Қазақ тіліне аударудағы негізгі бес қиындық

11 минут Канат Бейсенгазин
Альтернативный текст

«Фолиант» баспасынан шыққан бірқатар шетелдік үздік әдебиеттерді қазақ тілінде сөйлетіп жүрген белгілі аудармашылар Лира Қоныс пен Баян Хасановадан сұхбат алудың сәті түсті. Мамандар аударма жұмысында кездесетін «жаргон мен сленг сөздерді аудару», «шығарманы "жерсіңдіру"», «автормен байланысу қиындығы», «шабыттың болмауы», «ұлттық менталитетке сай келмейтін көріністерді аудару» тәрізді бес түрлі қиындықты атап өтті. 


— Өз тәжірибелеріңіз бойынша аударма жұмысы барысында жиі кездесетін қандай негізгі қиындықтар бар? Солар жайлы айта кетсеңіздер.

Лира Бөкейханқызы:

— Аударма дегеніміз белгілі бір әдіс-тәсілдерді меңгеріп дөңгелетіп әкететін техникалық жұмыс емес. Әр жазушының өзіне тән ерекшелігі бар. Аудармашы әр шығармада түрлі қиындыққа тап болады.

Бірінші, жаргон мен сленг сөздерді аудару қиындығы. Жаргон, сленгілер сөз ретінде тілдік көшке ілесе алмайды. Белгілі бір оқиғаға қатысты пайда болып, бірнеше жылдан кейін жойылады. Көбінесе сленгілер «түрмешіктер сленгісі», «әскери қызметкерлер сленгісі» дегендей белгілі бір әлеуметтік ортада ғана қолданысқа ие. Бұларды қағазға түсіріп, сөздік жасап қалдырған да ешкім жоқ. Осындай ұмытылған «сөздермен» жазылғанына елу, жүз жыл болған шығармамен бетпе-бет келу аудармашыға қиындық туғызады. «Фолиант» баспасының тапсырысымен Кен Кизидің «Көкектің ұясы» романын аударғанда осы кедергі алдымнан шықты. Кітаптың атынан бастап тұнған сленг сөздер. Ескі газеттердің архивін ақтарып, тақырыптың ауанына қарап сөздің мағынасын түсініп, бірер жыл түрме көрген көрші кәрі атайдан кеңес сұрап, біраз әбігерге түстім. Ең қызығы, оның мағынасын нақты түсінген соң екінші мәселе туындайды. Ол – аталмыш жаргон мен сленг сөздердің өз мәнін сақтап аудару мәселесі.

Екінші, шығарманы «жерсіңдіру».

Әйгілі «Аштық ойындарының» бір кітабын аударғанда «ойбай», «маңдайымның соры бес елі» деген сөздерді қолдандым. Ағылшын жазушысының бұлай сөйлемейтіні белгілі, бірақ бұл – шығарманы локализациялау жолында жағылған қазақы бояу.

Үшінші, автормен байланысу қиындығы. Жоба барысында автор мен аудармашы одақтасса, тамаша дүние шығарар еді. Кейде, «мына жерде нені астарлап жазып едіңіз?» деп авторға телефон соққың келетін сәттер болады. Өйткені, автор берген әрбір ақпарат аудармашы үшін құнды.

Баян Құмарқызы:

— Бірінші, шабыттың болмауы. Басқа адамның өзіндік таным-түсінігі мен ұлттық ерекшелігіне сай жазылған туындыны аудару үшін шабыт өте маңызды. Шабыт болмаған кезде жұмысты құлшыныспен бастай алмайсың. Ал бастаған істі соңына дейін жеткізуге болады.

Екінші, қазақы түсінікке жат көріністерді аудару. Аудару жұмысы барысында біздің ұлттық менталитетке, тәрбиеге сай келмейтін анайы іс-әрекеттерді аудару қиындық туғызады. Кейбір діни наным-сенімдерге қатысты түсініктерді аудару да біраз ізденуді қажет етеді. 

— Түпнұсқадан аудару барысында автордың ойын сол қалпында жеткізесіз бе, әлде ұлттық менталитетке сай өзгертіп беруге тырысасыз ба?

Лира Бөкейханқызы:

— Аудармашы әдеби шығармада өзі аударатын тілдің менталитетіне сай жұмыс істеу керек. Әйтпесе түпнұсқада айтылған нәрсені тура аударып беру дегеніміз шығарманы жолма-жол аударумен бірдей. Аудармашы өзі аударған тілге қызмет ету керек. Ағылшын, корей тілдерінен аудару барысында ұққаным, осы тілдердегі сөздердің қазақ тілінде дәл келетін бірде-бір баламасы жоқ. Аудармашы мағыналық жағынан ең жақын сөзді қолданады. Осының өзі түпнұсқаны сол қалпында жеткізудің мүмкін емес екенін көрсетеді. Ал, техникалық аудармаға нақтылық керек. Тамақтың немесе дәрінің құрамы жазылған мәтінде түпнұсқаны сөзбе-сөз жеткізу маңызды.

Баян Құмарқызы:

— Аудармашының негізгі мақсаты — автордың айтқысы келген ойын, идеясын, шығармадағы кейіпкердің мінезін, ұлттық болмысын ешқандай қоспасыз оқырманға ұсыну. Әрбір сөздің қазақ тіліндегі баламасын, соған ұқсайтын ұғымды табу керек. Бірақ біреудің айтпағанын айтты деуге, өз жаныңнан шығарып өзгертуге болмайды.

— Аударма сапалы шығу үшін қандай қағидаттарды ұстанасыз?

Лира Бөкейханқызы:

— Біріншіден, аударма сапалы шығу үшін көбірек аударма жасаған жөн. Басқа ештеңе көмектеспейді. Біреулер көбірек кітап оқы, аударма ісіне қатысты оқулықтарға көз жүгірт деген кеңес береді. Мен оған келіспеймін. Сапалы аудармаға тәжірбие арқылы ғана жетесіз.

Екіншіден, өзің аударып жатқан автордың басқа кітаптарын, сұхбаттарын тауып оқыған дұрыс. Бұл автордың машығын тани түсуге мүмкіндік береді. Сөзді қолдануға, түпнұсқадағы автордың ішкі дауысын түсінуге көмектеседі.

Үшіншіден, аудармашы өзі аударатын кітаппен жақсылап танысқаны жөн. Аудару деген — бұл сол кітапты басқа тілде қайта жазып шығу. Аудармашы автор мен оқырман арасындағы өзінің алтын көпірлік қызметін шамасы жеткенше мінсіз атқаруы керек.

Төртіншіден, аудармашылардың дені бірнеше тілде сөйлейді, сол мүмкіндігін қолданып, шығарманың өзі білетін басқа тілдегі нұсқасын оқып шыққаны абзал. Мысалы, қытайша аудармасы қалай, испанша нұсқасы қалай деп бір шолып өту аударманы әлдеқайда жеңілдетеді.

Бесіншіден, аудармашы жазу дағдысын ұдайы жетілдіруі керек. Кейбір мәліметтерге қарағанда үш тілде сөйлей алатын бес мың лингвисттің біреуі ғана көркем аударма жасай алады екен. Өйткені, шығармашылық қабілет керек.

Баян Құмарқызы:

— Аударма сапалы шығуы үшін маман өз ісін жан-тәнімен сүюі керек. Оған тәжірибе, терең білім, тілдің табиғатын түсіну тәрізді қасиеттерді қосыңыз. Аударманы сүйікті ісің ретінде қарасаң, сапалы дүние шығаруға әрекет етесің. Оған қоса өз басым көбірек аударуға тырысамын. Себебі тәжірибең көп болған сайын аудармашылық деңгейің өсе береді. Тағы бір маңызды нәрсе — көп оқу, іздену. Аударма жеңіл-желпі қарайтын жұмыс емес. Оқырман сенің қателігіңді кешірмейді. 

— Аударма жасау үшін түпнұсқа жазылған тілді еркін меңгеру жеткілікті ме, әлде сол елдің тарихы мен мәдениетін білу шарт па?

Лира Бөкейханқызы:

— Бұл екеуі барлық аудармашыда бар қатар құндылық деп ойлаймын. Себебі бір тілді үйренуге деген ынта сол елдің мәдениетіне, этникасына деген қызығушылықтан туындайды. Тіл үйренушілердің барлығы өзі үйреніп жатқан тілдің отанын жақсы көреді, мәдениетінен хабардар.

Баян Құмарқызы:

— Аудармашы зерттеуші сияқты. Кейде бір сөйлемді аудару үшін үш күн ойланатын кездер болады. Себебі ондағы бір сөзге (сөз тіркесіне) келіп тұралап қаласың. Ол сөздің нақты баламасын табу үшін көптеген материалдар оқуға, ізденуге тура келеді. «Бұл сөз не мағына береді?», «Оның түбірі, төркіні қайдан шыққан?», «Астарлы мағынасы жоқ па?» — деген сұрақтарға жауап іздейсің. Түпнұсқа тілді меңгеру, шығармадағы елдің табиғатын, тарихын, болмысын, мәдениетін танып білу, зерттеу — бәрі өте маңызды. Аудармашы болу энциклопедиялық білімді қажет етеді.

Статьи STEPPE

Партнерский

Дзенге шому: жаңа ASUS Zenbook 14 OLED алудың себептері

Ноутбуктің ерекшеліктері туралы және неліктен онымен жұмыс істеу кез келген пайдаланушыға ыңғайлы болатыны туралы айтып береміз.

8 минут
8 минут
Партнерский

Жасыл энергетика ма, пайдалы қазбалар ма? Қайсын таңдаймыз?

Париж келісімі аясында әлем елдері мен коммерциялық ұйымдардың біразына шығарылатын парник газдар мөлшерін азайтсын деген міндет жүктелді.

12 минут
12 минут
Партнерский

Стокгольм+50: БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі конференциясының жарты ғасырдан кейінгі нәтижелері

Қоршаған ортаға қатысты «Стокгольм+50: барша адамзат өркендейтін сау планета – біздің жауапкершілігіміз, мүмкіндігіміз» кездесуі 1972 жылы Стокгольмде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының адамзаттың қоршаған орта мәселелерін шешу жөніндегі конференциясының 50 жылдығына орай ұйымдастырылған.

3 минуты
3 минуты
Партнерский

COVID-19 қоршаған ортаға қалай әсер етті?

COVID-19 пандемиясы мен қоршаған ортаның ластануы арасындағы байланыс экологиялық ахуалды жақсартудың жаңа тың жолдарын көрсетті.

6 минут
6 минут