Кино мен театр – «екі бөлмелі бір үй»: Еркебұлан Дайыровпен үлкен әңгіме
Бірер күннен соң «№37» фильмі көрерменге жол тартады. Бұл театр қойылымынан экранға көшкен алғашқы қазақ киносы. Тек режиссерлік дебют емес, тұтас шығармашылық команданың ортақ еңбегі. Премьера аясында STEPPE редакциясы ŞAM театрының теңқұрушысы, театр және кино актері Еркебұлан Дайыровпен әңгімеде шеберлік пен жауапкершілік, уақытты жоспарлау, көрерменмен тікелей байланыс, отбасылық қолдау және ұлттың мәдени ізі — бәрі оның кәсіби кредосының бөлігі туралы сұхбаттасты.
— Сіз театрда да, кинода да көптеген рөлдерді сомдадыңыз. Өзіңізді қай ортада өз үйіңізде жүргендей сезінесіз – сахнада ма, әлде камера алдында ма?
— Шынымды айтсам, екеуі де – екі бөлмелі бір үй сияқты. Қазақ өнері бір үлкен шатырдың астында тұр. Сол себепті мен театр мен киноны бөліп қарай алмаймын.
Біз Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүрген кезде бар назарымызды театрға бағыттадық. Сахнаның қыр-сырын үйрену, оны толық меңгеру – біздің басты мақсатымыз болды. Ал киноға арнайы бағыттау, жеке пән ретінде үйрету болған жоқ. Себебі біз музыкалық драма театрының бөлімінде оқыдық, сондықтан ең әуелі сахнада еркін болуымыз керек еді. Бұл – кәсіби актердің негізгі шарты.
Меніңше, егер адам төрт жыл бойы сахнада жүріп, оның заңдылықтарын, динамикасын, тынысын меңгермесе, кейін камера алдында да өзін толыққанды аша алмайды. Себебі сахна – актердің шеберлік мектебі, ал кино – сол білімнің нәтижесін көрсететін кеңістік. Камера алдында жылдар бойы жақсы өнім берем деу үшін, актердің іргетасы мықты болу керек.
Талант – сарқылатын нәрсе. Ал оны сақтап, өміршең ету үшін ізденіс, еңбек және оқуға деген ынта қажет. Актердің дамуы – үздіксіз процесс. Ол кітап оқуы керек, өзіне жаңа тәжірибе жинауы керек. Себебі ізденіс болмаса, таланттың оты да сөніп қалады.
Әр актер өз дарынымен қалай жұмыс істейтінін білуі керек. Егер адам өзіне берілген қабілетті ысырап етпей, жастықтың буына берілмей, ақылмен жұмсай білсе – ол актер үшін де, қоғам үшін де пайдалы. Сол себепті менің түсінігімде актердің кәсіби білімі өте маңызды. Мың жерден талантты болсаң да, білім қажет. Ол – өзің үшін, өсуің үшін керек.

— ŞAM театрының актерлік құрамының бәрі кәсіби актерлерден құралған деп айтып едіңіз. Сіздің ойыңызша, кәсіби актер болудың басты шарты не? Рөлге толық ену ме, тақырыпты терең ашу ма, әлде басқа қасиет пе?
— Кәсіби актер болудың мәнін әркім әрқалай түсінеді. Меніңше, ең бастысы — жауапкершілік. Кәсіби актер деген атаудың өзінде үлкен салмақ бар. Егер сені белгілі бір театр немесе кино жобасы «тәжірибелі актер» ретінде шақырып отырса, ол – сенің тиянақтылығыңа, мінезіңе, еңбекқорлығыңа сенім артқаны.
Мен үшін кәсіби актердің ең маңызды қасиеті – ұқыптылық пен өз ісіне адалдық. Бұл ұқыптылық рөлге де, дайындыққа да, репетицияға да, өз өміріңе де қатысты. Актер рөлін зерттеуі керек, кейіпкердің табиғатын түсінуі керек. Оның ішкі мәдениеті мен өнерге деген көзқарасы рөлге енуге тікелей әсер етеді. Барлығы жауапкершіліктен басталады.
Байқасаңыз, кезінде керемет рөлдер ойнаған, жарқ етіп шыққан актерлердің кейбірі қазір сахнадан да, экраннан да көрінбей кетті. Себебі олар өз тағдырына есеп бермеді, еңбек тәртібін ұстанбады. Актер өзінің кәсіби жолына жауап бермесе, ол ұзаққа бармайды.
Мен студенттеріме үнемі айтамын: күн тәртібің нақты болсын. Таңертең нешеде тұрасың, қайда барасың, сабағың не уақытта, жұмысың қашан аяқталады, спортзалға, отбасыңа қанша уақыт бөлем деп бәрін жоспарлау керек. Осы кестені күн сайын орындай алсаң, міне, бұл – кәсібилікке алғашқы қадам.
Кішкентай мысал: Криштиану Роналдоны бүкіл әлем біледі. Ол зейнет жасында жүрсе де, әлі күнге дейін формада. Себебі өз ісіне деген махаббаты мен тәртібі мықты. Сол сияқты актер де өзін-өзі ұстай білуі керек.
Қазір ел алдында жүрген үздік актерлердің бәрі – кәсібилік пен тәртіптің адамдары. Нәтиже – еңбектің жемісі. Кім тоқтамай жұмыс істейді, сол жеңеді. Сондықтан жастарға айтарым: кәсіби актер болғың келсе, ең алдымен жауапкершілік пен тәртіпті үйрен.
Актер — тек сезім адамы емес, ол – интеллект иесі. Менің ұстазым Ес аға айтатын: «Актердің ақылы мен парасаты жоғары болуы керек». Себебі интеллектуалды актер қашанда сахнаға сапалы дүние алып шығады.
Өкінішке қарай, бүгінде сахна мен экранда көрерменге пайдасыз, мәдениеттен тыс дүниелер де көбейді. Бірақ бұл барлық елде болатын табиғи процесс. Маңыздысы – таза өнердің тоқтамауы. Егер біз ізденісті, сапаны, мәдениетті сақтасақ, көрермен де өзі ажырата алады: не – қоқыс, не – шын өнер.
Меніңше, кәсіби актердің миссиясы да сол – халыққа таза, сапалы дүние ұсыну. Ол үшін сенің әр қимылың, әр сөзің салмақты, пайдалы, көркем болуы керек.
— ŞAM театры көбіне батыл тақырыптарымен ерекшеленеді. Сіздің ойыңызша, бүгінгі көрермен өткір, ашық тақырыптарды қабылдауға дайын ба? Осындай батыл формаларды қоғам қалай қабылдайды деп ойлайсыз?
— Иә, толықтай дайын деп айта аламын. Егер бұл сұрақты жеті, тіпті бес жыл бұрын қойғаныңызда, жауап беру маған қиын болар еді. Ал қазір біз мұны өз көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезіп отырмыз. Халықтың өзі батыл қадамдарға дайын екенін көрсетіп отыр, тіпті бізді соған итермелеп отыр деуге болады.
ŞAM театры біреуден ерекшеленейік немесе «үй ішінен үй тігейік» деген мақсатпен құрылған театр емес. Ол халықтың сұранысынан, уақытының талабынан туындаған. Кез келген өнер ордасы сол қоғамның менталитетінен шығады. Сол себепті біз не көрсетсек те, соның бәрі халықтың ішкі дүниесімен, рухымен, мәдениет түсінігімен тығыз байланысты.
Біздің халық — ержүрек халық. Біз шындыққа тура қарап отырудан қорықпаймыз. Бірақ, өкінішке қарай, кейде шындықты агрессиямен шатастырып алатындар бар. Ал агрессияның өз себебі көп. Бұл енді саясаттан гөрі психологиялық, әлеуметтік факторларға байланысты нәрсе. Ол – біздің талдауымыздың аясы емес.
Дегенмен өнер адамы ретінде мен айтар едім: халықтың ержүректігін өзіне өз бидайымен қайнатып көрсету керек. Неге ол естігісі келіп тұрған шындықты сахнадан көрмеске? Өйткені бұл — олардың көкейінде жүрген, айтылмай жүрген, бірақ бәрін мазалайтын дүниелер.
Айтыста айтылған шындық неге іске аспайды деп талай ойлаймыз ғой. Бірақ соған қарамастан, халық сол сәттің өзінде рухани ләззат алады. Сол сияқты сахнада да қоғамдағы шынайы түйткілдерді мәдени, көркем түрде көтерсең, көрермен риза болады. Бұл, меніңше, үкіметке де, қоғамға да пайдасы бар дүние. Себебі театр – халықтың көңілін түсініп, оның ішкі күйін мәдени жолмен емдейтін алаң.
Өнер – өте қуатты құрал. Ол халықтың ашуын да, қуанышын да бағыттай алады. Сондықтан мен үнемі айтамын: өнер – бомба сияқты. Сол себепті өнермен айналысып жүрген әркім оның қандай күшке ие екенін ұмытпауы керек. Бомба – ойыншық емес. Ал өнердің жарылысы – рухани. Ол адамды оятады, бірақ жараламайды.

«Өнердің құдіреті»: есте қалған көрермен реакциясы
— Көрерменнің реакциясын сахнада тұрып-ақ сезесіз бе? Есіңізде ерекше қалған бір сәт бар ма — «иә, мен осы мамандықта дұрыс жүрмін» дегендей әсер қалдырған?
— Аллаға шүкір, ондай сәттер мен үшін аз болған жоқ. Әсіресе гастроль кезінде халықтың ықыласын ерекше сезінесің. Бір-екі жыл бұрын Қызылордаға барғанымыз есімде. Спектакль аяқталды, көрермендер тарай бастады. Сол сәтте біздің әкімшілік жақтан бір әріптес келіп: «Сізді сыртта үлкен кісі күтіп отыр», – деді.
Біз, әдетте, көрермен азайғанша сахна артында отыра тұрамыз, өйткені спектакльден кейін бірден шығып, суретке түсу немесе әңгімелесу кейде ауыр тиеді – денең де, жаның да шаршайды. Сәл тыныштық орнаған соң сыртқа шықсақ, шынында да бір үлкен апа тұр екен, қасында жап-жас немересі. Қыз жыламсырап: «Анамды ауруханадан жаңа шығарды, бір ай бойы төсек тартып жатты. Бірақ сіздердің қойылымдарыңызға барғысы келді, билет алып қойдым дегенде, өзі орнынан тұрып дайындалды», – деді.
Сол сәт менің есімде мәңгі қалды. Өнердің құдіреті деген осы ғой – төсек тартып жатқан адамды орнынан тұрғызған, оған қуат сыйлаған күш. Біз апаның батасын алып, сөйлестік, ол кісі ризашылығын айтып, алғысын жаудырды. Немересі мәз – бірде күледі, бірде жылайды. Сол кезде іштей: «Япырау, өнердің күші мен құдайдың құдіреті қандай ғажап», – деп ойладым.
Осындай сәттер жиі болады. Кейде батыс өңірлерге барғанда да көрерменнің ықыласы ерекше. Сені сахнада көріп, келіп бетіңнен, маңдайыңнан сүйіп тұратын адамдар бар. Сол кезде бүкіл шаршағаның, қиындықтарың ұмытылады.
Бірнеше рет сахнада поклон жасап тұрып, өзіміз де көз жасымызды тыя алмай қалдық. Зарина, Асан – бәрімізде сондай сәттер болған. Халықтың ықыласын сезіну – ең үлкен марапат. Сол 3–5 минуттық овация үшін бәріне төзесің, барлық еңбегің соған тұрарлық екенін түсінесің.
Сол сәттерде ішіңнен: «Мен дұрыс жолдамын. Мен жеңдім», – дейсің. Өнердің шын қуанышы – осы.
— Көп актер бұл жолды бастап, кейін тастап кетеді. Біреуіне атақ керек, енді біреуі материалдық жақтан қиналады. Осындай жағдайда сіз үшін қолдаудың рөлі қаншалықты маңызды? Жалпы өнер адамына қолдау қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
— Қолдау – кез келген саладағы адамға ауадай қажет. Бірақ өнер адамы үшін ол ерекше маңызды. Әсіресе отбасынан, жарыңнан, жақындарыңнан келетін қолдау – ең бағалысы. Бір ауыз жылы сөз кейде жатқан түйені тұрғызады, ал суық сөз – ең мықты адамды да әлсіретеді. Біз – сөздің қадірін білетін халықпыз. Обал мен сауапты түсінеміз, сөздің салмағын сеземіз. Сол қасиет өнерге де әсер етеді.
Аллаға шүкір, менің жарым да өнер адамы. Екеуміз бір театрда жұмыс істейміз, анам да өнерден алыс емес – ән айтып, домбыра тартады. Сол себепті үйде түсіністік бар, шығармашылық пен тұрмысты үйлестіру қиынға соқпайды. Әрине, ұсақ-түйек түсініспеушіліктер болған шығар, бірақ есімде жоқ. Демек, ол шешілген, ұсақ дүние болған. Біз бір-бірімізге қатысты шекарамызды білеміз, «мұнда бармаймыз» деген қағидамыз бар және соны екеуіміз де сақтап келеміз. Бұл – отбасыны да, өнерді де сақтау тәсілі.
Өнерде бақытты отбасын ұстап тұру оңай емес. Оны әр әртіс біледі. Біреудің жары басқа салада болса, ол адам өнердің табиғатын түсінуі керек. Өнерді түсінбеген адам өнерпаздың жан дүниесін түсіне алмайды.
Өнерді зерттеп болған адам жоқ. Мұхитты түгел зерттей алмайсың ғой – дәл сол сияқты өнер де шексіз. Біз сол сәтте өмір сүріп, сол мезетте жасаймыз. Бүгінгі жасағаның ертең ұмытылады, оның орнына жаңа сезім, жаңа ізденіс келеді. Бұл – түсіндіру қиын, бірақ өте тылсым дүние. Өмірдің өзі сияқты.
Сол себепті өнерде нақты ереже жоқ. «Мынаны істесең – сәтті боласың, мынаны істемесең – сәтсіз боласың» деген формула болмайды. Әркім өз шамасын білуі керек. Спортзалдағыдай: біреу 5 келіні көтереді, біреу 120 келіні көтереді – бәрі өз күшіне байланысты.
Мен өмірді Мұқағалиша айтсам, «әлі зерттеп көрген жоқпын». Ешкім де зерттеген жоқ. Біз тек қабылдаймыз. Өмір мен тағдыр – Алланың қалауындағы дүние. Қай салада жүрсең де, не ексең – соны орасың. Тілегің, пейілің, еңбегің қандай болса – соған сай нәтиже аласың.
Сондықтан мен ешқашан «бәрін өзім істедім» деп айта алмаймын. Біз ниет еттік, еңбек еттік, ал қалғанын Алла өз орнына қойды. Сол себепті әр жетістік – тек біздің еңбектің емес, ниет пен шүкірдің жемісі.
— «№37» фильмі туралы. Сахнадан киноға көшу қаншалықты қиын болды? Қай тұсы күрделі, ал қай жағы жеңіл тиді?
— Ең қиыны – пьесаны кино сценарийіне бейімдеу болды. Бұл – біздің ең алғашқы үлкен сынағымыз еді. Театрлық мәтінді экран тіліне көшіру оңай емес. Сахнадағы әрекет пен киноның драматургиясы бір-біріне ұқсамайды. Сол себепті адаптация процесінде біраз қиындықтар кездесті.

Сценариймен бәріміз бірге жұмыс істедік. Негізгі сценарист – Жандос Айбасов, одан бөлек, Фархат Молдағали және бүкіл команда бұл процеске араласты. Алғашында бірнеше түрлі нұсқалар болды. Біреу сахналық нұсқаны өзгерткісі келді, енді біреу керісінше, бастапқы формасын сақтауды ұсынды. Уақыт та кетті, талқылау да көп болды. Ақырында Жандос барлығын біріктіріп, финалдық сценарийді өзі жазып шықты.
Біз бәріміз отырып, мәтінді қайта қарап, сахна мен кадр арасындағы шекараны нақты белгіледік. Сол кезде ұжымдық жұмыс өте маңызды рөл атқарды. Себебі әрқайсысымыз бұл қойылымды сахнада талай рет ойнағанбыз, материалды жақсы білдік. Сол артықшылық түсіру кезінде үлкен көмек болды.
Сценарий дайын болған соң, қалған процесс өз ырғағымен жүрді. Өйткені команданың бәрі – кәсіби мамандар. Костюмерден бастап гримерге дейін, суретші мен администраторға дейін – әркім өз саласын жақсы білді. Кино өндірісінде жауапкершілігі жоқ адаммен жұмыс істеу өте қиын, ал бізде ондай болған жоқ.
Бәрінің өз департаменті, өз міндеті болды. Костюм бойынша суретші түстердің палитрасын анықтап, визуалды бірлікті сақтады. Режиссер, оператор, жарық қоюшы – бәрі кәсіби деңгейде жұмыс істеді. Сондықтан түсірілім кезінде бас ауыртқан нәрсе болған жоқ.
Қиындық – тек сценарий кезеңінде. Ал содан кейінгі жұмыс таза шығармашылыққа айналды. Жақсы сценарий мен мықты команда болса, кино түсірудің қиындығы қалмайды. Соның арқасында біз жас киногерлер командасымен жақсы, сапалы дүние жасап шықтық.
— Жаңа маусымда Шам театры көрерменге не ұсынады? «117-пәтер» мен «Анна Франктың күнделігінен» кейін не күтеміз? Ал «№37» фильмі өз финалымен көрерменге қандай әсер қалдырады деп ойлайсыз?
— Шынымды айтсам, қазір нақты айта алмаймын. Бірақ үміт көп. Бізде жетекшіміз әрі режиссеріміз Фархат Молдағали болғандықтан, қойылатын дүниенің сапасына күмән жоқ. Фархат өзіне ұнамаған материалды ешқашан сахнаға шығармайды. Ол дайын емес дүниені көрерменге ұсынбайды. Сол үшін де оның әр ұнатқан қойылымы мықты болып шығады.

Біз қазір көрерменді жақсы материалға, жақсы режиссураға үйретіп алдық. Халық «Шамның спектаклі жақсы болады» деп күтеді. Сол сенімді ақтау — біздің басты жауапкершілігіміз. Әр жаңа маусымда «бұл жолы да сол деңгейде бола аламыз ба?» деген ой мазалайды. Себебі көрерменнің талғамы жоғары. Біз сол үмітті ақтап келеміз және соны жалғастыру үшін көп ізденеміз.
Ал «№37» фильмі туралы айтсам — иә, бұл жолы көрермен финалды көреді. Бірақ көз жасынсыз болмайды. Бастан-аяқ эмоция, жүрекке әсер ететін сәттер бар. Бізге финалды табу оңай болған жоқ: сценарий барысында көп іздендік, талқыладық, түрлі нұсқаларды қарастырдық. Ақыры он ойланып, жүз толғанып барып шештік.
Финал – фильмнің өзегі. Онда біз көрерменге біржақты жауап бергіміз келген жоқ. Себебі өнердің күші – сұрақ қоюда, ой салуда. «№37»-нің негізі «Астарлы бақ» пьесасынан алынған, сондықтан финалда да сол астар сақталған. Егер бәрі сахнада немесе экранда айтылып кетсе, онда қызық та, мағына да азаяды. Сондықтан әр көрермен өз сұрағына өзі жауап тапса, сол – біздің ең үлкен жетістігіміз.