Отарлау саясаты мен күй: жаңа деректі жоба премьерасы
Новости 3 Сентября, 2025

Отарлау саясаты мен күй: жаңа деректі жоба премьерасы

Бүгін ArtKöshe театр кеңістігінде «Шежірелі құлақ күй» атты 20 сериялы деректі жоба көрерменге жол тартты. Жоба қазақтың күй өнерін отаршыл саясаттың ықпалы арқылы зерттеп, ұлттық музыканы деколониал көзқараспен қарастырады.


Топтамада патшалық және кеңестік кезеңде күйдің қалай өзгеріске түскені, домбыраның стандартталуы, күйшілердің қуғын-сүргінге ұшырауы, цензура және күй аңыздарының идеологияға сай бұрмалануы сияқты мәселелер қозғалады.

«Күй – тек өнер емес. Ол – халқымыздың тарихы, қайғысы мен қарсылығының үні. Бұл жобада біз күйді қайта тыңдап, оның беймәлім қырларын ашуға тырыстық», – дейді жоба жетекшісі әннәс Бағдат.

Сериялар ішінде «Күй – қарсылық тілі», «Репрессияға ұшыраған күйшілер», «Ашаршылық және күй», «Мәдени отарлау» сияқты тақырыптар бар. Зерттеу барысында тарихшылар, музыкатанушылар мен күйшілер архив деректері мен халық шежірелерін негізге алады.

Авторлардың айтуынша, бұл жоба жас буынның ұлттық мұраға қызығушылығын арттырып, күйді түсінуде жаңа ғылыми көзқарас қалыптастыруға ықпал етпек.

«Шежірелі құлақ күй» жобасы Internews Kazakhstan қолдауымен, Еуропа Одағының демеушілігімен CARAVAN бағдарламасы аясында іске асырылды.

Автор статьи

Аксулу Элубаева