Қазақ рок жанры: андеграунд, сахна және қайта жандану
Қазір Алматыда «нағыз» атанған рокты жиі естуге болады. Gorillaz, The Offspring, Deep Purple, Megadeth сияқты топтар біздің сахналарда өнер көрсетіп жүр. Әлемдік рок-сахна енді қол жетпес дүние емес. Steppe бұл жанрдың тарихына қысқаша шолу жасап, бүгінгі таңда қазақ рок субмәдениеті қалай дамып жатқанына үңілді.
Аз-маз тарих
Рок шамамен 70 жыл бұрын АҚШ-та пайда болды. Бұл — блюз, кантри және госпел жанр дәстүрлерінің синтезі. Өз заманында бұл мүлдем таңсық дүние еді: өзгеше ырғақ, бөлек энергия және, ең бастысы, әлемге жар салудың жаңа тәсілі. Әндері, сөздері мен әртістердің сахнадағы бейнесі аға буынның сынына ілігіп, қарсылыққа ұшырады. Ал жастар бұл музыканы бірден қабылдады, тіптен ғашық болды. Бостандық, қарсылық, энергия — олар әуеннен өздеріне жетіспей жүрген рухты тапты.
Уақыт өте келе жанрдың көп тармағы пайда болды: панк, метал, поп-рок, брит-поп, альтернатив, эмо, шугейз және көптеген өзге де бағыттар. Алайда бұл эволюцияға қарамастан, жанрдың өзегінде өзгермей сақталған бір дүние — бостандық рухы.
Элвис Пресли мен Чак Берри бұл жанрдың «әкелері» атанды. Десе де, роктың «кіндік анасы» — Sister Rosetta Tharpe екенін көп адам біле бермейді.

Розетта 1915 жылы дүниеге келіп, бала кезінен шіркеуде ән айтқан. Оның музыкасының негізі госпел болғанымен, үні мүлдем өзгеше — батылырақ, еркінірек, қаттырақ еді. 1938 жылы ол Rock Me әнін шығарып, кейін рок деп аталатын бағыттың негізін қалады. Оның орындау мәнері мен дауысы болашақ рок-н-ролл жұлдыздары Элвис Пресли, Чак Берри, Джонни Кәш-қе орасан зор әсер етті.
Біздегі роктың жағдайы қандай?
Қазақ рок-сахнасы бірнеше толқынмен қалыптасты. Ең алғашқы қарлығаштарының бірі — Дос-Мұқасан. Бұл топ ұлт және эстрада элементтерін классикалық рок-н-роллмен ұштастырып, жаңа тәжірибе жасады.
Кейін қазақ рок жанры этникалық музыканың ықпалымен жаңа тыныс алды. Мұны Roksonaki, Ulytau және Aldaspan сияқты жобалардан байқауға болады. Олар рокты дәстүрлі музыкамен біріктіріп, оған эпикалық әрі аспаптық сипат берді. Aldaspan тіпті осы бағыттың символына айналған электродомбыраны кеңінен танытты.
2000-2010 жылдары Қазақстандық рок лирикаға ойысып, әуездік тұрғыдан жұмсара түсті. Urker сияқты топтар рок пен поп музыка тоғысында жұмыс істеп, оны қалың аудиторияға жақындатты.

2010 жылдарда жанр толыққанды мейнстрим бола алмады. Рок көбіне андеграунд кеңістігінде қалып, шағын аудитория шеңберінде дамыды. Соған қарамастан, қазақ тіліндегі альтернативті роктың алғашқы тұрақты үлгілерін қалыптастырған топтар пайда болды. Солардың бірі — Far In Gate.
Sound Lab Records лейблімен жұмыс істеуі олардың шығармашылық процесін жүйелеп, дыбыс сапасы мен продакшн деңгейін жаңа сатыға көтерді. Топ толыққанды альбомдық форматқа көшіп, студиялық жазба мен визуалды презентацияға басымдық бере бастады. Сол кезеңдегі жергілікті рок үшін бұл сирек құбылыс еді.

Олардың тәжірибесі қазақ тіліндегі роктың тек тар шеңбердегі әуесқойлық деңгейде емес, кәсіби құрылымға бейімделе алатынын көрсетті. Поп-панк пен альтернатив рок элементтерін қазақша мәтінмен ұштастыру арқылы олар өз аудиториясын біртіндеп қалыптастырды және локалды, сондай-ақ көршілес елдер кеңістігінде де құлақ тапты.
Бүгінгі сахна
Бүгінде сахна қайта түлеп жатыр. Классикалық және этникалық үннен алыстап, жанр, форма және тіл тұрғысынан эксперимент жасайтын жаңа толқын қалыптасып отыр. Рок-орындаушылар андеграундтан шығып, ірі фестивальдерді бағындырып жатыр. Олардың қатарында Kezeń, Sary, Ünsiz, DirtyCTRL бар.

Бұл енді жай ғана бағыт емес, лирика, попқа жақын әуендерден бастап ауыр, қатқыл және эксперименталды дыбыстарға дейін қамтитын тұтас диапазон.
Қазіргі кезеңде қазақ рок-субмәдениеті қайта құрылу фазасына өткенін байқауға болады: еркін, сан алуан, әрі айқын тірі процесс ретінде.
Бұл жаңа үрдістің бір көрінісін 25 сәуірде Central StandUp Club-та өтетін Kezeń концерті ұсынады. Бағдарлама аясында Kezeń-мен бірге жергілікті жаңа толқын өкілдері — Ünsiz және menrasaitam сахнаға шығады. Билеттер осында🔗