызды тойла» деп бұйрық бергенмен, оның мазмұны сақталмайды.

Сондықтан мәселе Наурызды формалды түрде сақтау емес, оның мәнін түсінетін адамды қалыптастыруда. Бұл үшін кішкентай кезден бастап Наурыздың философиясын — табиғатпен байланыс, жаңару, рухани тазару идеясын — білім беру жүйесі арқылы сіңіру қажет. Яғни біз тек табиғаттың емес, өзіміздің де ішкі жаңаруымыз керек деген түсінік қалыптасуы тиіс.

Егер осы мәнді сақтаймыз десек, онда оқулықтардан бастап өзгеріс қажет. Бұл процесс балабақшадан басталуы керек. Өйткені Наурызға деген көзқарас пен сезім дәл сол жаста қалыптасады. Егер бала өз мәдениетінің орнына басқа мәдени кодтармен өссе, кейін оған Наурызды түсіндіру қиын болады.

Сондықтан жүйелі тәсіл қажет: балабақша мен мектеп бағдарламаларында Наурыздың мәні, оған қатысты әңгімелер, дәстүрлер, бата, рәсімдер нақты көрсетіліп, тәжірибелік түрде үйретілуі керек. Яғни бұл тек мереке емес, мәдени-танымдық бағдарлама ретінде берілуі тиіс.

Жалпы, «Наурызды сақтап қалу» деген формулировка дәл емес. Себебі дәстүрді бұйрықпен сақтап қалу мүмкін емес. Негізгі мәселе — Наурызды шынайы ықыласпен тойлайтын жаңа буынды қалыптастыру. Сол кезде ғана мәселе шешіледі.

Осындай тарихи және форматтық өзгерістерден кейін Наурыздың шынайы мәні неде деп ойлайсыз? Бүгінгі мерекелеу форматы сол мәнге қаншалықты сай келеді, және жалпы оған сай болуы міндетті ме?

— Иә, сай келуі керек. Себебі Наурыздың негізгі мәні — жаңару мен тілеу. Бұл табиғаттың циклдік заңдылығымен байланысты: қыс — өлімнің символы, көктем — қайта туу, жаз — кемелдену, күз — пісіп-жетілу кезеңі. Сондықтан көктемнің басында тойланатын Наурыз — жаңғырудың, жаңа кезеңнің басталуының белгісі.

Бірақ бұл жаңару тек сыртқы деңгейде қалмауы керек. Үй тазалау, жаңа киім кию, көшені ретке келтіру — бұл тек сыртқы көрініс. 

Адам да дәл сол сияқты ішкі дүниесін тазартуы керек: қызғаныштан, көреалмаушылықтан, мақтаншақтықтан, түрлі құмарлықтардан арылуға ұмтылуы қажет. Қазіргі заманда бұл құмарлықтардың түрі көп — соған қарамастан, негізгі идея өзгермейді: адам өзін жаңарту керек.

Наурыздың түпкі мәні — табиғат жаңарған сәтте адамның да рухани жаңғыруы. Бұл — философиялық деңгейдегі ұғым. Яғни адам — өзін өзгерте алатын, рухани тұрғыдан жаңара алатын тіршілік иесі. Осы идея бала кезден бастап санасына сіңірілуі тиіс.

Сондықтан бүгінгі формат белгілі бір деңгейде сыртқы формаға ауысып кеткенімен, оның ішкі мәнін қайта толтыруға толық мүмкіндік бар. Ең бастысы — Наурызды тек мереке ретінде емес, рухани жаңғырудың уақыты ретінде түсіндіру.

Мысалы, мұсылмандар Рамазан айында көмек пен садақаны дәріптеп, ритуалдармен қатар әлеуметтік мәнді кезеңге айналдырады. Ал Наурыздың әлеуметтік рөлі бар ма? Немесе Наурызды да сондай әлеуметтік рөлі бар мерекеге айналдыру қаншалықты жөн деп ойлайсыз? 

— Наурыздың әлеуметтік рөлі бар, әрі ол өте нақты. Бұл — қоғамдағы уақытша болса да әлеуметтік шекараларды жоятын кезең. Кәдімгі уақытта адамдар, әсіресе ауқатты топтар, жабық өмір сүреді: өз ортасымен ғана араласады, кеңістігі де, әлеуметтік қатынастары да шектелген. Ал Наурыз кезінде бұл оқшаулану бұзылады.

Дәстүр бойынша, кез келген адам «Наурыздық» сұрап, кез келген үйге кіре алады. Оған тыйым салу — әлеуметтік тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да қолайсыз. Керісінше, адамдар бір-бірін қонаққа шақырады, өйткені бұл — қоғамдағы бедел мен қатынастың бір көрсеткіші. Осылайша, Наурыз уақытша болса да әлеуметтік теңестіру механизмін іске қосады.

Бұл құбылыстың тарихи негізі де бар. Көшпелі өмір салтында қыс мезгілі — оқшаулану кезеңі: қауымдар бір-бірінен алыстап, әлеуметтік байланыстар әлсірейді. Ал көктемде, табиғат жаңарған кезде, адамдар қайта араласып, байланыстарын қалпына келтіреді. Наурыз осы циклдің символдық және әлеуметтік көрінісі.

Қазіргі қала жағдайында бұл функция тіпті өзекті. Урбанизация адамдарды бір-бірінен алыстатып жіберді: көршілердің бір-бірімен қарым-қатынасы әлсіз, кейде мүлде жоқ. Осындай жағдайда Наурыз — әлеуметтік байланысты қайта жандандыруға мүмкіндік беретін сирек кезең. Мысалы, бір подъездегі тұрғындар бір-бірін қонаққа шақырып, қарапайым деңгейде болса да танысып, араласса, бұл кейін күнделікті тұрмыстағы қарым-қатынасқа әсер етеді — ең болмағанда амандасу мәдениетін қалыптастырады.

Бұл тек әлеуметтік емес, психологиялық тұрғыдан да маңызды. Адамдардың араласуы, байланыс орнатуы — жалғыздық, оқшаулану сияқты құбылыстардың алдын алады. Қарапайым коммуникацияның өзі адамның ішкі күйіне оң әсер етеді.

Сонымен қатар, қазіргі қалалық инфрақұрылым бұл процесті әрдайым қолдай бермейді. Көп жағдайда құрылыс кезінде қоғамдық кеңістіктер — аулалар, ортақ алаңдар — қарастырылмайды немесе жеткіліксіз болады. Ал басқа елдерде, мысалы Түркияда, тұрғын үйлердің жанында ортақ жиналысқа арналған кеңістіктер әдейі жоспарланады. Бұл адамдардың араласуына жағдай жасайды — мейлі ол мереке болсын, немесе күнделікті бейресми кездесулер.

Сондықтан Наурызды әлеуметтік маңызы бар мереке ретінде дамыту — орынды ғана емес, қажет. Бұл үшін институционалдық деңгейде де қолдау керек: қалалық жоспарлау, қоғамдық кеңістіктер, жергілікті қауымдастықтарды дамыту сияқты факторлар ескерілуі тиіс.

Қорытындылай айтқанда, Наурыз — тек символдық немесе мәдени мереке емес, қоғамды уақытша болса да біріктіретін әлеуметтік механизм.

Автор статьи

Мәдияр Әубәкір