ҚЫЗ ТАҒДЫРЫ:

ОНЫҢ БОЛАШАҒЫ – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ

қыз келіншектердің денсаулықтарымен гендерлік құқықтары туралы жоба

Жасөспірімдер денсаулығы

«Жасөспірімдер жоспарсыз жүктілікті қалай алдын алуға болатынын білуі маңызды»

Надя — некеден тыс бала туған жас қыз. Оның отбасы аборт жасатуды талап еткен. Олай еткісі келмеген Надя елордадағы «Ана үйінде» орналасуға бел буды.

Надя (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді), 20 жаста: «Жүкті екенімді білгенде, туыстарыма, түсік тастайтынымды жеткіздім; себебі ол жақта тұрмысқа шықпай бала туу деген жат нәрсе». Сөйтіп туған ауылыма бес ай бойы аяқ баспадым.

«Ана үйі» — отбасы теріс айналып, өзі мен баласының барар жер, басар тауы жоқ болғанда қоныстануына болатын әлеуметтік қайырымдылық мекемесі.

Бір өкініштісі, Надяның оқиғасы некесіз жүкті болған қазақстандық жас қыздардың біразына таныс. Жасөспірім қыздардың туу көрсеткіші 15-19 жас аралығындағы қыздардың мыңына шаққанда 25-ке жуық. Ал жүктілік көрсеткіші бұдан да жоғары.

Психотерапевт Жібек Жолдасованың Қазақстандағы туу мәселесі мен азаматтардың психологиялық жағдайы туралы сөз қозғайтын мына бейнежазбасымен танысуды ұсынамыз.

Надя: «Жігітпен 17 жасымда, осыдан үш жыл бұрын кездесе бастадым. Оның жасы 20-да болатын. Бірнеше айдан кейін анам қайтыс болып, сондай қиын кезде қасымда болғанын қаладым. Бір-бірімізге көмектесетінбіз. Елордаға көшерде оның тұрақты табысы болмай, оған қаржылық қолдау көрсеттім. Сөйтіп ісі өрге домалады. Артынша ол жүкті екенімді білгенде теріс айналып, басқаға үйленіп кетті».

Надя:«Қазір қызымның барына шексіз бақыттымын. Құшағыма басып, құшырлана иіскейтін сәбиім бар. Бала тууға шешім қабылдағаныма еш өкінбеймін».

Надяның екі әпкесі бар. Ал ағасы өзінен 14 жас үлкен. Ол қарындасының тіпті атын естігісі келмейді.

Надя: «Ол үшін мен отбасымызды қара бет қылған адаммын. Қала орталығынан 40 минуттық жердегі, Астана маңындағы кішкентай ауылдан шыққан қызбын ғой. Ол жерде өсек тез тарайды».

— Мұндай жағдайдан қашып құтылуға саған не көмектесер еді?

— Жасөспірім кезімде сыныптастарымның кейбірі алғашқы жыныстық қарым-қатынасын бастап кеткен еді. Ол кезде олар 15-16 жастағы бала-етін. Уақыт өте келе, артыма көз сала отырып, баланың ол кезде ештеңеден хабары жоғын, болашақта арты үлкен өкінішке апаратын қателіктерге бой алдыруы мүмкін екенін түсінемін.

— Оларға қандай кеңес берер едің?

— Меніңше, ата-аналар балаларымен бойжетке шағында жыныстық қатынас туралы жиі сөйлесуі керек. Биология пәнінде оқушылар өз тәнімен танысуы тиіс деп есептеймін. Мектептерде психологтармен сыныптан тыс сабақтар мен әңгіме өтуі қажет. Одан бөлек, ұлдар мен қыздар сақтанбаған жыныстық қатынастың неге әкеліп соғатынын, және оның артында қандай жауапкершілік жатқанын сезінуі керек. Өйткені бүгінде ол қателікке ұлдардан гөрі қыздар көбірек жауапкершілік жүгін арқалайды.

Сарапшы пікірі

Мектепте өнегелік-жыныстық білім бергеннен жасөспірімдер жыныстық қарым-қатынасты ерте бастайды деген пікір болғанымен, іс жүзінде олай емес. ЮНФПА-ның әзірлеген өнегелік-жыныстық білім беру курсы Қазақстанның бірнеше аймағында сынақтан өтті. Нәтижесінде курстан өткен жасөспірімдер жыныстық қатынасты кейінге қалдыруға бейім екені белгілі болды. Себебі олар ЖЖБИ туралы ақпаратты толығымен алып, қатарластарының қысымына қарсы тұра алып, жақсы әдеттерді бойға сіңіруге септінін тигізеді.

Дина Телтаева, Қазақстандағы ЮНФПА қоғаммен байланыс маманы: «Бойжеткен жоспардан тыс жүкті болып қалса не бозбалада жыныстық жолмен берілетін инфекция пайда болса,оның бірден-бір себебі ересектердің жасөспірімдерге көмектесе алмағаны. Олар әлі бала, мүмкіндік болса ересектерден ақыл-кеңес, көмек сұрар еді. Бәрін тегіс қамтитын жыныстық тәрбие маңызды машықтарды үйретіп, жыныстық қатынасты ерте бастаудың салдары туралы толық мәлімет береді: егер дайын болмасаң, қалай жүктіліктің алдын алуға болатынын, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларларды, соның ішінде ВИЧ-инфекция жұқтырмауды, зорлық белгісін тану мен оны болдырмауды, тең құқылы әрі дұрыс қарым-қатынас құруды, күйзеліске қарсы тұру мен қабілетіңді толық пайдалану және осы сынды өзге дүниелерді білуге болады».

Жақында ЮНФПА зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстандағы жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық қарым-қатынаста болғаны анықталды. Жыныстық қатынаста болғанын жасырмағандардың 14,8% жыныстық инфекция симптомдары бар екенін жеткіздіі. Дегенмен олардың 60% сол инфекцияны емдеу үшін медициналық көмек алуға бармаған. Ерте жыныстық қатынаста болғанын айтқан қыздардың 22% аборт жасатқанын мойындады.

Тағы бір зерттеудің қорытындысы бойынша, Қазақстандағы 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің көбі жоспарсыз жүктілікті болдырмайтын контрацепция тәсілдерін білгісі келетіні белгілі болды. Олар балалы болу қабілетін сақтау жолдарын көбірек белгісі келетіндер мәлімделді.

Аноним жасөспірім: «Неге біз геометрия, алгебра және өзге де пәндерді өтеміз де, псиохология мен отбасын құруды шетке ысырып тастаймыз? Бұл бізге шынайы өмір жайлы көбірек білуге көп көмектесер еді».

Надяның болашағы

Надя: «Қызыммен барынша көп уақыт өткізгім келеді. «Ана үйінде» қанша уақыт қалуыма болатынын білмеймін. Сәбиімнің әкесі қайта бірге болуға ниетті. Бірақ өмірімнің ол бөлімін жауып, әрмен қарай алға жылжығым келеді. Қызымның әке махаббатын көрмей өскені ауыр екенін білемін».

Қазір Надяның өмірі баланың қажеттіліктеріне бағынышты екені белгілі. Бірақ, «Ана үйі» Надяға құрылыс компаниясына жұмысқа тұруға көмектесті.

Надя: «Колледже қонақ үй бизнесі бойынша білім алдым. Енді соның көмегі тиеді деп сенемін. Өзімді де, қызымды да қамтамасыз ете аламын деп үміттенемін».

Отбасын жоспарлау

Отбасын жоспарлау арқылы адамдар қалаған бала санына қол жеткізіп, олардың арасында қанша жас айырмашылығы болатынын өзара шеше алады. Жоспарлаудың басты құралдары: контрацепция тәсілдерін қолдану және бедеулікті емдеу.

Отбасын жоспарлау қаншалықты маңызды?

1. Бұл әйелдің денсаулығын сақтауға көмектеседі

Заманауи контрацепция әдістері арқылы әйел тым ерте, тым кеш не тым жиі жүкті болуға жол бермейді. Мысалы егер әйел жақында ғана босанып, жүктілікке қарсы дәрі ішсе, оның денсаулығын сақтап, өзін дамытуға, отбасы мен балаларына еркін көңіл бөліп, тәрбие беруге мүмкіндігі болады.

2. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына септеседі

Дамыған елдерде контрацепция әдістерін қолдану түсік түсірудің орнын басады, бірақ туу деңгейін азайтпайды. Ал экономикалық дамуы төмен елдерде туу көрсеткіші төмендеп, түсік түсірудің саны көбейеді.

Жасөспірімдер жүктілігі көрсеткіші жоғары болуы да елдің кедейлігінің индикаторы саналады. Бұл көрсеткіш неғұрлым төмен болған сайын, жастардың жақсы білім алып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік молырақ.

3. Түсік түсіру санын азайтады

Қазақстандағы 15-19 жастағы сексуалды-белсенді әйелдердің 71% ешқандай контрацепция құралдарын пайдаланбайды. Бұл болса, қаламаған жүктілік пен босанудың көрсеткіші өседі. Қазіргі қолжетімді контрацепция құралдары түсік түсіру санын азайтады. Жасанды түсік соңы өлімге не өмір бойы бала сүю бақытынан айырылуға апарып соғуы мүмкін.

Қазақстандағы экономикалық зерттеулер нәтижесі бойынша контрацептивтерге кеткен шығындар күтпеген жүктілік зардабын, жасанды түсік, жыныс жолдары инфекциясын емдеу, бедеулік пен аналар өліміне алып келетін жағдайларға жұмсалған қаражаттан 10-нан есе арзан.

4. Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды, соның ішінде адамның иммун тапшылығы вирусынан сақтанады

Қазақстанда АИТВ-ның жыныстық қатынас арқылы жұғу жолы 62% құрайды. Ал 15-24 жастағы азаматтардың үштен екісі оның қалай жұғатынынан бейхабар.

Тосқауыл қоятын контрацепция арқылы АИТВ жұқтыруды ғана емес, жыныстық жолмен берілетін өзге де инфекциялардың да алдын алуға болады. Бұл уақытынан ерте босану, түсік тастау, өлі туу немесе бедеулікке әкелетін кіші жамбас ағзаларының қабынуын азайтып, ұрпақ өрбіту сәтсіздігінен сақтайды.

5. Бұл әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейтеді

Әйелдер мен отбасылық жұптарда жүктілікті жоспармен жасауға мүмкіндік болған кезде қыз-келіншектер оқуын аяқтап, табыс таба алатын болады. Бұл экономикалық қауіпсіздікті, отбасының берекесін бекіте түседі.

Бала жоспарлап жүргендерге Жүкті және босанған әйелдің алмасу картасын ұсынамыз

Гендерлік зорлық

Нағима, 23 жаста, Ақтөбе:

Менің жарты жылдай уақыттан бері білетін танысым бар еді. Сырт көзге тәрбиелі, білімді, ойлы болып көрінетін. Әрі бұрын полицияда қызмет еткен. Онымен жақсы сөйлесетінбіз, бірақ арамызда ештеңе болмаған.

Бір күні қоңырау шалып, үй жағымда тұрғанын, шұғыл түрде сөйлесуіміз керегін айтты. Ойымда еш күдік болмағандықтан шығып, көлігінеотырдым. Он минут шамасында сөйлестік. Бір кезде түрі өзгеріп кетті.

Адам аз, тас қараңғы келесі көшеге апарып, зорлады.

Оқтауын қанша өтінсем де, нәтиже болмады. Соттатып жіберем десем де, ол құлақ аспады. «Шаруасын» бітірген соң, өзіме қол салғым келді. Бірақ ол есімді жиғызу үшін шапалақпен салып жіберді.

Оған дейін мен еш жігітпен болмағам. Осылайша арымды аяққа таптады.

Дәлелдер, проблемалар, соттасу

Алдымен емханаға, одан кейін сарапшыға бардым. Ол жерде қыздығымның бұзылғанын растады. Өзім де солай ойлағам. Өйткені қатты ауырып, қан аққан еді.

Естіген кезде тынысым тарылып, өмірден баз кештім. Сарапшыныңң қасында тұрып, айғайлап жібердім. Жылайын десем көзден жас шықпады, тек жанайқайым естілді. Сол сәттен бастап ер адамдардан көңілім қалды.

Бұл жайт ойымнан кетпей қойды. Одан жүкті болып қалмадымба деп қорықтым. Сөйтіп келесі күні болған оқиғаны анама жасырмай айтып бердім. Төбеден жай түскендей қабылдады. Іштей тынып, күйзелді. Бірақ сәл күннен соң көндікті. Гинекологияда 20 жыл істеген тәжірибесі бар анам, менің арым таза болғанын білетін.

Өмірлік жоспарларым мүлдем басқа еді. Әлемге деген көзқарасым да ескі болатын. Үнемі «мен негізі басқа уақыттың адамымын» деп жүретінмін. Қазір ерлердің өзіңді болашақ жарың үшін сақтап жүргеніңмен шаруасы жоқ.

Дегенмен мен бұл өмірдің әділетсіздігін ерте көрдім. Ол менің қыз екенімді, мұның мен үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білді. Бірақ бәрібір осылай істеді. Өмірімді қасақана құртты.

Содан «Не молчи» қоғамдық қорымен байланысып, құқық қорғаушы Дина Таңсәріге бәрін айтып бердім. Басында аса қиындық болмады. Полицияда да мені бірден қолдай кетті. Ешкім арызымды қайтып алуымды сұраған жоқ.

Сот болды. Оған дейін мені зорлаған жігіт пен анасы үйіме келіп, көп ақша ұсынды. Олар бәрі келісіммен болды дегенге келтірді. Экспертиза болса, соққының ер адам жасағанын көрсетті. Өйткені арқам мен бөксе тұсыма қолым жетпейді, өзімді өзім олай таяқтай алмасым анық.

Анасы Динаға хабарасып, баласының әлемдегі ең керемет адам екенін, тәрбие көргенін айтып қоймайтын. Сонда мен көргенсіз болғаным ба? Осыған лайықпын ба?

Ақыр соңына дейін барамын деп шештім. Дина да менің жағымда болды. Бірінші инстанциялы сотта қорғаушым болмады. Өйткені анамның оған жағдайы жетпейді. Өзімде жұмыс жоқ. Жоғары оқу орнын заң мамандығы бойынша жақында бітіргем. Мемлекеттік училищеге емтихан тапсыруым керек болған. Бірақ мына жағдайдың кесірінен кешігіп қалдым.

Осы жағдайменің мансабыма да кесірін тигізді.

Дәлізде тұрсам, жаныма прокурор әйел келіп, «Бұған дейін жыныстық қатынаста болдың ба?» деп сұрады.

Ол маған қысым көрсетіп, тәрбием жайлы сұрағыштай берді. Әкесіз өскенімді, түнде жалғыз шығуға болмайтынын ешкімнің ескертпегенін айта берді. Қандай киім кигенімді, өзімді қалай ұстағанымды сұрай беретін.

Сол күні менің үстімде пальто, свитер, белдемше, колготка болған. Өйткені қазан айы еді.

Айыпталушы киімі ашы-шашық болды деді. Негізі олай емес. Құрбыларыммен караокеге барғанымды айтып, кінәні маған ысыра берді. Адвокат ер адамға түнде шыққаным үшін айыптады. Төреші де маған жақтаспады.

Содан әлгі танысым бір мықты адвокат жалдады. Танысым мен туралы мінездеме беріп, адамдардың пікірін жинады, анамның мүгедектігі туралы анықтама көрсетті. Маған ешкімнің сенгісі келмеді.

Прокурорға наразы екенімді білдіріп, бұл істен оны шеттетуді сұрадым. Өйткені ол ісімді дұрыс қарамайтын, Сотта тәжірибем болмаса да, істен шеттету туралы өтініш жазуға шамам келді.

Соттан кейін маған Дина хабарласты. Маған адвокат іздейтінін айтып, әлеуметтік желіге жазба жариялады. Қазақстандық соттар зорлық көргендерге тиісті эмпатия білдірмейді деді. Біріміз — полициядан, енді біріміз сот қатысушыларынан қысым көреміз.

Мен біреудің өмірін оп-оңай бұза салуға болады деп ойлайтын жазықтыны жазалағым келді.

Зорлық көргендерге әлсіз болуға болмайды. Әйтпесе сені талап тастайды. Көпшілігі зорлық көрсе, демек мәселе соның өзінде деп ойлайды. Мен тіпті бұл жағдайдың неге менің басымнан өткенін түсіну үшін мешітке де бардым.

Енді қалай күн кешем?

Осыдан соң ер адамдардан қорқатын болдым. Қазір отбасылық өмірге дайын емеспін. Маған психологиялық көмек керек. Ер адаммен жақын араласу үшін менде әлі ерік-жігер аз.

Бірде ол маған шырын әперген. Енді дүкенге барғанда сол жеміс шырынын көрсем болды, құсқым келеді. Бұл жайтқа көндігіп, қабылдау үшін алдымен оны жазалауым керек болды.

Бұрын біреуді зорлап кетіпті дегенді естігенде, оның себебін іздейтінмін. Өз басымнан өтеді деген үш ұйықтасам да, түсіме кірмеген. Бірақ қазір мен күллі қыздар қауымын, балаларды түсінемін. Қыздың өзін қалай ұстағаны маңызды емес. Адамның еркіне қарсы келуге болмайды.

2016-2018 жылдар аралығында ауыр дерттен емделіп, химиотерапия алып жүрдім. Қуанышқа орай аурудан жазылдым. Бірақ бір жылдан кейін мені зорлап кетті. Өмір деген — күрес. Әйелдерді әлсіз десе де, олар өте мықты. Ешқашан біреудің сізді ренжітуіне, кінәлауына жол бермеңіз.

Әр ана ұлына дұрыс тәрбие беруі керек. Сот пен полиция жұмысын біліп, зорлық-зомбылық туралы істен хабары болуы тиіс.

Өмір мұнымен тоқтамайды. Өткенімнен қысылмаймын. Мен өзгердім.

Арыңнан мұндай жолмен айырылу құдды жақыныңды жоғалтқанмен тең. Бала кезде зорлыққа тап болған балалардың қандай күйзеліске түсетінінтіпті білмеймін. Меніңше, ата-аналар баласын қолдап, болуы мүмкін түрлі қауіп-қатер жайлы айтып отыруы керек. Өйткені зорлықпен кез келген адам бетпе-бет келуі мүмкін.

Қоғам пікірі

Ақтөбеде басқа аймақтарға қарағанда көзқарас басқа. Қаламыздың тұрғындары тікмінез, турашыл, қаттылау келеді.

Басымнан өткен оқиғаны әлеуметтік желіде жариялады. Әйелдер қауымы қолдай кетті. Ерлердің дені мені кінәласа да, кейбірі түсіністік танытып жатты. Дина маған әу баста мұндай пікірлерді оқыма деп ескерткен. Өйткені ол миға қосымша жүк болатын.

Жазықтының жазасы

Танысым бұрынғы заңға сүйеніп, мерзімінен бұрын босатыламын деп ойласа керек. Бірақ мен оның ақшасына да, адвокатына да берілмедім. 2,5 жылға соттатып, 2 млн теңге моралдық шығын төлеттім.

Маған оның ақшасының құны көк тиын еді. Бірақ қорғаушым солай етсек, ол мерзімінен бұрын шыға алмайды деді. Кейін апелляцияға берді, бірақ жеңіліп қалды. Әрине, 2,5 жыл деген өте аз. Бірақ әйтеуір жазаланғанына қуаныштымын.

Қорытынды

Апелляциялық сот 2020 жылдың қысында өтті. Жәбірленушінің айтуынша, қылмыскер тергеу изоляторында екен. Өйткені оны бұрынғы полиция қызметкерлеріне арналған бөлек түрмеге ауыстыра алмай жатыр дейді.

Дина Таңсәрінің пікірі

Нағима зорлықшының түрмеге жабылғанына қуанды. Себебі 2020 жылға дейін мұндай қылмыс үшін аз мерзімге қамайтын. Егер күдікті кінәсін мойындаса, мерзімі 2,5 жылға азайтылады. Мына жағдайда дәл солай болды.

Біз ақтайтын үкім шығып не шартты мерзім берілер ме екен деп қорықтық. Өйткені сотта біраз проблема болды. Нағиманы тіпті әлгі танысымен түнгі клубта танысқаны үшін жазғырған еді. Нағима ол жерге туған күнге барған болатын.

Соттан адам неге қорқады? Құқықтық сауаты жетпегенде, жеке басының уайымынан болады. Әйтпесе дәлелдің бәрі көзге көрініп тұр. Әйелдердің аз мерзімге болсын, әйтеуір түрмеге жабылғанына қуанатыны сондықтан. Басқа амал нешік?

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған жадынама

Тең мүмкіндіктер

Неге біз гендерлік теңдік туралы айтып отырмыз?

2018 жылы бағаланған 189 елдің 104-інде әйелдерге белгілі бір қызметтерді атқаруға тыйым салынатын заң бар. Атап айтқанда, саясаткер болып, жоғары лауазымды иеленіп, кәсіпорындарды басқаруға рұқсат жоқ. Яғни 2,7 миллиар әйел заңға сәйкес ерлер істейтін жерлерді жұмыс істей алмайды деген сөз.

Мысалы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың кей аймағында әйелдердің ерлер құқылы дүниенің тек жартысына ғана заңды құқығы бар екен. Бүкіл әлем бойынша бұл сан 75% құрайды.

59 елде сексуалды алымсақтыққа тосқауыл болатын заң жоқ, 18 елде ерлер заң жүзінде әйеліне жұмыс істеуге тыйым сала алады. Мұның бәрі 21-ғасырда болып жатыр. Былай қарасаңыз, әлемнің әр түкпірінде әйелдер құқығы мен мүмкіндігі молайды дегенді естіп жатырмыз. Сол себепті гендерлік теңдік туралы сөз қозғап отырмыз. Әйелдер ешкімге алақан жаймай, ешкімнен қорықпай өмір сүруге құқылы.

Гендерлік теңдік туралы өмірдің қай саласында болсын әйел мен ердің мүмкіндігі, құқығы мен міндеттері бірдей болғанда ғана айтуға болады. Басшылық және саяси позицияларда тең дәрежеде орын алғанда, білім алуға және өзін танытуға мүмкіндік берілгенде ғана мүмкін.

Бұл мәселені көтеру арқылы кедейлікті қысқартуға ықпал етеміз: құқығы шектелмеген әйел дұрыс әрі берік шаңырақ көтеріп, сауатты да білімді ұрпақ тәрбиелей алады.

Іс жүзінде «гендерлік теңдік» деген не?

Репродуктивті денсаулық

Баланы қалайтыныңды не қаламайтыныңды, қашан өмірге әкелгің келетінін анықтау құқығы — әйелдің еркіндігі мен оның құқығы мен мүмкіндігін кеңейтуде маңызды рөл атқаратын репродуктивті құқығының бірі. Әйел отбасын жоспарлай білсе, өмірін де жоспарлай алады. Сол себепті әйелдің өзіндік бала туу қабілетін бақылауда ұстауының маңызы жайлы айтып отырмыз.

Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі халықаралық конференцияның (1994 жыл) іс-қимыл бағдарламасына сәйкес, ана саулығы «үш тетіктен тұрады»: адам құқығы, әйелдің құықығы мен мүмкіндігін кеңейту, гендерлік теңдік. Соның ішінде әйел денсаулығын қамтамасыз ету үшін оның репродуктивті денсаулығын қорғау (отбасын жоспарлау, ЖЖБИ мен ВИЧ профилактикасы мен емдеу жолы және т.б), жалпы білім, баланың денсаулығы мен амандығын сақтайтын қызметтердің қолжетімді болуы маңызды.

Жүктілік пен босануға қатысты кездесетін кедергілер бала тууға қабілетті әйелдердің өліміне басты себептің бірі болып отыр. Сол себепті репродуктивті денсаулық мәселелеріне келгенде ерлерге қарағанда физиологиялық та, әлеуметтік те себептерге байланысты әйелдер осалдау келеді.

Әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғайтын ақпараттың болмауынан, қызметтер мен жағдайдың жасалмауына жынысына байланысты дискриминацияға тап болып, әйелдердің денсаулық пен өмірге құқығы бұзылып отыр.

Экономикалық құқық пен мүмкіндіктердің кеңеюі

Қыздар мен әйелдер — мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық, саяси капиталының 50 пайызы. Жүргізілген зерттеулерге қарасақ, қыздар мен әйелдерге инвестиция құю адам құқығын қорғау тұрғысынан ғана емес, бүкіл қоғамға пайдасы тиетін тиімді инвестиция түрі екенін дәлелденген. Әйелдер орта есеппен жалақысының 90 пайызын балаларға, отбасының денсаулығы, білім алуына, керек-жарағына жұмсайды екен.

Десек те, әлемдегі ең кедей он адамның алтауы әйел екен. Экономикалық теңсіздіктің туу себебі отбасындағы ақысы төленбейтін жұмыстың көп бөлігі әйелдің мойнына жүктеледі. Ал олар болса, әлі де болсын экономикалық салада дискриминацияға тап болып келеді.

Дені сау, жұмысы бар әйел отбасына қаржылай үлес қоса отырып, тұрақты салық төлеуші болып, елінің дамуына да елеулі үлес қоса алады. Әйелдердің экономикалық және құқықтық мүмкіндігін кеңейту арқылы өнімділікті арттырып, экономика диверсификациясын ұлғайтып, табыс теңдігіне қол жеткізуге болады. Онымен қоймай, даму тұрғысынан өзге де оң нәтижелер көрінеді.

Мысалы ЕЫДҰ елдерінде әйелдердің жұмыспен қамтылу деңгейін Швециядағыдай көтерсе, ЖІӨ көрсеткішін өсіруге болады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің жақындағы бағалауына қарасақ, ер мен әйелдің табысы турасында көрсетілген гендерлік теңсіздіктің салдарынан адам басына 23 620 доллардан жоғалтып отыр екенбіз.

Білім беру саласында мүмкіндікті кеңейту

Әлемде сауатсыз ересектердің үштен екісі — әйелдер. Білім ала алмаған соң, әйелдер ақпарат пен мүмкіндік алудан шектеледі. Сол сияқты, қыздар мен әйелдердің білімін көтеру арқылы өзіне де, келешек ұрпаққа да пайдасын әкеледі. Әйел неғұрлым жоғары білім алса, соғұрлым ана, бала өлімі азаяды, балаларына ең жақсы өмірлік мүмкіндіктер сыйлай алады.

Саяси құқықты кеңейту

Әлеуметтік және құқықтық институттың көбінде әлі де әйелдерге негізгі заңдық және адам құқығында теңдікке кепілдік бермейді. Атап айтқанда: ресурстарды қолдану және олардың үстінен бақылау жүргізу, жұмысқа тұру және табыс табу, әлеуметтік және саяси қатынасу. Бәлкім, ерлердің саяси және заңдық билікте көбірек позицияларда болуы осыған байланысты. Жер жүзінде парламент мүшелерінің 24 пайызы ғана әйелдер екен. Гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін түрлі институттарды қолданып, қолдауына ие болу керек.

Мүгедек әйелдердің құқығын кеңейту

Мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың репродуктивті денсаулығы мен құқығы өте маңызды. Олай дейтініміз, осы арқылы олар өз қабілетін толық ашып, болашағын құра алады.

Дегенмен олардың репродуктивті құқығын жүзеге асыру механизмдерінде, сапалы медициналық қызмет көрсетуде, соның ішінде гендерлік зорлықтың алдын алып, жан жақты еленуіне жол ашатын сексуалды және репродуктивті денсаулықты сақтау, отбасын жоспарлау, психологиялық және әлеуметтік қолдау мен құқық қорғау қызметтеріне қол жеткізуде олқылық жетерлік.

Қазіргі нормативтік-құқықтық актілер мүгедектігі бар әйелдердің репродуктивті құқығын іске асыруға қатысты құқығы мен мүмкіндігін шектейді. Десек те, адамның жалпы құқығында да, денсаулық сақтау құқығында да ешкімді бөліп жармайды делінеді.

Мүгедектігі бар қыз-келіншектер мүгедек емес қыздар мен әйелдерге, қатарлас ерлерге қарағанда көбірек зорлыққа ұшырайды. Мұндай әйелдер құқығын білмегеннің кесірінен зорлықтық, алдаудың және адамға жасалатын өзге де қылмыстың объектісіне жиірек айналады.

Әлемдік зерттеулер нәтижесінде мүгедек қыздар мен әйелдер құқық қорғау органдарына сексуалды қол сұғуға тап болғаны туралы шағым түсіріп келгенде мүгедектігіне байланысты дискриминацияға тап болып, көп кедергі көретіні белгілі болып отыр. Мемлекеттің және қоғамның қолдауы болмаса, олар өз құқығы үшін күресте жеңіске көбіне жете алмайды.

Арнаулы психологиялық көмек қызметі, түрлі мүгедектігі бар адамдармен қалай жұмыс істеуді білетін мамандармен байланыстыратын сенім телефоны жоқ. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бағдарламаларында мүгедектігі бар адамдардың ерекшелігі ескеріле бермейді.

ЮНФПА-НЫҢ ЖЕЛІДЕГІ ПАРАҚШАЛАРЫ

БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР САҚТАЛҒАН