«ҚЫЗ ТАҒДЫРЫ»
жобасы туралы

Жобаның бастамашасы — қазақстандық әнші Ақмаржан Көшербаева — Kaliya. 2017 жылдың жазында Ақмаржан әлеуметтік мәселелер, яғни Қазақстандағы қыздардың стигматизациясы, ерте жүктілік пен түсік түсіру туралы ән шығарды. Қыз тағдыры туралы әннің сөзін — Шөмішбай Сариев, музыкасын Нұрлан Қаражігітов жазды.

«Қыз тағдыры» БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қоры — ЮНФПА-ның #HerFuture («оның болашағы») науқанымен үндес. Ақмаржан Қордан Қазақстандағы жасөспірімдер жүктілігіне қатысты қазіргі статистиканы жасап беруін сұраған болатын. Содан 2017 жылдың қыркүйегінде ЮНФПА-ның Қазақстандағы жастар арасындағы репродуктивті денсаулық бойынша ресми спикері болуға ұсыныс түседі.

Биыл STEPPE, ЮНФПА және KALIYA жобаны қайта қолға алуға шешім қабылдады. Өйткені осыған дейін көтерілген мәселелер әлі де өзекті, әр қыздың тағдыры қазіргі таңда дәл кешегідей өте маңызды.

«Қазақ дәстүрлерінде қызды төмендетпейді»

Әнші Kaliya Steppe-ке жобаны бастауға не түрткі болғанын айтып берді.

— Ақмаржан, неге бұл тақырыпқа ән жазып, бейнебаян түсіруге бел будыңыз?

Жаңалықтардан күн сайын еріксіз жүктіліктен соң, туыстарынан аяғы ауыр екенін жасырып жүрген қыздың баласын тастап кеткені туралы оқимын. Тірі сәбиін тастап кетеді. Оның одан басқа амалы болмады — қалай сақтану керегін, жүктілікке дейін не кейін қайдан көмек сұрарын білмеді. Тіпті қол ұшын беретін адам болған күннің өзінде, ондай адам барынан бейхабар.

Қоғам не істейді? Сүйекке таңба деп, айыптай бастайды. Бұған бей-жай қарай алмадым. Бұл мәселені жағаға шығару керек деп шештім.

Әрине, әркімнің таңдауға құқығы бар: кінә тақпай, көмектесу, болмаса ондай жағдайдың алдын алатын амалдар қарастыра алады.

— Сіздіңше, мәдениет қайраткерлері бұл мәселе бойынша белсенді іс атқарып, ой білдіру керек пе?

Біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік жатыр. Халыққа ақпарат жеткізіп, жол бастаушы болуымыз керек. Өйткені бізде мұндай мүмкіндік бар. Егер менің әнімді естіген жасөспірімдер, ата-аналар, айналадағылар бір сәтке болсын ойланып, осындай жаһандық әлеуметтік мәселе барын түсінсе, мендік мақсат орындалғаны. Мен бұл мәселені музыкада көтерсем, енді бірі — кинода, шығармада көтереді. Осылайша қоғамда сең қозғалады.

Біздің қоғамда отбасындағы болған жағдай сыртқа айтылмауы керек деген тыйым бар. Мұны жалпақ жұрттың талқылауына, мұнымен күресуіне болмайды. Бірақ қалайда өзгеру қажет.

Болған жайтқа бәрі кінәлі: біреу істеген ісімен, біреуі саусағын да қимылдатпағаны үшін, бірі сөзімен, бірі үнсіз қалғаны үшін. Бәріміз жауаптымыз. Менің айтпағым да осы. Айналаға қарасақ, осындай жағдайды бастан өткерген не болашақта өткеретін таныс қыз табылады.

— Дәстүрге берік біздің қоғам мұндай сөзіңізді қалай қабылдайды?

Қазақтың дәстүрінде қызды кемсітпеген деп сенемін. «Қыздың жолы жіңішке» деген бар. Қай заманда болсын қыз нәзік әрі биязы саналып, оған жұмсақ қарап, төрге отырғызатын. Өйткені ол — мейірім мен махаббатқа қанып өсуі тиіс өз үйіндегі қонақ. Бұлай қарау арқылы қыздың бойында өзіне деген сенімділік туып, барған жерін бақытты ететін сенім пайда болады.

Небір адам болады. Біреулер терістейді, біреулер көзіне жас алады, енді біреуі өзін көргендей болады. Ал тағы бірінің бұл титығына тиюі мүмкін. Бірақ ең жаманы — бәріне бәрібір болса.

— «Қыз тағдыры» қалай дүниеге келді?

Бұл әнмен үлкен топ жұмыс істеді. Әннің авторы Шөмішбай Сариевке барып, тыңдарманға не жеткізгім келетінін түсіндірдім. Айыптаудың орнына ойлануға шақырғым келетінін айттым. Ол мені мұқият тыңдады.

Сөзі бір түнде дүниеге келді. Ертеңіне-ақ, ағашқы нұсқасын көрдім де, нысанаға дәл тигенін түсіндім. Тіпті бір әрпіне тиіскім келмеді.

Ендігі жұмыс сол сөздерге музыка жазу болды. Мәтіні күрделі, әндетіп жеткізу оңай емес. Әрі мен музыканың жүректі тілгілетіп, жанарға жас ұялатқагын қаламадым. Динамикасы бар, қарапайым болса екен дедім. Нұрлан Қаражігітов ойымды іліп әкетіп, міндетін «беске» атқарды.

— Осы сөздер мен музыкаға видеоның қалай туғаны жайлы айтып берсеңіз.

Нәп-нәзік, арманшыл, келешектен үміті мол сұлу қыздарды көз алдыма әкелдім. Олардың бойында тазалық бар. Жанардың қалай сөнетіні, жастың қалай парлайтыны, дос пен туыстың қалай теріс айналатыны — осыны көрсету керек болды. Бірақ қызға қол ұшын берсең болды, қайтадан гүлдеп, әннің сөзіндегідей «алып таулар бас иетін» сұлу боп шыға келеді.

Бейнебаянның идеясын талантты режиссер Катерина Сувороваға айтып бердім. Ол мені түсінетініне сенімді едім. Расында солай болды. Жобаның басы-қасында ерлердің көп болғаны қуантты. Сөз бен музыка авторлары, оператор, актерлер арасында ерлер болған. Бәрі осы жұмысқа жұмылып, Катя екеуміз түсінгендей, өте маңызды шаруа атқарып жатқандарын ұқты. Атмосфера керемет болды.

— Бейнебаян түсіріліп жатқанда сізді ЮНФПА спикері болуға шақырды. Келісім беруіңіздің себебі неде?

ЮНФПА — БҰҰ-ның халық қоныстануы саласындағы қоры. Олардың міндеті — жас ұрпақты өздерінің басына келуі мүмкін проблемалардан қорғау. Мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбиені енгізу, жасөспірімдер мен олардың ата-аналары арасында диалог құру, ұлттың репродуктивті денсаулығын күн тәртібіне қоюды мақсат етеді. Олардың спикері болғаныма және дұрыс ақпарат тарата алғаныма қуаныштымын.

Біреулер бос сөздің керегі не дер, бірақ шын мәнінде дер кезінде айтылған сөз көңілге медеу болады.

Өмірімде осыған ұқсас жағдай болды. Бір қыз жүкті болып қалады да, ата-анасы одан теріс айналып, жігіті мойындамай, құрбылары бірге тұрып жатқан пәтерден қуып шыққан. Туған тәтесінің әйелі қайтыс болған, танымайтын азаматқа тұрмысқа бермек болады. Содан тағдыр жазып, екеуміз таныс болдық.

Әлеуметтік желіде көзім шалып қалған «Ана үйі» туралы айтып бердім. Сөйтіп ол қыз сол жаққа барып, пана тапты. Тұрғылықты жері бар, емханада арнайы күтім жасалады. Бастысы, рухани қолдау берді. Дені сау, торсықтай ұлды дүниеге әкелді. Босанған соң ата-анасының мейірімі оянып, туған қызын қалай тентіретіп жібергендеріне өкініп, үйіне алып кетті. Қазір немересі көз қуанышы болып отыр.

Kaliya Біз, Қазақстан жобасында гендерлік зорлықпен күресу туралы айтып берді.

ЮНФПА-НЫҢ ЖЕЛІДЕГІ ПАРАҚШАЛАРЫ

БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР САҚТАЛҒАН