
Қазанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті
26 тамызда Мұса Жәлел атындағы Татар академиялық мемлекеттік опера және балет театрында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының гастрольдік сапары жемісті болды. Театр көрермен назарына Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасын ұсынды.
Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, (РФ) Татарстан Республикасының Мәдениет министрлігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен өтті.
Іс-шарада театр директоры Айнұр Көпбасарова ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқыды. Министр Қазақстан мен Татарстан арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуы біздің сан қырлы ынтымақтастығымызда маңызды орын алатынын атап өтті. Екі елдің шығармашылық ұжымдарының байланысы – осының айқын дәлелі.

Сондай-ақ ол бұл премьера көпшілік үшін шалқар шабыттың қайнар көзі боларына, ортақ ұлы тарих үшін кеудені мақтаныш кернеп, саф өнермен қауыштырып, қуаныш сыйларына сенім білдірді.
Іс-шара барысында (РФ) Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Лейла Фазлеева мен Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов сөз сөйледі.
Айта кетейік, тарихи драманы сахналау барысында халықаралық беделді ғалымдар кеңес беріп, тарихи шынайылық пен оқиғалардың терең зерттелуін қамтамасыз етті. Ал операны танымал итальялық режиссер Давиде Ливерморе сахналады.

Операда 200-ден астам әртіс бірігіп, жанды орындау мен әсерлі сахналық көріністер арқылы ерекше атмосфера қалыптастырды. Көрермен тек қойылымды тамашалап қана қоймай, тарихи оқиғаның куәгері болды.