Эксклюзив: «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабының бірінші тарауын оқыңыз

40 минут Динара Тілеубек
Альтернативный текст

7 ақпан күні Алматы қаласында «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабының тұсаукесері өтеді. Қазір кітапты алдын-ала тапсырыс бойынша сатып алуға болады. Шығарманы қазақ тіліне аударған The Steppe World&Publishing  баспасы алғашқы 50 тапсырыс иесіне тосынсый дайындап отыр.  Тұсаукесерден кейін «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабын Меломан дүкендер желісі мен Flip.kz сайтынан таба аласыз. 


БІРІНШІ ТАРАУ

АЖАЛ АУЗЫНАН ҚАЛҒАН БАЛА

Қынаағаш көшесіндегі нөмірі төртінші үйде тұратын ерлі-зайыпты Дурслилер өзін нағыз салмақты отбасы санайтын. Есті адамға лайық қасиет емес деп, құпия не оғаш оқиғалардан аулақ жүруге тырысатын.

Мистер Дурсли – бұрғы шығаратын Grunnings фирмасының бастығы. Денелі келген, мойны қысқа, мұрты қалың. Ал миссис Дурсли – арықша келген ақсары әйел. Мойны сорайған, тіпті иесінің ең сүйікті кәсібі – қоршау­дың үстінен сығалап көршілерін аңдуға жаралған ба дерсің. Екеуінің Дадли есімді «әлемдегі ең керемет, ең ақылды» кішкентай ұлы бар.

Дурслилер ішкені алдында, ішпегені артында, тыныш өмір сүріп жатқан отбасы еді. Тек өзге түгілі өзінен жасырып жүрген бір құпиясы бар. Поттер отбасының бұларға қатысы барын жұрт білсе, масқараның көкесі сол болар. Миссис Поттер миссис Дурслидің сіңлісі еді, бірақ олар көріспегелі қай заман. Миссис Дурсли тіпті сіңлісі жоқтай күн кешетін. Өйткені сіңлісі мен оның түкке жарамайтын күйеуі Дурсли отбасынан мүлдем өзгеше. Алда-жалда Поттерлер бұлардың есігін қаға қалса көршілер не дер екен деп ойласа болды, Дурслилердің төбе шашы тік тұрады. Дурсли отбасы Поттерлердің де кішкентай ұлы бар екенін біледі, бірақ оны ешқашан көрген емес. Бұл да Поттерлерден аулақ жүруге жақсы сылтау: Дадли ондай сотқар баламен араласса, қандай болып өсерін кім білсін?

Миссис Дурсли мен мистер Дурсли біздің оқиға басталатын сұрқай, қызықсыз сейсенбі күні ұйқыдан тұрғанда бұлт торлаған аспаннан бүкіл елді дүрліктірер құпия әрі оғаш оқиғалардың белгісі де көрінбеген. Мистер Дурсли ыңылдап әндете жүріп жұмысқа тағатын ең сүйкімсіз галстугін таңдап алды. Ол арада миссис Дурсли жер тепкілеп долданған Дадлиді биік орындығына күштеп отырғызып жатып, өсек айта бастады. 

Ешқайсы терезенің жанынан үлкен сарғыш үкі пыр етіп ұшып өткенін байқаған жоқ.

 Сағат сегіз жарым болғанда мистер Дурсли шабаданын қолына алып, миссис Дурслидің бетінен сүйді. Алдындағы тамағын жегісі келмей, сүтке шыланған жүгері қауызын жан-жағына шашып отырған Дадлидің бетінен сүймек болып еміне беріп еді, жете алмады. 

– Бұзығым-ай, – деп мырс етті мистер Дурсли үйден шығып бара жатып.

 Көлігіне мініп, көшенің бұрышын айнала бере біртүрлі нәрсені байқап қалды: бір мысық картаға қарап отыр. Мистер Дурсли бір сәт не көргенін түсінбей, бұрылып артына тағы қарады. Қынаағаш көшесінің бұрышында тарғыл мысық отырғаны рас, бірақ ешқандай карта көрінбейді. Жынданғаннан сау ма? Көзіне жарық шағылып түсіп, елестеген болар, бәлкім. Мистер Дурсли көзін жыпылықтатып алып, мысыққа қайта қарады. Мысық та оған бақырая қалды. Мистер Дурсли бұрышты айналып, тіке жолға түсті. Мысықты айнадан көзінің қиығымен бақылап отырды. Енді ол мақұлық «Қынаағаш көшесі» деген жол белгісін оқып, жо-жоқ, оған жай ғана қарап отыр екен; мысықтар жазуды оқи алмайды ғой. Қалаға бара жатқан жол бойы бар ойы тек бүгін көп мөлшерде тапсырыс бергісі келген бұрғыларда болды. 

Қала шетіне іліккенде, бұрғылар есінен шығып кетті. Әдеттегідей таңғы көлік кептелісінде отырып, біртүрлі оғаш киінген кісілерге көзі түсе берді. Мантия киіп алыпты. Елден ерек киінетін адамдарды суқаны сүймейтін. Жастардың шығармайтыны жоқ!

«Жаңадан ойлап тапқан сәні шығар, тәйірі!» деп ойлады. Рөл ұстаған саусақтарын шыдамсыздана жыбырлатып отырып, анау бір тұста тұрған «сәнқойларға» назары қайта ауды. Бір-бірімен даурығыса сыбырласып тұр. Мистер Дурсли бұл топтың ішінен егде адамдарды көргенде төбе шашы тік тұрды. Өзінен де жасы үлкен кісі қою жасыл түсті мантия киіп алғаны несі?! Есі ауысқан шығар! 

– Бір болмайтын қайырымдылық іс-шараларының біріне жиналған сияқты... – деп ой қорытты мистер Дурсли. – Иә, дәл солай. Көліктер ақырындап жылжи бастады. Бірнеше минуттан соң мистер Дурсли Grunnings компаниясының көлік тұрағына келіп тоқтады да, ойы қайтадан бұрғыларға ауды. 

Мистер Дурсли тоғызыншы қабаттағы кеңсесінде терезеге арқасын беріп отыратын. Сонысы жөн болды. Әйтпесе бүгін жұмысы жайына қалар ма еді. Көшедегі адамның бәрінің назары тапа-тал түсте ұшып жүрген үкілерге ауғанымен, ол ештеңе көрген де, естіген де жоқ. Үкілер бірінен соң бірі төбесінен зымырап бара жатқанда жұрт оларға қарап, саусағын шошайта берді. Көбі тіпті үкіні бұрын-соңды түнде де көрмеген екен.

Ал мистер Дурсли үкілерден хабарсыз, әдеттегі жұмыс күнін бастап кетті. Бүгін бес адаммен айғайласып үлгеріпті. Маңызды қоңырауларға жауап беремін деп тағы ұрсысты. Түске дейін көңілі көтеріңкі жүрді. Содан кейін сергіп қайтпақ болып әрі жүрек жалғап алуға жолдың арғы бетіндегі наубайханаға тартты. 

Мантия киген адамдарды ұмытып та кеткен еді, нау-
байхананың маңында тура сондай бір топ жинала қалыпты. Жанынан өтіп бара жатып, ашулы көзімен топты бір шолып шықты. Неге екенін өзі де білмейді, бірақ оларды көре сала мистер Дурсли кірпідей жиырылды. Бұл топ та өзара қызулана сыбырласып тұр екен, бірақ арасында қайырымдылыққа ақша жинап жатқан ешкім жоқ. Сөмкеге салынған үлкен бәлішті кеудесіне басып, қайтар жолда топтың сөздерін құлағы шалды.

– Поттерлер, иә, мен солай естідім.

– Иә, ұлы Хәрри, дұрыс.

Мистер Дурсли сілейіп тоқтай қалды. Бойын үрей биледі. Сыбырласып жатқандарға бұрылып, бірдеңе айтқысы келгендей кідіріп барып, райынан қайтты. Содан кейін көшеден жүгіріп өтті де, асығыс кеңсесіне көтерілді. Хатшысына ешкім мазаламасын деп тапсырғаннан кейін телефонды қолына алып, үйінің нөмірін тере бере қалт тоқтады. Тұтқаны орнына қойды да, мұртын ширатып ойға батты. Жо-жооқ, жай жоқтан өзгені елестетіп кеткен сияқты. Поттер деген сирек кездесетін есім емес қой. Хәрри деген ұлы бар Поттер есімді адам жалғыз сол ма екен, сірә. Ойлап қараса, тіпті жиенінің аты Хәрри ма еді, басқа ма.... Ол баланы көрген де емес. Кім білсін, әлде оның аты Харви шығар. Немесе Харольд. Миссис Дурслиді алаңдатудың қажеті жоқ. Сіңлісінің аты аталған жерде май ішкендей өңі бұзылып сала беретіні бар.... Онысына кінә таға да алмайды, өзініңқарындасы сондай болса... ана мантия киіп алғандар не болды екен…

Осы ойдың әуресімен отырып, түстен кейін жұмысын да істей алмады. Уайымдап кеткені сонша – кеңсесінен шыға сала біреуді байқамай қағып кетті. Орта бойлы ер адам теңселіп кетіп, жығыла жаздады. 

Мистер Дурсли ернін жыбырлатып кешірім сұрай бере, ол кісінің үстіндегі күлгін мантиясына көзі түсті. Бейтаныс тіпті жығыла жаздағанына ашуланбақ түгілі, ежелгі танысын көргендей, екі езуі құлағына жете ыржиып, тосын естілетін жіңішке үнмен лепіре сөйледі: 

– Түк те етпейді, мырзам. Бүгін менің көңілімді ештеңе бұза алмас! Сүйінші! «Аты өшкірдің» көзі, әйтеуір, жойылды! Тіпті сіз сияқты маглдардың өзі бұл керемет күнді тойлауы керек!

Содан соң қарт мистер Дурслиді құшағына қысты да, жөніне кетті. 

Мистер Дурсли сілейіп тұрып қалыпты. Албаты біреу мұны құшақтағаны несі. Тіпті оны «магл» деп атады. Аң-таң күйі бірер сәттен соң тездетіп көлігіне мініп, үйіне бет алды. Көргенінің бәрі елес болып шықса деп тіледі. Мистер Дурсли бұрын-соңды олай ойлап көрмепті, өйткені қиялдағанды жақтырмайтын.

 Нөмірі төртінші үйдің көлік алаңына кіргенде алдымен көзіне тарғыл мысық түсті. Енді жетпегені осы еді, таңертең көрген мысық емес пе. Тіпті қақпаның үстіне шығып алыпты. Сол мысық екеніне сенімді, өйткені көзінің айналасы ерекше.

«Пырс!» деп қуып жібермек болғанына мысық былқ етпеді. Тек кірпік қақпай бажырая қарады. «Мы­сық­тардың мұндайы бар ма еді?» деп таңдана қалды мистер Дурсли. Ойын жинақтауға тырысып, үйіне кіріп кетті. Жұбайына жақ ашып ештеңе айтпауға бел буған. 

Миссис Дурслидің бір күні бір күнінен айнымай, еш уайымсыз өтетін. Дастархан басындағы әңгімесі көрші ханымның қызымен салғыласып қалғаны және Дадли жаңа сөз («Жоқ!») үйренгені болды. Мистер Дурсли барынша сыр білдірмеуге тырысты. Дадлиді жатқызған соң қонақ бөлмеге жайғасып, кешкі жаңалықтарды қосты: 

«Тосын көрініске куә болғандар еліміздегі құстардың мінез-құлқы ерекше өзгергенін тілге тиек етті. Әдетте үкілер жемтігін тас қараңғыда аулайтындықтан, олардың күндіз көзге түсуі өте сирек. Бірақ бүгін таң атқалы ұшып бара жатқан көп үкіні жүздеген куәгер көрген. Мамандар неліктен үкілердің «күн тәртібі» кенет өзгергенін анықтай алар емес».

Репортер езуін жия алмай қалды:

– Неткен тылсым жайт! Ал енді Жим Макгуффин ауа райына болжам айтсын. Жим, бүгін үкі аралас жаңбыр жаумай ма?

– Шынымды айтсам, Тед, – деді ауа райын болжаушы, – ол жағын білмеймін, бірақ бүгінгі елдің есін шығарған тағы бір жайтпен салыстырғанда үкілер жолда қалатын сияқты. Сонау Кент, Йоркшир, Дандидегі көрермендеріміз кеше жауады деген жаңбырдың орнына жұлдыз жауғанын айтып жатыр! Жұрт Гай Фокс түніне орай отшашуды ерте бастап кетті ме десек те, мереке келесі аптада екенін ұмытпаңыздар! Бүгін түнде де жаңбыр жауары анық.

Мистер Дурсли отырған жерінде қатып қалыпты. Британияның аспанынан жауған жұлдыз... Тапа-тал түсте ұшатын үкілер... Әр жерде жүрген мантия киген тылсым адамдар... Бәрін қойшы, Поттерлердің аты атала бастады... Қонақ бөлмеге қолында екі шыныаяқ шайы бар миссис Дурсли кірді. Бұлай отыра беруге болмайды. Жұбайына бір-екі ауыз болса да айтуы керек. Ол үрейлене жөткірінді:

– Ы-ы, Петуния, сәулем, осы, сіңліңнен хабар жоқ па?

Ойлағанындай-ақ, миссис Дурсли оған әрі таңырқай, әрі ашулана қарады. Негізі, екеуі оның сіңлісін жоққа санайтын.

– Жоқ, – деп қысқа қайырды. – Неге сұрадың?

– Жаңалықтан неше түрліні көрсетіп жатыр, – деп міңгірледі күйеуі. – Үкі дей ме... аспаннан жауған жұлдыз... көше толы біртүрлі киінген адамдар…

– Сонда не болыпты? – деп зірк етті миссис Дурсли.

– Менің ойлағаным... мүмкін... осының бәрі бар ғой... сіңліңмен байланысты ма деп ойладым.

Миссис Дурсли ернін шүйіріп, шайын ұрттады. Мистер Дурсли оған «Поттер» деген атты естігенін айтуға бата алмай отыр еді, ақыры тіс жармауға бел буды. Оның орнына барынша сабырлы болғансыды: 

– Әлгі баласы бар еді ғой, сол қазір Дадли қатарлы емес пе? 

– Солай шығар, – деп сарт еткізді миссис Дурсли.

– Аты кім еді? Хауард емес пе өзі?

– Хәрри. Маған салсаң, жұрт сол жексұрын атты оңды-солды қоя береді.

– Иә, иә, – деді мистер Дурсли жүрегі аузына тығылып. – Иә, оның да жөн шығар.

Екеуі жоғарыдағы жатын бөлмесіне бара жатқанда да ол жайлы әңгіме қозғалған жоқ. Миссис Дурсли жуынатын бөлмеге кіріп кеткен соң мистер Дурсли ауланы бір қарап қоймақ болып, терезеге жақындады. Мысық әлі кетпепті. Қынаағаш көшесінің арғы басына біреуді күткендей көз тастап қояды. Мистер Дурслиге қос көрінейін деген бе? Осының бәрі Поттерлермен байланысты ма екен? Олай болса... бұлардың туысы екенін жұрт біліп қойса... Жоқ, ондайды ойласа болды – жүрегі қысылады. 

Дурслилер ұйқыға жатты. Жұбайы жастыққа басы тиісімен ұйықтап қалды, ал мистер Дурсли естіген-көргенін қайта-қайта есіне түсіріп, дөңбекши берді. Таңға таяу шаршап барып көзі іліне бергенде соңғы бір ой жанын тыныштандырғандай болды. Сыбыстар Поттерлерге қатысты болғанның өзінде, олар Дурслилерге жоламас еді. Петуния екеуі ол байғұстарға қалай қарайтынын Поттерлер біледі ғой... Тіпті өздері сондай іске араласа да қоймас – бір есінеп алып, теріс қарап жатты, екеуіне ештеңе әсер ете алмайды…

Ол қаншалықты қателескенін білген жоқ. 

Мистер Дурсли дөңбекшіп түс көріп жатқанда қақпаның үстінде отырған мысық сергек еді. Өзі дәл ескерткіш сықылды, Қынаағаш көшесінің бұрышына кірпік қақпай телмірді де отырды. Арғы көшедегі көліктің есігі тарс етіп жабылғанда былқ етпей, тіпті төбесінен үкілер ұшып өткеніне де мән берген жоқ. Түннің бір уағына дейін мысықтың мұрты да қозғалмаған шығар. 

Бір кезде мысық қарап отырған бұрыштан бір ер адам шықты. Дыбыссыз әрі кенет пайда болғандықтан, жер астынан шықты ма дерсің. Мысық құйрығын жыбырлатып, көзін сығырайта қалды. 

Ондай адам Қынаағаш көшесінде ешқашан болған емес. Арықша келген, ұзын бойлы, белуарына жеткен аппақ шашы мен кеудесін жапқан сақалына қарап, егде кісі деуге келеді. Үстіне ұзын, шалғайы жер сызған күлгін түсті мантия киген, аяғында өкшесі биік, тұмсығы иілген етік. Ақшыл көк көзіне ай сәулесі түсіп жарқырап тұр, ал мұрны ұзын әрі қисық болғаны сонша – кем дегенде бір-екі рет сынғанға ұқсайды. Бұл кісі – Албус Дамблдор. Ол өзін етігінен бастап есіміне дейін жақтырмайтын адамдар тұратын көшеге келгенін аңғарған жоқ. Тек өңірін сипалап әлдене іздеп әлек.

Өзін біреу бақылап тұрғанын сезген сияқты, себебі көшенің басында бақырайып отырған мысыққа жалт қарады. Неге екені белгісіз, мысық оның көңілін көтеріп жіберген сықылды. Күлді де:

 – Біліп едім, – деп күбір етті. 

Іздеген нәрсесі қалтасынан табылды. Сұр шақпаққа ұқсас зат екен. Оның қақпағын ашты да, жоғары көтеріп тетігін баса қалды. Жанында тұрған көше шамы сырт етіп өшті. Қайта басқанда келесі шам қап-қараңғы болып сөнді. Шақпағын он екі рет басқанда көшеде тек екі жылтыраған нүкте қалды. Ол өзін бақылап отырған мысықтың көзі еді. Енді көзі қырағы миссис Дурсли сияқтылар терезеден қанша қараса да ештеңе көре алмастай түнек орнады. Дамблдор шақпағын қалтасына салып, нөмірі төртінші үйге қарай беттеді. Жете сала, дуалдың үстінде отырған мысықтың жанына жайғаса қойды. Мысыққа бұрылып та қарамастан:

– Сізді бұл арадан көрген қызық екен, профессор Макгонагал, – деп үн қатты.

Езу тартып, бұрыла беріп еді, мысық жоқ болып кетіп, оның орнында қатал жүзді, жаңағы мысықтың көзінің айналасындағы белгілерге ұқсас пішінді төртбұрыш көзәйнек таққан әйел отыр екен. Үстінде қою жасыл түсті мантия, қара шашы шүйдесіне жып-жинақы түйілген. Өңінде шамалы уайым табы бар.

– Мені қалай танып қойдыңыз? – деп сұрады ол.

– Профессор, өмірімде мұндай ашулы мысықты көрмеппін.

– Күні бойы кірпіш дуалдың үстінде отырсаңыз, жымың қаққаныңызды көрер едім, – деді профессор Макгонагал.

– Күні бойы деймісіз? Қуаныш тойына қатысудың орнына уақытыңызды осылай өткіздіңіз бе? Мен ендеше жолай ондаған жиын мен той-томалаққа кіріп-шыққан шығармын.

Профессор Макгонагал ызалана мұрнын шүйірді.

– Білем олар қалай тойлайтынын, – деді шамданып. – Сәл болса да сақ жүру керек қой, жо-оқ, у-шудың шетін тіпті маглдар сезді. Жаңалықтарынан бәрін айтып жатыр. 

Ол Дурсли үйінің қараңғы терезелеріне қарады:

– Мен тыңдап отырдым. Қаптап ұшқан үкілер... жауған жұлдыз... Олар да ақымақ емес қой. Айналасында не болып жатқанын байқамай қоймайды. Кент аймағында жауған жұлдыз бар ғой: дәу де болса Дедалус Дигглдің ісі. Ол бәрін ойланбай істей салады.

– Ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ, – деді Дамблдор сабырлы үнмен. – Он бір жыл дегенде келген бір қуаныш қой… 

– Білем, – деді профессор Макгонагал наразы кейіппен. – Бірақ ол шектен шығуға сылтау емес. Жұрт тіпті бейқам болып барады, тапа-тал түсте маглдардың киімін де кимей, көшеде шалқып, көзге түсіп жүргені несі?

Дамблдор бір ауыз айта ма деген үмітпен оған көзінің қиығымен бір қарады да, үн болмаған соң сөзін жалғады:

– Тура Өзіміз-білетін-әлгінің көзі жойылған күні маглдар біз туралы біліп қойса не болмақ? Ол шынымен біржола құрыды ма, Дамблдор?

– Дәл солай, – деді Дамблдор. – Тәуба дейік. Лимон кәмпит жеймісіз?

– Не?

– Қантқа салынған лимон. Маглдардың мен жақсы көретін тәттісі.

– Жоқ, рахмет, – деді профессор Макгонагал салқын үнмен. Қазір кәмпит жеп отыратын кез емес деп ойласа керек. – Айтқанымдай, Өзіміз-білетін-әлгінің көзі шынымен жойылса…

– Профессор, сіз сияқты зерделі кісі оның атын атай алар? «Өзіміз-білетін-әлгі» деген – ақымақтық, он бір жыл бойы жұртқа оны өз атымен атаңдар деп келемін: Волдеморт!

Профессор Макгонагал селк ете қалды, бірақ жабысып қалған екі кәмпитті ажыратып жатқан Дамблдор оны байқамай қалған сияқты: 

– «Өзіміз-білетін-әлгі» десек шатаса береміз ғой. Волдеморттың атын атаудан ешқашан сескенген емеспін.

– Оныңыздан хабарым бар, – деп профессор Макгонагал ренжігенімен, Дамблдордың батылдығына қайран қалды. 

– Бірақ сіз елден ерекшесіз. Бәрі Әлгі... жарайды, Волдеморт жалғыз сізден ғана сескеніп, аяқ тартатынын біледі емес пе.

– Түй, ұялтып жібердіңіз ғой, – деді Дамблдор байсалды түрде. – Волдемортта менің қолым ешқашан жетпейтін күш бар.

– Сіз ол күшті қолдана да алмайсыз. Тегіңіз асыл ғой!

– Қараңғының жақсысы-ай. Мадам Помфриден жаңа құлаққабыңыз неткен сүйкімді дегенді естігелі бері бұлай қызармап едім. 

Профессор Макгонагал Дамблдордың жүзіне тіке қарады: 

– Жұрт таратып жүрген сыбыстардың жанында үкілер далада қалады. Олар Волдеморт жайында не айтқанын білесіз бе? Ол қалай құрығаны, оған қандай күш тойтарыс бергені жайында?

Профессор Макгонагал бағанадан бері қозғағысы келіп отырған әңгімесін енді бастағанға ұқсайды. Дәл сол себеппен күні бойы суық кірпіш дуалдың үстінде күткендіктен бе, Дамблдорға ызғар төге қарады. Жұрт не айтса да, оны Дамбл-дордың өз аузынан естімейінше сенбеуге бел буғандай. Дамблдор болса жауап қатудың орнына тағы бір кәмпиттің орауын ашып жатыр екен.

– Олардан естігенім, – деп сөзін жалғады, – кеше түнде Волдеморт Годрик ойпатына Поттерлерді іздеп барыпты. Лала мен Жеймс Поттер екеуі... екеуі мерт болды деген сыбыс жүр.

Дамблдор басын изеді. 

Профессор Макгонагал аһ ұрды:

– Лала мен Жеймс... Сене алар емеспін... Сенгім де келмейді... Аһ, Албус…

Дамблдор сәл жақындап, оның иығын қағып: 

– Білем... Білем... – деп күрсінді. 

Профессор Макгонагал қайта тілге келгенде, даусы дірілдеп тұрды:

– Тағы айтарым бар. Ол Поттердің ұлы Хәрриді өлтірмекші болған екен. Бірақ баланы өлтіруге күші жетпеген бе, әлде басқа себеп болды ма, ойы іске аспапты. Не болғанын, қалай болғанын ешкім білмейді. Хәрри Поттердің көзін жоя алмаған соң, Волдеморт әлсіреп, өзі құрып кетті деседі.

 Дамблдор тұнжырай бас изеді.

– Сонда, жұрттың айтқаны рас па? – Профессор Макгонагал кідіре сөйледі. – Барлық істеген зұлымдығынан кейін... қаншама адамды өлтіргеннен кейін... кіп-кішкентай сәбиге күші қалай жетпеген? Оны жалғыз сол тоқтата алғаны таңғаларлық... Хәрри қалай ғана аман қалды екен?

– Жорамалдап айтқаннан басқа амалымыз жоқ, – деді Дамблдор. – Жұмбақ болып қалар.

Профессор Макгонагал шілтер қол орамалын шығарып, көзәйнегінің астынан жасын сүртті.

Дамблдор мұрнын тартты да, қалтасынан алтын сағатын шығарып қарады. Сағаттың түрі қызық екен: он екі тілі бар, бірақ ешқандай сан көрінбейді. Оның орнына сағаттың жиегін жағалай түрлі планеталар айналып жүр. Дамблдор сағатының тілін өзі ғана түсінетін сияқты. Себебі оны қалтасына салды да:

– Хәгрид бөгелді ғой. Айтпақшы, осында келетінімді содан білген боларсыз?

– Иә, – деді профессор Макгонагал. – Ал неге келгеніңізді айтасыз ба?

– Хәрриді нағашы апайы мен жездесінің үйіне тапсыруға келдім. Оның жалғыз туысы осылар.

– Мына үйде тұратын адамдарды айтасыз ба? – Профессор Макгонагал орнынан атып тұрып, нөмірі төртінші үйді нұсқады. – Дамблдор, мұныңыз жарамайды. Мен бұларды күні бойы бақылап отырдым. Жүріс-тұрысы бізден мүлдем өзгеше кісілер. Ұлы бар ғой, бүгін көшеде анасынан тәтті сұрап жол бойы оны тепкілеп келді. Хәрри Поттерді осыларға беріп кетпекпісіз?!

– Дұрысы осы деп ойлаймын, – деді Дамблдор нық дауыспен. – Туыстары есейгенде бәрін түсіндірер. Мен оларға хат жазып дайындап қойдым.

– Қайдағы хат? – деді қайтадан кірпіш дуалға шығып отырған профессор Макгонагал шарасыз үнмен. – Дамблдор, жағдайдың анық-қанығын бір хатта түсіндіре аламын деймісіз? Ана кісілер баланың қабілетін ешқашан ұқпайды ғой! Ол өскенде атақты тұлғаға айналмақ. Болашақта бұл күн Хәрри Поттер күні деп аталса да таңғалмаспын. Әлемде оның атын естімеген бала болмайды!

– Дәл солай! – деді Дамблдор жарты ай пішіндес көзәйнегінің астынан сүзіле қарап. – Ондай атақ кез келген баланың басын айналдырып жібереді. Аяғың шықпай тұрып атың шығу деген не сұмдық! Атақ әкелген ісі де есінде болмайды ғой бұл жаста. Одан да жасы жеткенше у-шудан аулақта өскені жақсы емес пе?

Профессор Макгонагал жауап қайтармақ болып аузын аша бере, айнып қалғандай, бір жұтынып алды да: 

– Иә... иә, айтқаныңыз дұрыс. Бірақ, Дамблдор, сәбиді бұл жерге кім, қалай әкеледі?

Ол кенет Дамблдор Хәрриді қойнына салып әкелді ме деген оймен оның мантиясына қарады.

– Хәгрид әкеле жатыр.

– Хәгридке мұндай жауапты істі қалай сеніп тапсырдыңыз?

– Мен Хәгридке керек болса жанымды да аманат ете аламын, – деді Дамблдор.

– Мен оның ниеті жаман деп тұрған жоқпын, – деді профессор Макгонагал ренжігендей. – Бірақ ебедейсіз екені белгілі ғой. Кейде ол... онысы несі?

Тосыннан естілген дарылдаған дыбыс барған сайын күшейе берді. Екеуі көшенің екі бетін көзбен шарлап көріп еді, дарылдаған дыбыс төбеден естіліп құлағын жара жаздады: добалдай мотоцикл аспаннан ұшып түсті де, олардың дәл алдына келіп қонды.

Мотоциклдің үлкендігі оның үстінде отырған еңгезердей, өзге жұрттан бойы екі есе ұзын, иығы бес есе кең адаммен салыстырғанда биттей болып қалады екен. Ұйысқан қалың қара шашы мен сақалы бетін жапқан, қолы күректей, шелектей аяғына былғары етік киген адам жабайы алыптар сияқты көрінеді екен. Қолында құндақталған әлдене бар. 

– Хәгрид, – деді Дамблдор иығынан жүк түскендей. – Келдің-ау, әйтеуір. Мына мотоциклді қайдан алғансың?

– Өзімдікі емес, профессор Дамблдор, – деді алып мотоциклден ақырын түсіп жатып. – Сириус Блактен сұрап алғанмын.

– Жолдан аман-есен өттің бе?

– Иә, мырза, үй жермен-жексен болыпты. Маглдар барып араламай тұрғанда оны алып шығуға үлгердім. Бристолдің үстінен өтіп бара жатқанда ұйықтап қалды. 

Дамблдор мен профессор Макгонагал жақын келіп, құндақтың ішіне үңіле қарады: кішкентай ұл бала ештеңе сезбей ұйықтап жатыр екен.

Көмірдей қара шашының астынан тура найзағай пішіндес тыртық көрінеді.

– Сонда шекесіне... – деп сыбырлады профессор Макгонагал.

– Иә, – деді Дамблдор. – Тыртығы өмір бойына қалады.

– Бірдеңе қылып кетіре алмайсыз ба, Дамблдор?

– Қолымнан келсе де тимес едім. Кейде тыртықтың пайдасы да бар. Мысалы, менің сол тіземнің үстіндегі тыртық Лондон метросының сызбасынан аумайды. Ал, Хәгрид, баланы әкел. Шаруаны тезірек аяқтап тастайық.

Дамблдор Хәрриді қолына алды да, Дурслилердің үйіне қарай бұрылды.

– Мен оған... онымен қоштасып алуыма рұқсат па, мырза? – деп өтінді Хәгрид. Ол қазандай жалбыр шаш басын Хәрриге қарай бұрып, бетінен сүйді де, ит қыңсылағандай жылап жіберді.

– Түш-ш! – деп ұрысты профессор Макгонагал. – Маглдарды оятасың!

– К-кеш-шіріңіз, – деді Хәгрид ағыл-тегіл көз жасы жуған бетін орамалмен сүртіп жатып. – Лала мен Жеймс жоқ, байғұс Хәрри болса маглдармен тұратыны қандай өкінішті…

– Қынжылып тұрсаң да, жасыңды тый, Хәгрид. Әйтпесе қазір көзге түсіп қаламыз, – деп сыбырлады профессор Макгонагал оны арқасынан қағып. Дамблдор аласа дуалдан аттап өтіп, есікке беттеді. Хәрриді табалдырықтың дәл алдына ақырын жатқызып, қойнынан хат шығарып, жөргегінің ішіне салды. Содан соң екі жолдасына қайтып келді. Бірер минут үшеуі ораулы жөргектен көз алмай қарап тұрды: Хәгридтің кеудесі селкілдеп, профессор Макгонагал ашып кеткен көзін қыса берді, ал Дамблдордың әдетте оттай жанып тұратын көзінің алауы сөніп қалғандай екен.

– Ал, – деді Дамблдор, – болды. Бұл жердегі шаруамыз аяқталды. Енді барып той-томалаққа қосылайық.

– Иә, – деді Хәгрид даусы қарлығып. – Мен Сириус Блактің мотоциклін қайтарайын. Қайырлы түн, про­фес­сор Макгонагал, Дамблдор мырза.

Хәгрид көз жасын жеңімен сүртіп, мотоцикліне мінді. Моторын дырылдатып жоғары көтеріліп, қараңғы түнекке сіңіп жоқ болды.

– Сізбен әлі жолығармыз, профессор Макгонагал, – деді Дамблдор басын изеп. Профессор Макгонагал орамалына сіңбірді. Дамблдор бұрылды да, көшені бойлай төмен түсіп кетті. Бұрышқа жеткенде тоқтай қалып, күміс шақпағын шығарды. Бір рет басып еді, он екі домалақ жарқыраған шар көшедегі шамдарына оралды да, Қынаағаш көшесі қайтадан сарғыш түске боялды. Көшенің арғы басындағы бұрышты айнала берген тарғыл мысыққа көзі түсті. Нөмірі төртінші үйдің табалдырығындағы жөргек те көрініп тұр екен.

– Жолың болсын, Хәрри, – деп сыбырлады ол. Сөйтіп, Дамблдор өкшесін де бұрмай, мантиясының шалғайын бір сілкіп жоқ болып кетті. Сиядай көк аспанның астында үнсіз жатқан, таңғажайып оқиғалар бола бермейтін Қынаағаш бақшаларын самал желпіп өтті. Хәрри Поттер жөргегінің ішінде бір аунап түсті. Бір қолы жанындағы хаттың үстіне тиді, сонда да тәтті ұйқысы бұзылмады. Ол не өзінің қалай атақты болғанын, не бірнеше сағаттан кейін сүт құмыраларын сыртқа қоюға шыққан нағашы апайының айғайынан оянатынын, не одан кейін жылдар бойы бөлесінің түртпегіне төзуіне тура келетінін әлі білмейтін... Дәл осы сәтте бүкіл ел ішінде құпия кездескен адамдар стақан көтеріп: «Ажал аузынан қалған бала – Хәрри Поттер үшін!» деп сыбырлап жатқаны оның үш ұйықтаса түсіне кірмес еді.


Барлық құқықтары қорғалған. Бұл жарияланымның ешбір бөлігі баспагердің алдын ала жазбаша келісімінсіз қайта басылмайды, қойма жүйесінде сақталмайды  әрі енгізілмейді, ешбір формада немесе тәсілмен (электрондық, механикалық, фотокопиялық, жазбаша немесе басқаша) тасымалданбайды. Бұл жарияланымға қатысты әлдебір заңсыз әрекетке барған кез келген адам қылмыстық жазаға ұшырап, залалы үшін азаматтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. 

 

 

Статьи STEPPE

Darkhan Juzz: Тыңдарман алдында жауапкершілік сезіне бастадым

Қазақстандық музыкант Darkhan Juzz-дің өмірі мен шығармашылығындағы соңғы өзгерістер туралы ашық сұхбаты.

20 минут
20 минут

Тұрмыстағы зорлық құрбанына қалай көмектесуге болады?

«Гендерлік зорлыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында психолог Сая Бақимовамен бірге тұрмыстағы зорлық құрбандарын мазалайтын күмәнді сұрақтар мен қоғамдық қысым жасауға жиі қолданылатын тұжырымдарға жауап іздеп көрдік.

23 минут
23 минут

Гарри Поттерді қазақша «сөйлеткен» кәсіпкер

Жаңа жылда Джоан Роулингтің Гарри Поттер кітабы қазақ тілінде жарық көреді. Әлемнің 80 тіліне аударылған шығарма кейіпкерлері бірінші рет қазақша сөйлейді. Осыған орай, біз әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аудару идеясының авторы Раиса Қадырқызынан сұхбат алдық.

16 минут
16 минут

Қорық инспекторы: «Жұмыс — ауыр, жалақы — аз»

Таудағы өмір, браконьерлерге қарсы күрес және қорық қауіпсіздігін сақтаудың қиындығы туралы инспектор әңгімесі.

10 минут
10 минут