Неге 400 мың теңге жалақы алатындар несиеге тәуелді? Қарызсыз өмір құпиясы

12 минут Ардақ Құлтай
Неге 400 мың теңге жалақы алатындар несиеге тәуелді? Қарызсыз өмір құпиясы

Бүгінгі таңда несиесіз өмір сүру — біреуге қиял секілді көрінсе, енді біреулер үшін бұл нақты мақсат пен өмір салтына айналып жатыр. Банктен немесе микроқаржы ұйымдарынан ақша алу арқылы мәселе шешу оңай көрінеді: жалақыға дейін жету, жаңа телефон, көлік, тіпті демалысқа шығу үшін де несие рәсімдеу үйреншікті жағдайға айналған. Бірақ бұл қаржылық бостандыққа жол аша ма?

Бұл мақалада қаржыгер және психолог мамандармен несиесіз өмір сүруге қалай біртіндеп көшуге болатынын талқылап көрмекпіз.


Тәуелділік неден шығады?

Психолог Гүлнар Жақыпованың айтуынша, несиеге тәуелділік дегеніміз басқа кез келген тәуелділік түрі сияқты, мысалы, алкогольге немесе құмар ойындарға тәуелділік секілді құбылыс. 

«Бұл дерттің де түрлі деңгейі болады, бірақ біз қазіргі таңда оның ең шектен шыққан түрі туралы айтып отырмыз адам тоқтай алмай, өзін де, отбасын да толық төлем қабілетінен айырып, заңмен, жұмыспен, жақындарымен қарым-қатынаста күрделі мәселелерге душар болады. Әрине, бұған қазіргі жеңілдетілген несие алу жүйесі, компаниялардың сатып алуды несие арқылы рәсімдеуге итермелейтін маркетингтік әдістері, сондай-ақ өз жетістігін басқаларға дәлелдеуге деген саналы немесе бейсаналы ниет де ықпал етеді», — дейді маман.

2025 жылдың қаңтар айында екінші деңгейлі банктердің халыққа берген несиелерінің көлемі 0,6%-ға өсіп, 20,8 трлн теңгеге тең. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, несие көлемінің артуы негізінен тұтынушылық қарыздардың 0,8%-ға өсіп, 13,9 трлн теңгеге жетуімен байланысты. Сонымен қатар ипотекалық несиелеу көлемі 2024 жылдың желтоқсанындағы деңгейде сақталып, 6,1 трлн теңге болды.

Оның сөзінше, кейбір адамдар мұндай жағдайдан ешқандай жол жоқ деп ойлап, өмірден кету туралы да ойлай бастайды. Бірақ өмір тәжірибесі көрсеткендей, тәуелділіктен арылуға болады — ол үшін нақты әрекеттер жасау қажет. 

Істі неден бастау керек?

Ең бірінші және маңызды шарт — адам өзінде тәуелділік бар екенін мойындауы және одан арылуға шын ниетпен ұмтылуы.

«Психолог бұл жағдайда адамға тәуелділіктің түп-тамырын түсінуге көмектесіп, одан шығу жолдарының нақты жоспарын құра алады. Егер психологқа бару мүмкіндігі болмаса, адам ең алдымен мынаны түсінуі керек: оған қажетті ең басты нәрсе өзінің санасын тыныштандыру. Бұл үшін релаксацияға арналған жаттығулар мен медитация жасау өте маңызды. 

Адам тыныш күйде болған кезде, жауапты әрі ересек адамның деңгейінде дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Ал мазасыз күйде қабылданған шешімдердің кері әсері болуы мүмкін», дейді Жақыпова.

Несиенің шынайы құнын түсіну

Несиені алған сәтте ғана емес, оны қайтарған кездегі пайызымен бірге қарау керек. Көбіміз 100 мың теңге алып, 130 мың қайтару — қалыпты деп санаймыз. Бірақ бұл 30% артық төлеу деген сөз. Ал бірнеше несие болса, олар сіздің табысыңызды «жеп» қояды. Несиенің шынайы құнын түсінген кезде ғана одан бас тартуға ішкі шешім пайда болады.

Қарапайым қаржы ережелерін үйрену — несиеден бас тартудың алғашқы шарты. Бұл: табыс пен шығынды жазып отыру, ай сайынғы бюджет жоспарлау, төтенше жағдайларға арналған қор жинау, үнемдеуді үйрену.

Қаржыңызды басқаруды үйренсеңіз, қарызға жүгінудің қажеті болмайды.

Егер қазір бірнеше несиеңіз болса, олардан бірден құтылу мүмкін болмауы мүмкін. Бірақ стратегиямен жұмыс істеу арқылы бұл қиындықты еңсеруге болады. Мысалы, шағын несиелерден бастау (қаржылық мотивация үшін), пайызы жоғары несиелерден құтылу, қайта қаржыландыруды қарастыру (егер шарттары тиімді болса).

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекет әлеуметтік осал топтардың 300 мың теңгеге дейінгі қарызын кешірді. Бұл шара көп балалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтарға, жетім балаларға және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға қатысты болды. 500 мыңнан астам азаматтың несиесі өтелді немесе қысқартылды. Бұл бір реттік көмек болғанымен, құрылымдық шешімдер болмағандықтан, кейінгі жылдары қарыз көлемі қайтадан артты.

Жаңадан несие алмау туралы шешім қабылдау

Бұл — ең маңызды қадам. Қанша қиын болса да, өзіңізге «енді несие алмаймын» деп уәде беру — өміріңізді өзгерту жолындағы басты бетбұрыс. Кез келген сатып алуды несие арқылы емес, жинап барып жасауды дағдыға айналдырған жөн.

Мәселен, “несие алуға оралмау үшін не істеу керек?” деген сұрағымызға психолог Ермек Нұрымов былай деп кеңес береді:

«Бірінші кезекте қаржылық сауаттылықты арттыру қажет. Адам өзінің табысын қалай басқару керегін, не үшін ақша жұмсайтынын, не нәрсе шынымен қажет екенін түсінуі керек. Мысалы, кейде адам несие алып, шетелге барғысы келеді. «Құрбым Дубайға барып жатыр, мен неге бара алмаймын?» деген ой келеді. Бірақ осыны ішкі туризммен алмастыруға болады Қазақстанның өзінде де тамаша демалыс орындары жетерлік. Мұның мәні қажеттіліктер мен тілектерді ажырату, және өз қажеттілігіңді міндетті түрде несие арқылы емес, басқа жолмен қанағаттандыру».

несие, кредит, Қазақстан, ақша, қазақтар, қарыз, банк, ЕДБ, қарыз кешіру, кредитті кешіру

Психолог маманның сөзінше, қарапайым өмір салты — қаржылық еркіндіктің негізі.

«Қарапайым өмір адамның шынайы тыныштығына жетелейтін жол. Көп нәрсе сатып алу емес, күнделікті өмірді ретке келтіріп, қарапайым, бірақ мағыналы әдеттер қалыптастыру маңызды. Бұл дағдылар несие алуға деген құштарлықты азайтады», дейді ол.

Шетелдегі несие жүктемесіне тап болғандарға көмек

Мысалы, Оңтүстік Корея үкіметі несие жүктемесі ауыр халыққа көмек көрсету үшін бірнеше әлеуметтік бағдарлама енгізген. Солардың бірі — Hope Plus Credit Program, ол табысы төмен азаматтарға төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді және қаржылық кеңес беру арқылы қайта құрылымдау шараларын ұсынады. 

Сонымен қатар Sunshine Loan бағдарламасы ресми банктік жүйеге қолы жетпейтіндерге арналған, яғни микрокредиттік ұйымдар арқылы жылдық 10%-дан аспайтын мөлшерлемемен несие береді. Бұл шаралар азаматтардың қарызға батуының алдын алып, экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Ал Сингапурда азаматтардың несие жүктемесін шектеу мақсатында TDSR (Total Debt Servicing Ratio) атты жүйе енгізілген. Бұл жүйе бойынша адамның барлық несие төлемдері оның айлық табысының 60%-ынан аспауы керек. Сонымен қатар MyCredit атты цифрлық платформа арқылы әрбір азамат өзінің қарыз көлемін, несиелік тарихын нақты көріп, қаржылық жоспар құра алады. Бұдан бөлек, үкімет қаржылық сауаттылықты арттыру үшін MoneySense атты ұлттық бағдарлама жүргізеді.

Қазақстан Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша түрлі оқу курстарын, ақпараттық науқандар мен онлайн-платформаларды іске қосқан. Мысалы FinGramota сауаттандыру порталы іске қосылып, онда түрлі курс әзірленді. Агенттік өкілдерінің есебінше, 2022 жылы 500 мыңнан астам адам ақпараттық материалдармен қамтылған. Бірақ зерттеулер көрсеткендей, халықтың елеулі бөлігі әлі де несие шарттарын толық түсінбейді. Медиапорталдың YouTube, Instagram және Telegram-дағы парақшаларына жазылған адам көп емес, ал жарияланымдары орташа есеппен 20-30 лайк жинайды.

«392 мың теңге — орташа табысы барлар да несиеге мұқтаж»

Қаржыгер Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бірінші кезекте табысқа назар аудару керек.

«Қазақстанда 2024 жылы орташа жалақы 392 мың теңге шамасында болды. Орташа табыстың мұндай көлемде ресми түрде тіркелуі үлкен сұрақтар туындатады. Өйткені бізде «орташа тап» деген түсінік жоқ, бізде табысы жоғары азаматтардың 6-7 пайыз үлесі бар және 70-80 пайыз үлес алып отырған 230-250 мың теңге маңайында табыс табатын төменгі тап бар.

Орташа жалақы алатындардың үлесі ары кетсе 20 пайыз. Ал мен орташа табыс табады деп 800 мың — 1,5 млн шамасында табыс алатын азаматтарды айтар едім. Міне, осы тап несиесіз өмір сүре алуы мүмкін», — дейді маман.

Алайда 392 мың теңге табысы барлардың да жалақысы өміріне жетуі мүмкін екен.

«Мәселен, шалғайдағы өңірлер үшін, ауыл шаруашылығымен айналысатын, көп қосымша шығынды қажет етпейтіндер мұны жеткілікті көруі мүмкін. Бірақ Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистерде бұл сома пәтер жалдау, азық-түлік, коммуналдық төлемдер мен көлік шығындары үшін әрең жететіні белгілі», — дейді Ысқақов.

Оның сөзінше, азаматтардың несие алуға итермелейтін себебі — тұрғын үй ипотекасы мен көлік. Ал бізде бұл екі қажеттілік те өте қымбат. Орташа табыспен үй алу және оған қаражат жинақтау мүмкін емес. Сондықтан жалғыз ғана жолы — ипотека. Қымбатшылық азаматтардың емхана қызметіне, жоғары білім алуы сияқты қажеттіліктерінде де күтіп тұр.

Қаржыгердің айтуынша, несие алудың тағы бір себебі — қаржылай сауаттың болмауы. Ал несиесіз өмір сүру үшін азаматтың қосымша табыс көзі болуы керек.

«Бастысы — қалауымыз бен қажеттіліктерімізді ажырата білуіміз керек. Бірінші қажеттілікті өтеген соң ғана қалауымызға көше аламыз. Біз сол қалауымызға кететін шығыннан несиеге кіріп кетеміз. Сол үшін азаматтардың форс-мажор жағдайларға қарсы тұратындай қоры болуы керек. Мәселен, үш айға жұмыссыз қалып қойсаң, сол мерзімге жететіндей қорың болуы керек. Бұл да қосымша несие алуға итермелейтін факторлары», — дейді ол.

Қаржыгерден кеңестер

  • Несиеден шығу үшін азаматтардың тәртібі мен шыдамдылығы керек. Қарыздарыңызды жазып алуыңыз керек, оның қанша пайызы барын есептеуіңіз керек. Сонда несие бойынша төлемдеріңіздің толық картасын көре аласыз.
  • Келесі қадам — бюджет құру. Ай сайынғы кіріс пен шығысты нақтылап жазыңыз. Кофе ішу, онлайн жазылымдар, онлайн курстар сияқты қажетсіз шығындарды қысқартыңыз. Сонда ғана шығыннан асқан қаражатты несие өтеуге бағыттай аласыз.
  • Үшінші әдіс — ең алдымен аз қарыздарыңыздан құтыласыз. Мұнда сізге аз я көптігіне қарамай, несиені жабудан алатын мотивацияңыз қажет. Тағы бір әдісі — ең көп пайыз мөлшерлемесі бар несиені жабудан бастау. Басты пайдасы — жалпы төлемлі азайтуға мүмкіндік береді.
  • Тағы бір қадам — сіз қосымша табыс көзін іздеуіңіз керек. Фриланс, онлайн сауда, репетиторлық сияқты қосымша жұмыс қарыздарыңызды ертерек жабуға септеседі.
  • Тағы бір жолы — микроқаржы ұйымдарында, банктерде несиеңіздің шартын өзгертуге тырысу. Мысалы, несие мерзімін ұзарта отырып, қайта қаржыландыруға көше аласыз немесе кей төлемдерді уақытша тоқтатуға келісуге де болады.
  • Кезекті әрі бастысы — төтенше қор құру. Табысыңыздың кем дегенде 10 пайызын жинақтауды бастаңыз. Алда болуы мүмкін деген күтпеген шығындардың алдын алуға мүмкіндік беретін жол осы.
несие, кредит, Қазақстан, ақша, қазақтар, қарыз, банк, ЕДБ, қарыз кешіру, кредитті кешіру

«Жақсы несие де болады»

Экономист Мұрат Қастаевтың сөзінше, несие дегеніміз – тек қана теріс нәрсе емес, несиенің жақсы түрі де болады. Мысалы, егер несие тұрғын үй сатып алу үшін сатып алынса, әсіресе, ол несие бойынша пайыздық мөлшерлеме инфляция деңгейінен төмен болса (еліміздегі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың бәрі соған жатады), онда сондай несие алған тиімді.

«Егер бизнесті ашу немесе дамыту үшін несие алынса, ол да тиімді болуы мүмкін – егер бизнестен түсетін ақша несиені пайызымен бірге қайтаруға мүмкіндік берсе. Тіпті, автокөлік сатып алуға алынған несие де тиімді болуы мүмкін, егер сол көлік табыс табуға алынса, және сол табыстың арқасында несие төлемдері қамтылып отырса. Яғни, тиімді бір мақсатпен, ойланып, талдау жасап, дайындықпен алынған несие адамға пайдалы бола алады», — дейді ол.

Алайда жай тұтыну үшін алынған несие, адам өзінің табысы жетпейтін нәрсеге алынатын несие, сонымен қатар, адам ақшаны жинағысы келмей, қалаған нәрсесін қазір алғысы келсе — ондай несиелер адамның қаржылық жағдайын жақсартпай, одан сайын ауырлатады, себебі несиенің өзін ғана емес, пайыздарын да қайтару керек.

Яғни тұтыну үшін алынатын тауар немесе қызметке қазір ақшасы болмаса, оған алған несиені де қайтаруға ақша болмайды.

«Сонымен қатар, табыс мәселесін де ескерген жөн. Егер азаматтың тұрақты табысы болса, және несие төлемдері сол табыстың аз ғана бөлігін алып тұрса, мысалы табыстың 20-30 пайызы несие кетіп отырса, ол төлене алатын несие (ипотека болса, тіпті табыстың жартысы да кете алады). Ал несие төлемдері одан жоғары болса, ол несиені қайтара алуы екіталай. Сондықтан, несие жөнінде кез келген адамның жеке жағдайлары әр түрлі болады, кейбіреулерге несие алу қауіпсіз, кейбіреулерге — өте ауыр жол болады», — дейді экономист.

Экономист маманнан кеңестер

Несиелік ауыртпалықтан шығатын жолдар бірнеше ғана.

1) табысты барынша арттыру, жалақысы көбірек болатын жұмыс табу, екінші жұмысқа шығу, керек емес заттарды сату, т.б., қосымша келген табыстың бәрін несиені өтеуге жіберу;

2) шығындарды барынша азайту, маңызды емес шығындарды толық тоқтату, үнемделген ақшаның бәрін несиені жабуға жұмсау;

3) егер несиелер бірнеше болса, пайызы жоғары несиелерді біріктіріп, пайызы төмен несие алып, алдағы несиелерді жауып тастау, тек бір несиені ғана төлеу;

4) несиені төлеу қазір қиынға түссе, несие берген қаржы ұйымымен келіссөз жүргізіп, несие мерзімін ұзартып, айлық төлемдерін барынша азайтуға болады, сосын жағдай жақсарғанда, несие шарттарын қайта өзгертуге болады.

Қастаев айтып өткендей, адамдар қандай құралдарды қолданса да — ол тек қана құрал. Ал құрал су жаңа компьютерлік бағдарлама немесе мобильді қолданба болуы мүмкін, жай компьютердегі электронды кесте болуы мүмкін, тіпті қарапайым қағаз дәптер де болуы мүмкін.

«Мәселе құралда емес, қаржыны сауатты басқару, ал ол жоғарыда айтылғандай, табысқа ұқыпты болу және табысты арттыру, шығындарды азайту, кіріс пен шығыстың айырмасын жинап, инвестицияға салу. Ал артылған ақша пайда болғанда, адам инвестиция мәселесін тереңірек зерттеп, қандай инвестициялық құралдар бар, ақшаны қалай және қайда салуға болады — соны меңгерген жөн, себебі, ақшаны тек тауып қана қоймай, оны жоғалтпай, таратпай, шығындамай, сақтап, өсіру — ол да жеке бір ғылым. Қорыта келе, әр нәрседе білім керек, адам көп табыс табамын десе, капиталды өсіремін десе — ең бірінші білімге назар аударуы керек. Білімі мен қаржылық сауатты адам ақшасын дәптерге жазып-ақ бай бола алады, ал білімі мен сауаттылығы болмаса, қандай керемет программаны қолданса да, оның пайдасы болмайды», — деп қорытындылады маман.

Қорыта айтсақ, несиеден бас тарту — бір күнде шешілетін іс емес. Бірақ біртіндеп қаржылық әдеттеріңізді өзгертсеңіз, бұл сіздің өміріңізге оң өзгеріс әкеледі. Несиесіз өмір — тек қаржылық еркіндік емес, ішкі тыныштық пен өзіңізге деген сенімділік. Ең бастысы — алғашқы қадамнан қорықпау.

Статьи STEPPE

Ансат Ділдабай ойнаған фильмдер мен сериалдар қандай?

Ансат Ділдабай ойнаған фильмдер мен сериалдар қандай?

Сіз Ансат Ділдабайды талантты музыкант және Moonlight тобының солисті ретінде білетін шығарсыз, бірақ бүгін STEPPE оны актер...

1 минута
1 минута
Оскар премиясы: саяси ойын, әлде кинематография салтанаты ма?

Оскар премиясы: саяси ойын, әлде кинематография салтанаты ма?

Жылдар бойы «Оскар» әртістердің шоқтығы биік ойынын және сюжетті әңгімелеу өнерін салтанатты марапаттау рәсімі болып саналатын...

3 минуты
3 минуты
Кәріс шоулары қазақстандықтарға несімен қызықты

Кәріс шоулары қазақстандықтарға несімен қызықты

Кәріс шоулары соңғы жылдары әлем бойынша үлкен танымалдылыққа ие болып, Қазақстанда да жастар арасында ерекше қызығушылық...

5 минут
5 минут
6 заманауи қазақ ақыны: täuel[x]sız арт-жоба аясында өзекті мәселелерді поэзия арқылы көтеру

6 заманауи қазақ ақыны: täuel[x]sız арт-жоба аясында өзекті мәселелерді поэзия арқылы көтеру

täuel[x]sız — поэзия мен заманауи өнерді ұштастыратын арт-жоба аясында өткен JERGE TABYN ADAM ENDI қорытынды кешінде...

3 минуты
3 минуты