Қазақстанда алғаш триллер-қойылым ұсынылмақ: Dior музасының прототипі
Қазақстанда алғаш рет триллер элементтері бар барлау драмасы сахналанбақ. «Шідер» спектакліндегі басты кейіпкер — әлемдік сән тарихында із қалдырған Dior музасының прототипі. Құпияға толы тағдыр, барлау әлемі және махаббат пен парыз арасындағы ішкі күрес туралы қойылым қарсаңында STEPPE қоюшы-режиссер Әлібек Өмірбекұлымен және автор Бақытжан Қаратегімен сұхбаттасты.
Қосан мен Ақжан — бір дәуірдің балалары. Оларды тоғыстырған – Алматының ыстық көшелері, ал ажыратқан — тағдырдың құпия жолы. Бірі — ел үшін үнсіз қызмет еткен барлаушы, екіншісі – сол елдің шеттегі қорғаушысы.
— Шығарманы сахналауға не түрткі болды?
Әлібек Өмірбекұлы, қоюшы-режиссер: Ең алдымен, бұл тақырып біздің елде бұрын-соңды көтерілмеген. Тіпті бүкіл ТМД кеңістігінде де барлау қызметі төңірегінде өрбитін драма форматындағы шығарма кездеспейді десем болады. Негізі бұл — драма, бірақ бір қырынан қарағанда детективтік, тіпті триллер элементтері де бар.

— Осындай тақырыпты сахналау барысында барлау саласын арнайы зерттедіңіз бе? Қандай дереккөздерге сүйендіңіз?
Әлібек Өмірбекұлы: Спектакльге дайындық барысында өзім де белгілі бір деңгейде зерттеу жұмысын жүргіздім: кезінде КНБ мен КГБ құрылымдары қандай қателіктер жіберді, шетел аумағында еліміздің қауіпсіздігін қорғаған қазақстандықтар қандай жолдан өтті — осының бәрін зерделедім. Жалпы, барлау саласы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (КНБ) құрылымы — өте жабық, құпия жүйе. Құпия болған сайын көрерменді де қызықтырады. Сондықтан сол құпияның пердесін сәл де болса ашып, көркемдік тұрғыда көрсету — осы спектакльдегі мақсатым.
«Қазақ театрына әсерлеп сөйлеуді қою керек»
— Әлібек Өмірбекұлы
— Ендеше нақтылайықшы, спектакльде нақты қай тақырыптар қозғалады?
Әлібек Өмірбекұлы: Екі егемен елдің барлаушы азаматтары шет елде Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Махаббат бар, бірақ айтуға болмайды. Сағыныш бар, бірақ жол жабық. Оларды ұстап тұрған — шідер. Бұл драма — ел тағдыры мен жеке сезім арасындағы күрес туралы. «Шідер» — парызға байланған махаббаттың хикаясы.
Сонымен қатар қазіргі Қазақстан жастарының ел қауіпсіздігі жолындағы рөлі де көрсетіледі. Толықтай оқиға желісіне спойлер жасай алмаймын, толық картинаны тек спектакльден көре аласыз.

— Шығарманың аты неге «Шідер»?
Бақытжан Қаратегі, автор: «Шідер» тек аттың аяғына салынатын тұсау емес. Мұнда адамды ұстап тұрған ішкі шектеу бар. Кейіпкерлерім еркін болғысы келеді, сүйгісі келеді, бірақ Отан алдындағы борыш, берген ант пен жауапкершілік оларды шідерлейді. Махаббат пен парыздың арасындағы көрінбейтін шідер — шығарманың өзегі.
— Бұл шығарманы жазу туралы ой қайдан келді?
Бақытжан Қаратегі: Бұл ой кенеттен келген жоқ. Мен жас кезімнен тарихта аты аталмай қалған, Отан үшін құрбан болған адамдарға қызықтым. Бала күнімізде шетелдің Джеймс Бонды мен орыстың Штирлиціне тәнті болдық, бірақ өз елімізде ондай кейіпкерлер аз екенін аңғардық.
Шындығында, біздің елде де барлау саласында қызмет етіп, тасада ерлік көрсеткен қаншама батырлар бар. Мысалы, 1929 жылы Ф. Дзержинский Ыстамбұлдағы дипломатиялық миссияға белгісіз қазақстандық Сүлейменовке көмектесу керегін жазған.
Барлау — сырт көзге суық кәсіп, бірақ оның ішінде махаббат, адалдық, құрбандық бар. Сол ішкі қайшылықтан «ШІДЕР» дүниеге келді.

— Неге Әлібек секілді режиссермен бірлесе жұмыс істегіңіз келді?
Бақытжан Қаратегі: Әлібек — қалыптасқан шешіммен шектелмейтін, сұрақ қоя білетін режиссер. Бұл шығармада маған дәл сондай серіктес керек болды. Ол мәтінді өзгеріссіз сахнаға шығармайды, оның астарын қазады. Барлау мен махаббат тақырыбын үстірт емес, терең сезіммен жеткізе алатынын білемін. Айтпақшы, Әлібекке театр сыншылары «бүлікшіл» деген анықтама беріпті. Мен оны «мінезді» режиссер дер едім.
— Кей оқиғалар шынайы өмірден алынған депсіз, ол қаншалықты рас?
Бақытжан Қаратегі: Бұл — деректі хикая емес, бірақ ойдан шығарылған қиял да емес. Кейбір оқиғалар, кейбір психологиялық сәттер шынайы тағдырлардан алынған.
— «ШІДЕР» спектаклі мен әйгілі Dior музасы атанған қазақ қызы Алла Елшінді не байланыстырады?
Әлібек Өмірбекұлы: Алла Елшін — Christian Dior таңдаған модель, әлем сән тарихында қазақ қызы ретінде із қалдырған аңыз тұлға. Ал «Шідердегі» бас кейіпкер Ақжан — Алла Елшіннің прототипі. Екеуінің де әлемі құпия және тылсым. Сонымен қатар кей мақалаларда Алла Елшіннің біршама жылдар Еуропада барлау қызметінде істегені туралы жазбалар бар. Бірақ, өкінішке қарай, оны ғылыми тұрғыда дерекпен дәлелдей алмаймын.
«Қазақстаннан тысқары даму керек»
— Әлібек Өмірбекұлы

— Мұндай тақырыптарды көтеруден, онымен қоймай сахнада көрсетуден қорықпайсыз ба?
Әлібек Өмірбекұлы: Жоқ, қорықпаймын. Өйткені біздің мақсат – біреуді айыптау немесе саяси мәлімдеме жасау емес. Бұл – театр. Театрдың міндеті – сұрақ қою. Тарихымыздағы күрделі кезеңдерге үңілмесек, онда қалай өсеміз? Қалай түсінеміз? Сондықтан қорқыныш жоқ. Керісінше, осындай материал театр тілімен көрерменге жетуі керек деп ойлаймын. Онда тұрған ештеңе жоқ, меніңше.
— «Шідер» спектакліне не түрткі болды және тақырыпты неге таңдадыңыз? Бұған қоса, кейіпкерлердің жеке өмірі мен сезіміне шектеу қою олардың тағдырында қалай көрінеді?
Әлібек Өмірбекұлы: Ең алдымен, оқиға мен кейіпкерлердің тағдыры ерекше толқытты. Материал жартылай деректі десек те болады, бірақ барлау қызметі мен ел қауіпсіздігін шекара сыртында қорғаған адамдардың тарихы Қазақстанда да, ТМД аумағында да бұрын-соңды кеңінен көрініс тапқан емес. Екі ғашық барлаушының өмірі – сезім мен парыздың қақтығысы. Олар жеке өмір мен сезімге құқығы жоқ, сол шектеу, «шідер» спектакльдің негізгі қозғаушы күші болды.

— Спектакльде көрермен қандай эмоция мен ойға шақыруды күтеді? Триллер элементтері қалай көрініс табады?
Әлібек Өмірбекұлы: Триллер сахнадағы өмір сүру тәсілінен, актердің әрекеттерінен туындайды. Қандай «ойын ережесімен» өмір сүріп, қандай жағдайларда шешім қабылдаймыз – міне, спектакльдің триллері осыдан шығады.
Әрине, спектакльдің кеңістігі, оқиға өтетін орта және жалпы эстетикасы да үлкен маңызға ие. Сонымен қатар тақырыптардың ішкі шиеленісі мен әр көріністегі психологиялық кернеу триллер әсерін күшейтеді.
Триллер — адам эмоциясындағы, ішкі күйзелістің ең жоғарғы нүктесін көрсететін жанр. Біз дәл осы сахнадағы өмір сүру, сахнадағы декорация мен атмосфера арқылы шынайы триллер сезімін көрсетуге тырысамыз.
— «Шідер» спектаклінен көрермен қандай ой мен түсінік алады? Қазіргі заманда бізді не шілерлеп отыр?
Әлібек Өмірбекұлы: «Шідер» – ең үлкен таңдау алдында тұрған адамдар туралы қойылым. Кейіпкерлердің шешімдері арқылы біз тәуелсіз ұлт ретінде қалыптасқан тарихтан бастап, қарапайым өмірден тұтқынға алынған өмір жолын көрсетеміз. Бұл тек біздің ұлтқа ғана қатысты емес, адамзатқа арналған ой. Хаосқа толы заманда біз бір-бірімізді қалай шілерлеп отырмыз? Бәлкім, қазіргі заманның шідерінің бірі — ақпараттық кеңістік те шығар. Менің шабыт көзім — Бақытжан Қаратегі жазған шығарманың өзі, адам тағдыры мен оның күрделі шешімдері.
