Өткенге қайта-қайта оралу: тұрақтылық па, тәуелділік пе?
Steppe Qazaqsha 21 Октября, 2025

Өткенге қайта-қайта оралу: тұрақтылық па, тәуелділік пе?

2025 жылы Netflix-тің Stranger Things сериалы финалға жетті, ал TikTok-та Y2K (2000-жылдар стилі) қайтадан басты трендке айналды. Бұл екі құбылыс бір-біріне ұқсамайтын сияқты көрінгенімен, екеуін байланыстыратын ортақ нәрсе бар — ностальгия

STEPPE бүгінгі мәдениеттің неліктен өткенге қайта-қайта оралып, оны жаңа формада ұсына отырып, жаһандық аудиторияның назарын сақтап келе жатқанын түсіндіреді.


Психологиялық қыры: ностальгия бізге не үшін қажет

Ностальгия — жай ғана жылы естелік емес; психологиялық тұрғыдан ол бірнеше маңызды функция атқаратын күрделі стратегиялық эмоция.

ностальгия. Netflix. Stranger Things. TikTok. Y2K стилі. мәдени жады. философия. поп-мәдениет. психология. мәдени индустрия.

Біріншіден, ностальгия эмоциялық реттеудің тетігі болып қызмет етеді. Естеліктер өткенді музей витринасындай дәл қайталамайды. Ми маңызды сәттерді сұрыптап, жұмсартып, кейбір тұстарына ретушь жасайды. Осылайша жеке тарихты тұтастығы жоғары әрі жағымды етіп қайта құрайды. Мұндай реконструкция көңіл-күйді көтереді, оқшаулану сезімін азайтады. Ол қысқа уақытқа «мен кеше, мен бүгін, мен ертең» деген үштік біртұтас логикалық тізбек ретінде қабылдануына мүмкіндік береді. Психологтар Константин Седикидес, Тим Уайлдшут, Джейми Арндт және Клэй Раутледж өздерінің Nostalgia: Past, Present, and Future (2008) мақаласында ностальгияның дәл осы эмоциялық ресурстық функциясын сипаттап, ол адамдарға стресс жағдайында да тұтастық сезімін сақтауға көмектесетінін көрсеткен.

Екіншіден, ностальгия әлеуметтік байланысты қолдайды. Естеліктер, әдетте, адамдармен — достармен, отбасымен, ортақ әдет-ғұрыптармен байланысты. Біз ностальгиямен бөліскенде (плейлист, ескі фото, мем арқылы) белгілі бір топқа тиістілігімізді білдіреміз. Қозғалысы жоғары және онлайн-коммуникациясы күшейген заманда мұндай сигналдар сенім орнатуға кететін уақыт пен күшті үнемдейді: белгісін таныдың — адамын түсіндің.

Үшіншіден, ностальгия — мотивация мен мағынаның құралы. Ол тек «жылытып» қана қоймай, өткендегі тұлғалық болмысты қазіргі ресурстарға айналдыруға көмектеседі: дағдылар, құндылықтар, байланыстар. Бұл үдеріс саналы түрде жүрсе, ностальгия энергия мен бағыттылықтың көзіне айналады. Бірақ кері жағы да бар: өткенді қайта-қайта бастан кешіру қазіргі міндеттерден қашуға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда ностальгия бейімделуді тежеп, шынайы өзгерістерді қабылдауға кедергі келтіреді.

Жад механизмдері мен уақытты қабылдау: философиялық қыр

Ностальгия — жай ғана естелік емес, өткенді қайта құру актісі екенін түсінуге жад философиясы мүмкіндік береді.

Жад — архивке емес, палимпсестке ұқсайды. Тәжірибенің іздері сақталады, бірақ олардың үстінен жаңа мәтін жазылады. Ностальгия — саналы не бейсаналы қайта жазу. Біз фактілерді «қазып алудан» гөрі, бүгінгі күнге сәйкес келетін өткенді қайта құрамыз. Бұл идеяны социолог Морис Хальбвакс өзінің La Mémoire collective (1950) еңбегінде атап өткен: жад әрдайым әлеуметтік орта арқылы қалыптасады.

Феноменология тұрғысынан ностальгия өткен өмірдің денелік және нақты қырларын қайтарудың тәсілі болып табылады: иіс, жанасу, дыбыс өткенді сезінетіндей етеді. Алайда мұнда шынайылық парадоксы туындайды. Біз өткенді неғұрлым мұқият қайта құрған сайын, соғұрлым ол қайшылықтардан ада эстетикалық маскаға айналу қаупі артады.

ностальгия. Netflix. Stranger Things. TikTok. Y2K стилі. мәдени жады. философия. поп-мәдениет. психология. мәдени индустрия.

Философиялық тұрғыдан негізгі сұрақ туындайды: өткенді үнемі ретушь жасайтын мәдениетте «шынайылық» нені білдіреді? Ностальгия жадты ақиқаттың объективті өлшемі ретінде қарастыру идеясын күмән астына қояды. Ол өткеннің шын мәнінде — біздің иелік етіп, басқара алатын ресурс екенін көрсетеді.

Мәдени қыры: платформалар, нарық және ұжымдық жад

Қазіргі платформалар — бір мезгілде алгоритмдік архив және ремикс фабрикалары. Олар жақында ғана өткен мәдени қабатты сақтап қана қоймай, оны бірден қолжетімді етеді. TikTok-та 2010-жылдардың әндері мен мемдері жаңа формада қайта таралып, жастар арасында екінші өмірге ие болды. Бұл құбылысты музыкалық сыншы Саймон Рейнолдс өзінің Retromania: Pop Culture’s Addiction to Its Own Past (2011) кітабында сипаттаған. Онда ол қазіргі мәдениеттің «өткенге тәуелділігін» атап өтеді.

TikTok та дәл осындай механизмді қолдайды. Мысалы, Fleetwood Mac-тың Dreams әні 1977 жылы шыққанымен, 2020 жылы скейтбордпен сырғанаған қолданушының видеосынан кейін қайтадан вирусты трендке айналды. Цифрлық ремикс құбылысын Қазақстанда да көріп отырмыз. Мысал ретінде шығармашылық коллаборациялар мен ескі/жаңа материалдардың ремикстерін жариялайтын YouTube-арна ART.JAQ (мысалы, Yeski Taspa сериялары) жиі қолданылады. Арна жергілікті хиттерді, қайта өңделген және заманауи интерпретацияларын платформалық форматта ұсынады. Бұл — ұжымдық жадтың цифрлық ремикс түрінде тіріліп, жаңа аудиторияға қайта ұсынылып жатқанын көрсететін нақты мысал.

Мәдени индустрия — медиа, мода, жарнама, музыка саласы — осы механизмді меңгеріп, естеліктерді монетизациялауды үйренді. Disney соңғы он жылда классикалық мультфильмдерінің (The Lion King, Aladdin) live-action нұсқаларын шығарып, балалық шақ естелігін коммерциялық өнімге айналдырды. Модада да Y2K стилінің қайта оралуы байқалады. Масс-маркет пен сән үйлері 2000-жылдардағы джинсы, мини-сөмке, жылтыр аксессуарларды жаңа коллекцияларда қайта ұсына бастады.

Netflix шығарған Stranger Things (2016–2025) сериалы — осының жарқын мысалы. Зерттеуші Марейке Дженнер өзінің Netflix, nostalgia and transnational television (2021) мақаласында, Netflix-тегі ностальгия ұлттық тарихқа емес, трансұлттық аудиторияға ортақ мәдени кодтарға сүйенеді деген ойға келген. Яғни Netflix өткенді нақты тарихи оқиғалар арқылы емес, 1980-жылдар фильмдері мен музыкасына жасалған интертекстуалдық сілтемелер арқылы жаңғыртады. Нәтижесінде ол тарихи мазмұннан гөрі эстетикалық әсерге құрылған «симулякрларды» ұсынады.

ностальгия. Netflix. Stranger Things. TikTok. Y2K стилі. мәдени жады. философия. поп-мәдениет. психология. мәдени индустрия.

Ностальгияны мәдени материал ретінде түсінудің екі түрлі қырын ажырата білу маңызды.

Бірінші қыр — ностальгия эталон ретінде: өткен «дұрыс» өмір сүру үлгісі деп қабылданып, оған қайтып оралу немесе соған ұмтылу қажет деп саналады. Мұндай тәсіл көбіне тоқырауға әкеледі.

Екінші қыр — ностальгия шикізат ретінде: өткен қазіргі шығармашылық қайта өңдеуге арналған материал болып қолданылады. Ремикстер, коллаждар, фанаттық қайта пайымдаулар ескі мазмұнды жаңа контексте оқуға мүмкіндік береді.

Өткенді стандарт ретінде емес, материал ретінде қарастыратын мәдениет жаңа формаларды көбірек тудырады.

Әлеуметтік салдарлар мен саяси қатерлер

Жаппай ностальгия саяси және әлеуметтік трансформацияларға жанармай бола алады — әрі құрылымдаушы, әрі деструктивті тұрғыда.

Бір жағынан, ұжымдық жад әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіруге, жергілікті реставрациялық жобаларға және мәдени бастамаларға жұмылдыра алады. Екінші жағынан, саяси күштер идеалдандырылған өткенді «алтын дәуір» ретінде ұсынады. Осылайша олар күрделі мәселелерге қарапайым жауап беруге тырысады. Бұл әсіресе қауіпті. Егер мұндай нарратив өткенде зардап шеккен топтарды жоққа шығарса немесе олардың тәжірибесін өшіріп жіберсе.

Сонымен қатар, мәдениет ескі үлгілерге шамадан тыс байланған кезде қоғам өзін-өзі сыни тұрғыдан талдау қабілетін жоғалтуы мүмкін. Егер бағдар ретінде қайта іріктелген канон қабылданса, жаңа этикалар мен практикаларды дамыту қиынға соғады.

Алдағы бағыт: қоғамдық талқылауға арналған перспективалар

Ностальгия ешқайда жоғалмайды — ол адамның мағына мен тиістілікке деген табиғи қажеттілігіне кіріктірілген. Алайда қоғам мен оның институттары ностальгияны қалай қолданатынына қарай оның салдары айқындалады.

Біріншіден, жадтың сыни сауаттылығын дамыту маңызды. Публицистер, суретшілер, білім беру жобалары жадтың қалай құрылатынын, онда қай дауыстардың басымдық алатынын және кімді шеттететінін көрсетуі тиіс. Өткеннің коммерциялық қайта өңделуіне қатысты ашықтық қажет. Көрермен «ретроның» көбіне маркетингтік өнім екенін түсінуі тиіс.

Екіншіден, мәдени саясат пен медиа жадты идеализациялаудан гөрі оны шығармашылық тұрғыда қолдануды ынталандыруы мүмкін: өткенді ремикстеуді, маргиналданған дауыстарды қосуды және тарихтың кешенді бейнесін ұсынатын жобаларды қолдау.

Қорытынды

Ностальгия — біржақты құбылыс емес. Ол бізге ішкі тұрақтылық сыйлап, ұжымдық байланысты күшейтіп, шығармашылыққа шабыт бере алады. Бірақ сонымен бірге ол өткенді идеалдандырып, қоғамды тоқырауға ұрындыруы мүмкін. Stranger Things-тің финалы мен TikTok-тағы Y2K тренді ностальгияның жаһандық мәдениеттегі ықпалын айқын көрсетеді. Ол бір мезетте әрі көпір, әрі қалқан бола алады.

Соңғы сұрақ ашық қалды: біз ностальгияны қару ретінде — жаңа мән мен формалар тудыратын құрал ретінде қолданамыз ба, әлде қашу ретінде — болашақпен бетпе-бет келуден жалтарудың тәсілі ретінде қалдырамыз ба?

Автор статьи

Әмина Кәрімхан