×
Выделенный текст:

Отправить

#ҚызТағдыры

ӘРКІМ МАҢЫЗДЫ

КӨБІРЕК БІЛУ

«Қыз тағдыры»
жобасы туралы

Жоба қазақстандық әнші Kaliya деген атпен белгілі Ақмаржан Көшербаеваның бастамасымен пайда болды. 2017 жылдың жазында Ақмаржан әлеуметтік проблемалар туралы, атап айтқанда ерте жүкті болу, жасанды түсік жасату және Қазақстандағы қыздарға қатысты стигматизация жайында ән жазады. Бұралаңы көп қыз баланың тағдырына арналған бұл шығарманың сөзі Шөмішбай Сариевтікі, ал музыкасы Нұрлан Қаражігітовтікі.

«Қыз тағдыры» деген атау UNFPA қоры жүргізіп отырған #HERFUTURE («Оның болашағы») жаһандық кампаниясымен үндес. Ақмаржан Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесі бойынша өзекті статистиканы беруді сұрап, қорға хабарласады. Ал 2017 жылдың қыркүйек айында Қазақстан жастары арасындағы репродуктивті денсаулық сақтау мәселелері бойынша ЮНФПА-ның ресми спискері болу туралы ұсыныс алады.

СҰХБАТТЫ ОҚУ

«Қазақ дәстүрінде қыз балаға қалай болса солай қарау жоқ»

Әнші Kaliya «The Steppe-ке» жобаны бастауға не шабыттандырғаны және алдына қандай мақсат қойып отырғаны туралы айтып берді.

- Ақмаржан, бұл тақырыпқа ән жазып, клип түсіруге не себеп болды?

Күн сайын әлдебір бойжеткеннің еркінен тыс бала көтеріп, қорыққанынан туған-туыстарына айтпай, дүние есігін ашқан сәбиді, тірі адамды бір жерге тастап кеткені туралы жаңалықты көзім шалып қалады. Ол басқа жол жоқ деп түсінеді, жүктіліктен қалай сақтану қажет екендігін, аяғы ауыр әйелдің не істеу керектігін, бала туғанға дейін немесе кейін кімге бара алатынын білмейді. Көмектесемін дейтін адамдар болған күннің өзінде ол мұндай жандардың бар екендігінен хабарсыз.

Мұндайда қоғам қолынан келетін жалғыз іспен айналысуға көшеді – қорлап, жала жауып, масқаралай бастайды. Мен шет қала алмадым. Мәселені көтеріп, ел алдына шығарамын деп шештім.

Кез келген адамда біреуді бекерден-бекер күстәналамай, көмек қолын созудың немесе осындай жайттардың алдын алу үшін әлдебір іске көшудің таңдауы бар.

- Мәдениет қайраткерлері бұл мәселеге келгенде белсенді түрде пікір білдіруі керек деп санайсыз ба?

Жол көрсетіп, ақпаратты халыққа жеткізу жауапкершілігі біздің мойнымызда, себебі мұны істеуге бізде мүмкіндік бар. Әнімді естіген жасөспірімдер, ата-аналар, айналадағылар ең болмаса бір сәтке ойланып, осындай ауқымды әлеуметтік проблеманың бар екенін түсінсе, мақсатыма жеттім деп айта аламын. Мен бұл мәселені музыкада көтеремін, біреу киносында әңгімелеп береді, тағы бір жан жазып жеткізеді. Қоғамдағы оң процестердің басталуына біз түрткі боламыз.

Біздің қоғамда «отбасында болған дүниенің бәрі сол отбасыдан шықпай, қалуы керек» деген табу бар. Ешкім мұны ел алдына шығармауы керек, мұнымен күресуге де ешкімнің құқығы жоқ. Бірақ әйтеуір бір өзгеру керек қой.

Осындай жағдайда бірдеңе істемекке тырысқан немесе сырт қалған, пікірін білдірген немесе үнсіз қалған барлық адамның мойнында жауапкершілік бар. Дәл осы ойды көпшілікке жеткізгім келеді. Кім-кімнің болсын айналасында қиын жағдайға тап болған немесе тап болуы мүмкін кішкентай қыз, бойжеткен немесе әйел адам бар.

- Дәстүрді басшылыққа алатын біздің қоғам мұндай мәлімдемеге қалай қарайды екен?

Қазақ дәстүрінде қыз балаға қалай болса солай қарау жоқ болғанына қатты сенемін. «Қыздың жолы – жіңішке» дейді халық даналығы. Ежелден-ақ қыз бала нәзік, жұмсақ саналып, оның қас-қабағын бағып, көңілінен шығуға тырысқан. Қыз баланы төрге отырғызған, себебі ол бар махаббат пен мейірімге қанығуы тиіс қонақ ретінде есептелген. Осының арқасында көзі ашық, жақындарының сүйіктісіне айналған қыз уақыт өте келе бақытты отбасын қалыптастыра алатын өз-өзіне сенімді әйелге айналған.

Адамдардың әртүрлі екенін түсінемін. Бреулер қарсы шығар, енді біреулердің көңілі босар, бір адамдар өзін көрер, баз бір жандардың намысына тиер. Бірақ елдің немқұрайды болғанынан сорақы ештеңе жоқ.

- «Қыз тағдыры» әні қалай дүниеге келді?

Бұл әнмен бүтіндей бір команда жұмыс істеді. Өлең авторы Шөмішбай Сариевке келіп, тыңдарманға не жеткізгім келетінін, елді біреуді кінәлардан бұрын бір сәт ойлануға шақыру керек екенін түсіндіріп бердім. Ол мені мұқият тыңдап шықты.

Сөзі бір түнде жазылды, келесі күні таңертең мен бірінші нұсқаны көрген соң-ақ автордың дөп түскенін бірден түсіндім, бірде-бір сөзді өзгерткім келмеді.

Осыдан кейін сөз мен музыканы үйлестіру керек болды. Шығарманың сөзі қиын, оны музыкамен жеткізу жұмысты тіпті де күрделендіре түсті. Әнінің адамға қысым жасап, жүрек ауыртқанын қаламадым, драма мен көз жасы артық болар еді. Динамика, оқиғаның өрбіп отыруы, қарапайымдылықты қаладым. Нұрлан Қаражігітов алдына қойылған міндетті толықтай орындап шыға алды.

- Бұл ән мен сөздің видеосы қалай пайда болды?

Айналасына тазалық пен жарық сәуле сыйлайтын, көздерінде арман мен үміт бар нәзік әдемі қыздардың оқиғасын бірден елестеттім. Жанардың қуатынан айрылып, сөнуі, көзден жас ағып, достар мен туыстардың теріс айналуы, бірақ көмектесемін деп қолыңды созсаң, қыз баланың өзіне келіп, гүлдей жайнайтыны, әнде айтылатындай, оның әдемілігінің алдында таулар да тізе бүгетіні секілді көрінбейтін кішкентай детальдарды көрсету маңызды болды.

Осындай клип идеясын алып ойымды түсіне алады-ау деген сеніммен талантты режиссер Катерина Сувороваға келдім. Солай болды да. Жобаны жүзеге асыруға шығарма сөзі мен авторларының, операторларлың, актерлердің және тағы басқа көптеген ер адамдардың қатысқаны ұнады. Барлығы жұмысты беріле істеп, Катя екеуміз секілді әлдебір маңызды жайтқа қатысып жатқандарын түсінді. Шабыт сыйлайтын керемет атмосфера болды.

- Видео жасалып жатқан кезде сізді UNFPA (БҰҰ халық қоныстануы саласындағы қоры) спикері болуға шақырды. Не себепті келістіңіз?

- UNFPA – БҰҰ-ның халық қоныстануы саласындағы қоры. Олардың міндеті – жастардың білместікпен әлдебір қиындыққа тап болуының алдын-алу, жас ұрпақты қорғау. Мектеп бағдарламасына жыныстық білім беруді енгізу, жасөспірімдер мен олардың ата-аналары арасында диалог құруға себепші болу, ұлттық репродукциялық саулығын күн тәртібіне шығару. Ұйымның спикері болып, дұрыс ақпаратты тарату мүмкіндігіне қол жеткізгеніме қуанамын.

Біреулер әңгімеден ештеңе шықпайтынын айтар, бірақ шын мәнінде керек кезде айтылған сөз өмірді сақтап қалуы мүмкін.

Өмірімде сондай жайтқа тап болған едім. Бір қыз жүкті болып қалды, ата-анасы одан бас тартты, сүйіп жүрген жігіті баланы мойындамады, сабақ оқимыз деп бірге пәтер жалдап тұрып жатқан құрбылары үйден қуып шықты. Туған апайы әлдебір белгісіз бойдақ еркекке бермек болды. Осылай жүргенде мен таныстым.

Оған әлеуметтік желілерден кездейсоқ көріп қалған «Ана үйі» туралы айтып бердім. Сонда барды, қолдау алды. Тұратын жер беріп, емханада арнайы күтім жасалды. Ең бастысы рухани көмек берілді. Аман-сау дүниеге бала әкелді. Біраз уақыттан соң ата-анасы да хабарласып, үйлеріне алып кетті, туған балаларынан бас тартқандарына өздері де таң қалды.Қазір жиендерін жақсы көріп, тәрбиелеп отыр.

Қиындыққа тап болған бұл қыз тығырықтан шығатын жол бар екенін білгендіктен бұл оқиға жақсы аяқталды. Ешқандай сиқыр, үлкен ақша немесе таныс адам керек емес, тек дер кезінде ақпараттық дұрыс жетуі қажет. Халық арасында мұндай білімді таратуды жалғастыра бере беру керек. Проблемадан қашу мүмкіндіктері туралы әңгімелеу, айтып беру қажет. Шет қалуға бола ма? Мен қала алмаймын.

Біріккен Ұлттар Ұйымының халық қоныстануы саласындағы қоры халықты дамыту мәселелерімен айналысады. Негізгі міндеті – әйелдердің, еркектердің және балалардың денсаулық пен тең мүмкіндік құқытарын жүзеге асыруға ықпалдасу. ЮНФПА әр жүктілік қалау мен ниеттен, әр баланың өмірге келуі қауіпсіз, ал бардық жастар өз әлеуеттерін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болуы үшін репродуктивті денсаулық сақтау және кедейлікті азайту үшін бағдарламалар әзірлеу барысында халық қоныстануы мәліметтерін пайдалануда мемлекеттерге көмектеседі.

Қазақстанда Қор келесі бағыттарға мән береді:
- халықтың репродуктиві саулығы және оның репродуктивті құқықтары
- халық саны және оның дамуы
- гендерлік теңдік
- зорлық-зомбылыққа қарсы тұру.

СҰХБАТТЫ ОҚУ

Ескінің қалдығы және елеп-ескермеу: Қазақстандағы сексуалды сауаттылық үшін кімдер күресуде?

The Steppe редакциясы ЮНФПА қызметкері, жастардың репродуктивті саулығын сақтау бойынша бағдарламалардың үйлестірушісі, дерма-венеролог дәрігер, Қоғамдық денсаулық сақтау Жоғарғы Мектебі халықаралық бағдарламасының қоғамдық денсаулық сақтау магистрі Юлия Лысенковамен әңгімелесті.

- Қазақстандық жасөспірімдер жүктілігі туралы статистика не дейді?

Жүктіліктің өзін бақылау қиын. Әсіресе жасөспірім қыздарға қатысты алғанда. Себебі мұндай жүктіліктің бір бөлігі аяғы ауыр қыздың өз бетімен жасанды түсік жасатуымен немесе оның түсік тастауымен аяқталады. Мұндай жайтар көп жағдайда тіркеле бермейді. Сондықтан бұл көрсеткішті шындыққа толық сай келеді деп айту қиын.
Ресми көрсеткіштерге сәйкес 2015 жылы 15-19 жастағы жасөспірім қыздар арасындағы бала туу коэффициенті ел бойынша орта есеппен 1000 жағдайдың 34-ін құрады, бұл ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы – өкілетті демократия және еркін нарықтық экономика ұстанымдарын мойындайтын 35 дамушы елден тұратын халықаралық экономикалық ұйым – ред. ескертпесі) елдеріндегі көрсеткіштен 6 есе артық.

- Қазақстандағы ерте жүкті болу себептеріне қатысты қандай да бір зерттеулер бар ма? Әр аймақтың қандай ерекшеліктері бар?

Өкінішке орай, жастар арасында біз жүргізген сауалнамалар шын мәнінде үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.

Жастардың 13,6%-ы алғашқы сексуалды тәжірибесін 15 жасқа дейін алады. Сауалнамаға қатысқан 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен жартысы ара-тұра немесе тұрақты түрде жыныстық қатынасқа түседі, ал 40%-ында 2 немесе одан көп көп адаммен жыныстық қатынасқа барған.

Өкінішті, әрине, бірақ жасөспірімдер қалай болса солай жыныстық қатынасқа барудың қайда алып келетініне бас қатырып жатпайды, түрлі контрацептивтерді қолдану да әдетке айнала қойған жоқ. Бұл мәселенің түбі контрацепция туралы да, бей-берекет жыныстық қатынастың ауыр салдары жайында да ақпараттың жеткіліксіз болуы, дұрыс жетпеуіне келіп тіреледі.

Жасөспірім қыздардың жүктілік саны бойынша алғашқы үштікке енген аймақтарды, яғни Маңғыстау, Жамбыл және Атырау облыстарын атай кету керек. Маңғыстау облысында, мысалы, жасөспірім қыздардың бала туу коэффициенті ел бойынша алғандағы орта көрсеткіштен 60%-ға жоғары.

- Ерте жаста жасанды түсік жасату бойынша статистика қандай? Абортты жайсыз жағдайларда жасатқан жайттар болды ма?

Сауалнамаға қатысқан, аяғы ауыр болған қыздардың 62%-ы жасанды түсік жасатқан. Тек 2016 жылдың өзінде ғана 15-18 жастағы қыздар арасында 1400 аборт тіркелген. Алайда бейресми түрде, жасырын жолмен баланы алып тастау да қолданылатынын ескеруіміз керек. Мұндай оқиғалар бойынша статистика жинау мүмкін емес. Толықтай анонимді сауалнаманың өзінде бірде-бір респондент мұндай жағдайлар туралы сөз қозғаған жоқ.

- Мектеп бағдарламасына жыныстық білім алуды енгізу керек пе, қалай ойлайсыз? Бұл не себепті қажет?

Дамыған елдердің тәжірибесі мемлекеттің жасөспірімдер мен жастарды сексуалды және репродуктивті денсаулық сақтау мәселелері бойынша ақпаратпен жаппай қамтамасыз ету керек екендігін көрсетіп отыр.

Жастарды жоспарланбаған жүктіліктен және жыныс жолдары арқылы жұғатын инфекциядан (ЖЖЖИ) сақтау үшін оларға дұрыс ақпарат беру керек. Бұл жастар алдындағы біздің міндетіміз деп санаймын. Үндемей қалсақ және проблема жоқ деген кейіп танытсақ, ол өз бетінше шешіле қалмайды.

Дұрыс жыныс тәрбиесін мектеп бағдарламасына енгізу керек, себебі мектеп оқу үшін қауіпсіз және қолайлы орта болып саналады. Яғни мұнда алынған білім баланың миында ұзақ уақытқа дейін сақталады.

- Бұл жағдайда қандай да бір нюанстарды ескеру керек пе?

Біздің қоғамда сексуалды білім жасөспірімдерді ерте жаста жыныстық қатынасқа баруға итермелейді, себебі бұл мәселеге деген қосымша қызығушылық тудырады деген миф бар. Бұл – қате пікір. Кері жағдайда көрсетіп, дәлелдейтін көптеген зерттеулер жүргізілген болатын.

Керісінше, дәрістерге қатысқан жастар жауапкершілікке үйреніп, алғашқы сексуалды тәжірибесін кейінге қалдырады екен.

Дұрыс жыныстық тәрбие жастардың екіжақты құрметпен, тұлғааралық қарым-қатынас, сексуалдық, эмоциялық және тән саулығы жағдайында ақылға салып, дұрыс шешім қабылдауды үйренуіне бағытталған.

- Жыныстық білім беру сабағының мектеп бағдарламасына ену ықтималдылығы Қазақстанда қаншалықты мүмкін?

2012-2015 жж. Қазақстан Республикасы үкіметі мен БҰҰ агенттіктерінің бірлескен бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысында сексуалды және репродуктивті денсаулық сақтау бағытында күшейтілген «Валеология» пәнін енгізу бойынша жобаны сәтті іске қостық.

Сабаққа колледждердің бірінші курс студенттері, яғни 15-16 жастағы жасөспірімдер қатысты. Курс нәтижесінде студенттердің сексуалды іс-әрекет мәселелеріндегі білімі айтарлықтай артты.

Бұл сәтті тәжірибеден кейін сексуалды және репродуктивті денсаулық сақтау бағытында күшейтілген, жетілдірілген «Валеология» курсын республиканың бүкіл облыстарында енгізу бойынша ұсыныс жасалды. Біз оның Қызылорда облысының 15 колледжі мен Маңғыстау облысының 14 колледжінде бағдарламаға енгізілуіне қол жеткіздік. Ал осы оқу жылының басынан бастап Ақтөбе облысының 8 пилоттық колледжінде өтіп жатыр.

- Жастардың контрацептив қолдануының пайыздық мөлшерлемесі қандай? Қазақстан жасөспірімдері арасында контрацевтивтің қай әдісі кең таралған.

Ең кең таралған әдіс – мүшеқап. Қалада контрацевтив қолданатындардың 83%-ы, ал ауылдық жерлерде 77%-ы осы әдісті пайдаланады.

Осыған қарамастан екі және одан көп адаммен жынытық қатынасқа барған жасөспірімдердің 25%-ы соңғы жыныстық қатынас кезінде мүшеқап қолданбағанын айтты.

Белсенді түрде жыныстық қатынасқа барып жүрген жасөспірімдердің төрттен бірі жоспарланбаған жүктілікті айтпағанда, АИТВ секілді түрлі инфекцияларды жұқтыру қаупіне ұшырап отыр.

- Жасөспірімдер контрацептивтен бас тарту себебін көрсете ме?

Негізінен бұл олардың дұрыс ақпаратты білмеуімен байланысты. Статистикаға сәйкес, ауылдық жерлерде тұратын қыздардың 11%-ы жыныстық қатынастан кейін дәрет алу сенімді контрацепция әдісі деп санайды екен. Сауалнамаға қатысқандардың жартысы мүшеқап қолданғысы келмегендіктен қолданбағандарын айтады. Жасөспірімдердің төрттен бірі қаржылық жағдайларына байланысты мүшеқап сатып ала алмағандарын көрсетті.

Бұл мәселенің күрделігі Қазақстандағы дәрігерлерге деген сенімнің өте төмен екендігімен ұштасып жатыр, себебі осындай жағдайға тап болғанымды ел біліп қояды деп қорқады. Статистикаға сәйкес, ЖЖЖИ белгілері бар жастардың 75%-ы көмек алу үшін медициналық ұйымдарға бармайды. Оның үстіне қазіргі қолданыстағы заңнама да «жығылғанға жұдырық болып отыр», 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер репродуктивті денсаулық сақтау мәселелері бойынша өз бетінше шешім қабылдау құқығына ие емес.

Яғни 18 жасқа толмаған бойжеткен ата-анасының немесе заңды қамқоршыларының рұқсатынсыз гинекологқа барып, қарала алмайды.

Ал Қазақстандағы ерлі-зайыптылардың 17%-ы балалы бола алмай жүр, көп жағдайда оған жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың дер кезінде емделмеуі, аборттар себепші.

- Жоспарланбаған ерте жүктілік неге алып келуі мүмкін? Бұл қыз баланың ары қарай жетілуіне қалай әсер етеді?

ЮНФПА жүргізген зерттеулердің мәліметтері бойынша ауылдық жерлерде тұратын жасөспірім қыздар қалада тұратын қыздарға қарағанда жоспарланбаған жүктілік пен бала туу проблемаларына 12%-ға жиірек ұшырасады екен. Осыған қарамастан ауыл халқы ақпаратты аз алады.

Ауыл қыздарының тағы бір түйткілді мәселесі – ерте тұрмыс құру. Бұл әдетте қыз баланың келісімінсіз жасалады. Оған адам құқығы да, бала құқығы да бұзылатын қыз алып қашу оқиғалары жатады.

Әділет министрлігінің мәліметтеріне сенсек, Қазақстанда жыл сайын кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен 3 мыңға дейін неке қиылады екен.

Тіркелген некеде тұратын кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың саны кәмелекеттік жасқа толмаған бозбалалардың санымен салыстырғанда 20 еседей артық. Бұл көрсеткіш қыздардың еріксіз күйеуге шығатынын көрсетіп отыр.

Күйеуге шыққан қыз оқуын тастайды, әлеуетін көрсететін мүмкіндіктен айрылады. Бұл еңбек потенциалының дамуына да, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына да әсер етеді.

- Қыздарға өздерін көрсетуге мүмкіндік беру не себепті маңызды?

Білім қыздарды өмірге, оқуға дайындайды, олардың бағасын, отбасы мен қоғамдағы мәртебесін көтереді, сондай-ақ өмірлеріне қатысты шешімдерге көбірек ықпал ету мүмкіндігін береді.

Білім кәмелеттік жасқа толмағандардың некеге тұру ықтималдылығын азайтады, жүктілікті кейінге қалдырады, сәйкесінде баланы уақытында дүниеге әкелуге септеседі. Жүктілікке немесе басқадай бір себепке байланысты қыздың мектепті тастап кетуі оның экономикалық болашағына қауіп төндіріп, өмірдегі басқа да мүмкіндіктерден айыруы мүмкін.

- Халық білімінің кепілі қыздардың білімінде деген сөз бар. Бұл рас па, себебі неде?

Өте дұрыс. Қыздарға көңіл бөліп, жағдайын жасасақ, еліміздің дамуына үлес қосамыз. Дұрыс білім алмаған қыз еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола алмайды, лайықты жұмыс таппайды. Сәйкесінше, жеткілікті табыс көзінсіз қалып, балаларын қамтамасыз ету мүмкіндігінен айрылады, оларға дұрыс білім бере алмайтын болады.

Нәтижесінде, оның балаларының анасының тағдырын қайталау ықтималдылығы артады. Мұны «кедейліктің тұйық шеңбері» деп атауға болады. Мұндай жағдайда отбасының, жақын адамдар мен қоғамның қолдауы ғана емес, бала әкесінің өз жауапкершілігін түсінуі де үлкен маңызға ие деп санаймыз. Осылайша қыз бала білімін алып, әлеуетін жүзеге асырып, лайықты ұрпақты дүниеге әкеліп, ел дамуына үлес қоса алады.