JUZ40 EdTech компаниясының басшысы Жұлдызай Мұсаевамен сұхбат
Түлектер мен ата-аналар үшін ең толғандыратын кезең басталып келеді — тесттер, шешімдер және болашаққа қатысты сұрақтар. Осы сәтте біз білім беру тек нәтиже мен балға емес, қолдау мен сенімге де тікелей байланысты екенін байқаймыз.
Сондықтан біз EdTech саласындағы жаңа буын кәсіпкерлерінің бірі, JUZ40 білім беру орталығының негізін қалаушысы, CEO — Жұлдызай Мұсаевамен сөйлестік. Ол технология мен адами қарым-қатынасты қатар ұштастырып, жасөспірімдермен бір тілде сөйлей алатын білім беру ортасын қалыптастырудың маңызын өз тәжірибесі арқылы түсіндіреді.
ЖАҢА БУЫН ЖӘНЕ БІЛІМДЕГІ СЕНІМ
— Сіз EdTech саласындағы жаңа буын кәсіпкерлерінің бірісіз. Қазіргі буынның бизнесті жүргізу қағидалары алдыңғы буындардан несімен ерекшеленеді?
— Біздің буын үшін тек өнім жасап шығару жеткіліксіз. Біз үшін процестің барлық қатысушыларымен — оқушылармен, ата-аналармен, клиенттермен және командамен — ашық диалог жүргізу маңызды. Ести білу, кері байланысқа дайын болу, әр тараптың мүддесін ескеру — әлсіздік емес. Керісінше, бұл тұрақты бизнес пен сапалы білім берудің негізі. Эмпатия мен ашықтық бүгінгі күні сенім қалыптастыратын басты факторға айналды.
— Сіз жасөспірімдермен күнделікті жұмыс істейсіз. Олар үшін бүгін не маңызды екенін, қандай трендтер барын қалай түсінесіз?
— Біздің командамыздың басым бөлігі — Z буынының өкілдері. Көпшілігі бір кездері өздері бізде оқыған, кейін жобаның бір бөлігі болуды таңдаған жастар. Бұл бізге жасөспірімдермен бір толқында болуға мүмкіндік береді: олардың тілін, ойлау жүйесін, нақты қажеттіліктерін ішінен түсінеміз. Біз трендті сырттан бақыламаймыз, сол ортаның ішінде өмір сүріп, бірге сезінеміз.

— Қай сәтте білім беру жобасы жай ғана бизнес емес, жасөспірімдердің психологиялық жай-күйі мен өзіне деген сеніміне әсер ететін кеңістік екенін түсіндіңіз?
— Өз оқушыларымды жұмысқа ала бастаған кезде. «Дарынсыз шәкірт болмайды, дарынды аша алмайтын мұғалім болады» деген ой сол сәтте нақты іске айналды. Әр мұғалім шәкіртінің бойындағы потенциалды байқап, сенім білдірсе, бала шынымен қанаттанады. Үлкен қалаға енді келген бірінші курс студентінің компанияда жұмыс істеп, өзіне сенімді болып, кәсіби тұрғыдан өскенін көргенде, білімнің тек нәтиже емес, тағдырға әсер ететін күш екенін анық түсіндім.
ҰБТ және білім беру жүйесіндегі өзгерістер: оффлайннан онлайнға
— Сіз ҰБТ-ға дайындықта онлайн білім беру форматын алғашқылардың бірі болып енгіздіңіз. Алғашқы кезеңде, әсіресе ата-аналар тарапынан сенімсіздік көп болды. Қандай күмәндерге тап болдыңыз және оларды қалай еңсердіңіз?
— Бастапқыда ата-аналардың негізгі күмәні кадрлардың жасына байланысты болды. Біздің командада жастар көп, бұл кейбіреулерге сенімсіз көрінді. Алайда уақыт өте онлайн білім беру форматының артықшылықтары айқындала бастады. Пандемиядан кейін онлайн курстар, смартфонға арналған платформалар, жасанды интеллектке негізделген жаттығу құралдары кең тарады. Ең маңыздысы — оқушы дайындықты өз қалауымен бастайтын деңгейге жетті. Бұрын бұл шешімді көбіне ата-ана немесе мектеп қабылдайтын.
Онлайн форматтың нақты артықшылықтары бар. Біріншіден, уақыт үнемделеді: статистикаға сүйенсек, жолға кететін уақытты алып тастағанда оқушы аптасына 3–6 сағат артық дайындала алады. Екіншіден, нәтиже толық аналитика арқылы бақыланады. Әр тесттен кейін жүйе қатені, уақытты және әлсіз тақырыптарды автоматты түрде көрсетеді — бұл офлайн форматта сирек кездесетін мүмкіндік. Үшіншіден, материалдар қолжетімді: видео, теория, тесттер тәулік бойы ашық, оқушы бір тақырыпты қажет болса бірнеше рет қайталай алады. Сонымен қатар онлайн курстар офлайн репетиторға қарағанда орта есеппен 30–50 пайызға қолжетімді, себебі ғимарат, жалдау, көлік сияқты шығындар болмайды. Географиялық шектеу де жойылады: Алматыдағы мықты мұғалімнен елдің кез келген өңіріндегі оқушы білім ала алады. Бұл — ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін азайтудың маңызды қадамы.

— Бүгінгі оқушылармен жұмыс істеуде дәстүрлі қатаң тәсілдер қаншалықты тиімді?
— Қазіргі балаларды қорқытып оқыту әдісі тиімсіз. Альфа ұрпақты қорқыту арқылы мотивациялау мүмкін емес. Біздің қағида қарапайым: «таяқ емес, мотивация». Білімді негативті салдар арқылы емес, позитивті болашақ арқылы көрсету маңызды. «Қазір оқымасаң, ештеңеге қол жеткізбейсің» дегеннен гөрі, «қазір түсінсең, болашақта мүмкіндіктерің кеңейеді» деген ой әлдеқайда нәтижелі. Біздің осы жолдағы басты миссиямыз — білім мен тәрбиені қатар беріп, саналы ұрпақ қалыптастыру.
— ҰБТ форматы жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл өзгерістер оқушыдан нені талап етеді?
— Соңғы жылдары ҰБТ сұрақтары жаттап алуға емес, мәтінді түсіну, ақпаратты сараптау, логикалық байланыс орнату дағдыларына бағытталуда. Яғни тест біртіндеп фактологиялық емес, функционалдық ойлауды тексеретін форматқа ауысып келеді. Бірнеше баспаның материалдарының қатар қолданылуы да оқушыдан терең түсінік пен сыни ойлауды талап етеді. Сонымен қатар ҰБТ кезіндегі жоғары стресс дайындық сапасына тікелей әсер етеді.
Осы себепті біз білім саласындағы барлық өзгерісті тұрақты түрде бақылап, материалдарды жүйелеп отырамыз. Дайындық барысында оқушылармен психолог мамандар жұмыс істейді, мотивацияны арттыруға арналған ынталандыру шаралары: ай сайын рейтингте жоғарыда тұрған оқушыларға тегін жолдама беру, бонустар ойнату, ҰБТ-да жоғары балл жинаған, үздік прогресс жасаған оқушыларға бағалы сыйлықтар беру қолданылады. Себебі нәтиже тек біліммен емес, ішкі күймен де тығыз байланысты.
— Технология қаншалықты дамыса да, адами қарым-қатынастың орны бөлек. EdTech пен эмпатияға негізделген жұмыс тәсілін қалай үйлестіре алдыңыз?
— Біз үшін тең білім беру қағидасы әрдайым алдыңғы орында болды. Оқушының қай өңірде тұратыны маңызды емес, бастысы — қолдау сезімі. Көп адам бізді дәл осы эмоционалдық қолдау үшін таңдайды. Бастапқыда барлық процесті қолмен атқардық, кейін кей функцияларды автоматтандырдық. Бірақ қолдауды қысқартқан жоқпыз.
Оқушылардың психологиялық жай-күйін анықтау үшін арнайы тестілер қолданылады, олармен кураторлар жұмыс істейді. Онлайн форматты жеке кездесулермен толықтырамыз, жыл сайын ірі іс-шаралар мен түлектер кешін өткіземіз. Мұның барлығы — оқу онлайн өтсе де, оқушы өзін жалғыз сезінбеуі үшін жасалған қадамдар.

ҚЫСЫМ, КҮЙЗЕЛІС ЖӘНЕ КӨРІНБЕЙТІН СИГНАЛДАР
— Оқушы ҰБТ-ға дайындықты бастағанда, мектеп те, ата-ана да байқай бермейтін қандай күйзелістер мен ішкі қиындықтар айқынырақ көрінеді?
— Көп жағдайда оқушының ішкі жағдайы екінші қатарда қалып қояды. Сырттай бәрі «жақсы оқып жүр» деп көрінуі мүмкін, бірақ дайындық процесінде біз шаршау, өзіне сенімсіздік, қорқыныш пен жалғыздық сезімін жиі байқаймыз. Кейбір балалар үшін ҰБТ тек емтихан емес, өз құндылығын дәлелдеуге мәжбүр ететін үлкен қысым. Бұл туралы олар ашық айтпайды, бірақ мінез-құлқы мен реакцияларынан анық сезіледі.
— Білім беру жүйесінде басты назар көбіне балл мен нәтижеге ғана аударылады. Бұл қысым жасөспірімдердің психологиялық күйіне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
— Әсері өте жоғары. Біз жасөспірімдер арасында алаңдаушылық пен ішкі қысым деңгейінің жылдан жылға өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл мәселе бүгінде тек білім саласының емес, қоғамның ортақ проблемасына айналды. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында бұл тақырып жиі көтеріледі, өкінішке қарай, суицидтік көңіл күймен байланысты ауыр жағдайлар да кездеседі.
Сондықтан біз бұл туралы ашық айту маңызды деп есептейміз. Қолдау көрсету — тек жеке жұмыс емес, сонымен қатар қоғамдық деңгейде назар аударту. Осы мақсатта біз әлеуметтік желілер мен YouTube платформасында бейнематериалдар жарияладық. Бұл — оқушыға «сен бұл күйде жалғыз емессің» деген сигнал беру.
— Сіздің ойыңызша, бүгінгі білім беру кеңістігінде нені өзгерту қажет?
— Балл мен нәтиже маңызды, бірақ олар жалғыз өлшем болмауы керек. Оқушының психоэмоциялық жағдайын ескермей, тұрақты нәтиже күту мүмкін емес. Бала өзін қауіпсіз сезінетін, қателесуге құқығы бар ортада ғана өседі. Егер біз шынымен саналы, өзіне сенімді буын қалыптастырғымыз келсе, білім беру процесінде ішкі күйге, қолдауға және сенімге дәл сондай мән беруіміз керек.

КОМАНДА ЖӘНЕ ӘЙЕЛ КӨШБАСШЫЛЫҒЫ, СТЕРЕОТИПТЕРМЕН КҮРЕС
— Жасөспірімдердің осындай күй-жайымен жұмыс істей отырып, сіз үлкен жауапкершілікті өз мойныңызға аласыз. Бұл команда құруыңызға қалай әсер етеді? Қандай адамдарды жобаға алмайсыз?
— Мен өзім жұмысымды 10-сыныптан бастап кеттім. Студент кезімде үй тапсырмасына көмектесіп, қазақ тіліне аударма жасадым. Сол кезде көп адам «студент екенсің ғой» деп, біліміме сенімсіздік танытатын. Осы сұрақ мені қатты ойландырды: неге жастарға сенбейді? Неге студент маңызды істі атқара алмайды деп ойлайды? Сол сәттен бастап өзіме де, айналамдағы жастарға да дәлелдеуге деген ішкі қажеттілік пайда болды.
Командамен жұмыс істеуде басты қағидаларым — сенім мен менторлық. Біз жастардың тәжірибесіздігі мен сенімсіздігін қысыммен емес, қолдау арқылы еңсереміз. Менің командам негізінен өз шәкірттерімнен құралған. Оларды жұмысқа алғанда «олар білмейді» деген күмән болған емес. Керісінше, олардың бойындағы потенциалды көріп, дамытуға күш салдым.
Уақыт өте келе студенттерді өзім тәрбиелеп, кейін жұмысқа алған адамдар мен тек резюме арқылы келген мамандардың айырмасын анық байқадым. Маған тәжірибелі мұғалімдермен жұмыс істеу кейде қиынырақ болды, ал жастармен тіл табысу әлдеқайда жеңіл. Олар икемді, үйренуге ашық. Әрине, қиын сәттер де болады, бірақ олар үнемі өсіп, өзгеріп отырады. Жастарды түсіну үшін олармен бір тілде сөйлесу керек — әзілін де, ритмін де, ойлауын да қабылдай білу маңызды.
— Командаңызда Z буынының өкілдері көп. Қатаң иерархиядан гөрі сенімге негізделген ортада көшбасшылықты қалай қалыптастырасыз?
— Мен олармен үнемі сөйлесемін. Жыл сайын олардың қалай өзгеріп, қалай есейіп келе жатқанын көріп отырамын. Біз ресми дистанция ұстамаймыз: ашық сөйлесеміз, қалжыңдаймыз, пікір алмасамыз. Бұл — сенімнің негізі. Егер жас маман өзін қауіпсіз сезінсе, ол жауапкершілікті де алады, дамуға да дайын болады.
— Уақыт өте ата-аналардың онлайн білімге көзқарасы қалай өзгерді?
— Бұрын ата-аналар оқу форматы мен бағдарламасына аса мән бермейтін. Соңғы жылдары олар баласының үлгеріміне, процестің қалай жүріп жатқанына көбірек қызығушылық таныта бастады. Әрине, онлайн форматқа әлі де күмәнмен қарайтындар бар. Бірақ көбіне балалардың өзі ата-анасын көндіреді. Қазір 10–11-сынып оқушылары бізге саналы түрде келеді.
Ата-аналар бізге жиі жазып тұрады: грантқа түскенін, кейде балл жетпей қалғанын айтады. Мұндай жағдайда біз міндетті түрде байланысқа шығып, барлық нюансты бірге талқылаймыз. Бұл да — сенімнің бір бөлігі.
— Сіз ауқымды EdTech-жобаны басқарып отырған жас әйелсіз. Бизнестің өсу кезеңінде жасқа немесе жынысқа байланысты сенімсіздікке тап болдыңыз ба?
— Білім беру бизнес үшін ең танымал сала емес. Бір сәтте мен жай ғана сабақ беруді емес, маңызды әрі қажет жобаның негізін қалаушы болу керегін түсіндім. Сол кезде курстарымның жай оқыту емес, толыққанды бизнес екенін сезіндім. Білім саласында ниет пен мүмкіндік болуы керек. Басты мақсат — саланы көтеру, балаларға шын мәнінде қажет білім беру.
Бұл салада көбіне ер адамдар болғандықтан, мені бастапқыда мойындамағандар да болды. Бірақ мен олардың ортасына кіруге ұмтылған жоқпын. Кейбіреулер қолдау көрсетті, кездесулерге шақырды, ал кейбіреулер керісінше түрлі пікір айтты. Мен оған аса мән берген емеспін.

— Сіз үшін бизнестегі әйел-көшбасшы деген кім?
— Мен үшін бизнестегі әйел-көшбасшы — ең алдымен эмпатияға қабілетті адам. Білім беру саласында эмоция мен сезімді елемеу мүмкін емес. Көп кәсіпкерлердің өзі бізге «дәл осы адами жылулық жетіспеді» деп айтады. Егер білім беру тек бағдарлама мен тапсырмадан тұрса, ол жай ғана пәнге айналады.
Бізге оқушылар көбіне мектепте немесе үйде таба алмаған қолдау үшін келеді. Олар кураторлармен ашық сөйлесіп, өз қиындықтарын бөлісе алады. Сондықтан біз үшін маңыздысы — тек оқыту емес, оқушының жанында болып, оны түсіне білу.
— Бизнесті енді бастап жатқан немесе масштабтап жүрген әйелдерге қандай кеңес берер едіңіз?
— Әйел бірдеңе істей алмайды, ал ер адам істей алады деген ойдан бас тарту керек. Бұл шекара әлдеқашан жойылуы тиіс. Егер мақсат бар болса, ресурс болса — неге істемеске? Бизнес жынысқа емес, ниетке, еңбекке және жауапкершілікке байланысты.
— Алдағы уақытта қандай бағыттарда дамуды көздеп отырсыздар? JUZ40 Қазақстанның білім беру жүйесіне қандай үлес қоспақ?
— Алдағы уақытта біздің жұмысымыздың нәтижесін нақты көретін боласыздар. Қазірдің өзінде команда ішінде түрлі эксперименттер жүріп жатыр, бізді қызықтыратын жаңа форматтар мен тәсілдер көп. Бұл тек онлайн дайындықпен шектелмейді — біз білім беруді балаға жақынырақ, түсініктірек және мағыналы ету жолдарын іздеп келеміз. Жақын уақытта оқушылардың білім деңгейін арттыру, академиялық әлеуетін дамыту және олардың зияткерлік қабілеттерін анықтау мақсатында 9-10-сынып оқушыларына арналған JUZ40 олимпиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
JUZ40 үшін даму — масштаб қуу емес, сапаны тереңдету. Біз білім беруді жүйелі түрде жетілдіріп, оқушының ойлауын, өзіне деген сенімін және жауапкершілігін қатар дамытатын орта құруды мақсат етеміз.

Жұлдызай Мұсаевадан 5 кеңес:
1. Адамның адамшылдығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес.
Кез келген кәсіпті бастамас бұрын «НЕ ҮШІН?» деген сұраққа жауап бер. Жауабың ел игіліне, адамзаттың пайдасына бағытталса, ісің берекелі болады.
2. Алушы емес, беруші бол.
Адам алған сайын емес, берген сайын биіктейді. Тек алуды көздеген адам әлемнің шексіз мүмкіндігін көре алмайды.
3. Қателік – өсуге мүмкіндік.
Бәрі қателеседі, бірақ одан сабақ алғандар ғана өседі. Қателес. Анализ жаса. Жаңа шешім қабылда.
4. Әлемдегі ең тұрақты нәрсе – өзгеріс.
Өзгеріспен күрессең шаршайсың, қабылдасаң биікке ұшасың. Өзгерістерге тез икемделсең, басқалар байқамаған мүмкіндік пен тың жолдарды көресің.
5. Әрекет бізден, нәтиже Құдайдан.
Бар қолыңнан келгенін жасап, үздіксіз қадам бассаң болғаны, жолдың соңында не күтетінін бір Құдай біледі. Ниетіңді дұрыста. Еңбектен. Тәуекел ет.