Дархан Өмірбек: «Шынайы демократия болу үшін ашық қоғамдық дискуссия әрдайым қорғалуы тиіс»

13 минут Молдир Мухит
Дархан Өмірбек: «Шынайы демократия болу үшін ашық қоғамдық дискуссия әрдайым қорғалуы тиіс»

— Оқу қалай болды? Қандай сабақтар алдың?

Сабақ тамызда басталып, мамырда аяқталды. Алғашқы айда тек бір ғана сабақ болды.

«Reporting» деген сабақ аясында Нью-Йорк көшелерінде адамдармен тіл табысып, тақырып іздеп, мақала жазуды үйретті. Әр аптада бір мақала өткіземіз. Әр мақаланы жазар алдында үш тақырып ұсынамыз. Тақырып ұсынарда мәселенің өзектілігіне, жаңашылдығына мән беріп, кейіпкерін көрсетеміз. Жаңа ел, жаңа қала болған соң тақырыпқа кейіпкер табу өте қиын болды. Арасында бір-бір аптадан фото, видео және аудиоға кіріспе сабақтарын алдық. Ол жерде де тақырып ұсыну басты уайым болды. Сол баяғы кейіпкер мәселесі. Көзге оңай түсетін тақырыптар жергілікті басылымдарда кеңінен қамтылған. Сөйтіп жүргенде, америкалық журналистер назарынан тыс қалатын Бруклиндегі пост-кеңестік иммигранттар туралы жаза бастадым. Орыс және қазақ тілін білуім америкалықтар жете алмаған тақырыптарды қозғауыма себепші болды.

Осы ретте журналистиканы Нью-Йоркте оқудың артықшылығы қатты білінді. Мұнда неше түрлі мәдениет пен дәстүр тоғысқан. Көшедегі әрбір адамды тоқтатып, сөйлесе кетсең, басынан сан қилы жағдай өткен қызық кейіпкер болып шыға келеді. Бірде көшеден блиц-пікір жинап келуді тапсырды. Сөз еркіндігі жоғары болғандықтан адамдар өз басындағы мәселені қысылмай айта береді. Таңғалғаным, көшеде келе жатқан адамды тоқтатып, елде болып жатқан оқиғаларға қатысты пікірін сұрай қалсаң, уақытын бөліп, тәптіштеп түсіндіріп береді. Студент екенімді, пікірдің шынайы басылымда жарық көрмеуі мүмкін екендігін білсе де, жауап беруден қашпайды. Қайта студентпін деп айтсам, көмектесуге тырысады.

Дархан омирбек

Бұдан өзге «Медиа этикасы», «Медиа заңы», «Медиа бизнесі» дейтін міндетті сабақтар болды. Бір ай көше кезіп жүрген кезіміздегі мәселелерді осы сабақтарда талқыладық. Осы үшеуінен «Медиа заңы» пәні ерекше ұнады. Оқытушымыз — әлемнің түкпір-түкпірінде компаниялар мен саясаткерлер басылымдарды «ғайбаттады» деген айыппен сотқа тартқанда, сол басылымдарды қорғайтын адвокат. Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар. Бірде, сабақ арасындағы үзілісте жанына барып, Ли Куан Юдің журналистермен соттасуы жайында бір сұрақ қойып едім, «Ли Куан Ю ма, мен онымен де соттасқанмын» деді күлімсіреп.

Сабақтың мәні — журналистерді сотқа тартпау үшін немесе сотқа тартқанда ұтылмау үшін қалай жұмыс істеу керектігін үйрету. Сонда АҚШ журналистика тарихында шешуші рөл атқарған екі сот тартысын талқыладық. Біріншісі — «Пентагон қағаздары» (Pentagon Papers). АҚШ-тың Вьетнам соғысындағы сәтсіздіктерін әшкерелейтін «мемлекеттік құпия» саналған құжаттарды жариялағаны үшін үкімет Нью-Йорк Таймс газетін сотқа беріп, бұдан әрі әлгі құжаттарды жариялауға сот арқылы тыйым салдыртады. Қандай да бір істі жасауға не жасамауға сот арқылы мәжбүрлеу ағылшын тілінде «injunction» немесе «gag order» деп аталады. Іс АҚШ-тың Жоғарғы сотына барып, Нью Йорк Таймс жеңіп шығады. Сол кезден бастап АҚШ үкіметінің «мемлекеттік құпия» деген желеумен ел азаматтары білуі тиіс ақпаратты жасыру әжептәуір қиындай түседі. Екі жыл бұрын шыққан «The Post» фильмі осы тартысты Вашингтон Таймс газетінің көзқарасы тұрғысынан көрсетеді.

Екінші кейс — Салливан мен Нью Йорк Таймс тартысы (The New York Times Co. v. Sullivan). Қазақ журналистері мен саясаткерлері үшін білуге міндетті кейс дер едім. АҚШ-та 1964 жылға дейін шенеуніктер журналистерді ғайбаттады деп оп-оңай сотқа тартып, жазалай алатын. Аталған кейстен кейін жағдай өзгерді. Нью Йорк Таймс 1960 жылы бір топ африка-америкалық белсенділердің атынан хабарлама жариялайды. Ол жерде Монтгомери қаласындағы Алабама колледжінде қара нәсілді студенттердің құқығы үшін күрескен студенттерге жергілікті полиция зорлық көрсетті деп жазылған. Полиция жұмысына жауапты Қоғамдық қауіпсіздік комиссары Лестер Салливан беделіме нұқсан келді деп Нью Йорк Таймсты және хабарламаны жариялаған белсенділерді сотқа береді. Алайда Жоғары сотқа жеткен бұл тартыста Салливан жеңіледі. Осы сот ісінен бастап журналистті «ғайбаттады» деп сотқа тартпас бұрын саясаткерлер мен қоғамға белгілі тұлғалар екі ойланады. Олар журналист өздеріне қатысты мәлімдемені жалған екенін біле тұра қасақана жариялағанын дәлелдеуі қажет. Америкада мұны «actual malice» ережесі дейді, яғни дәлелдеу міндеті айыпталушыдан айыптаушыға ойысты.

Белгілі бір адам сізге сұхбат беріп, «А» деген саясаткер мынадай әрекет жасады десе және сіз сол «А» деген саясаткерден тағылған айып бойынша пікірін сұрап, бірақ ол жауап бермесе, мәлімдемені жариялағаныңыз үшін сізді сотқа берген жағдайда «А» деген саясаткер мәлімдемені жалған екенін алдын ала білгеніңізді дәлелдеуі тиіс. Ал сот тәжірибесінде бұл өте қиын шаруа. Сол себепті, танымал адамдар нақты дәлелі болмаса, журналистерді «ғайбаттау» бойынша сотқа бермейді.

Бұл екі кейсті АҚШ журналистерінің бәрі түгелдей біледі. Журналистика мектептерінде бұл екі кейс аталмай қалмайды. Маған қатты әсер еткені — осы шешімдерге келген АҚШ Жоғары соты төрешілерінің дәйектері.

Бір-екі мысал келтіре кетейін. АҚШ сот жүйесі прецеденттік болған соң, Нью Йорк Таймс пен Салливанның тартысында Уиллиам Бреннан дейтін АҚШ Жоғарғы сотының төрешісі алдыңғы сот істеріндегі төрешілердің пікірлерін келтіреді.

«Дін мен саясат әлемінде өткір қарама-қайшылықтар болады. Екі тарап үшін де қарсы жақтың ұстанымдары қате саналады. Өзгені өз пікіріне сендіру үшін жақтаушы … шіркеуде немесе мемлекетте беделді адамдарды балағаттауға, әсірелеуге бейім болады. Бірақ уақыт көрсеткендей бұл еркіндік өзгеге қиянат жасау болып көрінгенімен, ұзақ мерзімде азаматтарды ағарту ісінде қажет. Еркін пікірталаста жансақ мәлімдеме айтылмай қалмайды, бірақ ол ой еркіндігінің аман қалуы үшін қорғалуы тиіс» (N. A. A. C. P. v. Button, 371 U.S. 415,433) дейді.

Осы ойды жалғастыра отырып, төреші Бреннан Едгертон дейтін төрешінің сөзін мысал етеді: «Саяси әрекет туралы қате ақпарат таратқаны үшін жазалау — басқарылып отырғандар басқарушыларды сынамау керек деген ескі доктринаның көрінісі… Қоғам мүддесі арыз берушінің немесе кез келген жеке адамның мүддесінен басым түседі. Қоғам мүддесі арқылы пікірталас ғана емес, сонымен бірге келетін ақпарат та қорғалады…».

Өз сөзіммен айтқанда, шынайы демократия болу үшін ашық қоғамдық дискуссия әрдайым қорғалуы тиіс. Қоғамдық дискуссияның еркін болуы бұл елдің мүддесі және кейде тіпті кейіннен жалған екендігі белгілі болған мәліметтер де қоғамдық дискуссияға әкеліп, халықтың ел тағдырын шешетін немесе бұқараға ықпалы бар адамдар туралы түсінігін кеңейтеді.

Осы ретте біздің министрлер мен әкімдердің «менің репутацияма зиян тигізді» деп басылымдарды миллиондаған теңгеге сотқа тартып, жазалап жатқаны есіме түседі. Бір жазаланған басылым екінші рет еркін пікір білдіре алмайды. Егер басылым еркін пікір білдіре алмаса, халықтың ақпарат алуы шектеледі. Ал халықтың ақпарат алуы шектелсе, тиранияға жол ашылады.

 

— Бұл журналистиканың негіздерін түсінуге арналған пәндер екен. Ал қабілетті шыңдау тұрғысынан қандай сабақтар болды?

«Narrative writing», «Investigative techniques», «Cross-Border investigation» және «Journalist as Historian» дейтін қабілетті шыңдайтын пәндерді оқыдым. Сонымен қатар, «Data» сабағының кіріспесіне қатысып, фото журналистика негіздерін меңгердім.

 

— Профессорлар мен группаластарының саған деген қарым-қатынасы қандай болды?

Тобымызда халықаралық студенттер баршылық еді. Бірақ бастапқыда мен олармен салыстырғанда әлсіздеу болдым. Олар халықаралық студент болғанымен, бакалавриаттық білімін не АҚШ-та, не ағылшын тілді елде оқығандар. Ал мен болсам, ағылшын тілді академиялық ортаға алғаш рет түсіп отырмын. Бірақ суретке не видеоға түсіру секілді техникалық қабілетті қажет ететін тапсырмалар бойынша қатарластарымнан артық болмасам кем болмадым. Қанша дегенмен видеоны монтаждау бойынша тәжірибем бар еді. Режиссерлермен жақын жұмыс істеген соң мағыналы фотоның да негіздерін білетінмін. Ал жазуға келгенде аздап қиналғаным рас. Алғашқы айлары еркін көсіле алмадым. Бірақ тобымдағы әріптестерім тексеріп беріп, көмектесіп жүрді. Оның үстіне, факультетіміз мен секілді тілден қиналып жүргендерге зор жағдай жасап қойған. Екі деңгейлі жазу инструкторлары бар. Бірі — тек грамматиканы тексеретін филолог болса, екіншісі — cтилистиканы түзететін зейнеткер журналистер. Бастысы, апта басында жазылып үлгеру керек.

Профессорлар мұнда сынай бермейді. Артықшылығың болса, соны ерекшелеп, кемшілікті білдіртпей айтуға тырысады. Тапсырманы қалай орындасаң да жылы лебізге ие боласың. Бұл жердегі қиыны бітірген жұмысыңды топ алдында таныстырасың. Жеңіл-желпі дайындықпен келсең, курстастарыңның еңбегін көріп, өз жұмысыңмен бөліскің келмей қалады. Бірақ одан қашып кете алмайсың. Екінші рет ұятқа қалмауға тырысасың. Мен үшін басты челлендж курстастарымның алдында ұятқа қалмау болды. Сенбі-жексенбі демалайын десең, олар біреумен сұхбат алып, бір іс-шараға қатысып, я болмаса көрші қалаға қыдырып барып, әйтеуір, бір әрекет етіп жатады. Ешнәрсе бітірмегенің үшін өзіңді кінәлі сезінесің. Тыныс алуға мүмкіндік бермегені болмаса, курстастарымен жақсы қарым-қатынаста болдым.

дархан омирбек

— Бағалау жүйесі қалай болды? Стандартты A, B, C ме?

Бізде A, B, C немесе 5, 4, 3 дейтін баға болмады. Не құлайсың, не өтесің — негізгі қағида осы болды. Университеттегі алғашқы күні бізге «қорықпаңдар, бәрің аман-есен бітіріп шығасыңдар» деп жұбатып қойды. Сабақтан қалмай, тапсырманы қалай болса да өткізіп отырсақ, құламайтынымызды білдік. Бағаның төрт түрі болды: fail, low pass, pass және honor. Cоңғысы — 16 адамдық топтан тек екі ғана адамға берілетін жоғары баға. Екі сабақтан сол жоғары бағаны алдым: «Photo journalism» және «Journalist as Historian» («Фотожурнализм», «Журналист тарихшы ретінде») сабақтары. Соңғысы менің ең сүйікті пәнім болды.

 

— Неліктен?

Көктемгі семестрде алған сабағым. Күзде «Narrative writing» деген сабақ алдым. Ол жерде оқырманды еліртіп әкететін мәтін жазудың негіздерін үйретті. Қорытынды жұмысымыз 2000 сөздік әңгіме еді. Көктемде осы сабақтың жалғасы болатын, бірақ одан әрі тереңдейтін пәнді таңдағым келді. Екі пән іріктеліп шықты. Екеуі де кітап жазуға байланысты. Біріншісі дәл солай «Кітап жазу» деп аталса, екіншісі «Журналист тарихшы ретінде» болды. Біріншісін таңдауға батылым жетпеді, себебі ол сабақтың қорытынды тапсырмасы жоспарлаған кітабымыздың алғашқы тарауын жазу еді. Магистрлік жұмысыммен қатар келіп, үлгермей қаламын ба деп екіншісіне көз салдым. Оның да тапсырмасы оңай емес, бірақ жеңілдеу.

Бір тараудың орнына бір ғана бөлім жазсақ жеткілікті. Соның өзі 4 000 сөздік жазба. Академиялық жазба тұрғысынан оңай көрінуі мүмкін, бірақ журналистік еңбек болған соң, әрбір сөз қатаң тексеруден өтеді. Cонымен не керек, бұл сабаққа да үш тақырып ұсыну керек болды. Әр тақырыпқа талап қойылды. Тақырып оқиғаға негізделсе, ол оқиға соңғы елу жылдың ішінде болуы тиіс. Себебі, оқиға куәгерлерінен сұхбат ала алуымыз керек еді. Архивпен жұмыс істеп, тақырып бойынша бұрын-соңды жарық көрмеген материал табу қажет болды. Тақырып табу дейтін бас ауруына тағы тап болдым. Бірақ жеке кездескенде оқытушымыз оқудан кейінгі жоспарымды сұрады. Елге қайтатынымды білген соң, өз елімнің оқырмандары үшін қызықты болатын тақырып таңдауға рұқсат берді. Бастапқыда тақырыбымыз АҚШ аудиториясына арналуы керек болған. Қазақстан оқырмандарына қызық болатын, соңғы елу жылда болған, архивте жарияланбаған материалдары бар қандай тақырып болуы мүмкін?

Ойыма біреуі ғана келді — 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының Колбиннің тағайындалуына қарсы шеруі. Күзде Кеңес Одағының соңғы жылдары NPR радиосының Мәскеудегі меншікті тілшісі қызметін атқарған тәжірибелі журналистпен әңгімелескенде, ол 1987 жылғы тамызда Литвада болған шеруге қатысқанын және оның Кеңес билігіне қарсы алғашқы шеру екенін айтып қалды. «Алматыдағы шеру ше?» деп мен сұрадым. Естімегенін айтты. Ол кезде батыс басылымдарының меншікті тілшілері көбіне Мәскеуде болып, КСРО-ның тек батыс бөлігіне назар аударғанын айтты. КСРО-ның Орта Азия елдеріндегі оқиғалары қамтылмаған. Оның үстіне дәл сол оқиға болған күндері және одан кейінгі жылдары КСРО билігі Алматыға ешқандай шетелдік журналистерді жолатпаған. Амалы қалмаған батыс басылымдары ИТАР-ТАСС берген ақпарға сүйенген. Кеңес одағын қызықтайтын көптеген америкалық маманның Алматы оқиғасы туралы білмейтінін аңғардым. Қазақ ашаршылығы туралы кітап жазған Сара Камерон да советологтар Орталық Азияны мүлдем назардан тыс қалдырғанын айтты. Сөйтіп не керек, осы тақырыпты ұсынып көрейін дедім. Оның үстіне, қазақ жастарын аяусыз жаныштауға жауапты Горбачев батыс әлемі үшін батыр екені ойымда бар.

дархан омирбек

Сөйтіп «Алматыдағы 1986 жылғы cтуденттер шеруі — Горбачевтің „ашықтық“ саясатының алғашқы сынағы» дейтін тақырыпты ұсынғанда, оқытушым да, сыныптастарым да бір ауыздан қолдай кетті. Бағыма орай, Гершом Горенберг дейтін оқытушымның КСРО-ға деген қызығушылығы жоғары болып шықты. Ұлты еврей, кезінде өзінің ата-бабасы Украинадан бас сауғалап қашқан. Ол маған тақырыбың Америка аудиториясы үшін де қызық болуы мүмкін деді. Себебі бұл Горбачев туралы түсінікті кеңейтуі мүмкін деді.

Тақырыбым бекітілді, бірақ оқиға Алматыда болды, ал мен Нью-Йорктемін. Архивпен қалай жұмыс істеймін деген сұрақ пайда болды. Желтоқсан оқиғасы қатысушыларының бірі Ерлан Декелбаймен сөйлескенімде, 1990-шы жылдары Кетрин Косман дейтін америкалық журналист өзінен сұхбат алып, мақала жариялағанын айтты. Іздене келе Косманның журналист емес, Human Rights Watch ұйымының өкілі болғанын және ол жетекшісі Джери Лабермен бірге 1990 жылғы мамырда Қазақстанға барып, Желтоқсан оқиғасы қатысушыларымен тілдесіп, сол жылы қазан айында баяндама жариялағанын анықтадым. Ресми баяндама болған соң, түзетіледі, кесіледі. Жарияланбай қалған деректер болуы мүмкін екендігін біліп, авторларына іздеу салдым. Қайткен күнде әлгі баяндаманың маңызы зор еді, себебі ол жердегі мәліметтер оқиға қатысушыларының естеліктері бұзылмаған кезде алынған.

Косманды іздестіріп жүргенде, Human Rights Watch ұйымының архиві бар екенін және оның Колумбия университетінің кітапханасында орналасқанын білдім. Бірақ алдымен материалдарға тапсырыс беріп, бес күн күту керек болды. Джери Лабердің файлдарына тапсырыс беріп, Вашингтонға аттанып кеттім. Колумбия округіндегі Вашингтонда тұратын Косман үйіне шақырды. Қызметі кезінде пайдаланған дәптерлерін түгелдей жинап жүр екен. Шаң басқан сөрелерінен 1990 жылғы сұхбаттарының дәптерлерін тауып алдық. Нью-Йоркке оралып әлгі архивке бардым. Ол жерден Косман мен Лабердің өңделмеген түпнұсқа баяндамасын тауып алдым. Түпнұсқа Human Rights Watch ұйымына маусым айында жіберілсе, оған түзетулер мен толықтырулар еніп, қазанда бір-ақ жарияланған. Ресми баяндамада көптеген адамның аты жасырылса, түп нұсқада кімнің кім екені толық жазылған. Осылайша күтпеген жерден, екі көзден екі материал таптым. Қорытынды жұмысымның қысқартылған нұсқасы journalist-historian.org сайтында жарияланды.

 

— Үйренгенің көп болар, ерекше есіңде қалғаны бар ма?

1770 жылғы 12 наурызда Бостон қаласында жарық көрген мақала «Сағат тоғыздан санаулы минут өткенде» деп басталады. Түсінесіз бе, мақала үш ғасыр бұрын жарық көрген. Біз мақаладағы оқиғаның күнін ғана емес, нақты уақытын да біліп отырмыз. Енді Қазақстанға оралайық. Менің әжем өзінің туған күнін білмейтін. «Бидай орақ уақытында дүниеге келгем» деп отыратын. 1920-30 жылы өмір есігін ашқандардың көбі туған сағатын айпағанда, туған күнін де білмейді.

Дэвис қаласында жүргенімде бір күні жергілікті зиратқа бардым. Таңғалдырғаны, XVIII ғасырдың басында туып, ортасында қайтыс болғандардың мәйіті көп екен. Қызығы, туған күні де, қайтыс болған күні де жазылған. Ал менің ауылымдағы мазаратта ең ерте жерленгені 1970-жылдарға келеді. Атамның әкесі қайда жерленгенін білмейміз, мысалы.

Осы екі нәрсе қатты ойландырды. Жазу мәдениетінің кең тарамауы, көшпелі өркениет, Сталиннің зұлым саясаты тарихымызды тануға үлкен кедергі келтіргенін ұқтым. Ағылшындар да, америкалықтар да қайда барса да күнделік толтырып жүрген. Күннің қандай болғаны, кіммен кездескені, оқиғаның қай уақытта болғаны — бәрін жазып жүрген. Сол күнделіктер уақыт өте таптырмас дерекке айналған. Күнделік жазу мәдениеті еврейлерде де жақсы тараған екен. Нәтижесінде, бүкіл әлем Араб-Израиль шиеленесіне көбіне еврейлердің көзқарасымен қарайды, өйткені олар өз өмірін қағазға түсіріп отырған.

Ал біз ауыз әдебиетіне қатты сенгенбіз. Жазу сауаттылығы бола тұра, біз, қазақтар, әлі күнге дейін күнделік жазбайды екенбіз. Күнделік жазбайтындардың қатарында өзім де бармын. Адамның есте сақтау қабілетінде ақау бар. Біздің жадымыздағы естеліктер уақыт өте келе не ұмытылады, не өзгеріске ұшырайды. Қағазға түскен жазбадан артық дерек жоқ. Мұны естіген адамның жеке күнделік пен тарихтың қатысы қанша деуі мүмкін.

Егер әрбір адам күнделік жазып, кейіннен мемуар жарияласа, келешекте тарихшыларға осы кездің келбетін қалпына келтіруде таптырмас дүние болады. Сіз жеке өміріңізді жазғанымен, сіздің жеке өміріңізден оқиғалар осы кездегі саяси шешімдердің, қоғамда болып жатқан өзгерістердің айнасы саналады.

Артта қалған уақыт — қараңғы кеңістік те, әрбір дерек, әрбір естелік сол қараңғы кеңістіктегі жарық нүкте. Неғұрлым көп дерек болса, көп жеке естеліктер болса, әлгі қараңғы кеңістік жарыққа айналады. Тарихымыз ұрпаққа аян болады. Осы ойды ерекше атап өтер едім.

Статьи STEPPE

 Женщины, которые меняют мир

 Женщины, которые меняют мир

О том, как у них получилось открыть свое дело, а после — найти настоящую суперсилу.  Сегодня...

15 минут
15 минут
Респираторно-синцитиальный вирус: как отличить от гриппа и защитить ребенка

Респираторно-синцитиальный вирус: как отличить от гриппа и защитить ребенка

Мы побеседовали с Ляззат Тасбулатовной Ералиевой — педиатром, детским инфекционистом, доктором медицинских наук и...

6 минут
6 минут
Кто такой продакт-менеджер и почему ИИ не сможет заменить эту профессию

Кто такой продакт-менеджер и почему ИИ не сможет заменить эту профессию

Искусственный интеллект является удобным инструментом для работы, но не сможет заменить все профессии. Таким мнением поделился...

9 минут
9 минут
Как укрепить иммунитет детей и защититься от инфекций в холодный сезон: интервью с вирусологом Асель Мусабековой

Как укрепить иммунитет детей и защититься от инфекций в холодный сезон: интервью с вирусологом Асель Мусабековой

Асель Мусабекова — биолог и консультант по иммунизации, а также многодетная мама, имеющая степень Ph.D в молекулярной биологии...

6 минут
6 минут