Бұл жылы Канн кинофестивалі үшін өзінің 71 жылдық тарихында ерекше бір жыл болды. Кинематографиялық тұрғыдан қаншалықты ерекше, онысын білмеймін, өйткені жарысқа түскен фильмдерді әзірге көрген жоқпыз. Алайда гендерлік мәселелерді зерттейтін ғылым адамы ретінде мен үшін расында да ерекше жыл болды. 

Осы жылы жюри мүшелерінің төрайымы Австралиялық актриса Кейт Бланшетт болды. Онымен бірге АҚШ-тық актриса Кристен Стюарт, франциялық актриса әрі модель Леа Седу, канадалық режиссер Дени Вильнев, ресейлік режиссер Андрей Звягинцев, қытай актері Чанг Чен, АҚШ-тық режиссер әрі сценарист Ава Дюверней, франциялық режиссер-продюсер Робер Гедиган және Брундилік әнші Хадья Нин фильмдерді бағалады. Осылайша 9 мүшеден тұратын жюри мүшелерінің бесі әйел, төрті еркек болды. 

Фестивалдің алғашқы күні кинематография саласындағы жыныстық бопсалауға қарсы құрылған «Time’s Up» және «50/50 for 2020» (2020-жылы 50 пайыздық теңдік) қозғалыстары ұйымдастырған шерумен бастау алды. Шеруге жюри мүшелері төрайымы Кейт Бланшет және Аньес Варда, Сальма Хайек, Марион Котийяр сынды атақты актрисалармен бірге 82 әйел киногер қатысты. Шеруде Кейт Бланшетт «Бүгін 1946-жылы Канн кинофестивалінің алғашқы жылынан қазірге дейін мына баспалдақтан шыққан әйел режиссерлердің санын көрсету үшін 82 әйел болып шеруге шықтық. Бұл жылдардың ішінде 1688 еркек режиссер бұл баспалдақтан шыққан болатынды... Осынау атақты бұған дейін Palme d'Or (Алтын пальма бұтағы) 71 еркек режиссердің қолына тисе, 2 рет қана әйел режиссерге бұйырыпты» деді. 

Расында да қазірге дейін Алтын пальма бұтағына ие тек екі әйел режиссер ғана бар. Бұл жүлдеге алғаш рет Джейн Кэмпион 1993-жылы «Пианино» атты фильмі арқылы ие болды. 

Десек те оған алтын пальма бұтағы бір өзіне ғана берілмей, фестивалге «Қош бол көңілдесім» атты фильмі арқылы қатысқан қытайлық еркек режиссер Чэнь Кайгэ арасында бөліске түскен болатынды. Алайда Кэмпионнің «Пианиносы» «Қош бол көңілдесімге» қарағанда әлемдік киносүйер қауым арасында әлдейқайда кең тарады және мақтауға ие болды. Әсіресе кинодағы әйел мен еркек образының өзгеруіне ықпал еткен маңызды фильмдердің бірі. 

Алтын пальма бұтағы екінші рет әйел режиссердің қолына 2015-жылы тиді. Француз жаңа толқынының маңызды мүшесі болғанына қарамастан, толқынның еркектерінің көлеңкесінде қалып қойған Агнес Вардаға фестивал басшылығы жарыстан тыс Алтын пальма бұтағы құрмет жүлдесімен марапаттауды жөн көрді. (Бұған дейін бұл Алтын пальма бұтағы құрмет жүлдесін Вуди Аллен (2002), Клинт Иствуд (2009) және Бернардо Бертолуччи (2011) алған болатынды). 

Ертесі күні Америкалық актриса Кристен Стюарт Канн кинофестивалінің әйел қатысушыларға киюді міндетті қылып қойған биік өкшелі аяқ киім мәжбүрлігін қызыл кілемді жалаң аяқ жүріп өтіп өз наразылығын көрсетті. Канн кинофестивалі бір жақтан гендерлік теңдікті жақтайтынын айтып, жылдар бойы өз-өзін ақтаса да нағыз сексист әрекетінен биыл та құтыла алмағанын осылайша дәлелдеді.

14-мамыр күні Канн кинофестивалі қабырғасында феминистер мен гендерлік теңдікті жақтаушы активистер бірлесе отырып конференция ұйымдастырды. Конференцияға Канн кинофестивалі директоры Тьерри Фремо, Халықаралық сыншылар аптасы (Semaine de la Critique) төрағасы Шарль Тессон және фестивалдің тағы да басқа маңызды тұлғалары қатысып, фестивальде гендерлік теңдік пен ашықтықты қамтамасыз ету туралы міндеттеме алғанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл бәлкім кинофестивалдер тарихында алғаш рет болып отырған жақсы бастама. 

Фестивалдің ұйымдастырушыларына бағытталған сынның негізі бар. Кинофестивалдерде әйел режиссерлердің фильмдерінің конкурсқа өтпей қалуының ең негізгі себебі бұл фильмдердің көркемдік тұрғыдан әлсіздігі немесе таяздығы емес, фильмді таңдау үрдісінің көбіне еркек сыншылар, режиссерлер және тағы да басқа еркек мамандар тарапынан іске асырылуында жатыр. Швецияның атақты кино институтының СЕО-сы Анна Сернер Euronews-тің тілшісі Белле Донатиге берген сұхбатында «Жюридің көретін фильмдерін кім таңдайды? Көбінесе фестивальде сол баяғы танымал адамдар отырады. Олар кетіп олардың орындарына жаңа адамдар келуі тиіс» деп айтуының жаны бар. 

Фестиваль директоры Тьерри Фремо да жылдар бойы жасалынған әділетсіздікті мойындап, «Бүгінгі әлем бұрынғыдай емес. Тәжірибелеріміз, әдеттеріміз бен тарихымызға қайта қарауымыз керек» деді. Аталмыш міндеттеме таңдап алынған фильмдер жайында гендерлік статистикаға бағынуды, іріктеу үрдісінің ашықтығын қамтамасыз етуді және тағы да басқа ізгі шараларды қамтиды. 

Тьерри Фремо сонымен қатар Канн кинофестивалінде әйел режиссерлер үшін позитив дискриминацияның болмайтынын алға тартты. Позитив дискриминацияның жасалуын әйел режиссерлер де қаламайды. Олар фестиваль ұйымдастырушыларының гендерлік тұрғыдан тең болуын, қандай да бір сексист пікірлер мен көзқарастарға ие емес адамдардың фильмдерді іріктеу үрдісіне араласуын және тағы басқа гендерлік теңдікті қолдайтын әділетті іс әрекеттерді талап етеді. Әйел режиссерлердің өздеріне деген сенімдері бек мол. Олай болуға да толығымен себептері бар. 

Бұл жылғы фестивалде әйел режиссерлер, сценаристер мен операторлар және актрисалар жоғары бағаға ие болды. Атап айтар болсақ фестиваль жюриінің арнайы жүлдесін жарысқа түскен «Capharnaüm» фильмінің режиссері Надине Лабаки алды. Ең жақсы сценарий жүлдесін Аличе Рорвахер (фильмнің аты: Lazzaro Felice) мен Ирандық режиссер Джафар Панахидің фильмі «Үш беттің» сценаристі Надер Саэйвар өзара бөлісті. 

Әрине, киноиндустриядағы сексизмнің толықтай жойылып кетуі үшін көп еңбектенуіміз керек. Бұл тұрғыдағы әрекеттер енді жиі кездесетін болады. Гендерлік мәселеге бей-жай қарай алмайтын жандардың арқасында 71-ші Канн кинофестивалі бүкіл әлемнің көзіне ақиқатты ашып салуға мәжбүр болды.