Қазақ тіліндегі Пиноккиоға жаңа бейне керек: иллюстраторлар байқауы ашылды
Steppe & World Publishing баспасы Italian Institute of Culture in Almaty қолдауымен «Пиноккио» (Le avventure di Pinocchio) кітабының қазақ тіліндегі басылымына иллюстрация жасауға ашық байқау жариялайды.
Жоба әдебиет пен бейнелеу өнерін тоғыстырып, Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени диалогты дамытуға және отандық кітап иллюстраторларын қолдауға бағытталған. Негізгі мақсат — қазақ тіліндегі заманауи балалар басылымының көркемдік тілін қалыптастыру.
Қатысу шарттары
Байқауға 18 жастан асқан кәсіби және шығармашылық жолын енді бастап жүрген иллюстраторлар қатыса алады. Қатысу — тегін.
Міндет: «Пиноккио» кітабының қазақ тіліндегі ресми аудармасына иллюстрациялар әзірлеу.
Бағалау критерийлері: түпнұсқалық, шығармашылық шешім және шығарманың рухына сәйкестік.
Генеративті жасанды интеллект жүйелері, автоматты алгоритмдер немесе нейрожелілер көмегімен толық немесе ішінара жасалған жұмыстар байқауға қабылданбайды.
Қатысушы ұсынылған материалдардың өзінің төл еңбегінің нәтижесі екенін растайды. Ұйымдастырушылар авторлықты растау үшін эскиздерді, аралық кезеңдерді және бастапқы файлдарды сұратуға құқылы.
Жасанды интеллект қолданылғаны анықталған жағдайда және бұл туралы алдын ала хабарланбаған болса, өтінім байқаудың кез келген кезеңінде, оның ішінде нәтижелер жарияланғаннан кейін де, қабылданбауы мүмкін. Байқау авторлық шеберлікті қолдауға бағытталған.
Өткізу мерзімі
Өтінімдер 18 ақпаннан 5 наурызға дейін қабылданады. Жұмыстарды кітап және өнер саласындағы бес маманнан тұратын қазылар алқасы бағалайды.
Қорытынды 13 наурызға дейін жарияланады.
Марапат
Жеңімпазға 600 000 (алты жүз мың) теңге көлемінде иллюстрациялар әзірлеуге авторлық келісімшарт ұсынылады.
Сондай-ақ балалар кітабы саласындағы ең ірі халықаралық кәсіби алаң — Bologna Children’s Book Fair көрмесінде кәсіби тәжірибе алу мүмкіндігі қарастырылады.
Толық ақпарат пен тіркелу осында🔗