×
×
Выделенный текст:
×

The Steppe - прогрессивный сайт о жизни, работе и увлечениях

Тәуелсіздік, тарихнама және әйел

Өнертану докторы (PhD) Молдияр Ергебеков 16-желтоқсан тәуелсіздік күніне орай заманауи Қазақстанның тарихнамасындағы әйелдердің орнын қолға алды.
Материал доступен
2016-12-19 | Автор: Молдияр Ергебеков

Тәуелсіздік, төңкеріс сынды қоғамдық өмірге терең әсер ететін оқиғалардың ешбірі әйелдерсіз іске асқан емес. Алайда дәстүрлі тарихнама қашанда әйелдерді көрмеуге немесе қате орналастыруға бейім. Сондықтан да тарих мәтіндерінен көретініміз тек еркектер. Патриархализмнің өзегінен орын тепкен дәстүрлі тарихнама әйелдерге байланысты кемтар мәліметтерді берумен немесе қоғамдағы әйелдерге бағытталған стереотипке толы түсінікті асыраумен айналысуда.

Бұл жердегі мәселе, әйелдердің сексизмге ұшыраулары ғана емес, сонымен қатар ең негізгі мәселе – олардың репрессияға (қысымға), отарлаушылыққа және эксплуатацияға ұшырайтын жүйеде өмір сүрулері. Адамзат қоғамындағы барлық институттар мен мекемелер яғни жанұядан бастап саяси партияларға дейінгі жүйе; синдикаттар, әдебиет, өнер, медиа мен экономикалық ұйымдар әйелдерді екінші (үшінші, төртінші) планға ысырып, отарлаушы әрі эксплуатациялаушы структураны асырайды және қайтадан өндіреді. Ғылым да бұл структураның қайтадан өндірілуінде рөл ойнайды.

Мануэла Саэнс

Латын Американың тәуелсіздік үшін күресі 1800-жылдардың басынан бастап 1830-жылдарға дейін жағасын тапты. Испания корольдігі мен өзге де Европалық отаршылдарға қарсы жасалынған бұл күрестің нәтижесінде Латын Америкада 16 республика құрылды. Кезеңнің ең атақты қаһармандарының бірі – Мануэла Саэнс.   

Тарихты қашанда еркектер жазды. Мұның салдарынан тарихта әйел кейіпкерлер жоқ.

Латын Американың отаршылдық пен озбырлыққа қарсы шыққандардың арасында әйел батырлардың тарихына қарар болсақ Латын Америкалық «мачо тарихшылардың» салған қорғандарын асып өту өте қиынға соғады. Бұл тарихшылар өзге де әйел қаһармандар сынды Мануэланы да өшіруге тырысты, көрмегенсіді. Кейбірі Мануэласыз осынау тәуелсіздік үшін болған соғыс тарихын жазудың мүмкін емес екенін түсінді. Соның өзінде де олар Мануэланың 19-ғасырда тәуелсіздік үшін және әйелдердің теңдігі мен еркіндігі үшін жасаған күресін жазған жоқ. Олардың тарих жазбаларында Мануэла Симон – Симон Боливардың сүйіктісі. Тіпті көбісі Боливарды өлім аузынан алып қалғандығы жайында жазбайды да. Бұл ерлігі үшін Боливардың Мануэлаға Libertadora del Libertador (құтқарушының құтқарушысы) деген атақ бергенін елемейді де. Мұның ең басты себебі Мануэланың әйел болуы, екінші себебі Мануэланың әйел-еркек теңдігін талап етуі. Ол еркектермен жасаған саяси пікірталастарда «Мырзалар, әйел болу мені кемтар қылмайды, керісінше әйелдердің еркектерге қарағанда толыққанды болмыстың иесі екеніне сенімдімін» деген болатынды. Мануэла, отарланғандардың отарына айналған әйелдердің құқығын қашанда алға тартып, екі түрлі отаршылдықпен күресті: Біріншісі Европалық отаршылдар, екіншісі өз мәдениетіндегі патриархал отаршылдық. Бәрінен бұрын Мануэла, Латын Американың еркіндік үшін күресінің «қолдаушысы» емес, Симон Боливармен бірге тәуелсіздік идеясын дамытушы, тәуелсіздік конституциясының жазылу үрдісінің белсендісі және әйелдердің де бұл соғыста белсенді рөл алуын үгіттеуші лидер болды.

Алайда Мануэла, өзімен бірге үзеңгілес еркектердің сатқындығына көзі тірісінде-ақ куә болған еді. Тәуелсіздігін жариялаған Латын Америка республикаларының басшылары «зиянды көзқарастарға ие» деп Мануэланы қудалады. Боливардың өлімінің артынша Колумбияның Богота қаласында өмір сүрген Мануэла, Ямайкаға жер аударылды. Өзінің туған жері Эквадорға барғысы келді, алайда бұл талабы орындалмады. Перуда тұруға рұқсат етілді. Өмірінің соңғы 25 жылын осы елдің Пайта деген кішкене балықшы қалашығында өткізді. Осынау 25 жыл бойынша балаларға оқу мен жазуды үйретіп, мұғалімдікпен айналысты; ұлтазаттық соғыс жайындағы естеліктерін жазды; достарымен саяси пікірталастар жасады. Қалашықта пайда болған дифтерия індеті Мануэлаға да жұғып, 1856-жылдың 23-қарашасында көз жұмды. Мұндай қорқынышты өлімнің артынша денесі жағылды. Алайда дәл осы тұста тағы бір мәселе бар: Мануэланың денесімен бірге оның хаттары мен қолжазбалары да жағылды. 20-ғасырдағы төңкерістер кезеңінде Мануэла тарих сахнасына қайта оралды. Чилилік ақын Пабло Неруда «Көмілмеген Пайта» (La Insepulta de Paita) атты атақты элегиясын жазды. Қазіргі таңда Латын Американың көптеген елінде Мануэла Саэнс атындағы музейлер жұмыс істеуде, алаңдарға аты берілді, биографиялар жазылуда. Көптеген елде Мануэла Саэнс атындағы гендерлік зерттеу институттары қоғамдағы әйелдің орнына бағытталған ғылыми зерттеулерін жалғастыруда.   

Тәуелсіздігі үшін күрескен елдің «ерлері» Мануэлаға мазар болатын 2 квадрат метр жерді де қимады. Бұл ерлер мен олардың мұрагерлері Мануэланың атын тарихтан өшіруге тырысты, я болмаса біреудің сүйіктісіне айналдырып тарихи шындықты бұрмалауға тырысты. 160 жылдан бері осыншама қиянатпен күресіп келе жатқан Мануэлитаның рухы мачо тарих жазбаған әйелдердің аяқ іздерін мен мұндалап көрсетуде.

Жамила Бухайрад

20-ғасырдың орталарында Францияның отары болған Алжир халқының ұлтазаттық соғысына мыңдаған әйел қатысты. Алайда бұл жерде де патриархал тарих түсінігі әйелдердің ерлігін ұмыттыруға ұмтылды. Осынау тәуелсіздік үшін жасалған соғыстың жарық жұлдыздарының бірі Жамила Бухайрад, алдымен отаршылдыққа қарсы шықты, тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінен қазіргі таңға дейін өз елі мен әлемнің еркектенген тарих түсінігімен күресуде.  

Алжир халқының тәуелсіздікке ұмтылысы бір ғасырдан астам уақытқа созылды. Жамила 1935-жылы Алжирде туған кезінде елі Француз басқыншыларының қол астында еді. 1945-жылы Екінші Дүниежүзілік Соғыстың бітуінің артынша Франция Алжирде отарлау тарихындағы ең үлкен қанды қырғынын жасады. Жамила ол кезде 10 жасар қыз. Бұл қырғынның артынша көбісі студенттерден тұратын Алжирлік жастар Ұлттық Еркіндік Қозғалысына (Джабхат аль тахир аль ватани) қосыла бастайды.

Жамила, әсіресе отаршылдардың ассимиляция саясатына қарсы шықты. Бастауыш мектепте күн сайын таңертең айтылатын «Анамыз – Франция» атты маршты «Анамыз – Алжир» деп оқығаны үшін мектептен аластау жазасын алды. Францияның отарында есейген Жамила, жас кезінен бастап соғыста белсенді рөл атқарды. Ұлттық Еркіндік Қозғалысының «жанкештілер» тобына жазылып, тыңшылық және тағы да басқа салаларда маңызды рөл атқарды.

Жамила, 1957-жылы жаралы күйде Француздардың қолына түсті. Оған Француз әскерлер көп баратын бір ресторанға бомба қойды деген айып тағылды. Сотта «Алжирде әйел қаһарманның тууына себеп болғам келмейді» деген Француз судья Жамиламен жеке кездесіп оған «есінен адасқан» деген рапорт беріп босату ұсынысын білдірді. Бұл ұсынысты қабылдамаған Жамила 23 күн бойы өте ауыр азапты бастан өткерді. Кінәні мойындамаған Жамила Француз әскерлердің жыныстық зорлығына ұшырады. 

Атақты Француз әйел ойшыл Симона де Бовуар Жамиланың жағдайын Францияның атақты газеті Le Monde-та жариялаған  мақаласында былай деп жазды:

«Әйелдің денесін соғыс аппаратына айналдырған елімнен ұяламын. Жамиланы таяқпен, қол шоқпармен зорлаған әскерлер мені қорғап жатқан жоқ. Францияның азаматы ретінде басқыншылық пен отарлаушылықты жалғастыра бер деп мен ешқашан ешкімге құзырет берген емеспін. Мен зорлықшылармен бірге емеспін, мен Жамиланың, сіңлімнің жақтасымын және мен – Алжирлікпін!».

Жамиланың сот барысындағы жүрек жұтқандығы бәрімізді де таң қалдырар ерекшелікке ие.

Судья: Сен – Французсың.

Жамила: Жоқ, мен Алжирлікпін.

Судья: Сен террорлық ұйымның мүшесісің.

Жамила: Жоқ, мен еркіндік күресшілері ұйымының мүшесімін.

Судья: Сен қылмыс істедің.

Жамила: Жоқ, мен басқыншы озбырларға кім екендіктерін көрсеттім.

Соттың аяғында Жамила гильотиналау (бастың арнайы жабдықта шабылуы) жазасын алды. Соттың шешімі айтылған кезде Жамиланың берген жауабы, қазіргі кезде көптеген феминистің саяси жосығына айналды: Ахахалап күлу. Иә, Жамила басы кесіліп өлтірілетінін естігенде ахахалап күлді. Сөйтті де былай деді: «Біздерді өлтіру арқылы Алжирдің тәуелсіздігіне бөгет бола алмайсыңдар!».

Жамиланың адвокаты Жак Вержес сот шешімінің артынша медиа арқылы әлемдік масштабта Жамила мен оның жолдастарына берілген жазаның күшін жою акциясын бастатты. Нәтижеде өлім жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына айналды. 1962-жылы Алжир тәуелсіздігін алған кезде Жамила да еркіндігіне қауышты. Тек қана Алжирдің емес бүткіл Африка халықтарының еркіндігі мен тәуелсіздігінің символдарының біріне айналды. Сириялық араб ақыны әрі дипломат Низар Каббани Жамила жайында «Аты – Жамила Бухайрат» атты атақты өлеңін жазды.

Жамила, рухындағы еркіндік деген парасаттылыққа ешқашан опасыздық жасаған емес. Тәуелсіздік жылдарында және қазіргі таңда Алжир мен әлемдегі әйелдердің мәселелерімен айналысуда. Тіпті осының салдарынан кезінде үзеңгілес болған еркек жолдастарымен жолдарын айырды. Саясаттан шеттетілді. Қарапайым ғана өмір кешуде және Алжирдегі патриархал мәдениетке қарсы күресін жалғастыруда. Сонымен қатар халықаралық аренада да әйел теңдігін орнату, отаршылдықты жою пен тәуелсіздікке қауышу сынды акцияларды ұйымдастырушы әйел активисттердің бірі. Мысалы, ол 2004-жылдың 8-наурызында әлемнің 80 елінен келген әйелдермен бірге Газа секторындағы әйелдермен бірге болу акциясын ұйымдастырды.

Желтоқсан оқиғасы және әйелдер

Қазақ жастары бастаған Желтоқсан оқиғасы КСРО-дағы тоталитарлық жүйеге, жалғанкоммунистік және жалғанинтернационалдық идеологияға қарсы шыққан күрестің бастауы болды. Бұл тұрғыдан қарар болсақ төңкерістік сипаты да бар. Бұл оқиғаға қатысқан әйелдердің тарихнамамызда алар орны төмен. Жалпы «Желтоқсан оқиғасы» саяси тұрғыдан да, тарихнамалық тұрғыдан да өз бағасын ала алмады. Десек те қоғамымызда «Желтоқсан оқиғасы» деген кезде қыздардың ерлігі ескерусіз қалуда. Жәй ғана мысал ретінде Желтоқсан құрбандарының тізіміне қарау да жетіп жатыр. Тізім еркек-әйел болып бөлінген және әйелдердің тізімі еркектерден кейін орын алуда. Осынау өте қарапайым мысал Желтоқсан және тәуелсіздікке байланысты түсінігіміздегі әйел қаһармандарымызға берген орнымызды көрсетуде (мұның орнына алфавиттік тізім жасар болсақ әлдеқайда әділетті болған болар едік). Бұдан басқа әйел құрбандардың ешбірінің «Халық қаһарманы» атағына ие бола алмауы да көзге батуда. Желтоқсан оқиғасын қола алған зерттеулерге қарар болсақ көбіне еркек қаһармандар алғы планда я болмаса әйелдерді құтқарушы сынды актив рөлдегі адамдар ретінде сипатталуда. Осылайша Желтоқсан оқиғасына қатысқан әйелдер, тарихнамадан еркектер тарапынан құтқарылған деген пассив орынға қарай ығыстырылуда. Әйел қаһармандарға байланысты бір ғана тыңғылықты еңбек бар: «Желтоқсан қарлығаштары». Авторы – Болатбек Төлепберген. Десек те бұл жерде де қарлығаш метафорасы қолданысқа еніп, Желтоқсан оқиғасына қатысқан әйелдер орынсыз романтизацияның нысанына айналуда. 

Желтоқсан оқиғасына тек қана еркектер қатысқан жоқ!

Иә, Желтоқсан оқиғасын, тәуелсіздікке ұмтылған күресіміздің шығар шыңы деп бағалар болсақ, бұл шыңды тек еркектер қалыптастырған жоқ.

Ләззат Асанованың, Сабира Мұхамеджанованың және Кенжегүл Молданазарованың өлімдері, сонымен қатар жиырма шақты әйелдің сотталуы біздерге көп нәрсені айтуы тиіс. Өкінішке орай қоғамымыз жылдар өткен сайын өте консервативті көзқарастардың агорасына айналуда.

Медиада, кинода, әдебиетте, оқулықтарда, тіпті осы елдің азаматы болып табылатын әр бірімізге өкілдік етуі тиіс парламентімізде әйелдердің орны, әйелдердің мәселесі өте қарабайыр тілмен және оймен айқындалуда. Жоғарыда айтылған әрбір институт «әйел=тоқал» деген формуланың маңайынан шыға алмауда.

Тіпті кейбір депутаттарымыз әйелдердің не киіп, не ішулері керектігін, кіммен жатып, кіммен тұруы керектігін алға тартуда. Депутаттың міндеті – азаматтардың күнделікті өмірдегі жеке таңдаулары емес, азаматтардың әл ауқатын жақсарту және құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін заңнамалық жүйені қалыптастыру сынды әмбебап құндылықтардан нәр алады. Депутат әйел азаматтардың жеке өмірлерімен емес, жылдан жылға Қазақстанның гендерлік теңдік тұрғысынан әлемдік рейтиңгте төмендеп бара жатқан орнын жоғарылатудың жолдарын қарастырумен айналысуы тиіс.

Қоғамымызда әйелдерге бағытталған бұзақылықтар мен қылмыстардың саны көбеюде. Көшеде кетіп бара жатқан әйелді тоқтатып жанындағы жігіттің кім екенін сұрау, балағаттау, мұны батырлық деп санап, бейнекамерасына түсіріп интернетте жариялау деген іс әрекеттер мұның ең қарапайым айғағы. Жыныстық зорлық оқиғалары көбеюде. 6 жасар Ақтаулық бөбек осының салдарынан өлді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі созылмалы жағдайға айналды.    

Қоғамымыздағы әйелдердің мәселелерінің ушығып отыруының ең басты себебі әйелдердің экономикалық теңсіздігі, тіпті экономикалық тұрғыдан еркектерге тәуелді болулары. Жұмыссыздық, жұмыс тапқан күндерінің өзінде ерлерге қарағанда аз жалақыға «разы» болуға мәжбүр болулары... Көріп отырғанымыздай азаматтардың жеке таңдауларымен емес, қоғаммен тікелей қатысы бар көптеген байсалды мәселелер бар.

Иә, тәуелсіздік үшін күрес тек қана еркектер тарапынан іске асқан жоқ. Әйелдер белсенді түрде бұл күреске араласты.

1990-жылдардың басында көптеген еркектер рухани күйзеліске түсіп, арақтың соңынан кеткенде алыпсатарлық деп аталатын «кіші кәсіпкерліктерімен» елдің экономикасын қорғап қалғандардың алдыңғы қатарында әйелдер орын алды. Бәрінен бұрын мемлекет құру белгілі бір датамен бола салатын нәрсе емес – бітпейтін үрдіс. Еліміздегі әйелдер білімде, ғылымда, экономикада, мәдениетте, саясатта, өнерде және қоғамдық өмірде көптеген патриархал бөгеттерге қарамастан еңбек етіп, қоғамдық және мемлекеттік дамуымызға орасан зор үлес қосуда. Олай болса бұл тұрғыдан әйелдерден үлгі алу және әділетті болу біз еркектерге үлкен парыз.

Әділет демекші, сөз соңында Ләззаттың өлім себебі анықталмайынша бәріміздің ертеңгі күнге деген сеніміміздің нық болмайтынын, бола алмайтынын айта кеткен жөн. Өйткені әрбір анықталмаған саяси өлім келешектің айқындығын күңгірттейді. Әрбір анықталмаған саяси өлім келешектегі мұндай өлімдердің болу мүмкіншілігінің аясын кеңейтеді.


Иллюстрации: Гликерия Зяблицкая         

0 комментариев

Мы напишем вам о самом важном в The Steppe