Женщины, которые меняют мир
О том, как у них получилось открыть свое дело, а после — найти настоящую суперсилу. Сегодня...
Наурыз айында кәсіпкер Айнагүл Хамитова балаларға арналаған көрнекті жоба — алуан түрлі халық ертегілері топтастырылған «Дарынды бала әлемін» көпшілік назарына ұсынды. Жоба өзінің алғашқы кішкентай оқырмандарын да тауып үлгерді. Көп балалы Айнагүл мен Қайрат Хамитовтар осыдан 10 жыл бұрын Қарағанды қаласында «Дарынды бала» көшбасшылықты дамыту орталықтарын ашып, күні бүгінге дейін үш мың баланы тәрбиелеп шығарды.
— Айнагүл, сіз жақында «Дарынды бала әлемі» жобасын ресми таныстырдыңыз. Ертегілер жинағының бұл бірегей идеясы қайдан келді және оның басты мақсаты не?
— Расында, ертегілерді ата-әжелеріміз де, біз де тыңдап өстік. Қазақ әдебиеті ертегілерге өте бай ғой. Жазда балалар ауылға, ата-әжесіне, туыстарына барып, аз да болса қаланың кейбір қылықтарынан арылушы еді. Қазір бұл үрдіс сиреп барады. Алысқа бармай-ақ, өз балаларымды мысылға келтірейін. Олар үлкен қалада өсіп жатқандықтан бірте-бірте дәстүрден алшақтауда. Сондықтан, оларды қалай да ел тарихына, эпос пен аңыз кейіпкерлеріне жақындатқым келді. Негізі, бұл идеяның жүрекке ұялағанына бірталай жыл болды.
Осыдан он бес жыл бұрын жолдасым Қайрат екеуміз Қарағандыда «Дарынды бала» атты балаларға арналған көшбасшылықты дамыту орталығын аштық. Сол кезде орталыққа қазақ тіліндегі кітаптарды іздестіріп, нарықтан сапалысын таппай қиналдық. Содан ойыма балаларға арналған әлем халықтарының даналығын паш ететін ертегілер жинағын құрастыру идеясы келе бастады. Бұл арман жібермеді. Сөйтіп, 2018 жылы «Дарынды бала әлемі» жобамызды жүзеге асыра бастадық. Жолдасым идеяны барынша қолдап, инвестор болды. Сізге өтірік, маған шын, содан бері мыңдаған ертегі оқылды. Солардың ішінен екі жүзін іріктеп алдық. Ертегілердің бәрі мейірімге, ғибратқа толы. Қазіргі таңда елу ертегі қазақ тіліне аударылып, бейімделіп, жинаққа енді. Біз тек қазақ ертегілерін ғана емес, жапон, корей, скандинав, чех және басқа да әлем халықтары ертегілерін сұрыптап алдық. Аударманың сапасына аса үлкен мән беріп, ертегілердің тілін өте жеңіл әрі түсінікті етуге тырыстық. Меніңше, жинақ шынайылық пен отбасылық жылулыққа толы болып шықты, қабылдауы жеңіл, әрі балаларға деген шексіз сүйіспеншілікке толы.
Аудармамен балаларға арналған қазақтілді басылымдарда үлкен тәжірибесі бар кәсіби мамандар және редакторлар айналысты. Командамызда суретші Жанар Ерланқызы (әлеуметтік желіде @suretwi лақап атымен танымал), жинақтың редакторы Гүлзия Сейітова, корректорлары Жансая Мирзақұлова мен Анна Шабалдина, креативті бастаушы Олеся Гордиенко және өте талантты дизайнер Айдос Кенебаев болды. Аянбай еңбек еткен, «Дарынды бала әлемі» жобасына қосқан елеулі үлестері үшін оларға алғыс айтқым келеді. Әр ертегінің мазмұнын, мәнін ашатын иллюстрацияларды Жанар ерекше ықыласпен жасап отырды. Қазақстанда басылды, жалпы бұл таза қазақстандық өнім.
— Ертегі жинақтарының әрбір томы 10 000 дана таралыммен шықты. Бұл үлкен күш пен ресурстарды талап ететін инвестиция. Дижитал әлем көш бастап тұрған заманда дәстүрлі кітаптар қызық болмайды деген ой мазаламады ма?
— Біздің жоба ата-аналарға арналған. Әсіресе аналарды шабыттандырсақ дейміз. Әрбір ана — ұлттың болашағына жол бастайтын түпсіз қазына. Сондықтан біз аналарға арналған заманауи, тартымды өнімдерді жасағымыз келді. Ертегілер жинағының түрлі-түсті, көркем безендірілген мұқабасы мен іші-сырты, шрифті оқуға жеңіл болса, аналар да шабыттанады, балалардың да оқуға деген ықыласы артады.
Бала-шаға қазір шүкір өсті. Алдыңғы екеуінің тәрбиесіне ата-әжесі де жауапты болды. Біз жаспыз, жолдасым екеуміз бір бөлмелі пәтер жалдап тұрдық. Оны былай қойғанда, бертінде де Астанада он шақты рет көшіп-қонып үлгердік. Сөйтіп жүргенде, үлкендерім ақшаның жеткіліксіздігінен телефондар мен гаджеттердің не екенін білмеді. Керісінше, кәдімгі дәстүрлі кітаптарды, соның ішінде ертегілерді көп оқитын. Енді, несін жасырамыз, кейде балалар кітаптарды жыртып, сызып тастайтын. Бірақ соған қарамастан олардың балалық шағы кітап оқумен өтті. Дүниеге әуесім аса бола қоймады, балалармен дүкенге жаңа кітап сатып алуға арнайы баратынбыз. Кейде, алдымен кітап, сосын заттарды сатып алушы едік. Білесіз бе, мұның бәрі түбінде балаларымызға өте жақсы әсер етті.
— Дегенмен балаларға арналған кітаптарды шығаруды таңдауыңызға, «Дарынды бала әлемі» жобасын жасауға не түрткі болды?
— Адам елу жасты еңсергенде өткеніне бір қарап, өмірінің белгілі бір кезеңін қорытындылайды екен. Сол кез бізге де келген сияқты ғой (күлді). Елде қиындықтар жеткілікті, әсіресе бизнесті дамытуда кедергілер аз емес. Осы ретте өзіме «не істедім?» деген сауал қойдым. «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, ертең артымыздан бір өлмейтін дүние жасау керектігін ұғындым және соны жүзеге асыруға тырыстым. Үйде тоғызыншы баламын, өкінішке орай әкем мен туғанда дүниеден өтті. Сөйтіп, анам бізді жалғыз өсірді, ара-тұра ата-әжеміз көмектесіп тұратын. Былайша айтқанда, өте қарапайым жағдайда өстік. Бала кезімізде ойыншық та болған жоқ, бірақ біз көп оқитынбыз. Ауылдағы қиыншылықтарға қарамастан анам өте шығармашыл адам болатын, үй шаруасына да пысық еді, үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын. Шаруаның көптігіне қарамастан әр балаға көңіл бөліп, бізді қуантқанды жақсы көретін, қуыршақтардан және ертегі кейіпкерлерімен театрландырылған қойылымдар ұйымдастыратын. Содан біз өзімізді әлгі ертегі кейіпкерлеріне ұқсатып, армандағанды ұнататынбыз. Қарап отырсам, балалық шағым осылай тамаша естеліктерге толы екен. Әлгі сұрағыңызға жауап осы шығар — «Дарынды бала әлемі» ертегілері балаларымыз бен немерелерімізге қалатын мұра. Иә, осы ниет түрткі болды.
Бастапқыда балалар әдебиетіне келуге жүрексіндім. Тіпті, бұл идеядан бас тарттым. Шығынды бизнес болатынын жақсы түсіндік. Шығын көп деп отырғаным, шикізат, қағаз – бұл баспа бизнесіндегі өте қымбат нәрселер. Десе де, өзіңіз көріп отырғандай, күрделі қаржы құйып, жобаны бастадық. Көш жүре түзеледі деп, тәуекелге бел будық. «Біз болмасақ, кім жасайды?» деген көкейдегі сауал маза бермеді. «Дарынды бала әлемі» жобасын тек гуманитарлық немесе тәрбиелік мәні бар жоба ретінде ғана қарастыруға болмайды. Бұл — бизнес-жоба. Біз қазақ баспа саласының дамуына серпін беруді көздейміз.
Ақырындап кітап дүкендеріне ертегілерімізді ұсынып жатырмыз. Олар да сатып алуға ниетті. Ата-аналардың кітап іздеп, балаларын қазақ тіліне үйретуге мүмкіндік іздейтінін көріп жүрміз ғой, сондықтан «Дарынды бала әлемі» жинағындағы ертегілер қазақстандық отбасылардың, бұйыртып жатса, шетелдегілердің де сөрелерінен орын алады деп сенемін. Дижитал әлемде қажет болмайды деп ойламаймын да.
Ал негізі, ертегілер кез келген баланы батылдыққа, тапқырлыққа, табандылыққа баулиды, әділдікке деген сүйіспеншілікті оятып, бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырады. Ертегінің кейіпкерлері түрлі шытырман оқиғаларды бастан кешіреді, мұнда ата-ана жоқ, кейіпкерлер өздерінің тапқырлығы мен батылдығына сүйенеді. Яғни осы ертегілер арқылы балалардың бойында дербестік, еркіндік, көшбасшылық сынды қасиеттер қалыптасады.
«Дарынды бала әлемі» жинағы ата-аналар үшін де үлкен тәрбиелік жоба. Күнделікті күйбең тіршілік расында да бізді күйзеліске алып келеді, ал ертегі медитация секілді сол күйзелістен шығарады немесе сақтайды. Үлкендер өз балалық шағын, армандарын еске алып, бір сәтке болсын жаттанды шаблондардан арылады, балаша қуанады.
— Үлкен ұлыңыз Ерлан 24 жасында Forbes-тің «30-ға дейін» рейтингіне енді. Ванкувердегі (Канада) Дуглас колледжінің түлегі Қазақстанға келген бойда Sweatberry Tours саяхат жобасын жасады. Ал үлкен қызыңыз Айдана танымал қобызшы, әлемнің көптеген сахнасында өнер көрсетіп жүр, қазақ мәдениетін дәріптейтін «Өртеке» жобасын бастады. Басқа кіші балаларыңыз туралы не айтасыз?
— Жалпы бұл ұрпақтың санасы мүлдем бөлек! Біздің балалар музыкаға, спортқа, қолданбалы өнерге жақын. Заман ағымына сай жаратылыстану және нақты ғылымдардың негіздерін үйреніп, шетел тілдерін меңгеріп жүр. Кішілерім дүниеге келген соң, балалардың мүмкіндігі шексіз екенін түсіндім. Табиғи бейімділіктен басқа, көп нәрсе қоршаған ортаға байланысты. Оның ішінде цифрлық, яғни жоғарыда сіз айтқан дижитал орта да бар. «Дарынды бала әлемі» ертегілер жобасының қағаз нұсқасынан бөлек, осы балаларға қарап, аудио, яғни цифрлық жобасын жүзеге асыру керектігін түсіндік. Мұнда үлкен қызым Айданның көмегі көп болды. Ертегілерді дыбыстау үшін Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының әртістерін шақырдық. Ертегілердің фондық рәсімдеуімен Айдана өзі айналысты. Сықырлаған қардың, тамшылаған жаңбырдың дыбыстары, қойдың маңырағаны, әтештердің сайрағаны ерекше әсер қалдырады. Мұның бәрі балалардың қиялын, қазақша сөйлеуін, қабылдауын, актерлік шеберлігін дамытуға көмектеседі.
Ертегілер daryndybala.kz сайтында бар. Кез келген адам ертегілердің аудио нұсқасын тегін тыңдай алады. Сондай-ақ, аудио ертегілер жүктелген Telegram арнамыз да бар. Одан бөлек сымсыз мини-девайс ретінде кішігірім колонкалар шығардық. Дыбысы тұнық, өзі ықшам. Бұл блютузды динамикке 50 аудио ертегіні жүктедік. Жолда, көшеде, қонаққа барғанда тыңдай бересіз. Балалар ойынға, ютубқа алаңдамай, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерге бай ертегілерді тыңдап, бойына сіңіріп өседі. Шынтуайтында, менің кенже балаларымның қазақ тілін қабылдауына, қазақша сөйлеулеріне осы аудио ертегілер үлкен себеп болды. Орыстілді мектептен қазақ мектебіне ауысуына әсер етті. Түсінгенім, баланың ана тіліне деген сүйіспеншілігін бесіктен бастау керек. Бұған қатысты бастамалар елімізде 30 жыл бойы айтылып келеді. Ал оны іс жүзінде қалай жүзеге асырамыз? Айтарым, оның бірден бір жолы осы — ертегілер. Күнделікті аналар мен ұстаздардан көптеген лебіз естіп жатырмыз. «Дарынды бала әлемі» ертегілер жинағы қазақ тілін бала кезден үйренуге, ана тіліне деген сүйіспеншілікті оятуға көмектесетін таптырмас құралдың бірі.
Аудио ертегілер форматы жұмысбасты аналар мен әкелерге жақсы көмек. Мәселен, ас үйде тамақ пісіріп жатқанда, жұмыстан шаршаған кезде немесе жатар алдында балалар ертегі оқуды сұраған кезде, осы аудио ертегілерге жүгініңіз. Балаларыңызды балабақшаға немесе мектепке көлікпен апарғанда осы аудио ертегілерді қосып көріңізші, нәтижесі кәдімгідей қуантады. Олар да, сіз де аудионы тыңдаудан жалықпайсыздар. Тіпті, ата-ананың өзі әдеби қазақ тілінің сиқырлы аурасына еніп, бай мазмұнын ақырындап ұғына бастайды. Негізі, қарап отырсақ, көшпелі халықтың ұрпағы болғандықтан ба, ауыз әдебиетіне, әлгі халық шығармашылығына деген сүйіспеншілік жүректе өзінен өзі ояна бастайды.
— Бұдан бөлек ойыңызда жүрген қандай қызықты жобалармен бөлісе аласыз?
— Қазақтың ғалымы, ақыны Ахмет Байтұрсынұлының «Баяншы» атты шығармасының желісі бойынша аудиодәрістерді жазуды қолға алдық. Бұл осыдан шамамен жүз жыл бұрын жазылған ұлы ғалым-ағартушының ұстаздарға арналған әдістемелік құралы. Уақыт өтсе де жұмыс өзектілігін жоймаған. Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздарға берген ұсыныстарын, қазақ тілінің дамуы туралы жазбаларын оқығанда, оның өз заманынан қаншалықты үміттенгеніне, тілдік процестерді терең түсінгендігіне, оның ішінде қазақ тілін балаларға оқыту әдістемесіне көп көңіл бөлгендігіне таң қаласың. «Баяншыда» берілген ұсыныстардың көпшілікке жол тартуын қалаймыз. Осында айтылған салмақты кеңестерше ұстаздар мен қазақ тілінің өркендеуіне бей-жәй қарамайтындар назар аударса деп тілейміз.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)