Отель «Метрополь» представляет новые авторские номера
В год своего 120-летия московский отель «Метрополь» открывает для гостей новые номера. Авторские номера — самые новые в...
täuel[x]sız — поэзия мен заманауи өнерді ұштастыратын арт-жоба аясында өткен JERGE TABYN ADAM ENDI қорытынды кешінде қазақстандық заманауи ақындардың өлеңдері оқылды. Бұл жоба қоғамдағы өзекті тақырыптарды – аштық, экологиялық апаттар, ядролық қауіп және болашақтың белгісіздігі сынды мәселелерді интеллектуалды өнер арқылы көрсетуге бағытталған.
Сахнада қазақ поэзиясының жаңа толқынын танытқан алты ақынның шығармалары оқылды. Олар — Тілеубек Батыс, Жамбыл Бақытәліұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Салтанат Мадиярқызы және Серік Ақсұңқарұлы. Әрқайсысы қазіргі заманның шындығын өзіне тән стильде жеткізеді.
1999 жылы Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағындағы Майлы тауында дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Оның шығармалары жас ақындардың «Құдай туралы ойланатын қала» атты антологиясына енген. Өлеңдерінде экзистенциалды ойлар мен рухани ізденіс тақырыбы ерекше орын алады.
Адамға табын, жер, енді!
Адамға табын, жер, енді!
Адамдық деген ақық тән
Құдайлықпен теңелді.
Жыртқыш аңдардың адам жаралаған денесін,
Жегі құстардың адам шоқыған денесін,
Өзіме қайтып бер енді.
Өзіме қайтып бер енді!
Тіршілік деген мылқауды
Табиғат деген кереңді.
Бәрі, бәрі көнерді,
Тек адам ғана көгерді.
Адамға табын, жер, енді!
Адамға табын, сен, енді!
Қытайдың Іле өңірінде туған ақын 2019 жылы тарихи отанына оралып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде журналистика мамандығын тәмамдады. Оның поэзиясы туған жердің аңсары, көшпенділер мәдениетінің қазіргі заманмен байланысы туралы терең ойларға толы.
Бабалар монологі
Ең соңғы күшімді жинап,
Ең соңғы бір үміттің барына сенгім келеді.
Сенгім келеді ажалдың ізіне қамалмай!
Себебі…
Түсінесің бе, тәңірім?!
Өз Отанымда бодан болмай,
Өз Отанымда босқын болмай,
Өз ажалыммен өлгім келеді!
Естисің бе, тәңірім?!
Мен өз ажалыммен өлгім келеді!
1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің түлегі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Серпер» жастар сыйлығының, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері. Ақберен Елгезек – қазіргі қазақ әдебиетіндегі маңызды тұлғалардың бірі, оның шығармашылығы философиялық тереңдігімен ерекшеленеді. «Көлеңкелер күбірі» жыр жинағы арқылы ол қазақ поэзиясына жаңа үн қосты.
Атом мен ақын
Генералдар «қызыл түйме» басқанда,
Тозақ оты көтерілді аспанға.
Дегелеңнің қақ жарылып бүйрегі,
Дала жатты жанарынан жас парлап.
Ауылдарда алдын ала тасталған
Иттер менен мысықтар жүр аш қалған.
Біреуінің жүні жидіп,
Бірінің
Жанары ағып…
Аппақ сүйек бас қалған.
1984 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Алғашқы жыр жинағы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жарық көрген. Ол — «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері, «Дарын» сыйлығының лауреаты. Оның поэзиясы рухани ізденіс, уақыт пен кеңістік арасындағы байланыс секілді күрделі тақырыптарды қозғайды.
Азалы күн
Əлемде қару барда,
Ақынның əрбір күні – азалы күн,
қаралы күн,
зарлы күн,
назалы күн,
Алдында қайғылының, қазалының,
О, кімнің жазығы жоқ?!
Сен де жазалысың,
Мен де жазалымын!
Қарулы ғасырлардың бəрі де – Қабыл-Ғасыр,
Тұрғызған бас сүйектен өркениет қабырғасын.
Сен енді тыныштыққа маза бер, ессіз əлем,
Сен енді өлгендерге маза бер, дамылдасын.
1996 жылы Түркістан облысы, Сарыағаш қаласында туған. Өлең жазуды мектеп кезінен бастаған ақын «Шахмат» атты тұңғыш жыр жинағын 2021 жылы шығарды. Оның шығармашылығында әйел болмысы, ішкі әлемнің нәзіктігі мен беріктігі, заманауи қоғамдағы адамның орны секілді мәселелер көрініс табады.
…
Мың бір күдік, бір арман
Көңіл неге күзден бұрын қуарған?
Жүрек неге бұрынғыдай жұбанбауды шығарған?!
Іштей ғана егілетін бір сәттердің жасындай
Қайта-қайта өлкелерді су алған…
1950 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. Ұзақ жылдар бойы әдебиет саласында қызмет етіп келеді. «Көктем тынысы», «Қарлығаш» сынды поэзиялық жинақтарда өлеңдері жарық көрген. Ақын шығармаларында туған жер, рухани мұра, әлеуметтік әділеттілік тақырыптары басты орын алады.
Экологиялық пікірталаста оқылған өлең
Көргенсіздігімізді қашан көреміз біздер?
Жерді де құрттық көр қылып!
Құдайға шүкір, өлеміз біздер –
үлгермей бәрін өлтіріп!
Жүрек жоқ, хайуан денеміз, құлқыны –
құзғындай, тоймас жемесе.
Құдайға шүкір, өлеміз бір күні,
өледі Әлем – немесе.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)