×
×
Выделенный текст:
×

The Steppe - прогрессивный сайт о жизни, работе и увлечениях

«Қазақстанның жас ғалымдары» арнайы жобасы: Кәмила Сәлібаева, нейробиолог

Кәмиланың жасы небәрі 23-те және дәл қазір ол еліміздегі жалғыз нейробиолог. Жас ғалым бүгінде Назарбаев университетінің медицина мектебінде оқиды. Білім күні қарсаңында өзімен бетпе-бет жолығып, сүйікті саласы туралы жан-жақты әңгімелескен едік. Кейіпкеріміз адам миының құпиялы қалтарыстарын тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді.
Материал доступен

I. Нейроғылым нәзік саланы зерттейді

– Кәмила, әуелі өзіңнің нейроғылымға деген махаббатыңның қашан оянғанын айтшы.

– Мен бала күнімнен жаңа, таңсық нәрсеге құштар болып өстім. Сол қасиетімнен шығар, 9-сыныпта мектеп кітапханасына әкелген Шепердтің «Нейробиология» оқулығына қатты қызығып, бас алмай оқыдым. Бұл кітапханашының тапсырысы болатын, ол бірінші томын өзі оқып жатқандықтан, менің қолыма екінші томы тиді. Түк түсінбесем де, маған оқулықтың не туралы екендігі ұнады. Адам миы үшін өзін-өзі зерттеу сондай қызық қой. Нейробиология осыған негізделеді. Бұған қоса, нейроғылым кибернетика, жоғары математика, биохимия және психология тәрізді бір-бірінен алыс салаларды бойына тоғыстырған.

Мектеп бітірген соң, келешекте биотехнолог болам деген мақсатпен «Болашақ» бағдарламасы арқылы Блумингтондағы Индиана университетіне «Биотехнология» мамандығына оқуға түстім. Бір жылдан кейін жазда Қазақстанға оралып, Алматыдағы Өсімдіктер биологиясы мен биотехнологиясы институтынан тәжірибеден өттім. Бәрін өз көзіммен көріп, маған нейробиологияның әлдеқайда жақын екенін түсіндім. Артынша Шетелде мамандар даярлау жөніндегі республикалық комиссиядан мамандығымды ауыстыруды сұрадым. «Нейробиология» басым мамандықтар тізімінде болмаса да, менің өтінішім қанағаттандырылды. Ақыры осы мамандық бойынша диплом алып шықтым.

– Осыған дейінгі тәжірибеңде небір ерекше дүниелердің куәсі болған шығарсың?

– Әлбетте. Нейробиология адамның миы мен жүйке жүйесін зерттейді. Миды ең алғаш рет өз қолыммен ұстағанда, ғажап әсерге бөлендім. Өйткені, бір кісінің ойлары, әрекеттері, тарихы, жады менің қолымда тұрғанын түсіндім. Бір уақыттары бұл адам тірі болған және оның осы миы көп нәрсені істеген. Қазір миды спирттеп, қатырып тастаған. Сондықтан оны қолға ұстауға болады. Тірі ми желе сияқты жұмсақ, нәзік, онымен өте сақ болу керек.

II. Әйел де еркекше ойлай алады

– Біздің санамызда мықтап бекіп қалған ми туралы кейбір стереотиптерді жоя аласың ба?

– Маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі – «біздің миымыз расымен де тек 10 пайызға ғана жұмыс істей ме?». Жоқ. Кез келген адамның миы өз мүмкіндігінің 100 пайызында жұмыс істейді. Мен бұл 10 деген сиқырлы санның қайдан пайда болғанын білмеймін. Жалпы, миды пайызбен өлшеу – адами әрекеттерді пайызбен есептегенмен тең. Мысалы, мен бүгін 28 пайыздық белсенділікпен жаздым. Оны 30-ға дейін көтеру қажет. Бұл тым ақымақтық болып естіледі.

– Ал мидың белгілі бір бөлігін кесіп алып тастауға бола ма?

– Бұл процедураны медицина тілінде лоботомия деп атайды. Оның салдары әртүрлі. Бәрі де пациенттің жасына, жағдайына және миының қай бөлігін кесетінге байланысты. Мәселен, эпилепсия, яғни, қояншықпен ауыратын кішкентай қыз баланы сол әдіспен емдегені туралы қызық факті бар. Емдеу кезінде оның миының бір жарты шарын алып тастаған. Осылайша эпилепсиясы жазылған. Ол кезде бүлдіршін 2 жаста болған. Ал 8 жасқа қарай өзінің даму деңгейі жағынан құрбы-құрдастарынан еш айырмашылығы болмаған. Егер нейробиологиядағы осындай ерекше оқиғаларды көбірек білгіңіз келсе, Генри Марш есімді нейрохирургтің «Зияныңды тигізбе. Өмір, өлім және нейрохирургия туралы әңгімелер» мемуарын оқуға болады.

– Ер адам мен әйел адамның миы бір-бірінен ерекшелене ме?

– Бұл да маған көп қойылатын сауалдардың бірі. Менің ойымша, ерекшеленбейді. Иә, мидың кейбір метаболикалық қасиеттерінің әртүрлі екендігін растайтын зерттеулер жүргізілген. Бірақ біз әрқашан ғылымды биологиялық, психологиялық және әлеуметтік жағынан қарастырамыз. Әлеуметтік тараптан қарайтын болсақ, әртүрлі қоғамда, әртүрлі мәдениетте, әлемнің әртүрлі бұрышында жүргізілген қым-қиғаш гендерлік саясат әйел мен ер адамның миы бір-бірінен бөлекше деген тұжырымды дәлелдемейді. Барлығы да адамның қалай тәрбиеленгеніне байланысты. Мысалы, әйелдерде кеңістіктік ойлау нашар дамыған деген ескі түсінік болған еді. Кейінірек оның дұрыс еместігі анықталды. Өйткені, кішкентай күнінде конструктормен ойнаған қыз баланың кеңістіктік ойлауы ер адамдардікінен еш ажыратылмайды екен. Яғни, бұрын белгілі бір жынысқа тиесілі болған қабілеттер, шындығына келгенде, әлеуметтік жағдайларға көбірек тәуелді.

– Генетика да өзінің ізін қалдыратын шығар?

– Әр адам бірегей, себебі сол адамды өсірген жағдайларды дәлме-дәл қайталау мүмкін емес. Кез келген уақытта генетика бізге өзінің жұмбақ нұсқаларын ұсынады. Бірақ құрсақта жатқанынан-ақ бірдей биологиялық ахуалды бастан кешірген егіздерді алсақ, олардың бірі – суретке, екіншісі биге қабілетті болып тууы мүмкін. Құрсақта дамуы кезінде мидың нейрондары тоқтаусыз «көшіп-қонып» жатады. Нейрондардың осы миграциясы және синапстардың (қосылыс) қалыптасуы кезінде олардың арасында неше түрлі процестер жүруі мүмкін. Анасы ішінің бір бүйірін соғып алса, соны сезген егіздердің бірі селк етеді де, оның нейрондары басқа бағытта қозғала бастайды. Яғни, қарапайым механикалық жарақаттың әсерінен нейрондар кездейсоқ өз қозғалысының траекториясын өзгертеді. Мұның бәрі адамның қандай боларына ықпал ете алады.

III. Ми сізді қалай алдайды?

–  Қазіргі техникалық прогресс адамның миына кері әсер етеді деп ойлайсың ба?

– Бұған кәсіби тұрғыдан жауап беру қиын. Өйткені, заманауи технологиялардың даму жылдамдығы мен бұқаралық қолжетімділігі – бұрын ешқандай аналогы болмаған мысал. Алайда тарихта жаңа технологиялардың адамдарды қорқытқан кездері көп кездеседі. Мәселен, ағылшын жазушысы Израэл Зангвилл 1891 жылы «Ұйқыдағы ми ұзақ ойлау үшін тым әлсіз» деп жазды. Осы арқылы ол жаңа жанрлар мен әдеби ағымдардың, сондай-ақ журналистиканың дамуын тұспалдады. Бұл сөздер ХХІ ғасырда басталған ақпарат дәуіріне дейін, бізге Интернет арқылы тау-тау контенттер қолжетімді болғанға дейін жазылған. Сол уақыт ішінде біздің миымыздың жұмыс істеу принциптері онша қатты өзгермегенімен, қорытылатын ақпараттардың сапасы мен саны ата-әжелеріміздің заманындағыдан едәуір артты.

– Толассыз келіп түсіп жатқан ақпараттардың кесірінен ми «жаңылысып» қалуы мүмкін бе?

– Ми бәрін сақтай алмайды. Сондықтан ол естеліктерді жалған нұсқалармен ауыстыруды үйренген. Мұны өте сәтті жасайтыны сонша, біздің өзіміз байқамаймыз. Сол үшін бүгінде Батыста криминалистер қылмыс куәгері берген түсініктемені қандай да бір объективті әдістермен – бейнежазбалармен немесе фотосуреттермен тексеруді әдетке айналдырған. Куәгер оқиғаның тура өзі айтқанындай өрбігеніне еш күмәнданбауы мүмкін. Ал шын мәнінде миы оның есіндегісін өзгертіп жібереді. Осылайша ми өзіне артылатын шектен тыс стрестен қашады. Мысалы, сабақта сізді тақтаға шақырып, ал сіз тапсырманы ұмытып қалсаңыз, сіз сасқалақтай бастайсыз. Бұдан сізге әлгі нәрсені еске түсіру одан әрі қиындайды. Осындай үрей тумас үшін миыңыз бос кеңістікті сырттай көрген нәрсесімен толтыра салады. Яғни, «О, Құдайым, мен кеше оның қандай юбка киіп келгенін ұмытып қалдым» деген сықылды болмашы ұсақ-түйекке бола өзінің жұмысын тоқтаспас үшін миымыз бізге «Маған сен, юбканың түсі көк болатын. Біз нақты білмейміз, бірақ ол көк түсті» деп айтады.

IV. Жағымсыз естеліктер мазаласа...

– Ал мидағы кейбір естеліктерді біржола өшіріп тастауға бола ма?

– Жақында осындай күшке ие препараттар жасалды. Олар посттравматикалық синдромы бар адамдарға арналған. Посттравматикалық депрессивтік синдром дегеніміз – флешбэктармен, яғни, трагедиялық оқиғаны еске түсірумен сипатталатын өте қорқынышты дерт. Мұнымен көбінесе соғыс немесе зорлық-зомбылық көрген кісілер көп ұшырасады. Ал әлгінде мен айтқан препараттарды пайдалану тәсілі мынадай. Адам таблетканы ішеді немесе оған сол дәріні инъекция түрінде егеді, содан соң онымен психотерапевт сөйлесіп, жаңағы үрейлі естеліктерін түгелдей айтқызып шығады. Терапиядан кейін сол нәрсе мидан толық өшіріледі. Болашақта мұндай препараттардың көмегімен қандай-да бір жан жарасынан құтылуға мүмкіндік пайда болатын шығар. Бірақ мен жай ғана ойыңнан шығарғың келгені үшін естеліктерден арылуға кеңес бермейтін едім.

– Мидың ақпараттарды сақтайтын белгілі бір көлемі бар ма?

– Мәселен, қанша кітапты, фильмді немесе музыканы сақтай алады дейсіз бе? Ми бұлай жұмыс істемейді. Біздің өмірге келген сәтімізден бастап кездескен барлық нәрселер есімізде сақталады. Елестетіп көріңізші, миға қаншама ақпаратты сақтау қажет?! Сонымен қатар, ол басты қалай ұстау керек, қалай жүру керек, қалай отыру керек, қалай сөйлеу керек – бәрін-бәрін есте сақтайды. Оның үстіне, осы функциялардың әрқайсысының өз моторикалық белсенділігі бар. «М» немесе «К» дыбысын айту үшін сіз белгілі бір қабілеттерді меңгересіз ғой, ми осының бәрін өзінде сақтайды. Ми «Sony» флешкасы сияқты өзінде 3 мың киноны сақтай алады деп айта алмаймыз. Өйткені, оның сіз ойлағаннан әлдеқайда жан-жақты ақпаратты сақтауға шамасы жетеді.

Маңызды нәрселерді ұмытпау үшін ойыңды бір жерге жинақтауды үйрену қажет. Бұған медитация өте жақсы көмектеседі. Мысалы, маған емтиханның алдында үлкен көлемдегі ақпаратты жаттау керек болса, мен өзімді «қазір және осында» сезіну үшін арасында бірнеше рет үзіліс жасап, тынығамын. Бұл расымен де есте сақтау қабілетін жақсартады. Сондай-ақ, ұйқының да пайдасы көп. Ұйықтау режимі бұзылмағанын қадағалаған жөн. Миды тағы не дамытады? Тіл үйреніңіз, спортпен айналысыңыз, аспапта ойнауды меңгеріңіз – бұдан артық ештеңе керек емес.

V. Музыка, блог және валли тілі

– Дәл қазір немен айналысып жүрсің?

– Қазір маған бәрінен де оқу маңызды. Әркез анамның тарапынан тым көп онлайн-курстар алатыным, тым көп оқитыным, тым көп деректі фильмдер көретінім туралы реніштер айтылып жатады, бірақ оқу – мен үшін әлемді танудың кілті, өзім өмір сүретін ғаламда не болып жатқанынан хабардар беретін бірден-бір жол.

Түгелге жуық уақытымды ғылыми жұмысыма арнаймын. Бүгінде медицина мектебіндегі профессорлармен бірігіп бірнеше жобаларды қолға алдық. Оның біріншісі – Қазақстандағы аутизммен ауыратын балалар туралы, екіншісі – Ақмола облысындағы ұйқыдағы Калачи ауылының проблемасы жайлы.

– Бос уақытыңды қалай пайдаланасың?

– Ондай кездері музыкамен және репетиторлықпен шұғылданамын. Жақында менде мынадай қызықты тәжірибе болды. Грекиялық қыз музыка теориясы бойынша емтиханға дайындалып, соған тез арада бірнеше сабақ өтуіме тура келді. Күн сайын бірнеше сағат бойы біз Skype арқылы байланысқа шықтық. Ол менің оқудағы жүктемеме қарамастан әлі күнге дейін музыка тақырыбында жақсы ойлай алатыныма қатты таңғалды. Кейде маған, әрине, музыканың жетіспейтіні сезіледі. Сонымен қоса, мен жазамын. Мен ғылыми-танымдық бағыттағы блог ашамын деп бірнеше рет оқталдым. Өкінішке қарай, мұның бәрі «О, Құдайым! Мен бір кездері блог бастаған едім ғой. Одан бері қанша жыл өтіп кеткен!» деген ойлармен ғана аяқталды. Мен бірде валли тілін де үйренгенмін. Ол тілде әлемде әрі кетсе 100 мыңдай ғана адам сөйлейді, бірақ бұл 2 немесе 3 кісі емес қой. Сол үшін неге меңгермеске?!

– Қызықты әңгімеңе рахмет! Таудай табыстар тілеймін.


Фотосуреттер: Иван Абрамов, Shutterstock, Giphy

0 комментариев

Мы напишем вам о самом важном в The Steppe